АЛТЫНОРДА
Новости

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Жастар келісімшарт қызметіне қызығады

фҚорғаныс министрлігі қазіргі заманның талаптарына сай Армия құру және Қарулы күштерді жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазақстанда жастарды қысқа мерзімдік әскери қызметке шақыру әлі тоқтатылған жоқ, алайда Қарулы күштерге көбінесе келісімшартпен қабылдауда. Бүгінгі күнде отандық әскердің 60 пайызын кәсіби қызметкерлер құрайды.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Басқолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір біз XXI ғасырдағы қазақстандық жауынгердің ұжымдық келбетін бірлесіп жасаудамыз, оның айырықша белгілері патриотизм, интеллектуалды даму және салауатты өмір дәстүрі болуы шарт» деген болатын. Біздің Армияның бүгінгі және болашақтағы жетістіктері Отан қорғауға лайықты, мемлекет саясатымен бірге алға ұмтылатын әскери қызметкерлердің, кәсіби дайындығына байланысты. Кәсіби әскери қызметкерлердің санатына кадрлық офицер немесе сержант, жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраны бітірген педагогика, медицина немесе заң саласындағы мамандар болсын барлығы кіреді.

Қарулы күштерді толықтырудың жаңа жүйесі, келісімшартпен әскери қызметке кіру қоғамда үлкен қызығушылық туғызып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Қорғаныс министрлігі республика бойынша келісімшартпен азаматтарды әскери қызметке қабылдайтын отыздан астам арнайы пункттер ашты. Бұл Қарулы күштерді кәсібилендіруге бағытталған шаралардың бірі. Енді кәмелетке толған жастарға Қарулы күштер жөнінде кеңес алу немесе жауынгер ретінде әскер қатарына баруға ниет білдіріп, жазылғысы келетіндерге әскери комендатураға бару міндет емес, мұны сауда орталықтары, базарлар немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында-ақ жасай беруге мүмкіндіктері бар. Үстіміздегі жылдың науырыз айынан бастап осы пункттер арқылы әскери қызметке шақыру, қабылдау туралы 2 мыңнан астам азамат кеңес алды. Солардың ішінде 900-ден астам запастағы офицерлер келісімшартпен әскери қызметке қабылдауды сұрап өтініш жасады.

Осындай азаматтарды Қарулы күштер қатарына тарту бойынша жұмыс істейтін пункт Алматы облысы Талдықорған қаласындағы Орталық базарда ашылды. Әскери комиссариатқа жұмыс сұрап әрбір адам бара бермейді, ал қазір әскери комиссариат халықтың ортасына өзі шығып отыр. Қорғаныс минситрлігінің қабылдау пункттері Қарулы күштерге қалай қызметке тұруға болатындығын, қандай вакансиялар бар екенін өздеріне келген кез келген азаматқа түсміндіріп, оларға қажетті кеңестер береді. Армиядағы бос тұрған қызмет орындарына жұмысқа кіруге денсаулығы мықты, мамандықтары бар, жастары келетін көптеген азаматтар қызығады. Егер оның әскери билеті болса – келісімшартпен алады, ал жоғары оқу орынын, әскери кафедраны бітірген болса – офицер болып әскери қызметке кіруге мүмкіндігі бар.

– Қабылдау орыны ашылғаннан бері 547 адам келді. Қабылдау орындарының басты мақсаты – келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау және қызмет ету мәселелері жөнінде, әскери қызметтің жеңілдіктері мен артықшылықтары жөнінде ақпараттық-түсіндірме және насихаттау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ азаматтардың әскери-кәсіби бағыттарын анықтап беру шаралары болып табылады. Қазір осындай жылжымалы қабылдау пункттері Талдықорған қаласындағы Орталық базарда, Халыққа қызмет көрсету орталығы және «Шаған» сауда үйінің алдында жұмыс істеп жатыр. Азаматтардың әскери қызметке қатысты мәселелер бойынша кез келген сұрақтарына Алматы облыстық қорғаныс жөніндегі департаменті толықтай жауап береді, дейді осы департаменттің қызметкері майор Талғат Әлсейітов.

ф.jpgп

         Айта кету керек, алдағы уақытта азаматтарды келісімшартпен әскери қызметке қабылдау бойынша барлық шаралар қабылдау пункттерінде өткізілетін болады. Ондай шараларға – психологиялық тест, кандидаттың жеке құжаттарын рәсімдеу тағы басқалар кіреді. Келісімшарт бойынша әскери қызметке Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы ұйымдарында жауынгерлік дайындықтан өткен немесе жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраны бітірген, әскери-есептік мамандығы бар, әскери шеніне байланысты 19 бен 40-42 жас аралығындағы азаматтар қабылданады.

Келісімшартпен әскери қызметке кірген азаматтар мемлекеттің қорғауында болады және оның өзіне, отбасына деген қамқорлығын сезінеді. Өткен жылы ақпанда «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» жаңа заң қабылданды. Әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету және әскери қызметтің беделін көтеру мәселелері осы заңмен қарастырылған. Әскери қызметкерлер тұрақты қаржымен, киіммен жіне басқа мүліктермен қамтамасыз етіледі. Әскери қызмет барысында үйлері жоқтарға үкімет есебінен баспана беріледі. 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін әскери қызметте он жыл болғандарға коммуналдық қызметтердің шығындарына, жалға алынған баспанаға төлемақы берілетін болды. Әскери қызметкерлерге және олардың отбасыларына көрсетілетін медициналық көмектер де үкімет есебінен тегін жасалады. Әскери қызметкерлердің жұмыс орындарын ауыстырғанда, әскери қызметтен босағанда, жатып емделетін жерге барып-қайтқанда тегін жүруге, сондай-ақ қызмет бабымен басқа жаққа көшкенде мүліктерін тасымалдауды мемлекет есебінен жүзеге асыруға құқы бар.

«Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі  туралы» жаңа заңда әскери дайындық пен әскери білім алуға қатысты бірқатар өзгерістер бар. Әскери қызметті  келісімшарт негізінде өтеу үшін  Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында – әскери-техникалық мектептерде әскери дайындықтан міндетті түрде өту нормасы енгізілген.  Сондай-ақ, осы заңның негізінде  азаматтық оқу орындарының әскери кафедраларын оқып бітірген  студенттерге ең төменгі офицерлік шен – «запастағы лейтенант» атағын беру туралы  норма енгізілді.

Осындай жағынан алғанда келісімшарт бойынша әскери қызмет – мемлекеттік қызметтің айырықша бір түрі ғана емес, кәсіби жағынан өсуге болатын болашағы, білім мен тәжірибені байытатын мүмкіндіктері бар, сондай-ақ әскери қызметкердің өзін де, отбасы мүшелерін де әлеуметтік жағынан қорғайтын абыройлы жұмыс. Сондықтан бүгінгі қазақстандық Қарулы күштерде қызмет ету еліміздің жас азаматтары үшін үлкен құрмет және оларға үлкен жауапкершілікті жүктейді.