Ұлы Отан соғысының аласапыранында миллиондаған адам із-түзсіз жоғалып, хабар-ошарсыз кетті. Олардың тағдыры қалай болғанын ешкім білмейді. Әсіресе соғыстың алғашқы айларында тұтқиылдан тап берген жаудың соққысынан қаза тауып, сүйектері жау басып алған жерде қалды. Ондайлардың басына белгі де орнатылған жоқ. Біреулері немістерге беріліп, концлагерьлерде қаза тапты, аман қалғандардың біразы соғыс аяқталғаннан кейін аты-жөндерін өзгертіп Еуропада қалды. Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен, осы уақытқа дейін тағдыры белгісіз қазақстандықтардың саны 300 мыңға жуық. Олар тірілердің де, қаза тапқандардың да тізімінде жоқ. Сондықтан соғыста жоғалғандардың туыстары осы күнге дейін іздеу салып, қандай да бір ақпарат табылып қалар деген үміттерін үзбейді.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл болды. Бірақ соғыс салған жараның орны әлі де сыздайды. Майданға аттанған мыңдаған қазақстандықтардың тағдыры әлі белгісіз. Солардың ішінде менің ағам да бар. Ағайынның тағдырынан хабарсыз болу туыстарына қаншалықты ауыр екенін білемін. Шешемнің ағасы Әлинов Көбен Мұхаметқалиұлы соғыстың алғашқы күндерінде хабар-ошарсыз кеткен. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылыпты. Таяу күндері елге қайтамын деп жүргенде соғыс басталған. Польшаның Белосток қаласында тұрған кеңес әскерлеріне фашистер тұтқиылдан шабуыл жасап, бір күннің ішінде жойып жіберді. Мұндайды күтпеген біздің әскерлер қолдарына қару алып та үлгермей қалуы мүмкін. Тарихи деректер бойынша, немістер Польшадағы кеңестік әскери бөлімді айналып өтіп, кейіннен «Белосток мойнағы» («Белостоцкая горловина») деп аталған КСРО-мен қатынас жасайтын жіңішке жолды кесіп тастаған. Сөйтіп, бірнеше сағаттың ішінде біздің мотоатқыштар полкын қырып жіберген. Біз Белосток оқиғасын кейіннен білдік. Ол жерде ешкім тірі қалмаған, немістерге тұтқынға түскендер болмаған. Бірақ, майданнан «қара қағаз» келмеген соң Мұхаметқали атам мен Тиін әжем ұлдары қаза тапты дегенге сенбей кетті. «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді..» деп отыратын әжем. Қандай да бір ақпараттар шығып қала ма деп шешеміз әлі де құлағын түріп жүреді.
Сол бір қиын-қыстау кезде көз жазып қалған туыстарының тағдырынан енді хабардар болып жатқандар бар. Соғыста хабарсыз кеткендерді іздейтін «Мемориал» тобының жеткшісі Майдан Құсайыновтың айтуынша, көп құжаттар архивтерде ашылмай жатыр. Шайқас болған жерлердегі іздеу жұмыстары тек 5 пайызды ғана құрайды, ал 95 пайызын құрайтын архивтерде сақталған дивизиялық құжаттар қап-қап болып әлі ашылмай жатқан көрінеді. Неміс концлагерлерінен шыққан құжаттар да өте көп екен. Ең үлкен архивтердің бірі Подольскіде, Құсайыновтың іздестіру тобы сонда жұмыс істеп жатыр, осы уақытқа дейін 2 мың 607 адамның тағдырын анықтапты.
Қазіргі кезде Ресейдің іздестіру топтары сақталған құжаттарды шетінен алып электрондық базаға салып жатыр. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтардың электрондық нұсқасын Ресей қорғаныс ведомствосы жақында Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне табыстады. Бұл Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде және РФ Қарулы күштерінің Әскери-мемориалдық орталығында сақталған архивтік ресми құжаттардың электрондық көшірмесі болып табылады. Мұндағы ақпараттар адам шығындары жөніндегі жауынгерлік бөлімдердің баянаттары, госпитальдар мен медсанбаттардың берген есептері, тұтқынға түскен кеңестік әскерлердің трофейлік карточкалары, жауынгерлер мен офицерлердің жерленгені туралы куәліктердің негізінде жасалған. Қазір 587 мыңнан астам қазақстандықтардың мәліметтері кіретін ақпараттық анықтама Қазақстан Қорғаныс минситрлігінің ресми сайтында тұр.
Жақында Ресейдегі «Надежда» іздестіру тобы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен Қабен Құсайынов туралы ақпаратты тауып, хат жолдапты. Зеренді ауданы, Бөгембай би ауылынан соғысқа аттанған ол бұдан 72 жыл бұрын Смоленск түбіндегі шайқаста қаза тапқан екен. Іздестіру тобы снаряд түскен шұңқырдан жауынгердің аты-жөні жазылған капсуланы тауып алыпты. Сол бойынша оның жерленген зиратын тапқан.
Алматы тұрғыны Роза Имашқызы Қоңырова соғысқа кетіп, осы уақытқа дейін хабар-ошарсыз жоғалған ағасының қайда жерленгенін Венгрия елшілігі арқылы өткен жылы тапты. Роза Имашқызы Венгрияның Қазақстандағы өкілетті және төтенше өкілі Имре Ласлоцкиге хат жазып, Венгрия жерінде соғысқан ағасы Имашев Евгенийдің тағдырын анықтауға көмектесуін сұраған екен. Венгрия Қорғаныс министрлігіндегі Әскери-мемориалдық департаменті өздерінде сақталған архивтік құжаттарды көтеріп, қазақстандық жауынгер туралы мәліметтерді анықтапты. Арада жетпіс жылдан аса уақыт өтсе де ағасынан бір хабар болар деп күдерін үзбей жүрген Роза Имашқызына өткен жылы қыркүйектің аяғында Венгрия елшісінен хат келді. Елшінің анықтамасы бойынша, Шығыс Қазақстан облысы, Қатын Қарағай ауданының тумасы Евгений Имашев Яс-Надькун-Солнок облысындағы Тосег поселкесінде 1944 жылы 2 қарашада қаза тапқан. Күре жолдың борйына жерленген. Алайда соғыстан кейін Тосегте жерленген кеңес әскерлерінің сүйектері Солнок қаласына қайта жерленген. Көптеген жауынгерлердің аты-жөндері сол кезде анықталмай қалған. Е.Имашевтің аты-жөні Солноктағы орталық зиратта да, басқа зираттарда да жазылмаған. Соған қарағанда ол белгісіз жауынгер ретінде бауырластар зиратына жерленген болуы тиіс.
Осылайша жетпіс жылдан кейін туыстарын тауып жатқандар бар. Жақында редакцияға Алматыда тұратын отставкадағы полковник Мергенбай Асқаров деген ағамыз келді. 1941 жылы соғысқа аттанған ағасы, әкесінің інісі Қабдраш Асқаровқа іздеу салғанына ондаған жылдар өтсе де, әлі күдерін үзбеген. Мүмкін газет арқылы онымен бірге соғысқан немесе таныс болған адамдарды табармын деген үмітпен редакцияға бұрылыпты.
– Ағамның інісі Қабдраш Асқаров 1917 жылы Семей облысы Мақаншы ауданында туған. Алматы мұғалімдер институтында оқып жүрген кезінде әскерге алынады. Қазіргі Абай атындағы мемлекеттік университетінің архивінен ондай құжатты таптым. Брест қамалында болған. Одан кейін хабар үзілген. Мәскеудің де, Ленинградтың да архивтьеріне сұрау салдым. Ешқайсысынан шықпады. Архивтердегі құжаттарды қарап отырсам менің ағамнан басқа майданда қаза болған тағы үш Асқаров Қабдраш шықты. Бірі Семей облысында туған, жылы да келеді, бірақ Жарма ауданының тұрғыны делінген. Екінші Қ.Асқаров Павлодар қаласыныкі, үшіншісі – Қарағанды облысының Шет ауданында туған болып шықты. Бресте госпитальда 1917 жылы туған бір Асқаров қайтыс болған екен, бірақ оның аты Қабдыға деп жазылған. Мүлде аталмай қалуы мүмкін емес қой, бір жерден құжаттары табылатын шығар деген үміттемін, -дейді Мергенбай аға.
Тағы бір алматылық Қаби Оқаев деген ағамыз туыстарының қаза тапқан жерлерін іздеп, Сталинград шайқасы өткен, Курск иініндегі ұрыс даласына барып қайтыпты. Қаби Оқаевтың үш ағасы соғысқа кетіп оралмаған.
– Менің ізденісімнің нәтижелі болуына соғыс ардагері, Орынбор облысының Новотроицк қаласының тұрғыны Владимир Иванович Прокаев себепкер болды. Ол өзінің соғыс алаңында қалған қарулас достарын есте сақтау бағытында үлкен жұмыстар атқарған кісі. Жергілікті байланыс бөлімшелері арқылы біздің мекенжайымызды анықтап, хат жазып, ағамыздың соғыста өткен жолдары туралы ақпарат жеткізді. Ағамыз Қибан Оқаевтың қаза болған жерін, уақытын, оқиғаның қалай болғанын бізге жеткізді, сол үшін оған үлкен ілтипатпен ризашылығымызды білдіреміз. Осы Прокаевтың бастамасымен 1943 жылы Курск иінінде қаза тапқан менің ағам Қибан Оқаевтың есімі белгород облысының Яковлев ауданыдағы Дмитриевка селосындағы мемориалға енгізілді. Ағамыз 1943 жылы 27 шілдеде осы жерде болған шайқаста қаза болған екен. Біз Белгород облысы Дмитриев селосындағы мемориалда болып, ағамыздың рухына, отан қорғау жолында қаза тапқан барлық марқұмдарға құран бағыштадық. Мемориал 1999 жылы орнатылған. Мәрмәр плитада осы аймақтағы елді мекендерді жаудан азат ету ұрыстарында қаза тапқан 2600 адамның есімдері жазылған. Тізімнің ішінде қазақтардың аты-жөндері жиі кездеседі. Соғысқа кетіп оралмаған тағы екі ағам туралы ақпарат жоқтың қасы деп айтуға болады. Қанапия Әбенов Сталинград шайқасында хабар-ошарсыз кеткені туралы хабар келді, ал немере ағам Қайса Темірсұлтанов жөнінде қазірге дейін ешқандай мәлімет жоқ. Ол Украинаны азат ету шайқастарына қатысқан. Краинадағы мемориалдық кешендерде мыңдаған жауынгерлердің есімдері жазылған, бірақ ағамыздың атын еш жерде кездестіре алмадық, — дейді Қаби Оқаев.
Соғысқа аттанғандардың дені өрімдей жас жігіттер болған, сондықтан оларды іздейтін арттарында тұяқ қалған жоқ. Соғыста опат болған сол қыршындарды қазір Роза Имашева, Мергенбай Асқаров, Қаби Оқаев сияқты немере бауырлары іздестіріп жатыр. Ал елден жырақта, бөтен жердің топырағын жамылып қаншама боздақтарымыз жатыр, қаншама адам белгісіз жауынгер санатында ескерілмей қалды. Солардың аты-жөндерін анықтау, туыстарын табу жөніндегі ерікті жастар ұйымдарын құру керек сияқты. Мұндай ұйымдар Ресейде бұрыннан бері белсенді жұмыс істейді.