Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан.
Нұрсұлтан Назарбаев
Өткен аптаның аяғында Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Халық тарих ағымында», Қазақстан-2050 «Мәңгілік Ел» стратегиясын іске асыру мақсатында Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Талдықорған қаласының іргесіндегі ипподромда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ауқымды шара өткізілді. Онда Қазақ тарихында маңызы орасан ұрыстардың бірі Орбұлақ шайқасы оқиғасына негізделіп театрландырылған тарихи қойылымы көрсетілді. Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азаттық соғысының бір үзігі. Бұл соғыс – 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни Батыр қонтайшы арасындағы шайқас. Қазақстанда танымал каскадерлердің қатысуымен дала төсінде сахналанған төрт бөлімнен тұратын шайқас көріністерін тамашалаған қалың халық Қазақ хандығы тұсындағы тарихи оқиғалардың ішіне өздері кіріп кеткендей болды. Елім, жерім деп кең даланы дүбірлете жауға шапқан батырлардың жанкешті қимылдары көрермендерге рух беріп бір жағынан желпіндірсе, қойылымның жүректерге толқыныс тудыратын, сезімге ұратын сәттерінде жиналған жұрт көзіне жас алды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы болашағымызды армандай жүріп, тарихымыз туралы ұмытпаған жөн!» деген аталы сөзі бар. Ұлы Қазақ Даласы ғасырлар бойы көптеген ел қамын жеген батырлар мен саяси тұлғаларды дүниеге әкеліп тәрбиелеген. Ол тұлғалар қанша заман өтсе де халықтың жадында сақталған, сондықтан қазақ тарихы дала билеушілерінің, жауынгер батырлардың ерліктерімен тығыз байланысып, астасып жатыр. Көшпенді реформаторлар, ұлы империяның негізін қалаушылар, Ұлы даланың даңқын асқақтатып, әлемдік өркениетке шығарды.
Биыл еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуде. Ертең республикалық деңгейде өткізілетін «хандар» тойы екі мыңжылдық тарихы бар ежелгі Тараз қаласында басталады. Алматы облысынгың орталығы Талдықорған қаласында өткізілген Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы Жетісу жұртының осы ұлы тойға қосқан үлесі болып табылады. Бұған дейін Алматы облысы әкімшілігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Айқын» газетінің қатысуымен Жоңғар Алатауының Панфилов ауданына қарасты Орбұлақ шайқасы өткен тарихи жерлерге туристік сапар ұйымдастырған болатын. Астана, Алматы, Талдықорған қалаларынан Жаркентке арнайы сапармен келген әртүрлі саланың өкілдері Орбұлақ шайқасы өткен жерге барып, елі-жері үшін қалың жауға қарсы тұрған қазақ батырларының аруағына зиярат етті (жергілікті тұрғындардың айтуынша Жәңгір сұлтанның жерленген жері де сол маңда екен) келді. Орбұлақ шайқасы өткен шатқал Жаркенттен солтүстік-шығысқа қарай 80 шақырымдай жердегі Жоңғар Алатауында. Текелі қаласынан оңтүстікке қарай жүргенде 45 шақырым ғана болады екен, бірақ атқа мініп келмесе ол жақтан бері қарай автокөлік жүретін жол жоқ. Қалың жұртты жинап Орбұлақ шайқасының театрландырылған қойылымын осы тарихи орында көрсетуге ешқандай мүмкіндік жоқ екені белгілі. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдық тойына қарсы тарихи қойылымды Алматы облысының орталығында өткізуді ұйғарыпты. Айтпақшы, Талдықорған қаласында кешегі өтіп жатқан ауқымды шараға да бастамашы болған осы Жастар саясаты мәселесі басқармасы.
– Қазақ хандығының 550 жылыдығы туралы Елбасының жарғысынан кейін-ақ, іле-шала «Орбұлақ» шайқасына қатысты қойылымның бағдарламасын облыстық әкімдікке ұсынған болатынбыз. Бағдарлама мақұлданып, өздеріңіз тамашалған аспан астындағы қойылым жүзеге асты. Бұл жобаның бюджеті – 50 млн теңге болды. Жобаны дайындау барысында бірқатар білікті мамандармен кездесіп, тарихшылармен, қаламгерлермен кеңестік. Сценарий бойынша шараның ауқымы кең, оған тек жаяу адамдар ғана емес, атқа қонған жүздеген жауынгерлер қатысатын болғандықтан дайындық өте қызу жүрді және әр кезеңдегі қимылдар асқан дәлдәләктә талап етті. Бұл біздің бұл тақырыпқа ұйымдастырып отырған бірінші шара емес, бұрын да ұйымдастырып тәжірибе жинақтағанбыз. Осындай жұмыстардан кейін жастарымыздың рухани тұрғыдан бай, жігерлі, өз Отанын сүйетін азамат болып қалыптасуына арналған осындай ұлттық идеологиялық жобаларды ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз жететінін байқадық, — дейді Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқарма басшысы Рустам Алпысбаев.
Мыңдаған халық қатысқан Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған ұлан-ғайыр бұқаралық мерекені өткізетін орынды да жақсы таңдаған екен. Тарихи оқиғаға арналған театрландырылған қойылым ашық аспан астында, аламан бәйгенің сәйгүліктері көсіліп шаба алатындай кең алқапта өтті. Қазақ елінің тарихында неше түрлі қиын-қыстау, ауыр жағдайлар да, халқымыздың рухын көтерген, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай ұлы жеңістер де болды. Аталарымыздың жаумен шайқастағы ерліктері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарап, осы күнге дейін жұрттың жадында жатталып қалды. Солардың бірі қазіргі Алматы облысында болған Орбұлақ шайқасы.
Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы – бұл бірегей жоба. Ұйымдастырушылар барлық жағын қамтыған екен. Көрермендерге арнап жасалған шатырдың астында отырып жиналған жұрт өзара байланысып жатқан бірнеше іс-шараларды бір мезгілде көруге мүмкіндік алды. Мерекеге келген басқа ұлттардың өкілдері ұрыс алаңындағы қиын-кескі шайқасты ғана емес, сол кезде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмысымен, салт-дәстүрімен танысып, қазақтың мәдениетін, өркениетінен хабардар болып, ұлттық ас мәзірлерінің дәмін татты. Іс-шарада әрбір адам этно-мәдениеттің жан-жақтылығын сезіне жүріп халқымыздың тарихымен танысты. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекені ақ сауытын киіп, бес қаруын асынып, ортаға арғымақ мініп шыққан Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі бастап берді.
– Құрметті қауым! Еліміз үшін 2015 жыл саяси маңызды мерекелер мен мерейтойларға толы болды. Соның ішіндегі еңмаңыздысы – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Ғасырлар қойнауынан ата тарихымыз үн қатып, ұлттық, елдік, азаматтық санамызды, рухымызды көтеруде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана төрінде өткен тарихи шарада:
«Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы – ерекше қымбат. Қазақтың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады»,- деп ерекше айтып өтті.
Бетегелі белімізге, жусанды дархан даламызға көршілеріміз қашанда көз тіккен. Оның басты себебі жазы – жайлау, ойы – қыстау, құтты қонысымызарқылы стратегиялық маңызы бар — Ұлы Жібек жолының өтуі. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Жетісу жерінде де сан шайқастар өтті. Елім, жерім, халқым деп жаны күйзеліп, елінің ертеңіне алаңдап, бабаларымыз бірлікке ұмтылды, намысқа шапты. Ұлтының ұйытқысы болған хандар, қол бастаған батырлар, дуалы ауыз шешендер, билер тарих сахнасына шықты. Бұланты, Білеуті, Шұбартеңіз, Аягөз, Түркістан, Аңырақайда өткен шайқастарда қазақ халқы шынығып, шыңдалды, бірлігі нығайды. Сондай ерекше оқиғаның бірі, елдік пен ерлік сынға түскен – Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ шайқасы жайлы мәліметті алғаш айтқан тарихшы Иоганн Эбергард Фишер болатын. Сонымен қатар, орыс тарихшылары Алексей Левшин, Илья Златкин,қазақ ғалымдары Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин де жазған. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті. Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық «Орбұлақ шайқасында» 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар әскеріне лайықты тойтарыс берді. Аз ғана қолдың50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенімен, шындық солай. Жеңіске жету үшін Жәңгір хан қолданған тактиканың бірі – соғыс жағдайында, түтінмен улау, улы жебемен ату амалдары да қолданылған. Шайқаста Самарқаннан Жалаңтөс батырдың 20 мың сарбазы көмекке келген соң, 10 мың басқыншының көзін жойды. Жәңгір ханның қасында Жалаңтөс батырмен бірге қазақтың ержүрек, дарабоз батырлары болды. Атап айтар болсақ, Қарасай, Ағынтай, Қомпай, Көксерек, Бөдес, Жиембет, Сарбұқа, Елтінді, Жақсығұл тағы басқа батырлар есімі – болашақ ұрпаққа үлгі. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Қазақ хандығының құрылу тарихын жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыздың дәстүріне адал болсақ, сонда ғана халқымыз өркениет көшінен қалмай, әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алары хақ. Құрметті жетісулықтар!
Сонау, 2000 жылдары «Аңырақай» шайқасының 270 жылдығын, республикада «Рух» мерекесінің өтуіне және «Мың бала» қозғалысының өмірге келуіне Алматы облысы арқау болғанын айта кету керек. Міне, бүгін рухымызды асқақтатар тағы бір жоба іске асырылуда. Жетісу жерінде өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға сәттілік тілеймін. Бүгінгі шайқасты тарихи қалпына келтіру шарасына Голливудтың көптеген жобаларына қатысқан, Бауыржан Әбішев бастаған еліміздің ең мықты деген 50 каскадеры қатысуда. Қанша ғасыр өтсе де тарихты ұмытпай, тағзым жасау – ұрпақ парызы. Ежелгі Ер Түріктің тасқа жазып кеткен рухты сөзі қандай мәңгілік болса, сол рух жастардың жүрегінде мәңгілікке орнығуы тиіс. Ұлы Даламыздың ұрпақтары, мұрагерлері – жастарымыз жігерлі, намысты болсын! Ел-жұртымыз аман, береке-бірлігіміз мықты, тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деген жігер беретін ақ батасымен аяқтады сөзін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Содан кейін тарихи оқиғаның қойылымы басталды. Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында осынау тарихи естелікті жаңғырту мақсатында Талдықорған қаласының ипподромында найзалы 100 атты әскер және 500 жаяу әскер кейпіндегі кәсіби қазақстандық каскадерлердің қатысуымен 3 бөлімнен тұратын тарихи қойылым көрсетілді. Сахнадағы актерлердің шын жылағанын көрген көрермендердің өздері көз жастарын сығып алды. Жанымда отырған басқа ұлттың өкілдері, өздері керамикадан жасаған қазақтың ұлттың бұйымдарын көрмеге әкелген Оксана Кокасенко мен Мария Коноваловалар да бір қарасам көздерін бұлап отыр. Қазақтардың ұлан-байтақ жерін қандай ерлікпен сақтап қалғанын, қандай ауыр кезеңдерді бастан өткергені бұларды да бей-жай қалдырмаған сияқты. Қазақстан халқының біртұтас екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Бұл қойылымдар қазақтан басқа да көптеген ұлт өкілдеріне ой салған болуы керек.
«Болашақ» бағдарламасымен Голливудта оқып келген режиссер Бақыт Аупбаев қойылымға «өте әсерлі шықты» деген баға берді. «Жау шапқан қазақтардың қасыретін анау сахнадағы әйелдердің жылағанынан анық көруге болады. Олар образға кіргендігі соншалық, шын жылады. Мына көріністерді бес бейнекамера түсіріп жатыр. Осыны жинақтап жақсы деректі фильм жасауға болады» дейді Бақыт. Оның ойынша Қазақстанды Орбұлақ шайқасы сияқты оқиғалар желісімен түсірілген тарихи фильмдер арқылы әлемге танытуға болады.
Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту барысында қонақтар мен көрермендердің назарына көптеген ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Бірінен бірі өтетін алуан түрлі бағдарламаны мыңдаған адам тамашалады. Қазақ тарихына, салт-дәстүріне бағытталған түрлі қойылымдар көрсетіліп, садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі, ұлттық спорт түрлерінен (қазақша күрес, бұқа тартыс, асық ату, қол күрестен) жарыстар, кәуап және күріш, бауырсақ, қымыз фестивальдері ұйымдастырылды, енді бір жағында ұлттық әшекей бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарындағы қару-жарақтар мен техникалар көрмесі, интерактивті аулалар, қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары және басқа да түрлі шаралар жүріп жатты. Осы күні ежелгі батырлардың киім-кешектерін киген жігіттердің сән көрсетілімі де көпшіліктің назарын өзіне аударды. Мұнда республиканың әр өңірінен ұлттық салт-дәстүрді насихаттап жүрген патриоттар жиналыпты. Мысалы, қазақ әскери-тарихи тақырыптағы миниатюраларды жасайтын «Номадик Азия» кәсіпорынының басшысы Ернар Нұрмагамбетов қалайыдан жасалған фигураларын алып Астанадан арнайы келсе, «Әсем-ай» театр-студиясының жетекшісі Әсемай Бейсенова Маңғыстау облысындағы Жаңа өзеннен келген. Шымкент облысынан бірнеше садақшылар жарысқа қатысуға келіпті. Әсемай Бейсенова, «Көшпенділер атамұрасы» қоғамдық қорының президенті Батыржан Сейдомар, Алматыдағы №19 спорт мектебінің көкпар, садақ атудан жаттықтырушысы Сәрсенбай Құлбаевтар ат үстінен садақпен нысана көздеу, жамбы ату ойындары кезінде төрелік жасады. Сәрсенбай Құлбаевтың шәкірті Айдария Әлихан жамбы атудан жүлделі орынға ие болды.
Қолөнер шеберлері өз қолдарымен жасаған зергерлік бұйымдарын көрмеге шығарып, қызуғушылық танытқан адамдарға сатып жатты. Тойға әнмен шашу шашқан «Тиграхауд» этникалық әуен тобы мен И.Ескендірдің орындауындағы концертпен бағдарлама аяқталып, жиналған жұрт ерекше көңіл-күймен үйлеріне тарады. Бұл шараның көпке дейін қала тұрғындары мен қонақтарының есінде қалары сөзсіз. Осылайша, Талдықорғанда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шара өзінің ауқымдылығымен, алуан түрлілігімен және танымдылығымен ерекшеленді.
Алматы-Талдықорған-Алматы