Қазақстан Әскери-әуе күштерінің жалауы 156 мәрте Жер орбитасын айналып өтіп, Әскери-әуе күштерінің полковнигі Айдын Айымбетовпен бірге ғарышта болып қайтты. Өткен жұма күні қазақстандық ғарышкер, Қазақстан Республикасы Әскери-әуе күштерінің ұшқыш-жойғышы ғарышқа барып келген жалауды өзінің әріптестері Қазақстанның әскери авиаторларына табыстады.
Осы аптаның соңғы жұмыс күні Астанада орналасқан 19132 әскери бөлімінде әскери авиаторлар мен ұшқыштардың қазақстандық ғарышкер, ұшқыш-жойғыш Әскери-әуе күштерінің полковнигі Айдын Айымбетовпен кездесуі өтті.
– Ғарыштық ұшу кезінде Айдын Айымбетов бірқатар физикалық-ғарыштық эксперименттер өткізді, сондай-ақ өзімен бірге орбитаға Қазақстан Республикасының жалауын алды. Сондай-ақ, ол өзінің бастамасы бойынша өзімен бірге ғарышқа Әскери-әуе күштерінің жалауын алып, Әскери-әуе күштерінің қатарынан шыққан әскери ұшқыш, қазақстандық армияда оның ұшу мансабының бейнесі, өзінің ғарышқа ұшу арманына қол жеткізгені ретінде ұшу шеберлігін көрсетті. Полковник Айымбетов Қазақстанның батырлары, әскери ұшқыштар қатарында даңқты дәстүрін жалғастыра отырып өзінің лайықты орнын иеленді, — деді ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК қолбасшысының орынбасары полковник Еркін Жұмағалиев.
Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов полковник Айдын Айымбетовті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің төсбелгісі және КСРО Батыры тағының екі мәрте иегері Талғат Бигелдинов атындағы мерейтойлық медальмен марапаттады.
– Менің барлық жетістіктерім осындағы тәлімгерлерімнің еңбегі. Олар ұшқыш ретінде мені қанаттандырып, офицер ретінде тәрбиеледі. Менімен ұшқан ғарышкерлер біздің әскери ұшқыштарымыздың деңгейі жоғары екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Әуе қорғанысы күштеріндегі қызметті дамытып жүрген және ғарышқа ұша алатын бірқатар дарынды әскери ұшқыштар бар, — деді өз кезегінде полковник Айдын Айымбетов.
Әскери-әуе күштерінің полковнигі Айдын Айымбетов «ұшқыш-инженер» мамандығын алып, 1993 жылдан бастап ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің 21751 әскери бөлімінде әскери қызмет өткерді. Ол МиГ-23, МиГ-27, Су-27 және Л-39-да жауынгерлік ұшуларды орындады.