АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАҚАҒАН ҚЫСТА ДА КӨКӨНІС ЖЕЙМІЗ

асар«ҚазАгроФинанс» Шымкенттегі жорналшыларды арнайы  шақырып, «атқарып жатқан пайдалы жұмыстарымыз шаш-етектен» дегенді аңғартатын пресс-тур ұйымдастырды.  Мәселенің мәнісі мынада екен. Оңтүстік Қазақстан ауылшаруашылығы дақылдарын, соның ішінде көкөніс, жеміс-жидек өсіруде республикадағы көшбасшы облыс. Өнімді өсіру бір бөлек. Оны қыс бойы сақтап, халыққа ұсынудың жөні басқа. Осы мақсатта жаппай қоймалар салынып жатыр. Солардың ішіндегі салмақтысы — «АсарKZ». Жорналшыларды сонда  алып барды.

Бұл — жеміс-жидек пен көкөніс қоймасы. Ол Шымкент қаласының   солтүстік шетіндегі «Асар» мөлтек ауданында орналасыпты. Жанында  екі гектар жерді алып жатқан үлкен жылыжайы да бар.

«АсарKZ» — қойма ғана емес, келісті кешен. Өзі өсіреді, өзі сақтайды, өзі сатады.  Қоймасы өзгешелеу. Қазақтың «ат шаптырым» деп айтатынындай. Мұнда бәрі бар. Қызанақты сорттайтын, іріктейтін, картоптың қаттысын, жұмсағын, кесілгенін, кесілмегенін бөлек-бөлек сұрыптайтын, сақтайтын жабдықтары сақадай сай тұр.

Қоймада жұмыс істейтін жігіттермен тілдестік. Бірінен бірі асып тұрған іскер азаматтар.

-Жұмыс ауыр емес. Бәрі автоматтандырылған,-дейді олар.

Жаңа қоймаға Испаниядан әкелінген жабдықтар орнатылыпты.

-Басқа елдерде де жабдықтар, қондырғылар бар. Бірақ Үкіметтің инвестициялық-инновациялық бағдарламасына сәйкес іске асырылып жатқан  нысан болғандықтан көкөніс сақтауда озық технологияларды пайдаланғанды мақұл көрдік, — дейді мұндағы мамандар.

-Осы жобаны іске асыруға «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы 489 миллион 259 мың теңге инвестициялық қаражат берді. Қазір биылғы жылдың өнімін қабылдап жатыр,-деді «ҚазАгроФинанс» директорының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша  орынбасары Фуркат Миркаримов.

Биыл алып қоймаға пияз, картоп, сәбіз, алма қабылдау жоспарланыпты.

-Қойманың сыйымдылығы 5600 тонна. Соның ішінде 1600 тонна өнім қуатты мұздатқышы бар қоймалар. Онда  қанша тұрса да өнімнің сапасы төмендемейді. Мұздатқышы бар қоймадар ауылшаруашылығы өнімдерін ұзақ уақыт бойы сақтауға бейімделген,-деді «Асардағы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мінәйілбек Салыбай.

Мұнда «Асар» мөлтек ауданындағы қоғамдық ұйымдардың басшылары мен  «АсарKZ» кешенді кәсіпорнының басшылары қоян-қолтық жұмыс істейтіні көрініп тұрды.

Мінәйілбектің сөзіне қарағанда, келешекте «Асар» мөлтек ауданының тұрғындары өздері өсірген көкөніс пен жеміс-жидекті қоймаға базар бағасымен өткізетінге, осында сақтайтынға  ұқсайды. Қойманы салғандағы түпкі мақсаттары осында болса керек. Кейін жыл бойы оны республикадағы базарлар мен дүкендерде сатуды «АсарKZ» ұйымдастырады. Ал асарлықтар өсірген өнімнің аз болмайтыны белгілі.

«Асар» мөлтек ауданында  жоба бойынша 1550 тұрғын үй слынады деп жоспарланған. Соның басым көпшілігіне тұрғындар қоныстанып қойған.   Шағын ауданда қазір 15 мыңнан астам адам тұрады. Әрбір үйдің алдында 4 «сотық» жылыжай бар. 1,5 мың жылыжай…

Мұндағы халық еңбексүйгіш. Жастайынан егін егіп, күндерін көріп жүрген қазақтар. Бәрі Өзбекстан Республикасынан көшіп келген қандастарымыз.

Асарлықтарға «оралмансындар» десең «ыстықтап» қалады. «Бізді оралман демеңіздер. Біз өз отанымызға, ата-бабамыздың қаны тамған жерге келдік. Жұмыс істейміз. Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосамыз» дейді бірауыздан.

Қойманың жанындағы алып жылыжайға келдік. Бізді қарсы алған азаматтардың бірі өзін Асылбек Ергешовпін деп таныстырды. Осыдан 15 жыл бұрын Мақтаралдағы ауылшаруашылығы техникумын бітірген маман екен.

-Биыл ерте көктемде жылыжайға қызанақ ектік. Өнім мол болды. 200 тоннадай қызанақ жинаймыз деп жоспарлаған едік.  250 тонна өнім жинадық. Бәрін халыққа саттық. Қазір жылыжайымызға  екінші рет егін егіп отырмыз. Бұл жолы 130 тонна қияр жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, 1 гектар жылыжайға 30 түп көшет отырғыздық. Көшеттің әр түбі кемінде 5 кілә қияр береді,-деді Асылбек.

асар2Бұл жылыжай екі бөлімнен тұрады екен. Біріншісінде көшет өсіріледі. Екіншісінде тамшылатып суару технологиясы арқылы әлігі көшеттерден мол өнім жиналады. Мұнда қызанақтың, қиярдың тек қана мол өнім беретін сорттары өсіріліп жатыр екен.

Жылыжайда қызу еңбек. Қанша дегенмен күз ғой. Сыртта ауа райы салқындау. Ал жылыжайдың іші жаздағыдай. Қиярдың әрбір түбіне аспанға қарай керілген ақ жіп байланыпты. Өсімдік тек қана аспанға қарай жапырақ жайып, өрмелейді.  Әрбір қатарға тартылған түтікшеден тамшылап су ағып тұр. Бәрі белгіленген нормаға сәйкес тамады. Бұл әншейін өсімдікті суару емес. Сонымен бір уақытта тыңайтқышпен үстеп қоректендірілетіні белгілі. Қарап тұрсаңыз, әуесіңіз келеді. 1  гектар жерде жұмыс істеп жатқан адам да айтарлықтай көп емес. Жиырмашақты ғана. Әрқайсысының атқаратын шаруасы белгілі.

-Мына қиярдың көшеттерін еккенімізге екі аптадай болды. Бұл өніміміз қақаған қыста піседі. Жерде қар жатқанда жаңа ғана пәлегінен үзілген қиярды дастарханға қоясыз. Қазір облысымызда қаңтарда қызанағы, қияры пісетін жылыжайлар жеткілікті,-деді Асылбек Ергешов.

«ҚазАгро» акционерлік қоғамының ресми өкілі Ринат Темешовтің сөзіне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында қаржыландырылып жатқан жоба тек қана «АсарKZ» емес. 2000-2013 жылдары облыста ауылшаруашылығы құрылымдарын дамытуға  құйылған инвестиция көлемі 20,8 миллиард теңгеге жетті. Мал тұқымын  асылдандыру мақсатында 3 шаруа қожалығына асыл тұқымды 600 ірі қара мал сатып алып берілді. Стратегиялық мақсат белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысы асыл тұқымды ірі қара мал өсіріп, экспортқа ет өнімдерін көптеп шығара бастайтын күн айтарлықтай қашық емес.

Облыстағы тамшылатып суару технологиясын енгізіп жатқан шаруашылықтардың қатары  жылдан-жылға артып келеді. Бұл да көкөніс, жеміс-жидек өсіруде облыстың көшбастауына мүмкіндік беріп отыр. «ҚазАгроФинанс» осы орайда облыста   1800 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгуді қаржыландырғанын айта кетуіміз керек. Облыстың көпсалалы ауылшаруашылығын дамытуына тікелей ықпал ететін «ҚазАгроФинанстың» тағы да бір бітірген ірі шаруасы бар. Ол – ауылшаруашылығы техникаларын сатып алып, диқандарға жеткізіп беруі. Қазір облыста ескірген ауылшаруашылығы техникалары  жаңа, өнімділігі жоғары, жергілікті жағдайға шыдамдыларымен алмастырылып жатыр. Диқандардың қолындағы қазіргі машиналарды, мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрынғыларымен салыстыра алмайсыз. Бұл істе диқандардың қолын ұзартып отырғандардың бірі-«ҚазАгроФинанстың» қаражаты дей аламыз. Осы қаржы институты соңғы кезде Оңтүстік Қазақстан облысының диқандарына жалпы құны 4 миллиард 477 миллион теңге тұратын  916 дана ауылшаруашылығы техникаларын жеткізіп беріпті. Бұл да ауыл еңбеккерлерінің ауырын жеңілдеткен үлкен күш болды.

асар3Облыстың ауыл шаруашылығы мекемелері тарапынан біз беріп жатқан несиелерді қайтаруда әле мәселе туындаған емес. Туындаған жағдайда да оны қарап, оң шешеміз. «ҚазАгроФинанс» несиелендіріп жатыр. Ауылшаруашылығы кәсіпорындары пайдалануға берілген  соң несиені бірден қайтара бастамайды. Өзіміз оларға  «каникуль» береміз. Соны  пайдаланады. Өнім өндіре бастайды. Естерін толық жинап алған соң барып алған несиелерін қайтаруды қолға алады,-дейді «Қазагроның» ресми өкілі Ринат Темешов мырза.

«ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Әлия Исенова:

-Соңғы 13-14 жылда  қаржы институты Оңтүстік Қазақстан облысының 238 шаруашылық субьектілеріне қолдау көрсетті. Лизинг немесе несие беру туралы 312 келісім-шарт жасалыпты. 2005-2013 жылдар аралығында облыста акционерлік қоғам  бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен  жалпы құны 3,2 миллиард теңге тұратын 14 жобаны қаржыландырды. Бұл,негізінен, табиғи жеміс-жидек сусындарын, өсімдік майларын, сүт өнімдерін, кондитерлік өнімдерді шығаратын, осы заманғы диірмен жабдықтарын, астық сақтауға қажетті, жылыжай кешендерін салуға керекті, тағы басқа бағыттардағы жаңа технологиялық  құрал-саймандарды сатып алуға бөлінген инвестициялық қаражат,-деді.

Жағдай осылай. Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылығында бұрын соңды болып көрмеген өзгерістер бар. Онда «ҚазАгроФинастың» да үлесі бар. Пресс-турда түсінгеніміз осы.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы