АЛТЫНОРДА
Региональные новости

Қала әкімі сенбілікке велосипедпен келді

Талдықорған қаласы әкімдігі ұйымдастырған «Тал күні» шарасына облыс орталығының тұрғындары бір кісідей қатысты. «Таза қала» акциясы аясында қолға алынған шарапатты шара бір апта жалғасып, науқан барысында алты мыңнан астам түп ағаш отырғызылады деп жоспарланған.Алдын ала бірқатар БАҚ-да хабарланған сенбілікке талдықорғандықтар таң сәріден бастап  «Қабанбай батыр» ескерткішінің алдына жиылды. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында өткізілген шараның шымылдығы алдағы мерекеге орай, аталған ескерткіштің жанындағы «Жеңіс» саябағында ашылып, мұнда қала жастары, Талдықорған әскери гарнизонының сарбаздары, ардагерлер мен өзге де қоғамдық ұйымдар белсенділіктерімен көзге түсті. Тіптен, «Офф-Роад Талдықорған» автоклубы мен қалалық мотоспорт федерациясының әуесқой спортшыларының өздері, таңертең басталуы тиіс кезекті жарыстың уақытын кейінге қалдырып, темір тұлпарларын қаңтарып қойып, қолдарына күрек ұстап, жасыл желек отырғызуға кірісті.

– Біздің аталған шара туралы біле тұра, бірден жарыс өтетін Ащыбұлақ су қоймасы мен Балықты сайына жол тартуға дәтіміз бармады. Өйткені, темір тұлпарлардан бөлінетін көмірқышқыл газын заласыздандырып, барлығымыздың тыныс алуымызға қажетті оттегін осы ағаштар бөледі емес пе? Сондықтан қаламызда жасыл желектердің санының артуына өз үлесімізді қосуды жөн көрдік – дейді Талдықорған мотоспорт федерациясының президенті Альфред Малиновский.
Экологиялық сенбілікте қала әкімі Е. Алпысовтың өзі бірнеше ағаш отырғызды. Қала басшысы осы жерде шаһар тұрғындарын әр сенбіде көліктің барлық түрлерінен бас тартып, велосипедпен қатынауға үгіттеді. Өз үлгі көрсетіп, «Жеңіс» саябағына велосипедке отырып келді. «Қаланың желегі – менің отырғызған ағашым!» ұранымен өткен шараға Роза Ақжеркенова жетекшілік ететін «Ерлік» қимыл-қозғалысы кем мүгедектер бірлестігінің мүшелері де белсене атсалысты. Мүмкіндігі шектеулі жандар да шама-шарқы жеткенше көшеттерді отырғызып, ортақ іске өзіндік үлес қосты.
«Жеңіс» саябағынан кейін көпшілік қауым, қаланың орталық саябағына қарай «Таза қала» акциясының логотипі бейнеленген жалаулармен безендірілген автомото шерумен жүріп өтті. Орталық саябақта да, кең көлемді жұмыс жүзеге асып, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың оннан аса түрі отырғызылды. Бұдан соң сенбілікке жиналғандар «Жерұйық – Талдықорған» АӨК» ЖШС-н бетке алды. Облыс орталығы тұрғындарын арзандатылған бағада жеміс-жидек және көкөніспен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосатын серіктестікте қалалық мәслихат депутаттары да екі қолға бір күрек ұстап, алма бағына жас көшеттер отырғызды.
«Тал күні» мерекесі аясында тұтас қала бойынша және облыс орталығының әкімшілік аумағына жатқызылатын Еркін және Өтенай ауылдық округтерінде де қызу жұмыс жүргізілді. Игі іс бір аптаға жалғасып, алдағы сенбіде қаланың орталық алаңында өтетін мерекелік концертте қорытындысы шығарылады. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, шараға белсенді атсалысқан тұрғындар мен ғаламторда ақпараттық қолдау көрсеткен үздік блоггерлер арнайы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен бірге, жастарға арналған диско-бағдарламада Қазақстан эстрадасының жарқын жұлдызы «Ринго» тобының жігіттері өздерінің жаңа әндерін шырқамақ. Сондай-ақ, кеш барысында қала диджэйлері де өз таспаларын ұсынады. Бастысы, бұл игілікті іс, қала әкімдігінің келер жылғы жұмыс жоспарына енгізіліп, дәстүрге айналмақ.
Болат Абаған
Алматы облысы

Cурет Мunara kz сайтынан алынды

http://munara.kz