АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қала базарларындағы қазақ әйелдері қоғамнан тыс қалған жоқ па?

z2-2Жуырда газетіміздің мұрағатынан бір көне мақаланы іздедім. Ескі нөмірлерді парақтап отырып, 2009 жылы 5 наурызда шыққан газетке назарым ерек түсті. Күләш Ахметованың «Базардағы әйелдер» атты өлеңі жарияланған екен:

…Мына заман – бір қауесет, бір аңыз.

Ханым, сіздің сіңіліңіз-ау мына қыз.

Қап арқалап келе жатыр қайысып,

Қап ішінде – елдік ұят, күнәміз…

«Базар көп қазынама  қол салды»

Демалыс күнін пайдаланып, «Көк базарды» бетке алдым. Әдеттегідей ығы-жығы халық. Бірін-бірі киіп-жарып, ерсілі-қарсылы ағылуда. Сатып алушыны күтіп, айналасындағының бәрін қалт жібермей қадағалап тұрған сатушы әйелдерді көптің арасынан жазбай танисың. Алқам-салқам киімі, күс-күс болып кеткен қолы ғана емес, өктем үні, мәдениет атаулыға маңайлай бермейтін сиықсыз сөзі де оларды қалың топтан бөліп тұрады.

Киім іздеген болып, қол ұстасқан екі қыздың соңынан мен де қатар-қатар жайғасқан дүңгіршектердің біріне кірдім. Қатар енген үшеуміз де сатушыға жамырай амандастық. Сәлемімізді алған болып, төменгі ернін жыбырлатты. Қабағынан қар жауған толық қара әйелді көрген бойда, бұл дүңгіршекке енді қайтып кірмеймін деп өзіме өзім сөз бергенім ойға оралды. Бір күн бұрын келгенімде тауарын алмай кеткенім үшін аузына келгенді айтқан сатушының алдына қайтадан келіп тұрмын. Кешегі оқиғалардың бәрі көз алдымнан көлбең ете қалды. Жұқа көк күртені киіп көргенім, күздің қоңыр суығында жылыта қоймас деп оны алудан бас тартқаным, тауары өтпей қалған сатушының шала бүлінгені есіме түсті. Сыртынан қарасаң бәрі бірдей, не атауы, не ерекше белгісі болмағандықтан дүңгіршектерді бір-бірінен айырып болмайсың. Дәл сол дүңгіршекке қайта кіріп бара жатқанымды қайдан білейін? Екі қыздың соңынан ілесе беріппін.

Сатушы бетіме бір қарады да, телефонына шұқшиып отыра берді. Күніне мен сияқты қаншама қыз кіріп-шығады, мені қайдан танысын? Мен де түк болмағандай қаз-қатар ілулі тұрған жейделер мен белдемшелерге беттедім. Ақ жейденің бірін ала бергенім сол еді: «Қыздар, ақ киімді қолмен ұстамаймыз! Көздерің соқыр-ау деймін. Әне, жазулы тұрған жоқ па?», – деді өктем үнмен. Үшеуміз бірдей сатушы нұсқаған тұсқа жалт бұрылдық. Бір жапырақ қағазға: «Белые вещи руками не трогать!» деп баттитып жазып, кіре беріске іліп қойған екен. «Кешіріңіз!» дедім де, ақ жейдені орнына ілдім. Тағы айқай естімей тұрғанда шығып кетсем бе екен деп ойладым. Бірақ ретін тауып, сөзге тартқым келді. Менімен бірге кірген екі қыз іздегендерін таппады ма, әлде сатушының қаһарынан қорықты ма, бірден есікке қарай беттеді.

Дүңгіршек ішінде екеуміз-ақ қалдық. Жүрексінсем де, жанына жақындадым. Журналист екенімді, таң атпастап базарға қай жел айдап келгенін айттым. «Е-е, бәсе, дүкен ішін он айналдың ғой, тегі. Сенімен әңгімелесіп отыратын уақытым жоқ, жұмыс істеуім керек. Базарда менен басқа әйел құрып қалған жоқ шығар», – деді жаратпай. «Көп уақытыңызды алмаймын, апай. Алушы кіре қалса, жұмысыңызға бөгет болмай, шығып кетемін», – дедім.

– Қай канал дейсің? – деді көнгендей сыңай танытып.

– Телеарнадан емеспін, газет тілшісімін. «Түркістан» газетін білетін боларсыз.

– Газет оқымағалы қай заман. Қазір газет оқитын адам бар ма өзі?

– Әрине, болмаса шығарамыз ба? – деп қылт ете қалдым. Жалынып-жалпақтап, сатушыны әңгімелесуге әрең көндіргенім еске түсті де, қайтадан сабама түстім.

– Е-е, мейлі. Оқымыстылар оқысын, газет біздің не теңіміз?, – деді де, көп созбақтамай, әңгімесін өз өміріне қарай бұрды.

Қарашаш апайдың «Көк базарды» құтты мекеніне айналдырғанына он жеті жылдың жүзі болыпты. Кезінде ауылдағы құрбы-құрдасымен бірге техникумды бітіріп, есепші мамандығын алып шыққан. Біраз жыл орта мектепте есепші болып істепті. Қысқарту толқыны жүрген уақытта жоғары білімі болмағандықтан жұмысынан айрылған. «Менің қатарымның бәрі ерте қимылдап, сырттай оқып алды. Менде жоғары білім алатын мүмкіндік болған жоқ. Күйеуім науқас болған соң, бар салмақ өзіме түсті. Жұмыстан қағылған соң шиеттей бала-шағаны қалай асыраймын деп шарқ ұрдым. Базарға шығудан басқа тығырықтан шығатын жол көрмедім. Алыс бір туысқанымыздың «барахолкада» киім сататын нүктесі болатын. Соған жалданып істедім. Бастапқыда тәжірибем болған жоқ. Сауданы құлдыратып жібердің деп қожайын күнде ұрсатын. Үйде төрт балам, ауру күйеуім бар екенін біле тұра, айлығымды да жөндеп төлеген емес. Азаннан кешке дейін дірдектеп жүріп тапқаным ішіп-жемге жетпеген соң айла-амалға көштім. Тауарлардың үстінен 2000-3000 теңгеге дейін қосып сатуға әдеттендім. Бір күні туысқаным кезекті әрекетімнің үстінен түсіп, жұмыстан шығарып жіберді», – дейді сатушы.

«Барахолкадағы» жұмыс сәтсіздікпен аяқ­талса да, өзі үшін үлкен тәжірибе мек­тебі болғанын айтады. Соның арқасында кейіннен «Көк базарға» шыққанда өнімді еңбек еткен. Құдайына қараған бір кісі қаржылай көмектесіп, бастапқыда базардың кіре берісінде іш киім сатыпты. Бала-шағадан артылғанды жинап, көп ұзамай базардың ішкі жағынан аяқ киім сататын нүкте ашады. «Жайма базарда тұрғанда қатты қиналдым. Әрі өткен бері өткендер тауарыңды іліп кетеді. Затыңды қызғыштай қорып, әркіммен бір ұрсысып отырасың. Оның үстіне, төбеңнен төпелеген жауын мен табаныңнан өткен сыздан қажисың. Соның кесірінен бір бүйрегім істемей қалды. Жабық жерге көшкеннен кейін бойыма қуат бітіп, ісім алға жылжи бастағаны сол еді, жолдасымның денсаулығы күрт нашарлады. Ауру ақыры алып тынды», – деп күрсінді Қарашаш апай.

Қиындықтардың бәрін еңсерген қайсар әйел бүгінде үлкен дүкенді дөңгелетіп отыр. Түркиядан, Қытайдан тасымалдайтын тауарларына сұраныс жоғары екен. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Бірақ ананың жүзіндегі мұң өткен күндердің өкінішін жасыра алмады. «Алланың бергеніне шүкірлік етем. Бұрын біреуге жалданып істесем, қазір өзім сатушы жалдайтын жағдайға жеттім. Балаларым не ішем, не кием демейді. Бірақ, бір өкінетінім, ұл-қызыма дәл керек шағымда қастарынан табыла алмағаным. Не әкенің, не шешенің әңгімесін жарытып естімеген соң, тәрбиелері ақсады. Солар ештеңеден таршылық көрмесін деп далада жүрдім. Балаларды еңбекке баулитын, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйрететін шақта базарда тұрдым. Қазір соның «жемісін» жеп жатырмын. Ұлдарым қанағат, үнем дегенді білмейді. Ақшаны сұрауы жоқтай берекесіз жұмсайды. Оқыттым, шоқыттым. Бірақ әлі күнге дейін жарытып жұмыс істеген жоқ. Әр нәрсенің басын бір шалып жүр», – дейді сатушы.

Базар Қарашаш апайдың тағы бір қазы­насына қол салды. «Қара базар» мінезді де адам танымастай өзгертеді екен. Жүйкем әбден тозған. Болмашы нәрсеге ашуланам. Клиенттерді қашырып жіберетін сәттерім көп. Бұл саудаға кері әсерін тигізетінін білем. Бірақ жылдар бойы бойға сіңген әдеттен арылу қиын екен», – деді ол. Сатушының әңгімесін есіктен жамырай енген бір топ қыздың дауысы бөліп жіберді. «Апай, анау қанша, мынау қанша?» деп жан-жақтан шулап қоя берді. Уәдемде тұрайын деп кетуге ыңғайландым. «Қызым, қартайған шағымда жұлдыз болып кетпейін, аты-жөнімді көрсетпей-ақ қой», – деді күліп. Басымды изедім де, есікке беттедім. Өмірбаянын емес, өмірін арқалатып жібергендей Қарашаш апай менің соңымнан көз алмай ұзақ қарады.

«Ащы су ұрттайтын келіншектерден қорқам»

Киім дүңгіршектерінің қатарынан шығып, базардың азық-түлік сататын бөліміне қарай бет түзедім. Мұнда адам азырақ екен. «Көк базарда азық-түлік қымбат, ат арытып алыстан келгенде жол шығының да ақталмайды» деп отыратын жеңгемнің сөзі бірден ойыма оралды. Базар бағасы шынымен аспандап кетіпті. Кейіпкер іздеп жүргенімді ұмытып, баға салыстыруға кірісіп кеткенімді өзім байқамай қалдым. Ет пен сүт өнімдерінің, көкөністердің құнын зерттеп жүрмін. Картоп бағасына үңіліп тұрғанымды көрген бір сатушы: «Қызым, картоп керек пе саған? Маған кел, көбірек алсаң, түсіріп беремін», – деп өзіне қарай шақырды. Жүзі де, сөзі де жылы болғандықтан ба, қасына жылдам басып жетіп бардым.

– Апай, бағаның бәрі шарықтап кетіпті ғой. Базарға келмегеніме көп болған еді.

– Иә, қызым, доллар көтерілді ғой, несіне таңғаласың?

– Сырттан әкелінетін тауар болса түсінуге болады, өз өніміміздің құнына не жорық?

– Біз «Алтын ордадан» сатып аламыз. Ол жақтағылар қанша пайыз қымбаттатса, біздің баға да соншалықты көтеріледі, – деді ақталғандай боп. Сатушыны айыптың астына ала бастағанымды сезіп, әуелгі мақсатыма ойыстым.

Марал апай әңгімешіл екен. Мен тәтпішеп сұрамай-ақ, кәсібі жайлы көсіліп айта бастады: «Базардағы әйелден шошитын заман келмеске кетті ғой. Қазір мұндағы сатушылардың 70 пайызы әйелдер десем, қателеспейтін шығармын. Жағынып-жалпақтауға, саудаласуға еркектердің, әсіресе қазақ жігіттерінің қыры жоқ. Бұл кәсіпті балам, жолдасым үшеуміз жабылып дөңгелетіп жүрміз. Ұлым тауар тасып береді, күйеуім екеуміз кезекпен сатамыз. Бірақ жолдасым сауда жасаған күні табыс аз түседі. Өйткені оның клиент тартуға ебі жоқ. Сатушы сөзге шебер болуы керек. Жарнама жасауға, тауарын тезірек өткізуге бейім болмаса, ісі алға баспайды», – дейді Марал апай. Бұған дейін тауардың түр-түрін саудалап көрген сатушы көкөніс саудасы өз отбасы үшін ең қолайлы кәсіп болғанын айтты. Мінезі майда, ісі кесек әйел «базар нәзік жандыға арналған орын емес деген қасаң көзқарасты бұзып жүрмін», – дейді.

– Сауданы ес білгелі серік етіп келемін. Отбасылық кәсіп болғандықтан ба, балалардың тәрбиесіне, үйдегі ауа райына кері әсерін тигізген емес. Әке-шешесінің таң атпастан тұрып, базарға кететінін, демалыссыз жұмыс істейтінін көрген ұлым мен қызым да еңбекқор болып өсті. Ұлым «балабақшаға бармаймын, базарға барамын, сіздерге көмектесемін» деп жылайтын. Ес білген соң ақыры біздің ісімізді жалғаймын деп шешті. Қазір жауапкершіліктің басым бөлігі соның мойнында. Тағы бір жерден көкөніс дүкенін ашқалы жатыр. Бірақ жолдасым қызымды базарға жолатпады. «Болашақ ана ғой, денсаулығына зияны тиеді. Базардағы неше түрлі әйелді көріп, ойы бұзылады. Ойы да, бойы да таза жүрсін», – деп мұнда әкелмеуге тырысады. Онысын мен де құптадым. Айналамда сан түрлі қыз-келіншек бар. Қыстың күні жылынамыз деп арақтан, жаздың күні салқындаймыз деп сырадан сілтеп тұратынын көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан оң-солын танып үлгермеген жастар үшін алаңдаймын», – деп Марал апай бізге қарама-қарсы бетте кептірілген жемістер сатып тұрған өрімдей қызды иегімен нұсқады. Жылы жүзді сатушының беріліп айтқан әсерлі әңгімесіне айтқан алғысым болсын деп, екі келі картоп сатып алдым да, қарсы бетке қарай бағыт алдым.

 Цемент құрсауындағы жылу

Нысанам – кептірілген жемістер сататын бөлім. Марал апай нұсқаған қызға соқпай кете алмадым. Қалпағын көзіне дейін төмен түсіріп алған талдырмаш қыздан өрік пен мейіздің, жаңғақтың бағасын сұрадым. Бәрібір алмайсың ғой дегендей сұлық қана жауап берді. Сатушы қызды сөзге тартудың басқа жолын таптым.

– Кешірерсіз, есіміңіз кім?

– Айдана.

– Айдана, сен дей берсем қарсы емес шығарсың.

– Иә, айта беріңіз.

– Мен жұмыс іздеп жүрген едім. Мұнда сатушы алғысы келетін ешкім жоқ па?

– Киім-кешек қатарында болмаса, бұл маңда жоқ. Сол жақтан сұрастырып көріңіз.

– Айлық жағы қалай мұнда?

– Әрқалай. Қатып қалған жалақы жоқ. Қожайынның көңіл-күйіне байланысты. Қазір күндігіне 2 мың теңге аламын. Кейде күндік табыс көп болған күндері үстеме ақы береді. Кейде ананы дұрыс істемедің, мынаны дұрыс істемедің деп ілік іздеп, жалақымды кемітіп тастайды. Кептірілген жемістердің бағасы удай, оны қазақ сыйлы қонағына ғана қоймаса, жай күндері сатып ала бермейді. Сауда кеміп кетті деп ол үшін де бастық өшін менен алады.

– Жұмысқа күн сайын шығасың ба?

– Иә, оқып жатқан оқуым жоқ. Бос жатқанда не бітірем? Колледж бітіргеннен бері әр жұмыстың басын бір шалдым. Жоғары білімің болмаса ойыңдағы жұмысқа тұра алмайды екенсің. Екі жыл қатарынан құжат тапсырып, университетке түсе алмай қалдым. «Ер кезегі үшке дейін» деп, келер жылы тағы бір рет бақ сынап көрем. Өмір бақи базарда тұрғым келмейді, – дейді Айдана.

Сатушы қыз Арал өңірінің тумасы екен. Ата-анасы, өзінен кейінгі бауырлары сонда тұрады. Алматыда құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұратын қыз пәтерақысынан, ішіп-жемінен артылғанын шашау шығармай үйіне жібереді. Ішкілікке жақын әкесінің тапқаны отбасын асырауға жетпейді өйткені. Ал анасы кішкентай балаларын бағып үйінде отыр. Үйдің үлкені болғандықтан, жастығына қарамай үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген ару табанынан өткен сызға, қожайынның айқай-құқайына да көндігіпті. «Мына жердің асты-үсті цемент, жердің асты болғандықтан күн сәулесі мүлдем түспейді. Күн суымай тұра тұрса екен деп тілейміз бәріміз. Дұрысы, жұмысты киім-кешек қатарынан іздеңіз. Қыста дірдектемей, жылы жерде отырасыз», – деп сатушы қыз ақыл қосты. Сіңлінің жанашырлығы жанымды жылытқанымен, жүрегіме базардың сұрықсыз тірлігі салған мұңды жібіте алмады. Цементтің құрсауынан босап, күннің көзіне шыққан соң Айдананың сөзін ішімнен қайталай бердім: «Күн суымай қоя тұрса екен!»

Анар Лепесова 

http://turkystan.kz/