Тағдырдың талайымен қазақтың кең сахарасына тап болып, өмірінің бір кезеңін осында өткізген поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» атты кітабы жуырда қолымызға түсті. Әлемнің бірнеше тіліне аударылып, авторының атын әйгілеген еңбек ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.
Өзі жүрген жерлерде көзбен көріп, көңілге түйгендерін мұқият хатқа түсірген этнографтың әр жазбасы құнды деректерге толы. Дегенмен, Семей қаласына арналған бөліміне назарымыз ерек түсті.
«Бір кездері Омбы облысының орталығы болған Семей қазір Томск губерниясының округіне қарайды. Ол Тобылдан 1300 шақырым қашықтықта болса, Омбыдан 700 шақырымдай алшақтықтағы Семей өзеншігінің Ертіске құяр аңғарында тұр. Ол бұл жерге ХVIII ғасырдың екінші жартысында, яғни 1716 және 1726 жылы осы аттастықпен кішігірім бекініс қамалы ретінде, 20 шақырым төменде қоныс тепкен. Жоңғарлардың қираған ескі қорғандары орнына салынған бүгінгі Семейде 7000 тұрғын бар. Мұның басым көпшілігі татарлар, ташкенттіктер мен бұхарлықтар. Сондықтан да болар, Семейде бір ғана шіркеу бар. Оның есесіне, алты немесе жеті мешіт болса керек. Қазақ тілі барлық дерлік жерде қолданылады. Тіпті, дәулеті мен мәдениеті асқан орыстардың басым көпшілігінің өзі, біздің әйелдеріміздің француз тілінде сөйлейтіні сияқты қазақша сөйлей береді», – дейді А.Янушкевич.
Жат жұрттық этнограф қазақ қаласының мақтауы мен мадағын кем қылмаған. Бірақ оқып отырып, бойымызды мақтаныштан гөрі ұят биледі. Өткеніміз үшін емес, бүгінгіміз үшін. Қала тіліне айнала алмай отырған қазақ тілінің қазіргі күйі үшін. Өзгеге құрметтетпек түгілі, өз ана тіліміздің қадіріне өзіміз жете алмай отырғанымыз ойға түсті.
Ауылда асығы түгел мемлекеттік тілдің қалада неге тынысы тар? Мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген миллиардтардың нәтижесі қайсы? Ресми статистиканың көрсеткіштері күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген ақиқаттан неге алшақ? Кірген есігіміз, мінген автобусымыз неге өз тілімізде қарсы алмайды? Қалаға кіргенде ең әуелі көзге шалынатын зәулім ғимараттардың, дүкендер мен мейрамханалардың атаулары неге жат жұрттың тілінде? Көкке мұрындарын шүйірген жарнама бағандарының қазақшасы неге шала? Қазақ тілін білмейтіндер, үйренуге құлық танытпайтындар «қалада өстім» деген сылтауды қашанғы қалқан қылмақ? Осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеу үшін қолға қалам алдық. Бар қаланы қамту мүмкін болмағандықтан, әңгімені көлемі жағынан да, халқының саны жөнінен де елімізде көш бастап тұрған шаһар, қаржы, мәдениет және білім орталығы – Алматының төңірегінде қозғауды жөн көрдік.
Қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахет өткен жылдың соңында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың нәтижелерін түйіндегенде көңіл марқайтар деректер келтірді. Жергілікті бюджеттен бұл салаға 2007 жылы – 65 млн. теңге, 2008 жылы – 113 млн. теңге, 2009 жылы – 124 млн. теңге, 2010 жылы – 175 млн. теңге, 2011 жылы – 187 млн. теңге, 2012, 2013 және 2014 жылдары – 190 млн. теңге бөлудің нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген қала тұрғындарының үлесі 62 пайызға жеткен. 2006 жылғы зерттеулер бойынша бұл көрсеткіш 33 пайызды ғана құраған болатын. Алматылық өзге ұлт өкілдерінің 22 пайызы қазақ тілін еркін меңгерсе, тұрмыстық қазақ тілін білетіндер саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артып, мемлекеттік тілді мүлдем түсінбейтіндердің саны 4,5 пайызға азайыпты. Сала басшысының сөзіне сүйенсек, Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының көрсеткіші де артып келеді. Мәселен, 2006 жылы ол 36 пайыз болса, 2014 жылы 78 пайызға жеткен.
Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы сауалнама жүргізу арқылы жергілікті атқарушы органдарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде іс жүргізе алу қабілеттерін де анықтапты. Сыннан сүрінбей өткендері – 65, әр түрлі деңгейде түсінетіндері – 27, мүлдем білмейтіндері – 8 пайызды құраған.
Басқарма басшысының айтуынша, балаларына қазақ тілін үйретуді балабақшадан бастауды құп көрген ата-аналардың қатары да көбейген. Бүгінгі таңда қаламыздағы балабақшаларда орыс тілінде тәрбиеленіп жатқан балалардың саны – 15 мың болса, қазақша тәрбие алатын балалардың саны 30 мыңның үстінде екен. Алматылық бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақ балабақшасына барып жүргенін, 7054 өзге ұлт өкілдері балаларын қазақша тәрбиелеуге беріп отырғанын да сүйіншіледі.
Қазақ тілінің Алматыдағы білім ошақтарындағы тыныс-тіршілігін айқындайтын ресми деректерді де тізіп өтейік. Қала бойынша бүгінде 201 мемлекеттік мектеп бар. 1989 жылы Алматыда 7 ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 62-ге жетті. Оған қоса, 68 аралас мектеп бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламызда қазақша оқитын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 12 есеге артып отыр. Қазір Алматы мектептерінде 90 мыңнан аса оқушы қазақша оқиды. Бұрын жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқыту тек педагогикалық мамандықтарға ғана тән болса, бүгінде барлық мамандықтар бойынша қазақша топтар ашылған. 1989 жылы қазақ тілінде оқитын алматылық студенттердің үлесі 4 пайызды құраса, қазір 51 пайызға жеткен.
Сандық деректер ақиқатқа жақын болса, қуанамыз әрине. Өкінішке қарай, күнделікті көзіміз шалатын көріністер мінберлерде ауыз толтырып айтатын мәліметтермен ұштаса бермейді. Алысқа ұзамай, аулаңыздан-ақ талай мысал келтіруге болады.
Әрсеннің әңгімесі
Әрсен есімді оқушымен аулада жолықтық. Ол оқуға, мен жұмысқа бет алған кез. Аялдамаға жеткенше серік болсын деп әңгімеге тарттым. Екеуміз екі тілде сөйлесек те ұғынысып келеміз.
– Атың кім?
– Арсен.
– Қай мектепте оқисың, Әрсен?
– В 133-й школе.
– Жолдың арғы бетіндегі мектеп пе?
– Да.
– Әрсен, сен қазақ тілін білмейсің бе?
– Знаю.
– Неге қазақша сөйлемейсің онда?
– Я в русском классе учусь.
– Бірақ қазақсың ғой…
– Да, но…
– Иә, айта ғой?
– Знаете, у нас дома все на русском говорят, – деді ақталғандай боп. Шамасы, қазақша білмейтінін бетіне басып тұрған бірінші адам емес сияқтымын. Анасы мұғалім екен, орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беретінін естігенде жұмған аузымды аша алмай қалдым. Оқушыларын қазақшаға баулу үшін барын салып жүрген мұғалімнің өз балаларымен орысша сөйлесуінің мәнін түсіну мүмкін емес. Шамасы, отбасының өзге мүшелері қазақ тіліне шорқақ сала – банкте қызмет атқаратын отағасының ыңғайына жығылатын сияқты.
Банк демекші, халыққа қызмет көрсететін мекемелердің барлығы қазір екі тілде бірдей жұмыс істейді. Қай тілде сөйлесеңіз, қызметкерлері сол тілде жауап қатады. Құжаттар да дәл солай. Сұраныс немесе өтінішті қазақ және орыс тілінің қайсысында толтырсаңыз да қабылданып, сол тілде жауап әзірленеді. Егер мемлекеттік тілдегі қойылған сұрағыңызға жауап ала алмасаңыз немесе қазақша жазылған өтінішіңіз қанағаттандырылмаса, мекеме басшылығына шағымдануға құқылысыз. Алайда қайда барса да, бас салып орысша жүгінуге үйренген ауыздар өзі қазақша сөйлемей тұрып, мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді деп өзгені айыптауды әдетке айналдырған. «Тапсырыс беруші қай тілді құп көрсе, сол тілде сөйлес» деген нұсқау алған қызметкер сіздің орыс тіліндегі сауалыңызға қазақша қайтіп жауап берсін? Демек, қаланы қазақшаландыруды өзімізден бастау керек.
Мейрамханадағы даяшыға, кинотеатрдағы кассирге, киім дүкеніндегі кеңесшіге, ауруханадағы дәрігерге жүгінгенде де сәлемді орысшадан бастайтынымыз өтірік емес. «Қай ұлттың өкілі екенін білмеген соң, көпке ортақ тіл ғой деп орыс тілінде сұрадым» деп ақталамыз. Ал өзіміздің ана тіліміз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі неге қазақстандықтардың бәріне ортақ тіл емес деген сауалға жауап іздеп көріңізші. Өйткені оның қолданыс аясын кеңейтуге тырыспаймыз, қазақ тілін білуді қажеттілікке айналдыруға үлес қосқымыз келмейді. Әйтпесе, өзге ұлттың адамы тұрмақ, қазақтың қаракөздерінен көмек сұрау үшін орысша шүлдірлеуіміз қалай? «Қазақ тілі – даланың тілі» деген сыңаржақ көзқарастан әлі де арыла алмай жүргеніміздің дәлелі болса керек, қала орталығындағы ірі сауда орталықтары мен қымбат мейрамханаларға жолымыз түссе, үйреншікті киімді бір киерімізбен алмастыратынымыз сияқты сөзіміз де өзгеріп шыға келеді. Қазақша сөйлесе, жүрген ортасының тәртібін немесе өзінің сынын бұзып алардай алаңдайтын құрбыларымның ойы өзгермей, қазақ тілінің қалаға сіңуі екіталай.
Техникамен қай тілде сөйлесесіз?
Ең сорақысы, адам түгілі, техниканың көмегіне жүгінгенде де, қазақтың тіліне сенімсіздікпен қараймыз. Банкоматтан ақша аларда немесе төлем терминалдары арқылы қызметтердің ақысын төлегенде де үйреніп қалған саусағымыз «русский» деген батырмаға қарай сумаңдай жөнеледі. Сөзіміз жалаң болмасын, оқырманға айтар дәйегіміз болсын деп жұмыстың қасындағы «CenterCredit» банкоматтарын бір сағат күзеттік. Осы уақыт аралығында қатар тұрған екі банкомат 11 адамға: 7 қазақ, 4 өзге ұлттың өкіліне қызмет көрсетті. Ақша шығарып алған кісілердің тек екеуі ғана «қазақ тілі» батырмасын таңдады, өзгесі ақылды машинамен орыс тілінде «сырласты». Картасын жоғалтып алған адамның кейпіне енгендіктен, банкомат маңын айналшықтап жүргенімізге ешкім күдікпен қарай қойған жоқ. Орыс тілінің қызметіне жүгінуді құп көрген ағамызды сөзге тарттық.
– Кешіріңіз, неге орыс тілін таңдағаныңызды білуге бола ма?
– Түсініктірек болған соң.
– Қазақ тілін жақсы білмейсіз бе?
–Білемін. Бірақ орысшаға үйреніп қалғанбыз. Оның үстіне, бұл банкоматтардың қазақшасын ұғып болмайсың.
– Керегімізді қазақ тілінде сұрап жүрміз ғой. Барлығы қолмен қойғандай түсінікті емес пе?
– Қайдам, орыс тілінен қалай болса солай аударылған. Мағынасын түсінемін дегенше талай уақытыңды жоғалтасың. Орыс тілін таңдағанда тұрған не бар? – деді асығыс кетуге ыңғайланып. Уақытын ұрлағанымыз үшін жаратпай қалған сияқты. «Онда тұрған не бар?» Дәл осылай ойлайтындардың қатары азаймаса, банкоматтың қазақшасы түзелуіне мүдделілер көбеймесе, қазақ тілі техниканы да, ол орналасқан қаланы да жатсына бермек.
мүкіс аудармалар жүйкені мүжиді
Қаладағы қазақ тілінің өрісін тарылтып отырған тағы бір фактор – жарымжан жарнамалар. Қалаға кіріп келген адам көкпен таласқан әсем ғимарттардың сәулетінен бұрын маңдайшасындағы жазуға, айналасындағы менмұндалап тұрған қызылды-жасылды баннерлер мен билбордтарға назар аударатыны бесенеден белгілі. Оларсыз қаланы елестету қиын, жарнама бағандарының саны шаһардағы ағаш санынан асып түспесе, кем түспейді. Өйткені жарнама – экономиканың дамуын ынталандыратын, өндірістік үдерістер мен өнім сапасын жетілдіретін маңызды механизм. Бірақ оның сауданы жүргізетін тетік қана емес, тілдің дамуына ықпал етуші құрал екенін ескермей отырмыз. Мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттар сапасының неліктен сын көтермей тұрғандығын бірнеше себеппен түсіндіруге болады: қазақ тілінің лингвистикалық нормаларының бұзылуы, тілдік интерференцияның әсерінен лингвистикалық калькалардың туындауы, яғни бөгде сөздерді араластыру арқылы тілді шұбарлау, орыс тілінің грамматикалық нормаларын пайдалану, қазақ тілін қарабайландыру, т.б. Сөзімізге дәлел керек десеңіз, мархабат. Мысалды кез келген бағанадан тауып беруге бармыз: «Арсенал выбирает нас, а вы? – Арсенал бізді таңдайды, ал сіз?», «Цепляет как никогда раньше – Еш уақытта болмағандай тіркейді», «Реставрация старых фото – Кәрі фотоның реставрациясы», «Жұмсақ бола аламын – Бываю мягким», «Молочные лепешки – Сүтті шелпектер», «Голоден? Доставим! – Ашысыз ба? Жеткіземіз?», тағысын тағылар. Мүйізі қарағайдай қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың есімдері берілген көше аттарының (Байтұрсыңұлы көшесі, Рыскулов даңғылы, Жансұгіров көшесі, Зеін Шашкин көшесі, Байзаков көшесі, Бұқар жырау бульвары, Қоңаев көшесі, т.б.) көпе көрінеу қате жазылуы, ғимарат маңдайшаларының («LADY D’S» киім дүкені, «Mon Amie» дүкені, «Ажиотаж» аяқ киім салоны, «GARMONIYA Jewellery» сәнді зергер бұйымдарын сататын дүкен, «Little bee» балалар киімінің дүкені, «Restaurant «Metro» cafe» рестораны, «Excellent» мейрамханасы) төл тілімізде емес, шетел тілінде жазылуы көңілге кірбің ұялатады.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа соңына түсетін, үстінен бақылайтын ешкім болмаған соң жарнама жасаушылар немқұрайлылықтан танар емес. Алматыдағы жарнамалар мен маңдайшаларды дайындап, жер-жерге ілумен айналысатын негізгі мекеме – Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарайтын «Алматыжарнама» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны да өзі жіберген қателердің себебін түсіндіруден жалтарып келеді. Жоғарыда аталған жарымжан жарнамаларды тізбектеп, олардың дұрыс аударылуы неге қадағаланбайтынын сұрағанымызда кәсіпорын өкілінің берген жауабы төмендегідей: «Сіз мысалға келтірген мәтіндер бойынша айтар болсақ, бұл жарнамалар әуелі орыс тілінде жасалып, кейін қазақ тіліне аударылады. ҚР «Жарнама туралы» Заңының 6-бап, 2-тармағына сәйкес «Жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауға тиіс». Бұл мысалдарда мағынасы тең аударма жасалған». Егер «Жұмсақ бола аламын – Бываю мягким»(сыраның жарнамасы) деген аударманы мағынасы тең аударма деп есептесе, мекеме мамандары қазақ тілін жетік білмейді, яки білгісі келмейді деген сөз.
Шетелдік атауларды иемденген ғимараттардың маңдайшалары қашан қазақшаланатынын сұрағанымызда да мекеме қызметкері заңды қалқан қылды: «ҚР «Жарнама туралы» Заңының 6-бап, 2-тармағына сәйкес «Мерзімді баспасөз басылымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады» делінген. Сондықтан жарнама берушілер қазақ және орыс тілдері мәтіндерімен қатар шетелдік атауларды пайдалануға құқылы». Қит етсе, заң атаулыдан пана іздеп, өз ісін ақ деп табатындар еліміздің бас құжаты – Ата заңды неге көзге ілгісі келмейді? Мемлекеттік тілдің қай тіл екенін тайға таңба басқандай көрсетіп берген Конституциямыздың 7-бабын қаулы-қарарды жатқа айтатын заңқойлардың аузынан естімейтініміз өкінішті…
Анар Лепесова
http://turkystan.kz/