Ауыл мен қала екі түрлі әлем
Осыдан он-он бес жыл бұрын ба екен, қала десе көз алдымызға орыс ұлты елестеуші еді ғой. Ауылдың қара сирақ, қара баласы қалаға бара қалсаң, өзіңді өзге әлемнен келгендей сезініп, қалалық орекеңдерге үдірейе, үрке қарайтынбыз. Тілің орысшаға келмесе де орысша сөйлеуді жөн деп санап, қаланың қазағымен орысша былдырласуышы едік. Әлі де солай. Ал, қаланың абыр-сабыр өміріне тез үйреніп кетуді қиынсынатынбыз. Ауылда көрмеген бәленбай қабат үйлерді көріп басың айналатын. Жазиралы кең жайлаудан келіп, тулақтай ғана асфальтті аулада жүгіріп жүрген ойын балаларына қарап қызығатынбыз.
Есіңізде ме? Көпқабатты үйде де ит асырайды екен деп те таң қалатынымыз?! Көшеде көліктің тізгінінде кетіп бара жатқан әйелді көрсек, циркте велосипед теуіп жүрген аюды көргендей қызықтайтынбыз. Оны қойыңызшы, бұрыш-бұрышта темекінің көк түтініне оранып тұрған қыздарға қарап, «город» деп мақтан ететін, руханилықтан азғындап бара жатқан қалаң осы ма деп әлдекімнің бетіне басқың келетін еді. Сөйтсек, қыздардың темекі шеккені азғындаудың бергі жағы ғана екен ғой. Ал, ауылдағы тіршілік, мүлдем басқа. Қала мен ауыл төрт қайнаса сорпасы қосылмайтын екі түрлі әлем.
Ауылдағы бір ағамның бір күні немесе құрт пен май, қаймақ шай
Жаздың мамыражай жайма шуақ күндері. Жерге жарық түсе тай-құлынның кісінегені, өріске маң-маң басқан қой-ешкінің маңырағаны, қозы-лақтың жамырағаны, құлпырған бау-бақшаңыздан сайраған құстар үні сізді ұйқыңыздан оятады. Ұйқыдан қирап емес, ширап тұратын, еңбекпен біте қайнасқан ауыл адамысыз. Үй іші сап-салқын, жым-жырт. Жаңа піскен тәтті нанның иісі мұрыныңызды жарып әкетіп барады. Орныңыздан тұрып терезеден бәйбішеңіздің нан салып, самауырға шай қойып жүргенін көріп, тағы да бір таңыңыздың атқанына шүкіршілік еттіңіз. Бүгін де күннің ми қайнатар ыстық боларын іштей болжап терезенің алдында біраз тұрып ойға шомғандайсыз. Балаларыңыз шырт ұйқыда. Ойын балалары болса да үлкендермен жағаласып, қас қарайғанша жұмыс істейді. Шөп науқаны басталмай тұрып оларды қалаға жіберіп бір демалтып алу ойыңызды келіп түртпектейді. Бару бармаулары екі талай бірақ. Қыстың мың күнін асырайтын жаздың бір күні ауыл халқы үшін аса қымбат. Табиғат ананың берер сиын дер кезінде пайдаланып отырмаса құр қаларсыз. Сондықтан да, ауылда қажырлы еңбекті қажет ететін жанталасқан тіршілік.
Есік алдына шығып, төңіректі көзбен шолып шықтыңыз да, сізден әлдеқайда ерте тұрған бәйбішеңізге:
— Сиырларды табынға апардың ба ей? – дерсіз. Бұл қысыр сұрақтың жауабын іштей біліп тұрсаңыз да, қожайынсып сұрап қоймасаңыз ішіңіз кебердей.
Тәмпіш танауы пыс-пыс етіп, даладағы пештің маңайын сыпырып жүрген, жан-жарыңыз сізге көзінің қырын да салмастан:
— Апармағанда, күнде сен апарып жүр ме едің? — деп өзіңізге қарсы сұрақты төпелетеді-ай келіп.
Үнсіз ғана, жасыл кілемдей кең аулаңызды тіліп ағып жатқан мөлдір бұлаққа барып жуынасыз. Күректей алақаныңызбен мөлдір судан алып бетіңізді шайғанда, анадан жаңа туғандай тап-таза бір күйге енесіз. Ал, бірақ, тастай суық таудың суы кейбіреудің сай сүйегін бірақ сыздатады. Ағынды судың тылсым қаиеті де бар шығар. Бұлақтың жағасында әр ойдың басын шалып ұзақ отырасыз. Істеп жүрген үкіметтің жұмысы жоқ, ешқайда асықпайсыз. Өз қотырыңызды өзіңіз қасып жүрген қарапайым, қарабайыр адамсыз. Жоғары біліміңіз жоқ болса да, біреудің қолына қарап отырмағаныңыз анық. Өз тіршілігіңіз өзіңізде. Қорадағы малыңыз аман болсын! Не заманда жазғы ас үй жақтан бәйбішеңіз:
— Жүр, бол, шайыңды іш, отырушы ма едің, — дейді көтеріңкі дауыспен.
— Бара жатырмын, — деп орныңыздан неше ұмтылып әрең тұрасыз. Ата қаздай теңселіп, адымыңызды нығарлай басып, ас үй жаққа беттейсіз. Буы бұрқырап самауыр қайнап, дастархан жайнап тұр. Дастарханға енді отырып жайғаса бергенде, сыртқы есікке қарай итіңіз үре жөнелді. Таң атар-атпастан жүрген көршіңіз Орақбай кері атын қаусап тұрған қашаға байлады да, тарп-тарп басып келе жатты. Тозыңқырған керзі етігін есік жаққа шешті де, өзі осы үйдің адамындай амандықты жүре сұрасып төрге озды. Бәйбішеңіз кеше кешкіден қалған суық етті әкеліп дастарханның қақ ортасына қойды. Үйдің қожайыны суып үлгермеген жаңа пысқан нанның үстіне сары майдан жағып жіберді де қомағайлана шайнамастан жұтып жіберді-ау деймін. Көршісі де қалысар емес. Майы қатқан суық етте өші бардай, бірінен кейін бірін асап отыр.
— Иә, көрші, тайыншаларыңды жайлауға апарып тастапсың, — дейді тісін шұқыған күйінде Орақбай.
Осылай басталған әңгіме самауыр төңкерілгенше созылады. Содан, шай мен етке тыңқия тойған көршілер үстелден ырғалып-жырғалып, әрең көтеріліп, сыртқа шығады. Әңгімеге қыза кіріскен Орақбай не үшін келгені кетіп бара жатып есіне түсті-ау деймін, қайта бұрылып;
— Оу, көрші, айтпақшы, күрегіңді бере тұршы, қазір әкеліп беремін.
— Оны не қылайын деп едің, ала бер, әне тұр, — деп қораның бұрышын иегімен нұсқайды.
— Қойдың қыстайғы қиын қазып шығарып тастамаса болмайды бір демалыста.
— Әй Орақбай, сен қатырасың. Сенің өміріңде аптасына жеті күн демалыс емес пе еді? – деп қалжыңға басты.
— Көрші, көп сөзді қой да, жүр көмектесіп жібер, түстен кейін сенің картобыңды отырғызып үлкен іс тындырайық, — деді қалжыңнан қашқандай.
Көрші ақысы, тәңір ақысы. Екеуі ғана емес, басқа да көршілер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарысып Орақбайдың қорасын тәртіпке тез келтіре қойды.
— Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір. Қиын қысқа сақтап қой. Үкіметке алданып сапасыз қымбат көмір алғанша қи жақсаң әлдеқайда тиімді, — дейді бір көршісі көзі күлімдей.
Түс ауа көршілер үйді үйіне тарасады. Сіз де үйіңізге келіп, бәйбішеңіз дайындап үлгермей жатқан асты шыдамсыздана күтесіз. Күтпейсіз, асқазанды алдай тұру үшін үш литрлік банкіде тұрған салқын айранды нан қосып сіміріп аласыз. Содан, теледидаран айтыс тамашалап жатып көзіңіз ілініп кеткені сол еді, көршілеріңіз келіп, оятып алады. Кешке дейін көршілер бірге жүріп, картобыңызды отырғызасыз. Алыстағы ағайыннан іргедегі көршінің артықшылығы әрине басым. Кешке қарай өрістен мыңғырған малың келеді. Ауылдың бас-аяғы у-шу. Жайылымнан келген бір ауылдың қойының арасынан өз қойыңды бөліп алу да оңай емес. Мал келгеннен бастап, бала-шағаң, бәйбішеңмен қора жақта жүресіз. Оның үстіне кеш батқанда суаратын бау-бақшаңыз бар. Қыстың күні көретін түрік пен корейдің сағыздай созылған сериалдарын көруге мұрша да жоқ. Әйтеуір үлкен шаруалардың бәрі кең пейілді ауыл халқының арқасында бітіп жатады. Ауылдың осындай ауызбіршілігінен құдай айырмасын!
Қаладағы «братанның» бір күні немесе иттей қылған кредит
Қалалық жердегі көпқабатты үйдің бір жаманы өз еркің өзіңде емесі. Таңғы сағат төрттен бастап тыныштықтан маза кетеді. Әлде біреу таңертең ерте көлігін от алдырып, дабыл белгісін бір қосып, бір өшіріп ұйқыны қашырды. Одан ол кетіп, енді ұйықтап бара жатқаныңызда екі күннің бірінде сүт сататын бір апамыз «молоко, свежие молоко» деп қаңқылдамасы бар ма?! Ащы дауысы құлағыңызға түрпідей тиеді. Оянбасыңа амал жоқ. Төбеге тесірейе қарап, әдет бойынша ақша табудың амалын ойластырасыз. Айдың аяғы болғандықтан жалдап тұрып жатқан пәтеріңіздің де ақшасын төлеуіңіз керек. Иттей қылған кредитіңіз және бар. Жұмыс уақыты тоғызда басталса да осының бәрін ойлап алтыдан тұрып аласыз. Ауылдағыдай мөлдір бұлаққа емес, хлорланған кранның жылымшы суына жуынасыз. Аядай ғана ас үйде шайыңызды қойып, газет оқып отрып, печеньемен шайыңызды ішесіз. Газет оқығанда ақпараттар емес, жалға пәтер беремін деген хабарландырулардан арзандау пәтер іздейсіз. Бүгінгі заманда «арзандау» деген пәтер қайдан табыла қойсын?! Сағат жетіден кете бес жасар ұлыңыз көзін тырнап ашады да, пультке жармасып, өзінің сүйікті арнасынан «Спанч боб», «Шрек», «Ози бу», «Пингвины Мадагаскара» сияқты мән-мағанасыз мультфильмерін көреді. Ал, әйеліңіз түске дейін оянса рахмет айтыңыз. Ал, қазір асығыс-үсігіс жиналып жұмысқа қарай бет аласыз. Аялдамаға жақындай бере қалтаңыздың түбінен бір уыс болмайтын ұсақ тиындарыңызды алып шығып, керегін санап аласыз. Әне, лық толы сіз күткен автобус та келді. Жұмыс орныңызға дейін бірнеше аялдама тікеңізден тік тұрып барасыз. Мына ыстықта кептелген автобустың ішінде тұрғанды қойып отырған кісіні тұншықтырады. Қызмет орныңызға таяу аялдамадан түсіп қалып, екі жүз метрдей жаяу жүресіз. Істейтін жеріңіз — күзет. Бір емес, екі жерде күзетшісіз. Төрт жыл оқыған дипломыңыз шаң басып үйде жатқан шығар. Ол мамандық бойынша жұмысқа орналасу үшін бір тайынша мен тамыр-таныс керек. Әзірше қоя тұрыңыз. Әйеліңізге шаршамасын деп алып берген автомат кір жуғышыңыздың несиесі бітсін. Айтпақшы, ол несиеңізді ертеңнен қалтырмай төлемесеңіз үстіне қосылатын үстемесі бар. Жұмыс арасында банкке барып ұзын-сонар кезекке тұрасыз. Осы айдың несиесінен құтылғаныңызға іштей бір қуанасыз. Пәтерақыңызды төлеп тастасаңыз арқаңыздан бір айлық үлкен жүк түседі. Кешке қарай шаршап-шалдығып, азық-түлігіңізді алып үйіңізге барасыз. Сериалдан көз ала алмай отырған жұбыңыз; — Шайың дайын тұр, өзің құйып іше бер, — дейді.
Дайын тұр деген шайының бетіне мұз қатудың сәл-ақ алдында тұр. Отбасының шырқын бұзбайын деп ақылға саласыз да, өз қамыңызды өзіңіз жасайсыз. Тамақтанып болған соң ұлыңызды ертіп, асфальтті көшеде серуенге шығасыз. Таза ауа емес, газ ауа жұтып үйіңізге келесіз. Бір-бірінен айырмасы жоқ күндеріңіз осылай өте береді.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Өскемен қаласы
http://ult.kz/kz/article/view?id=1138