АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қалдыбай ұмыт қалмайды

DSC_0320Облыс орталығындағы Сұлтан­махмұт Торайғыров атындағы кітапханада КСРО халық сәу­лет­шісі, «Құрмет» орденінің ие­гері, Халықаралық сәулет ака­демиясының академигі, профессор Қалдыбай Монтақаевтың туғанына 65 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Енді университет студенттері сәулетшінің құрметіне ашылған шеберханада білім алады. Дәрісхананың ашылу салтанатында ректор Арын Өрсариев, сәулет және құрылыс факультетінің деканы Марат Күдерин, сәулетшінің жары Жібек Рамазанқызы, заман­дастары қатысты. Атақты сәу­летші жайлы түсірілген деректі фильм көрсетілді.

Ректор сәулет­ші ғалымның жасап кеткен еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін үл­кен өнеге, мәңгі өшпес тарихи із қалдырғанын, Астанадағы Ақор­даның дизайнін жасағанын, айтулы азамат облыс үшін, университет үшін мақтаныш екенін айтып, оның атына аудитория беру үлкен құрмет болып табылатынын атап өтті.

Қалдыбай Монтақаев – Алтай өлкесінде, Құлынды жерінде өмір­ге келген. Павлодар қала­сын­дағы Ы.Алтынсарин атындағы гим­на­зияның түлегі. Астана, Ал­матыда бой көтерген зәулім ғимараттардың көпшілігі Қал­дыбай Монтақаевтың жобасы бойынша салынған. Ерекше үлгі-қиялмен тұрғызылған зәу­лім ғимараттар халқына қыз­мет етіп келеді. Елбасының Ас­­тана салу идеясын қолдап, ерек­­ше үлес қосты. Астана Ақ­мо­лаға көшкенде, Қалдыбай Мон­тақаевтың жетекшілігімен авт­орлар тобы Ақмола бас жос­па­ры тұжырымдамасына ар­нал­ған республикалық конкурс­та жеңімпаз атанды. 1997 жылы Астананың жаңа орталығын да­мытудың эскиз-идеяларын 27 елден қатынасқан халықаралық конкурсында «Ақ Орда» жобалау құрылыс компаниясының (Бас сәулетші Қ.Монтақаев) ұсынысы екінші орынды жеңіп алды. Оның Астанада Президент резиденция­сы, Парламент, Сыртқы іс­тер ми­­нистрлігі, Республика даң­ғы­лы, Орталық алаң, Үкімет Үйі, Тәуелсіздік монументі, «Ра­хат-па­лас» бизнес орталығы, Ал­ма­ты­дағы Айнабұлақ, Алма­гүл, Ақ­сай-4, Керемет тұрғын үйлер а­удан­­дарының жобасын жасап кетті.

Еске алу кешіне келген туыс­тары, дос-жарандары, ұстазы Ғазиза Әбжанова, курстас досы Дүйсен Мұстафин сәулетші жайлы естеліктер айтты.

– Есіл өзенінің жағалауындағы әсем ғимараттар Астанамызды көркейтіп тұр. Қалдыбайдың қолтаңбалары елорда жүрегінде, біздің көз алдымызда мәңгі қа­­ла­ды, – дейді жары Жібек Рамазанқызы.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.