Астана ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының қызметкерлері «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» атты ұлттық коалициямен бірлесіп қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанын түсіндіру мақсатында рейдтік шаралар жүргізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Шараның негізгі мақсаты қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салған заңның бұзылуына жол бермеу, сонымен қатар «қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынатыны туралы» қаулының талабын түсіндіру.
–Рейдтік шараларды жүргізу барысында темекіні арнайы белгіленген жерлерден тыс жерлерде шегу фактілері анықталды. Сонымен қатар көңіл көтеру мекемелерінің әкімшілеріне, сондай-ақ ол мекемеге келушілердің арасында қоғамдық орындарда темекі шегуге ғана емес, кальян шегуге де тыйым салынатынын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген бейсенбі күні таратылған хабарда. Еске салсақ, Қазақстанда қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу 2009 жылы қазанда күшіне енді. Заң бойынша қоғамдық тамақтану пункттерінде (барлар, дәмханалар, мейрамханаларда), кинотеатрларда, театрларда, концерт, көрермендер және көрме залдарында, спорт ареналарында және басқа да жаппай демалысқа арналған жабық ғимараттарда, оның ішінде түнгі клубтар мен дискотекаларда, мұражайларда, кітапханаларда, дәрісханаларда, автокөлік салондарында, темір жол, автомобиль және су вокзалдарында, мемлекеттік органдарда, мекемелерде, жұмыс орны болып табылатын бөлмелерде, үйлердің кіреберістерінде темекі шегуге тыйым салынады. Пойыздарда, әуежай ғимараттарында арнайы белгіленген орындарда ғана темекі шегуге рұқсат етіледі. 2013 жылғы 14 наурыздан бастап мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысымен қоғамдық орындарда да кальян шегуге тыйым салынады. Бұрындары ҚР ДСМ мемсанэпидқадағалау комитеті кальян түтікшелерін, ондағы сұйықты және сұйық құйылған құтыны, шегетін қоспаларды тексергенде оларда ішек және көкірің таяқшаларының, жылтырауық стафилоккок, ашытқы мен қышыма қотыр таяқшаларының барлығын анықтаған. |
http://www.aikyn.kz