Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 34 мыңнан аса жетімекті мемлекет өз бақылауына алып, бір бөлігі интернат типіндегі балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Сондай-ақ қамқорлық пен патронаттық институтын дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді.
Бірақ қамқорлыққа алудың да, патронаттықтың да қордаланған мәселелері жеткілікті. Соның бірі – өз баламдай көріп, бауырыма басам деп қамқорлыққа алған жандардың өгейлік көрсетіп, ұрып-соғуы. Осы мәселені көтерген «Қамқорлықтағы және патронаттық отбасындағы жетім балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстел басына жиналғандар, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, қиналған отбасыларға қолдау көрсету, қамқорлыққа алынған балаларды қорғау сынды өзекті мәселелерді ортаға салды.
– Қазіргі кезде қоғам жетім балалардың тағдырына бей-жай қарамай, оларға көмек қолын созуға тырысқанына қарамастан, зорлық-зомбылық көрсету фактілерімен бетпе-бет кездесіп жатамыз. Осындай жағдайда оған «кім және қашан көмекке келу керек» деген ұзақ пікірталасты доғарып, бірлесе, тез және нәтижелі қимылдайтын кез жетті. Өйткені ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланың онсыз да тағдыры ауыр, әр күні қиын, – дейді Қамқоршылар одағының директоры Әлия Қаңтарбаева.
Ал «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Шолпан Байболова жетімдер үйіндегі жеткіншектерді тек түрлі мереке қарсаңында ғана еске алып, бір реттік акциямен шектелетінімізді айтып қынжылады: «Бүгінде балалар үйінің тәрбиеленушілері ішер ас пен киер киімге жарымай отырған жоқ. Оларға мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Бізді балалар үйінен шыққаннан кейінгі жағдайы алаңдатады. Мереке кездерінде келіп, тәтті-пәтті мен ойыншық үлестіріп қана қоймай, бір баланы жеке қамқорлыққа алып, оның қоғамдық өмірге бейімделуіне, бір мамандықты меңгеріп, жұмысқа орналасуына ықпал етсек, ұтарымыз әлдеқайда көп болар еді» деп түйіндейді қозғалыс жетекшісі.
Мемлекеттің қарамағындағы балалардың көпшілігінің әке-шешесінің көзі тірі екені көп айтылады. Тек айтып қана қоймай, қиын жағдайға кезігіп, таңдау алдында тұрған отбасыларға қолдау көрсету қажет деп пайымдайды «Ковчег» ұйымының өкілі Марина Сугакова. Ішкілікке салынып кеткен үш балалы ананың зиянды әдеттен арылып, өз балаларына қамқорлық жасауға көмектескендерін мысалға келтіре отырып, ұйым өкілі бұл мәселеде жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын алға тартады.
– Арамызда қиын жағдайға тап болатын отбасылар көп. Осындай отбасыларды қолдау орталықтары қажет. Алайда отбасын қолдау орталықтарын құрғанымызбен, қоғам тарапынан еш қолдау болмаса, шығар нәтиже аз, – деп тұжырымдайды.
Алматы қаласы ІІБ Ювениалдық полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаеваның дерегіне сүйенсек, қамқоршылардың тәрбиесінде баланы ұрып-соғу дерегі соңғы рет 2011 жылы тіркелген. Лейла Аманбайқызының айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсету жылдан-жылға азайып келеді.
– Біз өз қызметіміздің аясында ата-анасы тарапынан болсын, қамқоршы тарапынан болсын, зәбір қөрген балалардың құқығын қорғаймыз. Биыл бұндай дерек тіркелген жоқ. Тек «Челлленджер» атты жеке балабақшаның тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал балалар тәрбиесімен айналыспайтын Алматы қаласы бойынша 1000-нан аса «неблагополучный» отбасы бар. Осындай отбасындағы балалар киер киім, ішер ас, жатар орынға жарымай күн кешеді. Алайда қандай қиын күн кешсе де, ата-ана баласынан, бала анасынан айырылғысы келмейді. Біздің жасөспірімдер ісімен айналысатын инспекторларымыз олармен тығыз жұмыс жасайды. Ата-ана құқығынан айыру өте қатаң жаза екенін білеміз, бірақ бала үшін осындай қадамға баруға мәжбүр боламыз. Соңғы 11 айдың ішінде 29 әке-шеше ата-ана құқығынан айырылды, – дейді Ювениалдық полиция бөлімінің басшысы.
Ал ата-ана құқығынан айырылғандардың ұл-қыздары балалар үйіне жіберіледі. Яғни әлеуметтік жетімдердің қатарын толықтырады деген сөз…
Үмітжан Жапар
http://www.aikyn.kz/articles/view/38933