Сейсенбіде Канада билігі Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізетінін жариялады. Бұл жолғы санкцияларға Ресейдің қорғаныс саласындағы бес кәсіпорны, жоғары лауазымды төрт генералы және «Сбербанк» іліккен.
Атап айтқанда тізімдегі төрт генерал – Ресей қорғаныс министрі орынбасарлары Дмитрий Булгаков пен Юрий Садовенко, Ресей бас штабы бастығының бірінші орынбасары Николай Богдановский, жаяу әскер қолбасшысы Олег Салюков. Оларға қоса «Долгопрудный ғылыми-өндірістік кәсіпорыны», Калинин атындағы машина құрастыру зауыты, Мытищидегі машина құрастыру зауыты, Тихомиров атындағы аспап жасау ғылыми-зерттеу институты және теңіздегі радиоэлектроника ғылыми-зерттеу институты санкциялар тізіміне енген.
Канада сыртқы істер министрі Джон Бэрдтің мәлімдемесінде Ресейге қарсы кезекті экономикалық санкциялар мен жекелеген тұлғаларға бағытталған тыйым шаралары Мәскеудің Украинаның шығысына қатысты жалғастырып отырған басқыншылық саясатымен байланысты екендігі айтылған.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26589404