«Қанат Ислам Алматыға келіпті» дегенді ести сала дереу телефон нөмірін іздеп, сабылдық. Шетте жүріп-ақ талай қазақ баласының үлгітұтарына айналып үлгерген Қанатпен сыр бөліскіміз келді. Араға апта салып жолықпаққа келістік…
Қанат туралы, Қанаттың жетістіктері жайлы бүгінге дейін аз айтылмады. Осы орайда әр мақаланың соңындағы пікірлер бітпестей дауға айналып жатты. Атамекенге оралып, қазақтың атын шығарамын дегенде «пәлі, міне батыр» деп ел еміреніп еді, «мұхит асамын, кәсіпқой бокста жетістікке жетемін» дегенде де жүрек тебіренбей қалмады. Артындағы жұрт арысына тілеулестік білдіріп, тақым қысып қала берді. Көп күттірмей-ақ алғашқы кездесуінде ел сенімін еселеп берді…
Қанатпен әңгімелеспекке өзі айтқан мекен-жайға бардық. Шағын ғана кафенің ішінде үйелмелі етті ортаға ала асап, қымызға қызара бөртіп отырған ағайындарды көргенімізде, ішіміз жылып сала берді. Бұл жатақханадан жарты ішек болып келгенімізден емес, кіре көріскендегі ағалардың ықылас-мейірімінен еді. Ә дегеннен-ақ олар да қазақылықпен «әуелі тойып алыңдар, сосын әңгімелесесіңдер ғой» деп жатты. Дастарханға жайғаса бере таныса бастағанымызда, Қанаттың алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлының да осында екенін байқадық. Жылқының сүр еті мен қымызға қанып алған соң әңгімемізді бастап кеттік. Қанатпен қоса Мұрат ағамыздың айтқандарын топшылағанымда көз алдымда құдды рингте шайқас болып жатқандай елестеді. Әңгімені Қанат боксшымыз өзі бастады.
«Қытайға чемпион болғаның – жарты әлемге чемпион болғаның»
Бірінші раунд:
1984 жылдың 13 қыркүйегінде Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келдім. Сол жердегі қалың қазақтың арасында өстім. Ойын баласы болғаннан кейін алғашында спорттың барлық түріне қызығып, үйреніп жүрдік. Әкем кезінде мұғалім болып, қазақ бастауыш мектебінде сабақ беріп, бала оқытқан. Қазір – зейнеткер. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін пірәдар адам. Жалпы, менің әкем де, шешем де дін оқуын оқыған жандар. Үйде бес ағайындымыз – екі ағам, екі әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. Ес білісімен тетелес ағама еріп, бокс үйірмесіне қатыстым. Оған тағы бір себеп – ауылымыздан шыққан боксшы ағаларымыздың аты дүркіреп тұрды, ойынның елгезек балалары үшін солардай болу үлкен арман еді. Кейін алтыншы сыныптан бастап, туыс ағам Мұраттың ықпалымен Үрімжіге бокс мектебіне қабылдандым. Онда Әбдірәшид есімді ағамыз бапкерім болды. Ол жерде қазақтарға қарағанда қытай, ұйғыр, дүнген сынды ұлттар көп еді. Сол себепті мен оларға қазақ екенімді, қазақ балалары қандай болатынын көрсеткім келді. Күні-түні тынбай жаттығу жасадым. Олар үш сағат жаттықса, мен төрт сағаттан асырып жіберетінмін. Олар бес шақырым жүгірсе, мен алты шақырым жүгіретінмін. Оның бәрі даңғой мақтаншақтық емес, жеңіс тұғырына тез жетудің амалы еді. Осының нәтижесінде облыстық, аймақтық жарыстардың жеңімпазы бола бастадым. Спорттағы алғашқы жетістігім он үш жасымнан басталды. Жеңістер мені алға жетелей берді, жетелей берді. Бастысы, бапкерімнің айтқандарына құлақ түрдім. Өзіме «чемпион болатын спортшы алдымен бапкерін тыңдау керек» деген талап қойған болатынмын. 2000 жылы Қытайдың жасөспірімдер арасындағы жарысында жеңімпаз болдым. Осыдан соң Қытайдың ұлттық құрамасына қабылдандым. Осы кезде маған көптеген мүмкіншіліктер туды. Қараңғы қапаста жүріп әлдебір жарықты көріп қалған адам секілді чемпион болуға деген ұмтылысым арта түсті. Жанталасып еңбектену керек болды сол сәтте. Марқұм бір ұстазым: «Қытайға чемпион болғаның – жарты әлемге чемпион болғаның» деп еді, осы сөзді есімде мықтап сақтадым.
Үзіліс. Бапкер пікірі: Әр спорттың өзіндік характері болады. Осы жағынан мен Қанаттан бокстың характерін байқадым. Ол бастауыштың бірінші сыныбында оқып жүргенінде футбол үйірмесінде болды. Сол кезде ойындарына барып, Қанатты сырттай бақылайтынмын. Көзінің өткірлігі, денесінің шымырлығы, тәрбие жағынан келгенде тілалғыштығы, асқан намысшылдығы, бәрі-бәрі бокстың талабына сай келетін. Сол себепті оны бокс әлеміне енгізіп жіберуге күш салдық.
Он алты жасымда Бекзат, Мұхтархан, Ермахан ағаларымды көріп, қатты тебірендім
Екінші раунд:
Ауылымызда кілең қазақтар тұрғанымен, ес біле бастағанымда қытайлар келе бастады. Ауыл халқы коммунистік жаққа ауысты. Сонда ата-анамыз «атажұртымыз егемендік алды, елге оралатын күн туды» деп жиі айтатын. Туымыздың қызыл емес, көк екенін көріп, қуандық. Көк туымызда жарқыраған күн астында бейнеленген қыран құс бізді елге бастап әкететіндей сезіндік. Тіпті өзімізге де сол қырандікіндей қанат бітіп, атамекенге ұшып кетсек қой деген армандар пайда бола бастады. 2000 жылы Сидней Олимпиадасына барғанымда әлі он алтыға толмаған бала едім. Бекзат, Мұхтархан, Ермахан ағаларымды көргенде керемет тебірендім. Олардың жеңісі маған одан әрмен қанат бітірді. Соларға ілесіп кеткім келді. Бірақ, еліме үлкен жеңіспен барамын деп мақсат қойғаннан кейін атажұртқа оралу әлі де болса ерте еді. Сөйтіп, елге 2010 жылы келдім. Келгенімде Бауыржан Оспанов деген ағамыз «Алматыда бол, қолымнан келгенше көмектесемін, Олимпиадаға шығуыңа жәрдемдесемін» деген соң, Алматы облысының атынан шығып жүрдім. Біраз уақыттан соң «Астана Арлансқа» шақырды да, «қайда жүрсем де қазақтың атынан шығып жүрмін ғой» деп, Астанаға ауыстым. Одан соң Олимпиадаға қатыса алмайтын болғасын, шынымды айтсам, әуесқой бокстан көңілім қалды. Оның үстіне «кәсіпқой бокстан бағымды сынап көрсем, осы бағытта елдің атын шығарсам» деп бұрыннан армандайтынмын, сол себепті Америкаға кетуге тура келді.
Үзіліс. Бапкер пікірі: Бокстың ең биік шыңы – әлемдік аренадағы кәсіпқой бокс алаңы. Қазақстанда кәсіпқой бокс енді дамып, көтеріліп жатыр. Ал Америкада кәсіпқой бокс әлдеқашан дамыған. Сол себепті де Қанаттың мұхит асқаны ел үшін де керек. Бокс намысшылдықты, қажырлылықты қажет етеді ғой. Ал біздің қанымызда жаугерлік мінез бар. Бокс та ежелгі соғыс, жекпе-жек секілді. Қанаттың Америкаға кетуі «жаудың» жайын қарап келуге кеткен шолушы секілді. Осы жол қазақ боксында қалыптасатын қасқа жол болса екен деп тілеймін.
Америкадағы жекпе-жектерімнің бәрінде жеңіске жеттім
Үшінші раунд:
Америкада осы уақытқа дейін 13 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жеттім. Алда тағы жарыстар күтіп тұр. Барған соң, он төртінші кездесуімді өткіземін. Қазіргі кезде отбасым Алматыда тұрып жатыр. Екі ұлым бар. Сол себепті елге жиі келіп-кетіп тұрамын. 2014 жылы «Астана Арланстың» WSB (Дүниежүзілік бокс сериясы) сияқты ITB деген жеке түрі ашылғалы жатыр. Соған қатысу жөнінде ұсыныс түсті. Кеше ғана айтқан соң, шешім қабылдап үлгермедім. Мүмкін келіп жатсам, 69 келі салмақта келесі Олимпиадаға қатысып қалуым да ғажап емес.
Құдайға шүкіршілік етемін, бүгінгі күні армандарымның бір парасы орындалды. Сол үшін де бақыттымын. Бастысы – атажұртқа оралдым. Енді не көрсем де еліммен бірге көремін. Азаматтығымды кеш алсам да, Отанға деген махаббатымды ес білгелі жүрегіме сақтап қойдым. Қадыр ақынша айтқанда, «Туған жер, саған деген махаббатты, Өлгенде көрге бірге ала кетем».
Бір кездері интернетті «шулатқан» «Батырдың көз жасы» аталып кеткен бейнесюжетті үлкендерді қайдам, біздер – жастар, көбіміз көрдік. Телефонның кішкене ғана экранына көп бала қаумалай қарасып, бітсе, қайта-қайта көре беретінбіз. Сондағы ашынғаннан төгілген «батырдың көз жасы» қазақ балаларының жүрегіне жігер боп құйылған.
«Менің кумирім» айдарына Қанат туралы жазғанымыз жасөскін Қанаттай жігерлі болса екен деген мақсатта еді. Бірақ батырлар жырына қанып, ауылдың шал-кемпірлері айтар аңыз-әңгімелерге елітіп өскен Қанатқа «кумир» деп күмілжігеннен гөрі «батыр» деген сөз әлдеқайда жарасады.
• WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы;
• Орташа жеңіл салмақ бойынша Кариб аймағының үздігі;
• Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының сапында Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері;
•Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері;
• Қытайдың 10 дүркін чемпионы.