Павлодар облысына қарасты Пограничник ауылының тұрғындары омбы қардан үйлерінен шыға алмай жүр. Ұйытқып соққан бораннан үйлер қардың астында қалған. Тек шатыры мен мұржасы ғана көрінеді. Әсіресе, қыстың әлегінен ауылдың шеткі көше тұрғындары зардап шегуде. Мұндағы қардың қалыңдығы 3 метр. Тіпті толастамай жауған қардан ауыл жұрты үйлерінен шыға алмайтын жағдайға жетіпті.
– Жылда осындай жағдай! Үйіміздің төбесі ғана көрінеді мына қалың қардан. Көше деген аты ғана болмаса, оны ешкім ешқашан тазаламайды. Ұйытқып соққан боран кезінде үйлеріміз ауылды қардан сақтап тұратын қалқан іспеттес. Барлық ауыртпалық мына шеткі көшеге түсіп отыр. Өз күшімізбен мына ауладағы қалың қарды да арши алмаймыз. Кеше тіпті үйден шыға алмай, қамалып отырдық. Мектептің 11-сынып оқушылары келіп құтқарды. Үйден шығар жалғыз жол бітеліп қалған. Сол кішкентай тесіктен әупірімдеп шығарып алды бізді, – дейді бес баланың анасы Айнагүл Бешей.
Олар үйден шығар жолды тоннель қылып алған. Ал үйдің биіктігімен бірдей болған омбы қарды тазалауға тек арнайы техниканың ғана күші жетсе керек. Себебі күртік қар мұзға айналған. Биыл қыстың тауқыметін тағы осындай он отбасы тартып отыр. Жол жоқтығынан оларға, тіпті жедел жәрдем де жете алмайды. Қалыңдығы 3 метр қарды өздігінен аршуға шамалары жоқ. Олар әкімінен бірнеше рет көмек сұраған. Алайда ол бүкіл ауылға бір-ақ трактор барын айтып, оның өзі көше мен қоғамдық орындарын ғана тазалайтынын жеткізіпті Ал жеке ауланы әркім өзі тазалауы тиыс.
Шенеуніктерден қайыр таппаған жұрт жандарын шүберекке түйіп отыр. Себебі көктемде омбы қар ерісе, үйлері су асында қалуы мүмкін.\
Айым Қазыбекқызы,
Павлодар облысы
Жас казак газетiнен алынды