Жабайы базар саудасының қазір ең қызған шағы. Жеміс-жидек, көкөністен бастап, ыстық тамақ, тәтті тоқаштардың барлығы ашық жәшіктерге салынған күйі сатыла береді. Шыбын-шіркей үймелеп жатқанына қарамастан, қара базардағы санитарлық талаптарға сай келмейтін тауарды сатып алатындар да көп. Өйткені ондай жеміс-жидектің бағасы арзан. Ақшасы арзан демесеңіз, жол бойындағы беті ашық тағамдарға қонған көлік түтінінің зиянды қалдықтары мен шаң-тозаң да денсаулыққа зиянды. Алайда оны ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Жедел жәрдем стансысы мамандарының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың сегіз айында тамақтан, жеміс-жидектен, бақша дақылдарынан, оның ішінде қауын мен қарбыздан уланғандардың саны 112-ге дейін жеткен. Олардың 36-сын ересектер, ал 76-сын балалар құраған. Мамандардың айтуынша, уланғандардың 60%-ы өте ауыр жағдайда ауруханаларға жатқызылып, бірнеше ай ем алуларына тура келіпті. Биылғы жағдай да мәз болмайтынға ұқсайды. Себебі көктем шығар-шықпас сатылымға түскен жеміс-жидектерден уланғандар қазірдің өзінде аз емес.
Жақында ғана Алматы қаласының Жетісу аудандық санитар дәрігерлері атышулы барахолканың маңайында рейд жүргізді. Бір-бір тәшкені сүйреген сатушылардың тауарлары жәшіктерде де, көліктерде де ашықтан-ашық күйі сатылып жатыр. Бір қызығы, қолдарында бірде-бір медициналық сараптаманың тілімдей қағазы жоқ сатушылар тексерістен қорықпайды, себебі СЭС мамандарында тауарлардың санитарлық талаптарға сай еместігін көрсететін дәлел бола тұра, сатушыларға айыппұл салып немесе тауарын тартып алатын құзырет жоқ.
Арайлым Мұшанова, Жетісу аудандық СЭС бөлімінің бас маманы:
– Жабайы базарда сатылатын азық-түлікке де, жеміс-жидекке де, көкөніске де санитарлық нормаларға сай жағдай жасалмаған. Ал бұл дегеніміз – кез келген тұтынушының денсаулығына қауіп төндіреді. Сатушылардың қолдарында медициналық кітапша да, саудамен айналысуға берілген рұқсат құжаттамалары да жоқ. Біз тек денсаулыққа кері әсер ететін өнімдерді сатпау жөнінде ғана ескерту айта аламыз.
Базар маңында «шатыр тігіп» сауда жасауға СЭС рұқсат бермейтін көрінеді. Сатушылардың сөзіне қарағанда, жабайы базардағы әр базардың әкімшілігі өздері рұқсат береді екен. Кәсіпкерлерден жабайы базар үшін күнделікті жалға беру ақысын жинап алып отыратын базар әкімшілігі тексеріп келген жергілікті әкімдік мамандары пен тәртіп сақшыларына да «үлестерін» беретін сияқты. Себебі «өмірі солардың тексеріп жүргенін көрмеппіз» деп мойындаған саудагерлер тазалығы сақталмаған орындардағы жабайы сауданы – «жеп отырған нанымыз – осы» деп ақталады.
Біләл Шамшадин, саудагер:
– Мына жемістер Қырғызстан, Өзбекстаннан әкелінеді. Бес балам бар, қысы-жазы саудамен соларды асыраймын. Ұлтарақтай орын үшін күніне 500-ден 1500 теңгеге дейін төлейміз, әзірге ешкім қудалаған жоқ.
Саудагерлер үшін ең бастысы орнынан ешкімнің қудаламауы, ал халықтың денсаулығы үшін олар бас ауыртып жатпайды. Ал жақын арада дәрінің күшімен піскен қауын, қарбыз қара базарда сатыла бастайды. Естеріңізде болсын, дәріленген дақылдардан құрт аурулары мен әртүрлі іш індеттеріне шалдығу қаупі бар. Қауын мен қарбызды тек шілде айының аяғы мен тамыз айының бас кезінде ғана жегеніңіз абзал.
Құралай Есенбекқызы, дәрігер:
– Мерзімінен бұрын піскен көкөністерде, атап айтар болсақ, қарбыз, қауын, картоп, пияз, сәбіз және тағы да басқаларда нитраттар көп болады. Мысалы, мамыр айларында піскен көкөністерде көбіне зиянды заттардың шекті мөлшері екі-үш есеге асып түседі. Сондықтан ерте піскен көкөністерді пайдаланғанда сақ болған жөн. Ерте піскен жемістің химикаттармен тығындалғаны белгілі. Әсіресе тым ерте піскен қарбыз көп мөлшерде дәріленуі мүмкін. Оның шамадан тыс үлкейіп кетуі немесе түсінің ақшыл болуы – соның дәлелі. Сондықтан алдамшы тіл үйірер дәмі мен дәрінің арқасында үлкейтілген көлеміне қарап қауіпті қарбыздан уланып қалмаудың алдын алу қажет. Сатушылардан тауарының қауіпсіз екендігін дәлелдейтін құжатты талап етіп, болмаса белгіленбеген сауда орындарынан тағам алудан бас тартуымыз керек.
Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА