![]() Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қабылдады. Аймақ басшысы мерекеде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне де жалпы сомасы 250 миллион теңгеден астам біржолғы материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. «Облыс әкімдігі мен жетекші кәсіпорындар арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумдардың арқасында әр соғыс ардагеріне 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек беріледі» деді ол. Тағы бір атап айтатын нәрсе, облыста соғысқа қатысушылар коммуналдық төлемдерден босатылды, олардың медициналық көмекті тегін алуына мүмкіндік жасалған. Ал 9 мамырда Жеңістің 68 жылдығына арналған мерекелік бағдарлама Қарағандыда салтанатты митингпен ашылды. Аймақ басшысы жұртшылықпен бірге сұрапыл жылдарында қаза болған жауынгерлер рухына тағзым етті. Қарағанды облысынан ел қорғауға 45 мың адам кеткеніне тоқталды ол өз сөзінде. Ел басына күн туған екіталай шақта жан аямай соғысқан сол есіл ерлердің көпшілігі майданнан оралмады. «Содан бері талай нәрсе өзгерді. Бірақ біздің болашағымыз үшін бастарын бәйгеге тіккен сол қаһарман жандарға деген шексіз құрметіміз мәңгілік болмақ. Олардың ерлігі ұрпақтың жадынан өшпек емес» деді Бауыржан Түйтеұлы. Митингтен кейін салтанатты шаралар Жеңіс саябағында жалғасын тапты. Мұнда жұртшылыққа мерекелік концерт ұсынылды. Мерекеге жиылған жұртшылық солдат ботқасының дәмін татты. |