АЛТЫНОРДА
Новости

Қарағандыда антисанитарлық жағдайда нан пісірген жасырын цех анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. 16 мамыр. Baq.kz — Қарағандыда жекеменшік тұрғын үй  гаражында антисанитарлық жағдайда нан өнімдерін пісірген жасырын цех жұмыс істеген, деп хабарлайдыҚазақпарат.

Бұл туралы бүгін брифингте Қарағанды облысы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Марғұлан Қалиакпаров мәлімдеді.

«15 мамыр күні облыс прокуратурасы Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандағы тұрғын үйлердің бірінің аумағында нан өнімдерін пісірумен айналысатын жасырын цехты анықтады. Гараж  ғимаратында антисанитарлық жағдайда нан, гамбургер, хот-дог, чебуректер пісірілген. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының тиісті қорытындысы, тіпті, ешқандай сертификаттары болмаған», — деді М. Қалиакпаров.

Оның айтуынша, гаражда сумен жабдықтау, кәріз, желдету жүйесі болмаған.

«10 адам жұмыс істеген. Наубайшылардың арнайы киімі, санитарлық кітапшалары және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарынан жұмыс істеуге рұқсаты болмаған. Тексеру келіп түскен ескерту бойынша жүргізілген», — деп жалғастырды облыс прокуратурасының басқарма бастығы.

Прокуратураның мәліметтері бойынша, жасырын цех 2009 жылдан бері жұмыс істеген және өндірілетін өнім қаланың 35 дүкеніне жеткізіліп тұрған.

«Ұннан пісірілетін өнімдерге жүргізілген микробиологиялық зерттеулер тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген ішек таяқшасы тобының бактериялары болғанын көрсетті», — деп түйді облыс прокуратурасының басқарма бастығы

Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметіне тапсырма берді.

«Қазіргі уақытта аталған цех қызметін тоқтату және қауіпті өнім шығарушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қолданылуда», — деп хабарлады М. Қалиакпаров.

http://www.baq.kz/kk/news/28429