АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қарағандыда сайлау сәтімен өтті

ВТамыздың 8 күні әкімдер сайлауы Қарағанды облысында өтті. Облыстық сайлау комиссиясының және сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мәлімдеуінше саяси науқан аймақта сәтімен өтті. Таңдау жасаушылар, яғни мәслихат депуттары дауыс беруге түгелге жуық қатысты. Сайлау заңнамаларын бұзу оқиғалары тіркелген жоқ.

Сонымен кеше Қарағанды облысында 202 әкім: аудандық маңызы бар Абай және Қарқаралы қалаларының әкімдері, 35 кенттің, 34 ауылдың және 131 селолық округтің әкімдері сайланды.

202 әкімдік орынға 602 үміткер тіркелді. Сайлау басталарда олардың біреуі өз еркімен кандидатурасын алып тастаған. Үміткерлердің 68,9%-ы ерлер, 31,1%-ы әйелдер болды.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, сайлауға қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының 97,7 пайызы қатысты. Ал әрбір сайланған әкім 90 пайыздан астам дауысқа ие болды.

«Жалпы, сайлауды өткізуге аймақта әзірлік жұмыстары белсенділікпен жүргізілді. Осы науқаны басталғалы облыстық сайлау комиссиясына ешқандай шағымдар мен арыздар түскен жоқ», — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов.

Науқан алдында елімізде сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрылғаны белгілі. Қарағанды облысына бақылаушы ретінде аталған комиссияның төрағасы Өмірзақ Озғанбаев келді. «Қарағанды облысында сайлау өте белсенділікпен өтті. Мәслихат депуттарының түгелге жуығы қатысты. Заңбұзушылық оқиғалары болған жоқ. Мен өзім Теміртау қаласында және Бұқар Жырау ауданында бақылаушы болдым. Ерекше бір айтатын нәрсе, әкімдікке түскендер арасында әйелдердің көп болғаны. Және олардың бірқатары басым дауыс алып, ауылдарға басшылыққа сайланды. Мәселен, Бұқар Жырау ауданында үш әйел басым дауыс алды», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол қазір сайланып жатқан ауыл әкімдерінің өкілеттілігі бұрын болған әкімдермен салыстырғанда кеңірек болады деп есептейтінін айтты.

«Бұл саяси бастаманың ерекшелігінің өзі сол — жаңа сайланған әкімдердің өкілеттілігі кеңейді. Ауыл әкімдігінің жеке бюджеті болады. Ол ауыл басшыларына жергілікті жердегі мәселелерді шешуде үлкен көмек екені сөзсіз. Екіншіден, сайлау арқылы тағайындалған бұл әкімдердің аудан ауылдарында өкілеттілігі жоғарылайды», — дейді Ө. Озғанбаев.

 

Қ.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Қарағанды