Астана. 3 наурыз. BAQ.KZ – Әлемнің бірнеше елінде сонау 1911 жылдан бері ресми мереке болып бекітілген «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін» қазақстандықтар да кеңестік дәуірден бері атап өтіп келеді. Бұл – аналар мен апаларымыздың, қыз-келіншектеріміздің, әпке-қарындастарымыздың мейрамы. Айтулы мерекеге орай Baq.kz ақпараттық порталы қазақтан шыққан танымал әйелдерден сұхбат алып, оқырман назарына ұсынбақ.
Осы орайда елімізге танымал әнші, дәстүрлі қазақ әндерінің орындаушысы Қарақат Әбілдинаны әңгімеге тартқан болатынбыз.
— Алдымызда мереке – Халықаралық әйелдер күні. Айтулы датаны атап өту отбасыңызда дәстүрге айналған ба? Жалпы, бұл мейрамда қандай сыйлық алғанды ұнатасыз?
— Менен «ең сүйікті мейрамың қайсы» деп сұраса, мен дәл осы 8 наурызды айтар едім. Өйткені, аталған мерекенің менің өмірімдегі орны ерекше. Ең алдымен бұл күн 16 баланы тәрбиелеп өсірген анамызды құттықтаудан басталады. Ал, өзімнің жеке отбасыма келер болсам, шаңырақтағы төрт ер жігіттің арасындағы жалғыз әйелмін, үш ұлдың анасымын. Яғни, бұл ерекше ықылас, құрмет, марапатқа бөленетін күн. Біз айтулы мейрамды міндетті түрде көтеріңкі көңіл-күймен атап өтеміз, дайындаламыз, қонаққа барамыз, қонақ күтеміз. Жалпы, бұл мерекені біздің отбасы ешқашан бей-жай қалдырмаған. Өнер адамы болғаннан кейін де шығар, тосын сыйлар көп болады.
— Есіңізде қалғанын айтып бере аласыз ба сол тосын сыйдың, кім жасаған еді?
— Қыдырәлі мені таң қалдырудан жалыққан емес. Жалпы ол менің бүкіл өмірімді гүлге айналдырған жан. Оның ең бір есте қаларлықтай жасаған тосын сыйы 101 дана раушан гүлін сыйлауы еді.
Бұл кезекті 8 наурыз мерекесі болатын. Қыдыр таң азанмен оянып, мен ұйқымнан тұрғанша үйге құшаққа сыймайтын раушан гүлдерін алып келіпті. Барлығы қып-қызыл, арасында біеуі ғана ақ түсті екен. Оны жай ғана әкеліп бере салған жоқ, менің төсегімнен бастап есікке дейінгі аралыққа сәнімен, ретімен қойып шығыпты. Осылайша ұйқымнан гүлдің құшағында ояндым. Бұл мен үшін ең бір ұмытылмайтын күндердің бірі.
— Сіз үшін идеал әйел деген кім, өнерде үлкен табысқа жеткен әйел ме, әлде отбасының ұйытқысына айналған ана ма?
— Мен үшін идеал әйел – менің анам. Ол он сегіз құрсақ көтерген жан, екі баласы ертеректе шетінеп кеткен.
Анам бүкіл өмірін бізге арнады, қанаттыға қақтырған жоқ, тұмсықтыға шоқтырған жоқ. Барлығымызды оқытты, ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырды. Ол аз десеңіз, екі енені бақты, күйеуінің тілін тапты. Әкем марқұм да мінезі қатал, өз алдына бір төбе болатын. Оның үстіне ол кісі басшылық қызметте жұмыс істегеннен кейін бе, үйден адам үзілмейтін.
Анамның қадірін қазір өзім балалы болып отырғаннан кейін жақсы түсініп келемін. Үш баланың өзіне шаршаймыз, қажимыз. Бірақ, шаруада бітіріп жатқан түгіміз жоқ, өйткені барлығын біз үшін техника істейді, бір кнопканы басып қалсаңыз болғаны. Үйге келген сайын анам үнемі «сендердің өмірлерің жұмақ қой» деп таңырқап отырады.
Ал, ауылда ше? Анамыз жалғыз өзі нан жабатын, сиыр сауатын, айран, сүт, құрт, ірімшік дайындайтын, тамақ әзірлейтін, ата-енесінің дәрет суы бар, қысқасы барлығына сол бір адам үлгеретін әйтеуір. Нағыз идеал әйел сол кісі.
— Анаңыздың он сегіз құрсақ көтергендігін айттыңыз. Жалпы, ол замандағы әйелдер он баладан кем таппайтын. Қазір, заман өзгерді, төртеу, бесеуден асыра алмайды. Ал, өнерде жүрген қыз-келіншектер тіпті, демография мәселесін екінші сатыға ысырып қойған. Бұған не дер едіңіз?
— «Елу жылда ел жаңа» деп жатады, қазір бұрынғы қазақ қоғамында өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Ешкім ешкімді неге бала таппадың деп мәжбүрлемейді. Ал, жалпы, өз пікірім, қыз деген уақытында жар сүйіп, уақытында тұрмысқа шығып, бала табуы керек. Сіңлілеріме де үнемі айтып отырамын, бойыңдағы сұлулығыңның барлығы уақытша, ертең мұны қалай жоғалтқаныңды білмей қаласың деп. «Темірді қызғанында бас» дейді, сол секілді қыз деген сұлу, балғын, жас шағында тұрмысқа шығуы керек. Әйел баласының мына өмірге келгендегі негізгі мақсаты – отбасын құрып, бала табу. Сондықтан бұл мақсатқа уақытты созбай, ерте қол жеткізген дұрыс деп ойлаймын.
Ал, егер тұрмысқа шыққаннан кейін, жолдасың сенің өнерде жүруіңе қарсы болмаса, онда екі істі қатар алып жүруге де болады. Күйеуің рұқсатын беріп тұрса неге танымал өнер адамы болмасқа?! Бірақ, ең алдымен сол жарыңның рұқсатын алу керек, одан аттап кетіп іс ететін болсақ береке таппасымыз анық. Жалпы, дінімізде де айтады ғой, ер азаматыңның ризашылығын алсаң жұмақтың есігі ашық деп. Мен өзім осыған сенемін.
Қыдырәліге өмірімде айтқан емеспін, мен танымал әнші болайын, өнер адамы болайын деп. Консерваторияны бітірместен бұрын, үшінші курста Қыдырға тұрмысқа шықтым. Оқуымды бітіртіп, мені үлкен сахнаға алып шыққан, танымал еткен де сол жолдасым Қыдырәлі, негізгі идея сонікі. Бастысы, ол менің адалдығыма сенді. Ал, енді бұл қадамымыз толықтай өз жемісін берді деп сеніммен айта аламын, жаман болған жоқпыз. Күні бүгінге дейін сахнаға қол ұстасып шығып келеміз. Жетістігіміздің ең басты себебі – есер емес, есті әндер шырқап жүруімізден деп білемін.
Менің үлкен сахнаға шыққаныма биыл 13 жыл толып отыр. Барлық қол жеткізген жетістіктерім бірінші Құдайдың, содан кейін күйеуімнің арқасында екендігін мойындаймын.
Қазақ әулие халық, «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп бұрында-ақ айтып қойған. Және халқымыздың мұндай даналық сөздеріне бей-жай қарауымызға болмайды. Бәлкім бүгінгі әйелдердің еркегінің алдына түсіп, тым белсенді болып кетуі ақырзаманның бір белгісі шығар. Не болса да арты жақсылыққа алып бармасы анық.
— Соңғы кезде қазақ қыздарының қылмыс жасауы жиілеп барады. Бесіктен белі кеше ғана шыққан бойжеткендердің сотталып немесе іздеуде жүргіндерін көзбен көріп келеміз. Сіз қалай ойлайсыз, қоғам бұзылды ма, әлде адам бұзылды ма?
— Жамандықтың барлығын қоғамға жаппайық. Қоғам бұзылмайды, бұзылатын мына біздер, адамдар. Сенің айтып отырған қылмыстарыңның барлығының бір-ақ себебі бар. Ол – отбасындағы тәрбиенің жоқтығы. Жаңа айттық емес пе, белсенді әйелдер көбейді деп, міне солардың үйіндегі бала-шағаны кім тәрбиелеп отыр? Әрине, атыс-шабыс фильмдер, компьютерлік ойындар. Бұл бүгінгі қоғамның үлкен проблемасы.
Бала құрсақтан шыққанынан бастап қазақ деген ұлы халықтың асыл қасиеттерімен сусындауы керек. Ата-ана тәрбиені қазақ тілінде беруі тиіс. Халқымыз ар, намыс, ұят деген үш қасиетті ең жоғары қойған. Осы үшеуі түгел болған кезде адамның өмірінде адасу болмайды. Бүкіл ауыр қылмыстың түбі осы үшеуінің болмауынан. Қысқасы, не ектік, соны орамыз.
— Бүгінгі эстрадада кімдер жүрген жоқ, барлық музыкалық ағымның өкілдері бар. Дәстүрлі әндердің орындаушылары, рэперлер, рокерлер, қызға ұқсайтын жігіттер немесе жігіт секілді қыздар, тағысын тағы. Бұлардың барлығын қазақ эстрадасы деп айтамыз ба, әлде бөліп қараған дұрыс па?
— Қазір онсыз да өздері бөліп алған эстраданы: қазақ эстрадасы және «казахстанская эстрада» деп. Быйлайша айтқанда, ана тілін білетіндер және білмейтіндер ғой. Әрине, ресми бөлінбеген, бірақ қазақтілді әншілерді менсінбей өздерін бөліп ұстайтындар көп әншілер арасында.
— Иә, сол эстрадамызда неге екені белгісіз, дарынсыз, фонограммасыз ән айта алмайтын әншілер тез танымал болып кетіп жатады. Тіпті, сіз секілді кәсіпқой әншілердің алдына түсіп. Бұл қазақ тыңдармандарының соншалықты талғамсыз болып кеткендігін аңғартпайды ма?
— Дәл солай! Көп нәрсе көрерменнің талғамына байланысты. Конерттерде де жиі байқаймын, қарапайым этикадан да жұрдай болып барады тыңдармандарымыз. Қалай болса солай киініп, аузында сағыз, қолында телефон… Концертке емес, базарға келген секілді. Залға кіргеннен кейін де ән тыңдаудың орнына телефонмен сөлесіп немесе интернет шұқылап отырады. Ұят…
Талғамсыздықтың кесірінен, сол дарынсыз әншілердің танымал болып жатқандығы. Жастарға секіріп билейтін ән болса болды, оның сөзінің мағынасы бес тиын.
Бірақ, өмірдің өзі көрсетіп жатыр, бұлар эстрадаға уақытша келген әншілер. Ертең қайда жоқ болып кеткенін өзіңіз де аңғармай қаласыз, бүгін бар, ертең жоқ. Тек, бір қуанарлығы – қазақ сахнасы қазақыланып қалды, мағынасыз әндер айтылып жатса да.
Есіңізге түсіріп көріңіз, тоқсаныншы жылдардың орта тұсында біздің сахнада кімдер ән айтты? Кәріс – Кирилл Ли, ұйғыр – Руслан Тохтахунов, тәжік – Парвиз Назаров және тағысын тағы. Ешкімнің атын атап, түсін түстегім келмейді, бірақ сол кезеңде эстраданы өзге ұлт өкілдері жаулап алды емес пе? «Ай шіркін-ай, қазақтан осындай бір әнші шықпады ма» деп аға-апаларымыз намыстанып жүретін. Сол кезде «АБК» тобы құрылды да, оның артынан еріп кете берді қазақ әншілері. Бұл топ намыстың арқасында құрылған топ болды айтар едім.
— Өнерде жүрген адамға өсек үйір болады. Танымал адам болғандықтан Сіз жайында да әңгіме айтушылар көп. Өзіңіз жайында айтылған өсек-аянды жиі естисіз бе?
— Қазіргі өсек негізінен интернет арқылы тарайды. Өзім интернетті мүлдем қолданбаймын, қолданып та көргім келмейді. Сондықтан, халықтың мен туралы айтып жатқан әңгімелерін құрбыларым жеткізеді маған. Тыңдармандардың біразы мені тәкаппар, өркөкірек деп айыптайды екен. Мейлі, қайта сынның болғаны жақсы, демек көпшіліктің назарындамыз. Бірақ, менің жеке тағдырыма байланысты өсек айтылған емес. Яғни, мені біреумен қосып немесе ажырастырып дегендей. Оған тәубе деймін.
— Сөзіңіз аузыңызда, біздің эстрадада қазір ажырасу деген құбылыс сәнге айналғандай. Оп-оңай қосылып, оп-оңай ажырасып кетіп жатады жұлдыздарымыз. Бұл «атың шықпаса жер өртенің» кейпі емес пе?
— Біз өзі еліктегіш халықпыз ғой. Шетелде не болып жатыр, барлығын бойымызға тез сіңіріп аламыз. Өмірге немқұрайлы, жеңіл қарағаннан кейін де осындай келеңсіз жайттар орын алып жатады. Егер шын махаббатпен қосылса, қадамдарын ақылмен басса мұндай тірлік жасамайды. Не болса да жақсы нәрсе емес, әйелдердің жетім, балалардың жесір қалуын ешқандай себеппен ақтай алмаймыз.
— Бірнеше жылдан бері өз мектебіңізді ашып, «Жетіген» аспапты тобын құрдыңыз. Топтың бүгінгі жағдайы қалай?
— «Сынықтан басқасының барлығы жұғады» дейді қазақ. Қыдырәліден де мен көп нәрсені өзіме сіңірдім. Отасқан жылдарымыздан бері музыка өнерінің, продюссерліктің қыр-сырын үйретті ол маған. Қыдырәлі кез-келген бір үлкен істі бастар кезде оның ақшалай табыстылығын ойламайды, ең бірінші ұлтқа, халыққа тигізер пайдасын ойлайтын жан. «Жетіген» осындай ниеттен кейін пайда болған топ.
Алғашында жетіген аспабымен сахнаға жалғыз шығып жүргенімді білесіздер. Бір істі қайталай берсе адам жалығады емес пе, ойлана-ойлана жетігеншілердің тобын құру идеясы келді. Алғаш рет он екі шәкіртімді ертіп, өзімнің он жылдық концертімде үлгісін көрсеттім. Көрермендер керемет қабылдағаннан кейін бұл идеяны әрі қарай шыңдадық, жетілдірдік. Бүгінде мен сеніммен айта аламын, ойымдағы, арманымдағы өнер тобын құра алғаным жайында.
Қазір үлкен концерттерге, шараларға шақырып жатады. Екі бірдей бейнебаян (бейнеклип) түсірдік. Алғашқыдағы құрамы он екі қыздан тұрған болса, қазір жиырма сегізге жетті. Жалпы, мұны мен қазақ өнеріне қосқан тамшыдай бір үлесім деп ұялмай айта аламын.
Ал, «Қарақат» мектебіне келер болсам, бүгінгі таңда 125 шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Ең алғаш 2008 жылы отыз оқушыдан бастаған болатынбыз. Ғимаратымыз да шағын еді. Міне, қазір бірқалыпты өсу үстіндеміз.
Мектептің ең бір ерекшелігі – балалар сахнада тәрбиеленеді. Яғни мектепте үйренген өнерін үлкен сахнаға алып шығып, өзінің дарынын шыңдауға мүмкіндігі мол. Бұл бағытта біз жыл сайын 2-3 үлкен концерттен ұйымдастырып отырамыз, ата-аналарға есеп ретінде. Қазақстанда өзге ешбір мектеп мұндай шаралар өткізбейді, өйткені машақаты көп.
Екіншіден, біз мектебімізге Қазақстанға танымал әншілерді шақырып, жиі-жиі мастер-класс жиындарын өткізіп тұрамыз.
— Жекеменшік болғаннан кейін мектептеріңіздің ақылы екендігі айтпаса да белгілі. Ал, талантты, бірақ оқуға жағдайы жоқ ұл-қыздар болса тәрбиелейсіздер ме?
— Мүмкіндігімізге қарай. Бүгінде 5-6 оқушыны тегін оқытып жатырмыз. Мемлекет қолдап, ғимарат беріп жатса олардың санын арттыруға дайынбыз, әрине.
— Жаңа бір сөзіңізде Қыдырәлі ағамызды ұлтжанды, бірінші орынға үнемі табысты емес, ұлт мүддесін қояды деп айттыңыз. Ал, «Балбала» қуыршақтары өз алдына үлкен бір бизнес-жоба. Әлде, олай емес пе?
— Егер бұл бизнес-идея болған болса бүгінгі сәбилерге танымал кейіпкерлердің қуыршағын жасар едік. «Спанч Боб», «Патрик», «Бентен», «Тачки» сынды мультфильм кейіпкерлері көп қой. Соларды Қытайдан вагон-вагонымен алып келіп, үш есе қымбат бағасына сатсақ, табыстың астында қалатынымыз сөзсіз. Бірақ, Қыдырәлі олай жасаған жоқ, ол ұмыт қалған қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін жандандырды, қуыршақтарды қазақша сөйлетті, қазақша ән айтқызды, оның машақаты көп. Ал, ең басты айтатын жайт, Қыдыр бұл қуыршақтардан әлі күнге дейін пайда көрген емес, қаржы жағын айтар болсақ. Дегенмен, ұлтқа әкеліп жатқан пайдасы мол, соны білемін.
— Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге үлкен рахмет. Алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, қазақ өнерін әлемге танытуларыңызға ниеттеспіз!
Сұхбаттасқан Серғали Балажан, BAQ.KZ