АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қаралы күні қандай музыка берілуі керек?

Газетіміздің 1 ақпан күнгі санында «Азалы күні айылын жимағандар айыпсыз қала бере ме?» деген тақырыпта оқырман назарына ой талқы ұсынған едік. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұшақ апатына байланысты ел тұрғындарының аза тұтқанын айта келе, мемлекеттік теле-арналар мен радио тораптар ойын-сауықтық бағдарламаларды күрт тыйып, қабырғасы қайысқан отбасылардың қайғысына ортақтасқанын мысалға алғанбыз. Сондай-ақ кейбір коммерциялық және кабельдік желілер арқылы тарайтын телеарналар мен «Русское радио», «Ретро ФМ», «Тенгри ФМ», «Авторадио», «NS» және басқа радиолардан берілген музыкалардың қаралы күнге сәйкес келмегенін, күнделікті эфирден айырмашылығы болмағанын алға тартқанбыз.
 Алайда осы мақала жарық көрісімен «NS» радиосының бас­шылығы хабарласып, еш­қандай заң бұзбағандықтарын айтып, авторға қатысты шара қолданатындықтарын жеткізді. «Ту түсірілген сәтте махаббат туралы үйреншікті әндер бе­рілмеді емес, берілді ғой. Басқа да эстрадалық шығармаларды өз құлағымызбен естідік» деге­німізде, «Заңда ойын-сауықтық бағдарламалар мен жарнама тоқтатылсын деп көрсетілген. Ал «Музыка» деген сөз жоқ. Музыка – ойын-сауықтық бағ­дарламаға жатпайды. Біз заңға сай жұмыс істедік, қай жерден заң бұ­зылғанын көріп тұрсыз?» деген жауап алдық.

Сондай-ақ «ТенгриФМ» радиосының эфир редакторы Шоқан Оразаевтан: «Айқын» газеті біздің радионы ел қай­ғырған күні сауық құрды деп айыптаған екен. Бүкіл Қазақ­стан мемлекеті қара жамылған сәтте біз де эфирдегі жаңалықтан басқа барлық хабарымызды тоқтатып қойып, қаза болған­дардың аруағын сыйладық. Жаңалықтар әдеттегі дыбысы­нан әлдеқайда аз деңгейде шық­ты. Сонымен қатар, эфир­дегі музыка осыған сай болды. Ән­дердің барлығы баяу ыр­ғақты, минорлы болып таң­далды. Осыған байла­нысты ма­қала «ТенгриФМ» радио­сына қа­­тысты теріс пиғылмен жа­зылған деп санаймыз. Жақ­сылықпен аты шықпаған­ның әре­кетін до­ғарып, шын­дықты жазып, ел алдында бізден кешірім сұрауды талап етеміз!» деген үшбу хат алдық.

Әрине, біз ешкімге жала жауып, жоқ жерден кінә іздеп отырғанымыз жоқ. Бірақ сол күні редакцияға түскен оқырман қоңырауынан кейін, аталмыш радио тораптарды кезек-кезек қосып отырып, шынында бе­рі­ліп жатқан әндерден азалы әуенді байқамадық. Кей әннің ырғағын­а көңіл бөлінгенімен, мазмұнына мән берілмеген. Көкжәшікті қосқанымызда коммерциялық арналардың бірінен төсекте аймаласып жат­қан екеудің әрекетіне тап бол­дық. Осыдан кейін «Күн­де­лікті дағ­дысымен көңіл көтеріп, үйреншікті жұ­мыстарын жал­ғастыра берді» демегенде, не дейміз? Керісінше, «Қазақ ра­диосы», «Шалқар», «Классик» ра­диоларын қос­қанымызда ет-жүрегіміз езілді. Ұлттық арналар тікелей эфир ұйымдастырып, қоғам қайрат­керлерін, имамдар мен зиялы қауым өкілдерін шақырып, ха­лыққа басу айтты. Бұл тек мем­лекеттік теле-радиолардың мін­деті ме? Мейрам сайын құт­тық­тау айтқызып, эфирді жаулап ала­тын жұлдыздарды осындайда ша­қы­рып, орын алған апатқа байла­нысты ой­ларын неге ортаға сал­мады? Болмаса «Digital» ком­паниясы сияқты эфирді мүлде тоқтатып қойса, одан бір күн ішінде өз­геріп кететін дүние жоқ қой. Біздің бар айтпағымыз осы еді. Сол күні құлағымызға түр­підей тиген эстрадалық музы­калар мен көзіміз көруден ұял­ған ерсі кадрларға тыйым болса де­-ген ниетпен жеке ойымызды білдірдік.

Жалпы, «жаман айтпай, жақсы жоқ», қаралы күні қандай музыка берілгені дұрыс? Баяу ырғақты ән екен деп, мәтініне көңіл аудармау қаншалықты жөн болмақ? Біз бұл сұрақты мемле­кет қайрат­керлері мен білікті музыка мамандарына қойған едік…

 

 

Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:

 

– Құдай жамандыққа жо­рытпасын, мысалы, шет­елде аза тұту күні жария­лан­ған кезде эстрадаға қатысы жоқ, тек клас­сика­лық му­зыка береді. Эстра­далық му­зыка берсе де бұл жанр­дың трагедияға еш қатысы жоқ. Қайғыратын музыка емес. Оны заңда астын сызып көрсетудің қажеті де шамалы. Әңгіме онда емес. Заң – әр адам­ның өзінің ар-ұяты. Адам­гершілігіне байла­ныс­ты. Егер ұяты бар адам бо­ла­тын болса, жыр­тың­даған му­зыка бермеуі керек. Ұяты болмаса, заңды өз ыңға­йына қарай олай да, бұлай да бұрып алуға бо­лады. Оның ретін таба­тын­дар көп. Сон­дық­тан мұның бар­лығы әр адамның ар-ұятына, тәр­биесіне, оқып-то­қығанына, тіршілігіне кеп тіреледі. Ауыр апат бо­лып жатқан кезде қай­ғыра білсе, табиғаты соған жа­раса, қайғырады. Егер жа­ра­маса, мен ондай адам­дарды түсінбеймін. Заңда оны ежелеп, жұта са­ла­тын­дай аузыңа шайнап салып бермейді. Заңда қағида бе­кітіледі, түсінігі бар адам сол қағиданы әрі қарай да­мытып алуы керек. Шет­елде де, Ре­сейде де класси­калық музыка ойналады. Ке­ңес үкіметінің кезінде кө­семдері қайтыс болғанда радио ғана емес, телеарна­лар да кешке дейін аза тұ­татын. Симфо­ниялық ор­кестрлер ойнап отыратын, бұрынғы кадрлер көрсе­тілетін. Этика деген, мәде­ниет деген, міне, осы!

 

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

 

– Баяғыда Ор­та­лық коми­теттің бас­шылары қайтыс болғанда, тек сим­фониялық ор­кес­трдің музыка­ла­-рын тыңдай­тын­быз. Қазір эстра­далық әндер­ді бе­рудің қажеті жоқ. Заңда «Мына му­зы­­каны беру ке­рек, бермеу керек» деп жазып қойған бап көрмейсіз. Бірақ аза тұту күндері өздері біліп, көңіл көтеретін му­зыкаларды тоқтатқан дұрыс. Азалы әуендер болмаса да қаралы күнге лайықты дүниелер таратқан орынды деп білемін.

 

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, композитор, «Астана Опера» мемлекеттiк опера және балет театрының бас директоры:

– Мұндай жағдайда эстра­далық жанрдағы жеңіл-желпі әндер тоқтатылып, классикалық музыка, халық музыкасы, ор­кестр күйлерін қойған дұрыс. Өйткені эс­традалық музыканың ба­ғыты, төркіні, мақсаты басқа. Клас­сикалық музыканың таби­ғаты азалы әуендерге жақын келеді. Қаралы күн жал­ғыз біз­дің мемлекеті­міздің ба­сында болып жат­қан жоқ. Жер-жерде орын алып жатқан­дық­тан, ха­лықаралық жағдайлар­дан да көріп жүрміз ғой. Шетел­дерде тек классикалық му­зыка ой­натады. Мейлі ол баяу ыр­ғақты болсын, жал­пы эстрадалық ән­дерді қой­ған қай жағынан алғанда да дұрыс емес. Бұл әндер адам­ның демалуы үшін, көңіл көтеруі үшін жазылады. Көңіл көтеретін музыканы қаралы күні қоюға болмайды. Ал класси­калық туындылар адамға ой са­луды көздейді. Заңда «Музыка» деп көрсе­тілмеген деп, оны негізге алу үлкен қате. «Му­зыка қо­йылмасын» деген өзгеріс ен­гізсек, онда музыканың еш­қандай түрін қоюға бол­майтын болып шығады. Құрманғазы атын­дағы мем­лекеттік акаде­миялық халық аспаптар ор­кестрі, «Отырар сазы» мемле­кет­тік акаде­мия­лық фольклор­лық-этно­графиялық халық ас­пап­тары оркестрі сияқты ұжым­дар орындаған халықтық му­зы­-­ка берілуі қажет. Жалпы, ән қо­йылған дұрыс емес, ас­паптық әуендер, күйлер қою керек. Ән қойылған күнде де ой салатындай мазмұнды бо­луы тиіс. Жеңіл-желпі, мән­сіз-мағынасыз, се­кең­деген әндер қою – құрмет­сіздік. Оның орнын балет му­зыка­ларымен, әлем классик­терінің симфониялық шы­ғар­малары­мен, оркестр орындай­тын күй­лермен алмастыруға бо­лады. Ал қаралы күні бұдан басқа әндер қою – бұл мазақ.

 

Камал БҰРХАНОВ,

Мәжіліс депутаты:

– Құдай қаралы күндерді ба­сымызға салмасын, беті аулақ! Бар­лығы осымен кет­сін! Бірақ айтарым, Елбасының жарлығы­мен жария­ланған азалы күн болған­нан кейін, Прези­денттің жарлығы –  Заң. Заң – Қазақстан мемлекетінің террито­риясында және шетелдегі ел­ші­ліктерде міндетті түрде жүз­еге асуы керек. Бұл – талқылауға жатпай­тын нәрсе. Елімізде қа­ралы күн туып, ауырт­палық түсіп, арыстарымыз­-дан айрылып жатсақ, осы елдің аза­маты бола отырып, осы жерде түтін түтетіп отырып, коммер­ция­лық болсын, жекеменшік болсын, басқа болсын, ән-би ұйымдас­тырып жатқаны сыйламаған­дықтың бел­гісі. «Заңда, жарлықта музыка туралы ештеңе айтыл­маған, би жөнінде ештеңе көрсе­тіл­меген деп, болмаса тағы басқа бірдеңе туралы ештеңе жазыл­мады» деген әңгіменің барлығы бос сөз деп ойлаймын. Жарлықтың өзінде нақты айтылған – қаралы күн. Біз бақилыққа аттанған­дар­дың ағайындарымен бірге қай­ғы­руымыз керек. Бейкүнә ба­уыр­ларымыз мерт болды, кездейсоқ апатқа ұшырады. Сондықтан бұл жерде «Таксовать» етпе» немесе «Мына музыканы қоюға болады, ана музыканы

қоюға болмайды» деген әңгіме көтерілуі тиіс емес. Талқылаудың өзі артық. Әркімнің өзінің ар-ожданы мен адами қа­сиетіне сүйе­-не отырып, шешім қа­былдауы керек. Біреудің ән айт­қанына тыйым салу қиын шы­ғар, бірақ әркімнің өз шешімі қай деңгейде екенін білдіреді. «Заңда ән-би туралы ештеңе айтылған жоқ» деп, БАҚ-та түрлі-түсті дү­ниелер мен эстрадалық әндерді бере беру адамның ақы­лына мүлдем қонбайды. Бір мем­лекеттің азаматы болған­дықтан, осы мем­лекеттің отбасына түскен қайғы бәріміздің ортақ қайғымыз болуы қажет. Бәріміз бір кемеде өмір сүріп келе жатқан адамбыз. Сол себептен «Заң­да, Жарлықта анау айтылма­ды, мынау айтыл­мады» деу санаға сыймайтын сылтау.

Әрбір телеарна болсын, радио болсын, әрқайсысының редак­то­ры бар. Олар эфирге не шығара­ды, не шығармайды, қай күні қан­дай бағдарлама береді, бол­маса бер­мейді, күндіз қандай, кешке, түн­де қандай хабарлар кестеге қойы­лады, соның барлы­ғына тікелей жауапты. Әрине, халыққа тоқтам айтатын, рухани сүйеніш болатын, адами, жылы дем көрсетіп, күш-қуат беретін, сабырға шақыратын, еңсесін көтеретін әндер, бағдарла­малар болса, жұрт жақсы қабыл­дайды. Бұл жерде сол редакторлар да адами қасиетінің деңгейін, сана-сезімін, дүниетанымын көр­сетіп отыр. Мұндай адамдардың жа­саған іс-қимылдары ұяттау.

Заңды – заңды түрде мойын­дау керек. Бұл жерде олар заңды, жар­лықты мойындамай, менсін­бей отыр. Қайғыны ойыншық ре­тінде көрген. Елдің басына қай­ғы бұлты үйірілген кезде бәріміз бір үйдің баласы сияқты бөлісуіміз керек. Қазақ «Жақсылықты бө­ліссе – көбейеді. Қайғыны бө­ліссе – азая­-ды» дейді. Ре­пер­туа­рында, қорла­рында бар ма, жоқ па біл­меймін, орыс тілінде бол­сын, бас­қа тілде болсын, осын­дай қиын ке­зеңде мұңды, адамға кішкентай болса да тірек бола­тындай музы­калар бе­рілгені орынды. Олай бол­маған жағдайда, мүлдем қою керек.

Бетті дайындаған — Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
http://www.aikyn.kz/i