Қарттардан қайрат кеткенде қаңғытып жіберу тек Қытайда белең алып жатқан құбылыс емес. Елімізде де қарттар үйіне күн санап тіркеліп жатқандардың саны артуда.
Қытай үкіметі «қарттардың құқық-мүддесін қамтамасыздандыру» туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, әке-шешесін қарттар үйіне тастағандар заңдық жауапкершілікке тартылатындығын жариялаған болатын. Заңға ата-анасын еркінен тыс қарттар үйіне тастағандарға мерзімсіз немесе ұзақ мерзімді қамақ жазасы қолданылатыны туралы тармақ енгізілген.
Аталған заңға сәйкес Жиаңсу өлкесі Уши қаласы Битаң аудандық халық сот мекемесі 77 жастағы әжейді туған қызы қарттар үйіне апарып тастағаны үшін мерзімді қамақ жазасына алынған. Қытайда ата-анасын қараусыз қалдыратындар қатары күн санап көбейіп келе жатқандығы сонша, Шанхай сияқты ірі қалаларда қарттар үйіне 2-3 жыл бұрын тіркелмесе орын болмай қалатын жағдайлар көптеп кездеседі. Жоғарыдағы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуінің басты себебі де осы болса керек.
Қарттардан қайрат кеткенде қаңғытып жіберу тек Қытайда белең алып жатқан құбылыс емес. Елімізде де қарттар үйіне күн санап тіркеліп жатқандардың саны артуда. 2011 жылғы ресми дерекке сүйенсек, Республика бойынша 67 қарттар үйі бар. Онда он екі мыңнан астам қарт тіркелген. Бұл көрсеткіш күннен-күнге өсіп келеді. Кім кінәлі?! Саналы ғұмырын баласына арнап, бар арманы баласының амандығы, одан қалса жақсы азамат болып қалыптасуының қамын жасаған ата-анасынан бас тартқан санасыз ұл мен ақылсыз қыз кінәлі ме?! Әлде бар кінә «жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады» деп Мөңке би айтпақшы өз билігін өз баласына жүргізе алмаған қарттардың өздерінде ме?!
«ӨЛІМГЕ АСЫҒЫП ТҰРАМЫН…»
Ермұхан ата, қарттар үйінің тұрғыны:
– Ата-енесінен бөлек тұратын орыстарды көргенде жағамды ұстаушы едім. «Сұмдық-ай, сүйгенінің әке-шешесін сыйламаған келіннің, соңынан еріп ата-анасынан безген баланың ана дүниеде жазасы болар» деп өзімді іштей жұбататынмын. Тағдыр деген қиын екен ғой. Басқа салған соң көресің. Кеудеңде жаның болған соң көнеді екенсің. Бір үйде өмірлік жарым, кіші ұлым келінмен және үш немерем тұратын бақытты отбасы болдық. 63 жасыма дейін мектепте химия пәнінің мұғалімі болып қызмет істедім. Содан көзімді шел басып, бір жанарымнан айырылдым. Содан жұмыстан қол үздім. Бір жыл өтпей жатып, бәйбішем аты жаман дерттен көз жұмды. Сол күннен бастап керексіз екенімді түсіндім. Балам мен келінім мен үшін күнде келіспей жататын. Бір-екі рет келінім кетіп қалды. Іштей біліп жүрдім. Кемпірімнің жылын берген соң, балам «Көке, үйде отырып зерігіп жүргеніңізді байқап жүрмін. Апамның орнын ешкім баса алмайды, білем. Бірақ мен бір шешімін таптым. Қарттар үйінде өзіңіз- бен қатар құрдастарыңыз бар. Айтар әңгімелеріңіз болады. Оның үстіне жақсы жасалған екен. Біз сізге келіп тұрамыз. Үйге келіп қонақ болып тұрасыз…» деп ашық айтты. Әңгіменің соңын тыңдамадым. Бірден киімімді жинап, дайындала бастадым. Көкірегімді кернеген өксіктен балама тіл қата алмадым. Үнсіздік. Түс ауа қарттар үйіне келдік. Құжаттарды тіркеп, сол жерде қалдым. Мені тастап кетіп бара жатқанда балама: «Мен өмірден өткен соң, Құран оқып, соңғы сапарға шығарып салсаңдар болды» дедім. Қара шаңырақтағы ғұмырымның жалғасы қарттар үйінде екені өңім түгілі түсімде де көрмеппін. Мұсылман заңы бойынша пенде саналы түрде өзіне қол жұмсауға болмайды. Әйтпесе, өлімге асығып тұрамын. Өмірің мағыналы болса, ұзақ ғұмыр жасағанға не жетсін?! Ал қарттар үйінде қай күннің өтіп жатқанын да білмейсің. Қазір қарттар үйінде тіршілік жасап жатқаныма екі жылдан асты. Тіршілік деймін-ау, әйтеуір жанбағыс. Айына бір рет балам келіп тұрады. Ал келінім мен немерелерімді осы жерге түскеннен көрмедім. Мұнда барлық жағдай жасалған. Бірақ көңілің тоқ болмаса, көйлегіңнің көк болғанынынан не пайда?! (Ермұхан ата, көңілі босап, әңгімесінің соңын аяқтай да алмады).
«ӨТЕ КЕШ БОЛДЫ…»
Айбек ҚАРАБАЛИН:
– Анамның есімі Алтын болатын. Әкем қайтыс болғаннан кейін анам аздап ішуді бастады. Бізден бөлектеніп, алыстап кетті. Менімен де, әйеліммен де сөйлеспейтінді шығарды. Бар ермегі әкемнің суретіне қарап, жылайтын да отыратын. Уақыт өте бергенімізді, жасағанымызды жақтырмай, болмайтын дүниеге келіспей қалып жүрдік. Бір күні баспалдақтан құлап кетіп, «Сендер маған қарамадыңдар, шалымның артынан кетсем, арманым жоқ» деп айқайға басып жылады. Мұны көрген 50 жас шамасындағы көршіміз «қарттар үйіне өткіз, онда басқа шал-кемпірлер бар. Әңгімелесіп, шер тарқатар. Кейін қалпына келгенде алып қайтасың» деді. Біраз ойландым. Анамның күндегі айқайы таусылмады. Отбасынан береке кетті. Сосын қаладағы қарттар үйінің біріне әкелдім. Күн құрғатпай келіп, жағдайын біліп жүрдім. Анамның інісі бар. Мен оны кіші әке деп атайтынмын. Мұны естіген кіші әкем қалаға келіп анамды қарттар үйіне өткізгеніме қатты ашуланды. «Саған жат адамдар айта береді. Бүгін барып шешеңді алып кел. Егер баға алмасаң, өзім-ақ алып кетемін» деді. Кіші әкемнің сөзі қатты ойландырды. Жұмыстан соң барып алып қайтамын деп шешім қабылдап отырғанымда, қарттар үйінен қоңырау шалып, анамның науқастанып қалғанын айтты. Бірден жолға шықтым. Қарттар үйіне жеткенімде анамның бақилық болғанын естіртті. Сол кезде қателескенімді түсіндім. Қатемді қайта түзеуге өте кеш болды.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қарттар үйіндегілердің дені өзге ұлт өкілдері. Қазақ қарттары 15-20 пайызды құрайды екен.
Фатима ТАШИМОВА, психология ғылымдарының докторы:
– Жас ұрпақтың ата-анасын қарттар үйіне өткізуі түрлі себептен болады. Соның ішінде ең жиі кездесетіні:
Біріншіден, қарттардың ішімдікке әуес болуы. Тағдырдың түрлі соқпағына шыдамай, саналы жасында ішіп кететін қарттарымыздың бар екені жасырын емес. Араққа салынған әке-шешесіне бала көп жағдайда шыдай алмай жатады.
Екіншіден, жарынан егде кезінде айырылған қарт адам психологиялық, рухани тұрғыда құлазиды. Мұндай кездегі ата-әжелердің мінез-құлқы қатты өзгереді. Сол құбылысқа шыдай алмаған баласы немесе қызы қарияны қарттар үйіне өткізеді.
Үшіншіден, келін немесе күйеу баланың қарттармен бірге тұра алмауынан. Балалы отбасы егер әйелі немесе күйеуі қарияны жақтырмайтын болса, жеке басының қамын ойлаймын деп ата-анасынан бас тартып жатады.
Төртіншіден, баласы немесе қызы ішімдікке, барлық дүние-мүлкін сатып құмар ойынға және т.б. салынып кетуі себебінен қарттар үйсіз-күйсіз далада қалып жатады. Бұл жағдайда да қарияларымыз қарттар үйін паналайды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ата-ананы құрметтеу жөнінде «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр» десе, Қасиетті Құран Кәрімде: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – делінген «Исра» сүресінің 23-аятында.
Ата-ананың бақыты – балада десек, «бақытым» дейтін баласы төрінен көрі жақын әке-шешесін қарттар үйіне қаңғыртып жібергені қалай?! Бұл құбылысты қоғамдағы қауіпті дерт дейтін болсақ, аурудың «диагнозы» қандай? Қытайлар сияқты ауыр заң жобасын жасап, қолданысқа енгізу ме?! Бірақ мұндай сана тұрғысынан келетін дерттің заңмен атқарылуы мүмкін де емес болып көрінеді.