Соңғы төрт жылда елімізде темір тұлпар мінушілер 5 есе көбейіпті. Соған сай сатылған көлік саны да артқан. Егер автокөлік саудасы осы бағыттан таймаса, онда 2020 жылға дейін Қазақстан нарығында 2 млн автокөлік сатуға болатын көрінеді.
Егер автокөлік саудасы осы бағыттан таймаса, онда 2020 жылға дейін Қазақстан нарығында 2 млн автокөлік сатуға болатын көрінеді. Оның басым бөлігі отандық көлікті құрауы керек екен. Үкімет осы мүмкіндікті мүлт жібермеуге күш салмақ. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында айтылды.
Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, егер 2009 жылы машина құрылысы саласындағы өндіріс көлемі 200 млрд теңге болса, осы жылдың соңында 800 млрд теңгеге жетеді деген үміт басым. Мұны Статистика агенттігінің мәліметі ле растайды. Үстіміздегі жылдың алғашқы 9 айында машина жасаудағы еңбек өнімділігі 2008 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 153 пайызға ұлғайған, таратып айтсақ жеңіл көлік шығару 7,6 есеге тракторлар саны 4,2 есеге өскен. Алайда комбайн құрастыру 467-ден 344-ке дейін, ал аккумулятор өндірісі 6-15 пайызға төмендеген.
Альберт Рау автоөнеркәсіп саласын дамытамыз деген 20 жылда еш нәтиже шығара алмағанымызды айтады. Тек Индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы мен Кеден одағына мүше болғанымыздың арқасында сең қозғалыпты-мыс. Сонымен бірге шеттен келетін ескі автокөліктерге тоқтау салу оң нәтиже бергенін айтады. Айта кетейік, бүгінгі таңда «Еуро-3» стандартына сай келмейтін көліктер елге кіргізілмейді. Ескі көліктер жолқауіпсіздігінде қаншамаадамның өміріне қауіп төндіретіні өз алдына, елдегі зиянды қалдықтардың 80 пайызы дәл осы көліктерден шығады екен.
– Биыл біз автоөнеркәсіпті дамыту стратегиясын жасадық. Стратегияның жүзеге асуы елдің жалпы ішкі өнімінің өсуіне, елдегі тұрақтылыққа, сондай-ақ мемлекет тарапынан жасалатын қолдауға байланысты болмақ. Бүгіндері автоөнеркәсіп саласы аяғынан тік тұрған елдердің барлығы да мемлекет қолдауымен көтерілген, – деген ол біздің елде де мемлекет автокөлік шығаруды толық циклға жеткізуге мүдделі зауыттарға көмек беретінін жеткізді.
Ол сонымен бірге министрлікте ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы жасалып жатқанын тілге тиек етті. Себебі қазіргі таңда елімізде жеңіл автокөлік паркіндегі 3,5 млн автокөліктің 2 млн данасының «ғұмыры» 20 жылдан асқан. Бір жылдан соң бұл сапқа 800 мың автокөлік қосылады. Осы 2 млн 800 мың автокөліктің техникалық байқаудан өтуі екіталай. Әрі-беріден соң бұл көліктер тұтынушының қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты. Сондықтан көлікті утилизациялауды міндеттеу енгізілуі мүмкін болып отыр.
Альберт Рау утилизациялау бағдарламасында Германия тәжірибесін мысалға келтірді. Біз де ғаламтор арқылы неміс тәжірибесін қарастырып көрдік. Алайда жағдай вице-министр айтқандай болмай шықты. Утилизациялаудың немістер енгізген тәжірибесі сол елдегі автокөлік саудасына соққы болып тигені туралы мақала көп жарияланған. Әрине, утилизациялауға жіберілген көлігі үшін көлік иесіне 2500 евродан төлеген бағдарлама бастапқыда өте сәтті жүрген екен. Осы бағдарламаның арқасында 9 миллионнан астам адам көлігін жаңартуға мүмкіндік алған. Алайда көліктерін жаңартқан немістер көпке дейін келік сатып алмайтыны белгілі. Міне, осыдан кейін ол елде автокөлік саудасы төмендей бастаған. Соның салдарынан автокөлік зауыттарында қысқарту белең алған.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана