Абай ОМАРОВ (коллаж)
Жақында редакциямызға бір хат жетті. Қариялар арасындағы қордаланып қалған мәселелер тізіліпті. Маңдайына «әкімдер мен депутаттардың, республикалық ардагерлер ұйымының назарына» делінген. Сол хатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Қариялардың кіші спартакиадасын» өткізу қажет
Президентіміздің «Қазақстан–2050» бағдарламасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, Қазақстан халқының бұқаралық спортпен және денешынықтырумен айналысуын 30 пайызға жеткізу айтылған. Жасыратыны жоқ, бүгінде зейнеткерлікке шыққан соң қарттардың біразы «жан тыныштығына жеттім-ау» деп төрде шалқайып жатып, теледидар көріп, газет оқумен ғана шектеледі. Осылай аз қозғалудың салдарынан, үйде отырып қартаюды дағдыға айналдырғандар бар. Дәрігерлердің айтуынша және статистикаға сүйенсек, аз қозғалатындар ұзақ өмір сүрмейді. Бүгінгі 100 жасаған қариялар өздерінің өмір бақи еңбек еткендерін, үнемі қозғалыс-қимылда болғандарын айтады. Олай болса, әр зейнеткер шамасына қарай қимыл жасайтын спорт түрін таңдап, салауатты өмір салтына көшкені жөн.
Мысалы, біз, 20 шақты адам ҚР бильярд федерациясының президенті А.Қаранеев мырзаның қарттарға деген қайырымдылығының арқасында «Бастау» бильярд клубында белгіленген күндері жиналып, бильярд ойнаймыз. Арамызда жасы 75-85 аралығындағы бұрынғы атақты балуан, боксшы, гимнаст т.б. спорт шеберлері бар. Жасы 84-тегі Евгений Кадяйкин мен 77-дегі Әмин Тұяқов – жүгіруден дүние жүзінде алдарына жан салмаған жүйріктер. 1956 және 1964 жылдарғы Олимпиада ойындарына қатысқан нағыз атақты спорт жұлдыздары. Ал 83-ке келген Май Хван кезінде конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионы атанған. Қазір олардың бұрынғыдай жүгіріп-секіруге шамасы жоқ, сондықтан бильярд столын жағалап жүріп, еңкейіп, бұрылып, шарды ұрып, неше түрлі дене қимылын жасап, спорттан қол үзбей жүр. Ал басқа бір топ қариялар жүріп-тұруларының қиындығынан, үйлерінің маңында аулалық спорт алаңының жоқтығынан, бір-бір орындықтарын арқалап келіп, шахмат-дойбы ойнауға жиналады. Сөйтіп, күнге күйіп, шаң тозаңның астында отырып, уақыттарын өткізеді.
Қорыта келгенде, қарттар үшін ең ыңғайлы спорт түрлері – бильярд, шахмат, дойбы ғана. Ендеше қарияларды қызықтыру үшін, үйінде отырып қартаюға ыңғайланған қарттарды салауатты өмір салтына бейімдеу үшін спорттың осы үш түрінен тұратын «Қариялардың кіші спартакиадасын» (ҚКС) Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында тұрақты түрде жылына екі рет өткізіп тұрса. ҚКС-тің біріншісін көктем айларында бастап, 9 мамыр – Жеңіс күніне қорытындылаған жөн, ал екіншісін қараша айында бастап, жаңа жыл қарсаңында аяқтаса. Өйткені әкімдер үлкен қалаларда (оның аудандарында) жыл сайын 9 мамыр күні соғыс және тыл ардагерлерін шақырып, мерекелі думан өткізіп жүр. Мысалы, биылғы Жеңіс күні Алматының Бостандық ауданы жылдағысынша жастар арасында өткен конкурстар мен мемлекет қызметкерлерінің арасындағы жазғы спартакиаданы қорытындылап, жеңімпаздарға телевизор, компьютер т.б. бағалы сыйлықтар тапсырып, қарияларды таңдандырды. Әрине, жеңімпаздарды атаған жөн, бірақ сол Жеңіс күні соғыс және тыл ардагерлерінің алдында олардың өз арасынан шыққан ҚКС жеңімпаздары марапатталса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Ардагерлердің қоғамдық спорт комитетін құру қажет
Қариялармен жұмыс жасайтын аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінде қаржы тапшы. Оларға бюджеттен ештеңе бөлінбейді, тек демеушілер көмегінің арқасында күн көріп отыр. Қарияларға арнап аула ішінде салынған шахмат-шашка ойнайтын кішкентай ғана спорт алаңдары жоқ. Қайта жастардың жағдайы көш ілгері. Оларға арналған спорттық кешендер, стадиондар, тіпті әр мектеп пен жоғары оқу орындарында спортзалдар мен алаңдар бар. Ал қариялар әр жерде орындығын арқалап жүріп ештеңе шеше алмайды. Сондықтан олардың басын біріктіретін Ардагерлердің қоғамдық спорт комитетін (АҚСК) құру қажет. Әрі бұл ұйымға жетекшілік жасауды қалалардағы Спорт басқармасына немесе беделді бір спорт ұжымына тапсырса жөн сияқты (әрі қарай бірнеше баптан тұратын АҚСК-ның міндеттері мен мақсаттары тізілген).
Ардагерлерге де Елбасының «Қазақстан-2050» Жолдамасын түсіндіру керек
Елбасының «Қазақстан-2050» Жолдамасын насихаттау мақсатында Парламент депутаттары мен Үкімет басшылары Алматыға бірнеше мәрте келіп, әкімдермен, жергілікті депутаттармен, биліктегі активтермен, Ардагерлер кеңесінің төрағаларымен, студенттермен, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесулер өткізді. Ал біз, қарапайым зейнеткерлер, ескерусіз қалдық, ешкім бүгінге дейін бізге Жолдау туралы ештеңе айтқан жоқ. Біз де осы қоғамның мүшесіміз ғой, кезінде ел үшін, жер үшін ҰОС-ына қатысып, жаумен айқастық, Жеңіс үшін аш-жалаңаш тылда аянбай еңбек еттік. Егеменді Қазақстанымыздың өркендеуіне үлес қостық, қартайған шағымызда да қарап отырғанымыз жоқ, оқу-тәрбие орындарына барып жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекке баулып жүрміз. Біз үшін бұл аз ба? Ендеше, біздің де Елбасының Жолдауынан түсініктеме алуға құқығымыз бар емес пе?!
Кемшілікті түзеу әлі де кеш емес. Қаладағы әкімдер мен депутаттардан сұрайтыным, ендігі өтетін насихаттау жұмыстарын мынадай екі айдармен өткізейік:
1. Депутат пен әкім – халқына жақын;
2. Үйде отырып қартаймайық, қариялар!
Құрметпен Алматы қаласы Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің спорт комиссиясы төрағасы, ҚР еңбек сіңірген дербес зейнеткер Сейітов және елімізге белгілі 18 зейнеткер қол қойған