АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ КИІЗ ҮЙІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударды. Аса маңызды осы құжатты күнделікті тіршілігінде басшылыққа алып, туған жерін көркейтуге үлес қосып жүрген қыздардың бірі – Қарлығаш Балапанова.

 Қарлығаш Әлиханқызы әжесі Көкен мен аяулы анасы Мәрзияның ықпалымен Рудныйдағы техникалық училищені тігінші мамандығы бойынша бітірген. Сүйген жары Серікті де училище қабырғасында жүрген кезінде жолықтырды. Оқуларын аяқтаған соң, туған жері Амангелді ауданына қол ұстасып бірге аттанды. Амангелді ауданындағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында еңбек жолын кәдімгі қатардағы тігінші болып бастады.Тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, сондағы өзінің ізін басып келе жатқан сіңлілеріне тәлімгер де бола білді. Халықпен тығыз байланыста болып, бірте-бірте қызмет бабымен де өсті. Аталған комбинатта пішуші, инженер-технолог дәрежесіне дейін көтерілді.

Ол өндірістен қол үзбей жүріп, сонау жазы жайдары, қысы қысқа болып келетін киелі оңтүстік өңірдегі Жамбыл жеңіл өнеркәсіп институтын да бітіріп алды. Бұл жерден ол өзі көптен бері армандайтын инженер мамандығын алып шықты.

1992 жылдар еліміздің барша азаматтарына оңай түскен жоқ. Кешегі алып өндіріс орындары тоқтап, экономикалық байланыстар үзілді. Алайда, Қарлығаш қарындасымыз оған мойымады. Қайта қайраттана түсті. Амангелді селосындағы қолынан іс келетін қыз-келіншектердің басын қосып, «Қарлығаш» деп аталатын шағын кәсіпорын ашты.

Енесі Нақан апамыз да өте қайсар, пысық, балажан кісі-ді. Ұлының жан-жары Қарлығашты алғашқы күннен бастап қамқорлыққа алып, оған әйелге тән жайлардың бәрін де ұғындырып, тек қана игілікке баулыды. Замандасымыз менімен болған әңгіме барысында өзінің де өмір барысында енесі ұқсағанын жасырмай айтып берді.

Қарлығаш жиырма жасында келін болып, бір әулеттің абыройын асырып, азаматының барлық туған-туысқандарының құрметіне бөленді. Жасыратын ештеңесі жоқ, бастапқы кездері орысшасы мықты, қазақшасы шамалы жас келіншек бірте-бірте отбасындағы игі жандардың ықпалы арқасында сол әулетке тастай батып, судай сіңіп кетті.

Күйеуі Серіктің апалары Әліш пен Дүйсекүл де інісінің ұнатып қосылған жарын қамқорлыққа алып, мұның жақсы жағын асыруға тырысты. Міне, осындай түсіністіктің нәтижесінде барлық кедергілер артта қалды. Ел арасында Фазыл ақсақалдың іскер келіні атанды.Сол өңірдегі ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» секілді байқауларға демеушілік етті.

Қарлығаш имандылықты қашанда жоғары қояды. Сонау бір жылдары Жангелдин ауданында мешіт мұсылмандарға  есігін айқара ашқанда оның  салтанатына қатысып, 100 жайнамазды сыйға тартты.

Сол кездегі Бас имам, есімі елімізге аса танымал зиялы ақсақал Ғазиз қажы Әмірханов ұлтжанды қарындасына шексіз риза болып, шын ниетімен ақ батасын бергені әлі есінде.

Қарлығаш өте кісілігі мол, қолындағы барын өзгелермен бөлісуге дайын тұратын, яғни «Кең болсаң, кем болмайсын» деген қағиданы берік ұстанған кәсіпкер. Сондықтан да болар, осы шағын және орта бизнеспен айналысқалы бері қайырымдылыққа айрықша назар аударып келеді.

Ол Амангелдіден кейін 1993-1998 жылдары Арқалық қаласында өзінің жеке кәсіпкерлігін барынша нығайтты. Училище қабырғасында алған тігіншілік кәсібінің бұған тигізген пайдасы да айтарлықтай болды. Сол шаһардағы барлық ұйымдарға тапсырыстар бойынша қажетті бұйымдарды тігіп, олардың сенімдеріне ие болды.

Кейін Торғай облысы жабылған соң, 1998 жылы облыс орталығы Қостанай қаласына қоныс аударды. Мұнда «Фариза» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқарды. Бұл жерде бұрын халыққа таңсық, яғни көп жылдар бойы ұмытылуға шақ қалған кәдімгі киіз үй жасауды қолға алды.

Бұл тәуелсіздігіміздің қалыптасып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға ден қоя бастаған шағымыз болатын. Сұраныс барынша артты. 2003 жылы өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды жоғарыда аталған тауар түрімен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ замандасымыз Қарлығаш Әлиханқызы өзінің маңайына қолынан іс келетін сіңлілерін жинады. Уақыт өте Дүниежүзілік қазақтардың Кельнде өткен құрылтайына қатысты. Осы басқосуда облысымыздың абыройын асқақтатты. Содан кейін де Астана шаһарындағы басқосуға, бүкіл түркі әлемінің мақтаныш тұтар шаһары Түркістан қаласындағы құрылтайға да барған қандастарымызға демеушілік етті.

Ондағы Наурыз мерекесін өз көздерімен көріп, осынау ұзақ жылдар бойы біздің солтүстік өңірлерде аталмай  қалған ұлттық мерекеміздің қандай болатындығын, оның танымдық-тағылымдық жағының қаншалықты әсері мол екендігін намысты  қазақ қызы жүрегімен сезінді.

Бүгінгі мақаламыздағы біздің айрықша атап өткіміз келген жайдың бірі, оның мейірімділігі болатын. Сондықтан оның осы қырларын да атап өткеніміз орынды. Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы Қостанай облыстық филиалының белді мүшесі Қарлығаштың бұл бағытта тындырған жұмыстары өзге шағын және орта бизнеспен айналысатын барша әйелдерге өнеге.

Қарлығаш Әлиханқызы босқа мақтанып, кеуде көтеретін, өзін-өзі жарнамалайтын бауырларымыздың санатына жатпайды. Осы жолы да біздің бір ауыз сөзімізді жықпай, уақытының тығыздығына қарамастан газетке сұхбат беруге келді.

Ол ұлтын сүйетін, қазақтың саны арта түссе екен деп армандайтын асыл жандардың бірі. Өзі кеудесіне алтын алқа таққан батыр ана. Жан жары Серік осыдан біраз жыл бұрын бақилық болса да жеті баласын ештеңеден тарықтырмай, зарықтырмай жеткізді.

Олардың әрқайсысының есіміне де қазақтың ырымымен ерекше мән берді. Мәселен, студент Фаризаға таяуда ғана дүниеден өткен біртуар ақынымыз Фариза Оңғарсынованың есімін берсе, Бақытжанға сонау бір жылдары Арқалық қаласының әкімі болған Бақытжан Бөлепованың, Ырыстыға көрнекті қоғам қайраткері, кезінде Торғай облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған Ырысты Сариеваның аттарын қойды. Бұлар да сол апаларының есімдеріне  сай болуға тырысып келеді.

Бұл аты-жөндері мысалға келтірілген перзенттерінен басқа Ерік, Динара, Анара, Индира деп аталатын балалары да мұның ғұмырын барынша нұрландырып отыр. Индира бұл күндері аудармашы, оның алдында Қытайда оқыды.

Қарлығаш өзін бақытты анамын деп есептейді. Өйткені, перзенттері оның өмірін шуаққа бөлеп, әрқашанда оның жанына табылады. Немерелерін мауқын баса иіскеп, әжелік ақыл-кеңесін айтып жатқаны. Мұның халық қалаулысы атанғанына да біраз жыл өтті. Бастапқыда Амангелді ауданында осындай құрметке бөленсе, соңғы жылдары Қостанай аудандық мәслихатының депутаты ретінде тындырып жатқан жұмыстары да орасан.

Ол ешқашан да байлыққа қызықпады. Бұл күндері Затобол кентінде тұрады. Бос уақытында кітап оқиды, қазақтың әдет-ғұрып, мақал-мәтелдерінен  тағлым алады. Ою-өрнек тігуге аса құштар. Өзінің қолынан шыққан көрпеше, қоржындарын құрбыларына сыйлауды жаны сүйеді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

http://www.aikyn.kz/articles/view/45236