АҚШ президенті Барак Обаманың қорғаныс министрі қызметіне тағайындаған кандидаты Эштон Картер Украина армиясына қару-жарақ жеткізуді қолдайды. Бұл жайында Картер сенаттың қорғаныс істері жөніндегі комитеті төрағасы, сенатор Джон Маккейннің Пентагонның жаңа басшысына қатысты тыңдауда қойған сұрағына жауабында айтты.
Эштон америкалық, я украиналық әскери басшылықпен әлі кеңеспегенін айтып, нақты қандай қару-жарақ беру қажетін ашып айтпады. Ол Украинаға қару-жарақ жеткізілуіне Ресей жағы жауап шарасын жасайтынын және қақтығыс күшейіп кетуі мүмкін екенін де мойындады.
Дегенмен, Картер Киевке қару-жарақ жеткізу мәселесі қалай шешілетініне қарамастан АҚШ Еуропа Одағымен бірге Путиннің Украинаға қатысты саясатына экономикалық және саяси жолмен қысым жасай беруге күш салуы тиіс деді.
Конгресстегі Республикашыл партия өкілдері Обама әкімшілігінен Украина армиясына Америка қару-жарағын, оның ішінде танкіге қарсы қолданылатын зымырандарды жеткізуді талап етіп жатыр.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26831025