АЛТЫНОРДА
Новости

Қаржы полициясы Қастеев туындыларын құтқарып қалды

4fe9c6c19e87ef7201242a24a97bdbd3Қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастеевтің Орталық мемлекеттік мұрағаттан ұрланған төрт картинасы табылды! Алматылық Қаржы полициясы автордың тағы 14 туындысының түпнұсқасын іздестіріп жатыр. Бұған дейін Қастеевтің екі картинасы табылып, мұрағатқа қайта табысталған болатын. Туындылар осыдан бес жыл бұрын ұрланып қолдан-қолға өткен. Қаржы полицейлері қозғаған қылмыстық іс бойынша Орталық мемлекеттік мұрағатта сол кезде басшылық еткен тұлғалар жауапқа тартылуы мүмкін.

Табылған туындылар мы­на­лар: 1942 жылы салынған  «К.Қайыр­­бе­кованың портреті», 1946 жылы салынған «Ескі қыс­тақ», 1948 жылы салынған «Со­циа­листік Еңбек Ерінің үйінде» және қай жылы салынғаны бел­гі­сіз «Сарай». Акварельмен кес­кін­­дел­ген дүниелер Алматыдағы анти­квариат жинаумен және сатумен айналысатын бір адам­нан әшке­ре­леніп тәркіленді. Жүр­­гізілген сарап­таманың нәти­же­сінде бұлардың түпнұсқа екені белгілі болды. ҚР Эконо­микалық қыл­­мысқа және сыбай­лас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша депар­та­менті мамандарының айтуын­ша, карти­наларды сатпақ болған адам еш­қандай жауап­кер­ші­лікке тартыл­май­ды. Себебі антиквар кар­­ти­наларды әлдекімнен сатып алған, ал ол тағы беймәлім біреу­ден сатып алған көрінеді. Қолдан-қолға өткізушілер тізбегі Қаржы поли­ция­сының алдағы тергеулері бары­сында анық­талатын болады.

 

 

 

 

Жақсылық ЖАҚЫБАЕВ, Алматы қаласы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:

– Төрт картина маусым айында табылды. Антикварлық заттарды сату­мен айналысатын адам олардың құнын 37 мыңнан 60 мың долларға дейін ба­ғалаған. Бір-екі аптадан кейін орталық мұрағатқа қайтарылатын болады. Антиквар Қастеев туындыларының қол­ды болғаны туралы хабарды теле­ди­дардан естіген, бірақ өз қолындағы дү­ниелердің мемлекеттік мұрағаттан ұрланғанын білмеген. Қазір картина­лар­дың қалай ұрланғанын, кімнің ұр­лап сатқанын анықтау үшін тергеу жал­ғасып жатыр. Сонымен бірге тағы 14 картинаны іздеу жалғасады.

 

 

Өткен жылы қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы, әйгілі кескіндемеші, Қазақ КСР-інің халық суретшісі Ә.Қастеевтің қызы – Гүлдәрия Қастеева қаржы поли­ция­сына шағымданып, Орталық мемле­кет­тік мұрағаттағы әкесінің 20 картинасы­ның жоқ екенін айтқан болатын. Қастеева мұ­ны даңқты кескіндемешінің мерей­тойына орай фильм түсіруге әзірлік бары­сында кездейсоқ байқаған. Оның шағымы бо­йынша тексеріс жүргізген қаржы сақшы­лары мұрағатта шынымен де мәдени мұ­ра­лардың ұшты-күйлі жоқ болғанына көз жет­кізді. Алдын ала тергеу барысында көркем суреттердің ұрлануына мұрағаттың бұ­рынғы лауазымды тұлғаларының қыз­ме­тіндегі заңсыздықтар себеп болғаны ес­ке­ріліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы, яғни «немқұрайдылық» бабы бо­йын­ша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде былтыр­ғы қазан айында әйгілі қылқалам шебері­нің екі жұмысы табылды. Бір адам 1931 жылы жазылған «Сүлейманов жолдас өзі­нің әйгілі арғымағымен операция үстінде» және 1943 жылы кескіндеген «Ұлы Отан соғысының мүгедегі колхозшылармен әң­гімелесуде» деп аталатын екі туындының әр­қайсысын 15 мың доллардан сатпақ бол­ған жерінде ұсталды. Сараптаманың нәти­жесінде олардың көшірме емес екені дә­лелденіп, Алматы қаржы полициясы де­пар­таментінің бастығы Әмірхан Аманбаев мәдени құндылығын ескеріп әрі тиісті деңгейде сақтау мақсатымен табылған туындыларды Гүлдәрия Әбілханқызының көзінше Орталық мемлекеттік мұрағат басшыларына табыс етті. Сөйтіп, бүгінде алты туынды табылып, қайтарылып отыр. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мамандарының айтуынша, картиналар мұрағаттан 2008 жылы жоғалған. Төлтума дүниелер өңдеу және қалпына келтіру жұмыстарының желеуімен алынып, бұдан кейін мұрағатқа қайтпапты. Кейбір туын­дылардың орны ойсырап қалғанын біл­дір­меу үшін белгісіз ұры оларды көшір­мелермен және басқа да картиналармен алмастырып қойған. Қаржы полицейлері бұл жайтты да сараптама кезінде анық аңғарды. Әзірше Қастееваның шағымы бо­йынша тергеліп жатқан қылмыстық істе нақты фигуралар жоқ, бірақ тергеу кар­тиналар ұрланған жылы Орталық мем­лекеттік мұрағатта басшылық еткен тұл­ғаларға қатысты болатыны айқын. Талант­ты суретшінің төл туындылары осылай та­лан-таражға түсіп, антиквардың қара ба­за­рының көрігін қыздырып жатқанға ұқ­сайды. Саудагерлер картиналар құнын мың­даған долларға үстемелетіп, табысқа кенеліп отыр. Әйгілі суретшінің атын жа­мыл­ған жалған дүниелердің қаптап кет­кені де осы себепті болар. Былтыр «Қасте­евтің қолы бар» делінген 46 туындының авторға қатысы жоқ екенін суретшінің қызы мәлімдеген еді. «Саналы ғұмырында әкеміз 4000-дай сурет салыпты, сызба­ларды, этюд­терді қос­қанда, одан да көп. Содан өзі­міздің от­ба­сылық мұрағатта қалғаны – 300-400 жобасында. Ол кісінің көзі тірі­сінде жекелеген адам­дарға өз ең­бектерін сыйлағаны да рас… Бірақ біз ол кісі­нің қаламмен қалай сызып, бояуын қа­лай жағатынын, қолын қай кар­тинаға қа­лай қоятынына дейін өзі­міздің бес сауса­ғы­мыздай білеміз», – деген болатын Г.Қас­теева. Айта кетейік, алдағы жылы ұлы су­рет­шінің туғанына 110 жыл толады. Бұл ме­рейтойға дейін кезінде мемлекетке сеніп тапсырылған құнды жәдігерлердің табылғаны абырой болар еді.

 

Р.S.

Осылайша Қаржы полициясы қазақ өнеріндегі үлкен бір ақтаңдақтың орнын толтырып жатыр. Бізге белгілісі – Орталық мемлекеттік мұрағаттан Қастеев еңбектерінің ғана ұрланғаны. Өйткені жоқтаушысы бар. Ал іздеушісі жоқ басқа мұралардың бұдан соң ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей жатқанына кім кепіл?!

Автор: Болатбек МҰХТАРОВ

 

Алаш айнасы