Өткен жылдың аяғында Мәжілістің экс-депутаты Мұрат Кәрімов бастаған бір топ қоғам қайраткері Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының әкімі Х.Мақсұтов мырзаға үшбу хат жолдап, қазақ елінің қалыптасуы үшін аса зор еңбек сіңірген азаматтың бірі Кашафутдин Шаһмарданұлының есімін ұлықтау мақсатында бір мектеп пен көшеге оның атын беру туралы ұсыныс-тілектерін білдірген-ді. Сонда Кашафутдин Шаһмарданұлы деген кім? Ол ел-жұртына қандай мұра қалдырды? Бүгін біз осындай сұрақтарға нақты жауап іздей отырып, газет оқырмандарын Кашафутдин Шаһмарданұлымен жан-жақты таныстыруды жөн санадық. Біз Кашафутдин Шаһмарданұлы туралы қандайда бір дерек табу мақсатында «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясынан 2002 жылы басылып шыққан «Ұлттық энциклопедияны» парақтадық. Сөйтіп, энциклопедияның төртінші томынан Кашафутдин Шаһмарданұлының өз заманында жастарды оқу-білімге үндеген өлеңдер мен қиссалар жазған, соңына өшпестей із қалдырған ақын екендігі туралы біраз мәліметтер таптық. Одан соң қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында Кашафутдин ақынның шығармаларын зерттеген ғалым бар-жоғын іздестірдік. Ақынның өмір жолы мен артына қалдырған баға жетпес бай мұрасын біраз жылдан бері зерттеп жүрген ғалымның бірі, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Салқынбаев екендігін анықтадық. Ғалымның айтуынша, ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына татар-башқұрт зиялыларының көп ықпал еткені анық. Себебі ХІХ-ХХ ғасырда Орта Азиядағы ағартушылық бағыттың басы-қасында көзі ашық қазақ зиялыларымен қатар, башқұрт-татар оқығандарының тұрғаны тарихтан белгілі. Егер кәрі «тарлан» – тарихқа көз жүгіртсек, сол кезеңдегі «Уәзифа» және «Ғалия» медреселерінде бүкіл түркі халықтары өкілдерінің өнер-білімге үйренгені ақиқат. Тағы бір артықшылығы, ХХ ғасырдың екінші жартысында ескіше сауат ашқандардың арасынан орысша оқып, өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастаған азаматтардың да болғанын жасыруға болмайды. Зиялы қауымның осындай бір шоғыры ескі хадим оқуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар хадим оқуының өмір сүруге пайдасыз екенін тап басып, түсіне білді. Сөйтіп, көкірек көзі ашық, зиялы қауым өкілдері дінмен қоса, дүниенің тылсым күшін танып-білуге үйрететін жаратылыстану пәнін игеру қажеттігін білім қуған жастарға жан-жақты уағыздай бастады. Олар бұрынғы усул-хадимнің орнына, усул-хадис әдісімен білім алуды жолға қоя бастады. – Егер зерделеп қарасақ, сонау бір жылдардағы усул-жадит әдісімен оқытудың басы-қасында өз заманының ғұламасы Шаһабуддин Маржанидің тұрғанын айқын аңғарамыз. Ал дәл осы адамнан ілім-білім, тәлім алған Кашафутдин Шаһмарданұлы секілді парасатты, озық ойлы, оқыған азаматтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, халықтың әлеуметтік дүниетанымдық әлеміне ықпалы өте зор болды. Әсілінде, ұлты татар немесе башқұрт ақындарының қазақ тілінде шығарма жазып, ұлттық әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан деректері аз емес. Мысалы, Қарқаралы өңірінде өмір сүрген атақты Бекметевтер өз заманында Қазақстанның қоғамдық және экономикалық, мәдени өміріне белсене араласқан. Тіпті қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін, тілін жетік меңгерген татар-башқұрт зиялылары көптеген игілікті істерге ұйытқы болумен қатар, қаржылай көмек те көрсете білген. Мысалы, Халиулла Бекметевтің інісі Мұхамед-Мақсұт Бекметев Қазақстандағы әлеуметтік теңдік жолындағы қозғалысқа белсене аралас-қан. Халиулла аға сұлтан Құнанбай қажымен дос болған және жиі араласып тұрған. Қалада мешіт, медресе салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға зор еңбек сіңірген. Құнанбай қажы Қарқаралыда мешіт салдырарда оның жобасы мен салынатын орны жөнінде Бекметевпен ақылда-сып, оның пікірлеріне құлақ асқан. Бөренеден шегесіз қиюластыра салынып, халық арасында «Көк үй» атанып кеткен, Құнанбай қажы салдырған мешітке кезінде Абай жиі барып тұрған. Кеңестік кезеңде бірнеше ондаған жылдар бойы қараусыз қалған қажының мешіті тәуелсіздік алған соң қайта жөнделіп, халыққа қызмет ете бастады. Ал бүгін әңгіме өзегіне айналып отырған ХІХ ғасырда өмір сүрген ағартушы-ұстаз, ақын Кашафутдин Шаһмарданұлының есімі шындығында, бүгінгінің оқырмандарына соншалықты таныс емес. Өйткені ақынның шығармалары негізінен, діни бағытта жазылғандықтан, кеңестік кезеңде жұрт көзінен тасада қалып, тек мұрағат сөрелерінен ғана орын алғандығында. Бұған қоса, Кашафутдин ақынның өлең-жырлары араб әрпімен жазылып, транскрипцияға түспегендіктен, қазақ әдебиетінде жете зерттелмеген. Жалпы, Кашафутдиннің қаламынан туған 100-ден астам еңбек жарық көрген. Ұлттық кітапхана мен Ұлттық ғылым академиясының кітапхана қорында ақынның 27 кітабы әлі күнге сақтаулы дейді зерттеуші ғалым Зейнолла Салқынбаев. – Кашафутдин өлеңдері-нің көпшілігі негізінен, ол өмір сүрген заманға тән назирагөйлік дәстүрде жазылған. Бір ерекшелігі, ол өз шығармаларында шығыстық үлгідегі қисса-дастандарды жаңа мазмұн мен ерекше пішінге енгізе отырып, өзінше жырға қосқан. Сондықтан да Кашафутдинді татар-башқұрт, қазақ әдебиеттерінің төл перзенті ретінде қарастырған заңды. Ақынның назирагөйлік бағытта жазылған шығармаларының бірі – «Нұрбатыр» қиссасы. Бұл шығарма жазылуы жағынан қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Ертарғын» тәрізді жырларына жақын келеді. Сонымен қатар Кашафутдин өзінің діни-ағартушылық бағыттағы шығармаларында жастарды ілім-білімге ұмтылуға үндеумен қоса, олардың жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуіне бағыт-бағдар сілтей білген ақынның бірі. Әсіресе, оның «Махулат» деген шығармасының өз заманында аса зор маңызы болғанын айтқанымыз жөн. Сондықтан ақын Кашафутдин Шаһмарданұлының есімін ұлықтай отырып, оның есімі Қарқаралы қаласындағы мектептің біріне беріліп, осындағы бір көше ақын есімімен аталса, нұр үстіне нұр болмақ. Сондай-ақ ақын шығармаларын қайта бастырып шығарудың да еш артықшылығы жоқ. Өйткені ол қазақ жастарының болашағын ойлаған асыл азамат еді, – дейді филология ғылымдарының канди-даты Зейнолла Салқынбаев. Кашафутдин Шаһмарданұлы, әл-Минзәләви Ас-Сөлеки әл- Қарқаралы (1864, Башқортстан, бұрынғы Уфа губ., Минзәлә уезі, Нәркей болысы, Сөлек а. – 1920) – ақын. Ұлты – башқұрт. Шаруа отбасынан шыққан. Ауыл имамынан тәлім алып, 1883-1892 ж.ж. Қазан медресесінде оқыды. 1982 ж. Уфада медресеге мұғалім болуға рұқсат алып, Семей өлкесі, Қарқаралы қ. Құнанбай қажы мешіті жанындағы медреседе оқытушы болып жұмыс істейді. К. – діни-ағартушылық бағыттағы ақын. Шығармаларының негізгі желісі – жастарды өнерге, білімге шақырып, дін жолын танып-білуге үндеу болды. Ол Ы. Алтынсаринның ізімен «Кел, балалар, оқылық» атты өлең жазды. 1897 ж. қазақтың 400-дей мақал-мәтелін «Ахуал» деген атпен бастырып шығарды. Ақынның «Махулат» (1897), «Манзурат» (1897), «Мінез» (1899), «Оқы, намаз» кітабы (1898), т.б. еңбектері оқу-білім, тәрбие, дін, ғылым мәселелеріне арналған. Ақын шығармаларын үш түрлі сипатта қарастыруға болады: автордың төл шығармалары, шығыстық үлгідегі қиссалары, халықтық фольклорды жинауы. Соның ішінде ағартушылық бағыттағы еңбектерінің жас ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеудегі орны ерекше. К.-нің 27 кітабы Орт. ғыл. кітапхананың қолжазба қорында, Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы. («Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. Т-4. Алматы, Қазақ Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ |
Предыдущий
Следующий