АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қасқабасов қағидаты

kaskabasov-2Әлемге танымал фольклортанушы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлық пен ТМД деңгейіндегі «Достастық жұлдызы» сыйлығының лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың есімін отандық ғылым мен жоғары мектеп зор мақтанышпен айта алады. Мұның өзіндік себебі бар: біріншіден, ол кісі – «тамшы тас жарады» дегендей, институтты бітіргеннен бір бағытта – ғылым бағытында күн-түн демей қызмет етіп жүрген қағидатшыл, талапты, бастамашыл азамат; екіншіден, біздің қоғамда «алпысыншы жылғылар» («шестидесятники») деген толқын бар, Секең – соған ғылым арнасынан қосылған әлеуетті өкіл; үшіншіден, Міржақып «Қайда едің?» деп сұрақ қойғандай, жауапты шақта – тәуелсіздік үшін күрес тұсында және Елбасымыз айтатын сындарлы жылдарда атқарушы биліктің салт-сана, ғылым-білім қанатын қатайтып Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков ағаларымен бірге Сейіт Қасқабасов та жүрді.

Халқымыз «болар балаға» жөргегінен баға береді. Нағашы жұртының қуғын-сүргін көріп, Жетісудан Алтай өңіріне айдалуы, өз әкесінің Абыралы көтерілісінен аман қалып, кейіннен Шығыстан Алматыға жауапты қызметке жіберілуі, Қазақ ұлттық полкіне қосылуы, полк таратылған соң Зайсанға колхоз бастығы қызметіне жіберілуі, соғыс басталғанда майданға шақырылып, фашизмге қарсы күресте Беларусь жерінде шейіт кетуі – әкеден бір жарым жаста қалған бала Сейіт бойында отаншылдықты, намысты, білімге құштарлықты, ортамен табиғи үйлесуді ерте оятқандай еді. «Бір аштықтың соңынан бір тоқтық бар, бір жамандықтың соңынан бір жақсылық бар» дейді ел нақылы. Нәресте күнінен ұлы даланың нәрін бойы­на жинап өскен жасөспірім саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға «кешірім» жасалып, нағашыларына еріп Алматы маңына көшіп келгенде, қазақ астанасы қайта өрлеп, зиялылықтың бүршігі гүл жарып жатқан шақ болатын. Ел ордасындағы № 12 мектеп (ол кезде №18 мектеп) білімі, Абай атындағы ҚазПИ-дің ғылым, білік негіздері боламын деп тұрған баланы болдырды, толамын деп тұрған жігітті толдырды. Әрі қарай Қажым Жұмалиев пен Нина Смирнова мектебінен әлем фольклористика мектебіне дейінгі «құс жолы» басталды.

Құс жолы – аспанда, адам жолы – жерде. Бірақ арман-қиялсыз жан фольклорға ене ала ма? Жердегі жол аспандағы жолдың көлеңкесі емес пе? Ендеше, осы жол жастарымызға тағылымды екенін қадап айтқымыз келеді.

Сейіт Асқарұлы 1940 жылы Семей қаласында дүние есігін ашқан. Әкесі дербес атты әскери бөлімде борышын өтеп, Шығыс Қазақстан өңірінің Зайсан ауданында басшылық қызметке тағайындалған. Бұл Асекеңнің беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті ерекше болғанын байқатады.

Екінші дүниежүзілік соғыс халықпен бірге Қасқабасов отбасына да қайғы-қасірет әкелді. Асекең соғыстан оралмады. Секеңнің анасы Әужан әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін Семей ет комбинаты үшін Қытай мен Моңғолиядан мал айдап әкелушілер қатарында аса ауыр міндетті атқарады. Бала Сейіт анасымен бірге 1947 жылға дейін осы ауыртпашылықты басынан өткеріп, еңбекпен жетілген азамат болды.

Әрине, Алматыға дейінгі кеудесі көмбе Әбдікерім нағашы атасы мен Жарқынай нағашы әжесінің тәлім-тәрбиесі және Жаңасемейдегі №5 орта мектептің білімі оның өмірлік темірқазығы еді. Бұл табиғи үдеріс Семейде қалай жүрсе, 50-жылдары Қаскелең өңірінде солай жүрді. Секеңнің ұлтын бөліп-жармай тұтас сүйетін жүрегі осылай бекіп, қайраттана түсті.

Білімнің тұнығынан су ішуді ойлаған Сейіт Асқарұлы 1959 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі. «Талаптының таңы ерте атады» дегендей, 1964 жылы 5-курста жүргенде-ақ алғашқы ғылыми еңбегі жарияланады. Осы жылы ол Қ.И.Сәтбаев пен М.О.Әуезов негізін қалаған Академиядағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына қабылданады. Жиырма төрттегі жігіт орыс тілінде 1968 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихын» жазуға қатысады. Қатары түгіл, аға толқын «қазақ ғылыми ойын орысша жеткізе алатын азамат келді» деп қуанады. Батасын береді.

1969 жылы Секең тың тақырып – «Қазақ қиял-ғажайып ертегілері» мәселесі бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Ол кездегі дәстүрге сай жоғары бағаланған диссертация жариялануға ұсынылады. Соның сәті түсіп, ғылыми жұмыс 1972 жылы жеке кітап болып жарық көреді. Жас ғалымның жұлдызды биігі басталады: бұл еңбек КСРО Ғылым академиясының ең таңдаулы кітаптар қатарына енеді.

Дей тұрғанмен, Сейіт Асқарұлының танымалдығы 1970-1979 жылдар аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы және «Ғылым академиясының хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы» журналының жауапты хатшысы болған шағында еселене түсті деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, бұл жерге ұлттың игі жақсылары және таңдаулы ғылыми ой-пікірі шоғырланатын.

Кеңес Одағының батыры, академик-фольклортанушы Мәлік Ғабдуллин осы кезде:

Сұрасаң фамилиямды Қасқабасов,

Берейін жазғаныңды тасқа басып, –

деп бір ауыз эпиграмма шығарған ғой.

Жыл өткен сайын Секең ғылымға тереңдей берді. 1979-1981 жылдары Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері ретінде ғылыми қауымға «Ертек пен эпостың сюжеттік типологиясы», «Қазақ ертегілерінің текстологиясы» т.б. зерттеулерін ұсынды. Қазақ аумағында қалмай, КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында (Мәскеу) аға ғылыми қызметкер міндетін атқарып, «Фольклор народов СССР и современность» және «Фольклорный теа­тр народов СССР» (КСРО Мәдениет министрлігі Өнертану институты дайындап шығарған) атты монографиялық еңбектерге қазақ фольклорлық мұрасы туралы арнаулы тараулар жазады. Бұдан да кереметі: ғалым «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларын орыс тіліне тәржімелеп, осы бойынша жаңаша зерттеулер жүргізеді. Бұл шақты одаққа С.А.Қасқабасовтың танылуы деп те, ұлт фольклористикасының жаңа деңгейге көтерілуі деп те атауға негіз бар.

Әрбір ғалымның көңіл тоғайтатын, тәубе дейтін биігі болады. Біздіңше, Сейіт Асқарұлы үшін ондай мезет 1984 жылы «Қазақтың халық прозасы» атты монографиясының жарық көруімен тұспа-тұс келді. Ғылымға келгелі негізінен орыс тілінде зерттеулер жазып жүрген Секең бұл еңбегін ана тілінде жариялады. Зерттеу ғылыми нысанасының айрықшалығымен, тұжырымдамасының айқындылығымен әдеби-мәдени ортаның ықыласына бөленді. Сондықтан, кешікпей Қазақстан Ғылым академиясының ең жоғарғы марапаты – Ш.Уәлиханов сыйлығын иеленді.

Кеңестік қайта құру мен жариялылық билікке жаңа ойлы азаматтарды тартуды күн тәртібіне шығарды. Өйткені, таптаурын оймен, іс-әрекетпен қоғам дамуына ерекше серпін беру мүмкін емес еді. Оның үстіне ұлттың оянуы, тәуелсіздік атмосферасын қалыптастыру – сол шақта Қазақстан билігіндегі елшіл азаматтардың шынайы мүддесі болатын. Сейіт Қасқабасов 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне шақырылып, алғаш идеология бөлімінің кеңесшісі, одан кейін Саяси үдерістер социологиясы орталығының жетекшісі болды. Осы қызметінде ол Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылық мұрасын ақтап, жариялау мен зерттеу туралы құжаттар мен басқа материалдарды дайындау ісіне білек сыбана кірісті. Бұл көп жағдайда жауапты қызметкерден функцияға сай жұмысты емес, азаматтық пен біліктілікті талап ететін.

Отаншыл ғалым мұнымен шектеліп қоймай, ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақын-жазушылардың шығармалары мен орасан көп фольклорлық мұраларды пайдалануға тыйым салған партиялық қаулылардың күшін жоюға бағытталған құжаттарды дайындады. Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне (бүгінгі Парламент) 1932 жылғы ашаршылық құрбандарын еске алу күнін белгілеп (жыл сайын 31 мамыр), оларға арналған монумент тұрғызуды ұсынды.

Ғылыми ізденістерін бір сәтке де тоқтатпай, 1989 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Одақ ғалымдары жұмысқа жоғары баға берді. 1991 жылы ол Финляндия Халық шығармашылығын зерттеушілердің халықаралық қоғамына толық мүше болып қабылданады. Осындай іргелі еңбектің негізінде «Казахская несказочная проза» атты монографиясы үшін ғалым 1992 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Енді ғалымның қайраткерлік соқпағы салалана түсті. 1991-1992 жылдары Секең ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті аппаратында мәдениет секторының меңгерушісі, Білім, жастар, туризм мен спорт бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл қызметте ел егемендігінің алғашқы құжаттарын, мемлекеттік рәміздерді таңдау, сараптау, ресімдеу жұмыстарына қатысты. Абайдың 150 жылдық, Сәкен, Мағжан, Бейімбеттің 100 жылдық мерейтойларын өткізу туралы қаулыларды дайындады, республикалық мерейтой комиссияларына мүше болды.

Әріптестері жақсы біледі, С.А.Қасқабасов тың немесе бастама жұмыстан ешқашан қашпайды. Қайта шын беріліп істеп, содан лайықты нәтиже шығарады. 1992 жылы ұлт тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Министрлер Кабинеті жанынан Жоғары аттестациялық комиссия (ЖАК) жасақталып, соның төрағалығына Елбасы Сейіт Асқарұлын тағайындады. Алғашқы ЖАК, алғашқы төраға ғылым саласын аттестациялау, білікті кадрлар даярлау сынды жаңашыл жұмыстарды ғылыми ортаның тілегі мен қағидатына сай орындап шықты. Қазақстан ЖАК басшысы бас­тамасымен Халықаралық мемлекеттік органдарды аттестациялау ассоциациясы – МАГАТ құрылды. С.А.Қасқабасов – осы беделді ұйымның бірінші төрағасы. «ЖАК туралы Ереже», «Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру тәртібі туралы ережелер» сияқты алғашқы заңнамалық құжаттарды дайындауға өзі тікелей жетекшілік етті.

Күлтегін ескерткішіндегі «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» дегендей, 1992 жылы ғалымның «Колыбель искусства» атты еңбегі жария­ланып, өнердің қоғамдағы орны ғылым мен парасат тұрғысынан сараланды. Тәуелсіздік мәдениеті мен өнеріне бұл әліппедей ізашар болды.

Сейіт Асқарұлы қай қызметте жүрсе де ғылымның бесігі мен өнердің әлдиін ұмытқан емес. 1994 жылы ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары қызметіне шақырылды. Бұл кезде аталған әдебиет зерттеу орталығын ұстаздардың ұстазы, академик Серік Қирабаев басқаратын.

Арада көп уақыт өтпей институт басшылығы Секеңе жаңадан ашылған Қолжазба орталығын басқаруды жүктеді. Бұл да тың құрылым еді. Ғалым 1995 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Бұл белеске зерттеуші құрқол келмеді: Абайдың 150 жылдық мерейтойы құрметіне «Абай және фольклор» атты еңбегін жариялады. Алматы мен облыс орталықтарында өткен ғылыми жиындарда дана ақынның шығармашылығына қатысты тың ойлар айтты. Ақын өлеңдері мен поэмаларын зерделеп оқудың, мәтін астарын түсінудің жолын нұсқады. Сондай-ақ, 1996 жылы халық поэзиясының алыбы Жамбылдың 150 жылдық мерейтойы аясында орыс тілінде ақынның бір томдық таңдамалы шығармаларын даярлап шығарды. Осы жылы ғалымға Жамбыл атындағы сыйлық берілді.

Академик С.А.Қасқабасов – жаңа елорда құру туралы Елбасы бастамасын қолдаған және сол қолдауын іс жүзінде көрсеткен ғалым. Ол 1997 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сол кездегі ректоры А.Құсайыновтың шақыртуымен келіп, осы жылдардағы Білім министрі Қ.Е.Көшербаевтың бас­тамасымен Үкімет қаулысы негізінде тұңғыш рет құрылған «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының (ҒЗО) директоры болды. Орталық еуразиялық ықпалдастықтың тарихи негіздері мен қазақстандық нұсқасы туралы бірнеше ғылыми жинақ шығарып, жобаларды орындады.

2000 жылы университет басшылығы Сейіт Асқарұлына жаңадан ашылған шығыстану факультетінің деканы қызметін қоса жүктеді. «Аз уақытта, аз шығынмен» дегендей, ғалым бүгінгі халықаралық қатынастар факультетінің негізін қалады. Сыртқы істер министрлігімен және Алматы мен Астанада орналасқан әлемдік ұйымдардың өкілдігімен тығыз жұмыс істеп, абырой биігінен көрінді.

Халқымызда «Сабақты ине сәтімен» деген сөз бар. Оның үстіне сол жылдары Елбасы Алматының мәдениет және ғылым орталығы ретінде қалыптасып дами беретінін қадап айтқан-ды. Осы уақытта әдебиет ғылымның қара шаңырағы иесіз қалғандай күй кешкен. Мұның зардабын түсінген академиктер С.Қирабаев пен З.Ахметов Үкіметке және министрлікке жанайқайға толы арнайы хат жазады. Бұлай болмауы керегін жеткізіп, институт басшылығына осы ортадан шыққан білікті ғалым С.А.Қасқабасовты тағайындауды сұрайды.

2001 жылдың 26 қыркүйегінде С.А. Қасқабасов М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып тағайындалды. Кешікпей Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Ғалымның жетекшілігімен «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдығы және «Қазақ өнерінің тарихы» 3 томдығы жарық көрді. Елбасының тікелей бастамасымен және қадағалауымен атқарылған қайталанбас ғасырлық жұмыс – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 100 томдық «Бабалар сөзі» шығып, оны халық биік рухпен қабылдаса, осы идеяны жүйелеп, орындаған да С.Қасқабасов екенін зиялы қауым жақсы біледі. Сондай-ақ, 5 томдық «Қазақ музыкасының антологиясы», 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» оқырманға жол тартып, Әдебиет институтының әлеуеті мен әлемдік беделін көтерді.

Үлкен ғалым жеке өнегесімен үлкен жолды бас­тайды. Ғылыми ұжымды жұмылдыру бір басқа да, соларға үлгі болып, күн-түн демей еңбек ету бір басқа. С.А. Қасқабасов фольклор, мифология, мәтінтану, этнография, өнер мәселелерін зерделеп, 2000 жылы «Золотая жила» (екі томдық), 2002 жылы «Жаназық», 2008 жылы «Елзерде», 2009 жылы «Ойөріс» атты кітаптарын оқырманға ұсынды.

Академик Сейіт Асқарұлы еңбектері фольклор құбылыстарының қатпарына терең бойлаумен, тұжырымдарының жаңашылдығымен, ғылыми нысанасына кешенді қарауымен ерекшеленеді. Ғалым халық шығармашылығының ежелгі түп-тамырынан бүгінге дейінгі даму жолдарын, қазіргі жаһандану заманындағы жұмбақ иірімдерін классикалық фольклортану, әдебиеттану, өнертану қағидаттары аясында саралайды.

2003 жылы «Еуразия халықтарының эпосы» сериясымен Мәскеуден орыс тілінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» жинақтарын жариялап, жаңа Ресейге тәуелсіздіктің құндылықтарын жеткізді. Осы жылы Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Соңғы он жыл ішінде Түркияда – «Қыз Жібек» жырын, Оңтүстік Кореяда – қазақ ертегілерін, Қытай мен Ресейде – ұлт фольклоры ерекшеліктерін кітап, ғылыми мақала, баяндама пішімінде насихаттауы академиктің таңдаған саласына адалдығын, қағидатшылдығын көрсетеді.

Қағидатшылдық дегеннен шығады, Сейіт Асқарұлының ҚР Премьер-Министрі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық кеңес мүшесі ретінде гуманитарлық ғылымның бүгінгі жағдайына және оны дамытуға байланысты сындарлы, байыпты ой-пікірі мен ұсынысы атқарушы биліктің де, ғалымдардың да көкейінен шыққанына талай куә болдық. Осы ретте академиктің кәсіби маман ретіндегі қағидаттарынан айқындық, нақтылық, елшілдік аңғарылатын.

Елбасының өзі бастаған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты жиындарда, ЮНЕСКО-ИСЕСКО, ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдардың басқосуларында академик С.А.Қасқабасов пікірі әлеуетімен ерекшеленгенін мақтанышпен айтамыз.

Шәкірт тәрбиелеу – Сейіт Асқарұлының азаматтық-ғылыми ұстанымын айқындай түсетін қасиет. Оның жетекшілігімен фольклортану, мәтінтану, әдебиеттану, өнертану мәселелері бойынша 13 докторлық, 27 кандидаттық диссертация қорғалыпты. Бұл орайда ғалым сан қумай, сапаға мән беретінін ғылыми орта жақсы біледі.

2012 жылы ғалым, қоғам қайраткері С.А.Қасқабасов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қайта шақырылды. «Астанаға Қасқабасовтай академик керек» деп, бізге ұсыныс айтқан зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар аз болмады. Секең шақыртуымызды қабылдап, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болуға келісімін берді. Сөйтіп, бұрыннан бастаған елеулі жұмыстарын елордада жалғастырды. Сол жылы ғылым мен білім саласындағы ТМД мемлекетаралық «Достастық жұлдызы» сыйлығының иегері атанып, ол марапатын РФ Мемлекеттік Дума төрағасы С.Е.Нарышкиннің қолынан алды.

ҚР Қорғаныс министрлігі басшылығымен бірлесіп 10 томдық «Ержүрек» жинағын, ЕҰУ ғалымдары әлеуетімен «Айтыстану» ғылыми жинағын даярлап бастырды. Кафедраға жаңашыл ғалымдарды топтастырып, бірнеше ғылыми жобаны жүзеге асырды.

Ғалым биылғы мерейтойлық межесінде оқырманға 5 томдық таңдамалы жинағын ұсынды. Осының бәрі – талай жылғы жүйелі де табанды ғылыми-шығармашылық еңбектің арқасы.

Әрбір университет ғалымдарымен мақтанады. Лайықты тұлғаны құрметтеу – бір ұжымның ғана емес, ұлттың парызы. Жүз томдықпен ұлтына олжа салған академикті қадірлей отырып, оның асыл қағидаты – мұра арқылы ұрпақтың рухани және ғылыми деңгейін көтеруді естен шығармауымыз қажет.

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик.