АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАСЫМҒА ҚҰРМЕТ ТОЛАСТАМАУЫ ТИІС

Жақында қазақтың батыр ұлы, әйгілі партизан, жазушы Қасым Қайсенов туралы төрт бөлімнен тұратын көркем телехикаяның тұсауы кесіліп, ол еліміздегі екі бірдей телеарнадан көрсетілді. Бұл туындыны Қазақстан, Украина және Ресей мамандары бірлесіп түсірген. Содан болар, фильмнің сапасы өте жоғары деңгейде. Әрі сюжеті де қисынды, тартымды етіп жасалған. «Қасым» телехикаясы продюсерлерінің бірі, КТК телеарнасының басшысы Арман Шораев «Жас қазаққа» бұл туындының қалай түсірілгені туралы және өзге де жобалар жөнінде айтып берді.  

Жас қазақ: Неге дәл Қасым Қайсенов таңдалды? Басқа да батырларымыз көп қой…
Арман Шораев: Әрине, батырларымыз көп екені рас. Біз бұл тұрғыда көп ойландық. Әлия, Мәншүк, Бауыржан Момышұлы туралы Кеңес үкіметі кезінде көркем фильмдер түсірілген. Қасым да – біз мақтан тұтар азаматтардың бірі. Ол да, лайықты бола тұра, Бауыржан атамыз сияқты Кеңес Одағының батыры атағын ала алмады. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Халық қаһарманы атанды. Қасым атамыз бұдан да артық құрметке лайық. Сол құрмет толастамауы тиіс. Ерлігін жастарға, келешек ұрпаққа өнеге етіп көрсету керек. Ал енді қазіргі жастардың көбі кітап оқымайтынын білесің. Барлық ақпаратты сол кино, телевизия, ғаламтор арқылы алады. Сондықтан осындай бір әдемі телехикая түсірсек деп ойладық. Қазіргі дамыған технология бұған мүмкіндік беріп отыр. Әрі Қасекеңнің әруағы бір аунасын деп, осы ұсынысты мен ресейлік әріптестерімізге айттым. Кезінде КТК-мен бірлесіп «Офицер мырзалар» («Господа офицеры») сериалын шығарған ресейлік Intra Communications деген үлкен кинокомпания бар. Сондағы мамандармен кездесіп, «бұрын да мықты телехикая түсіргенбіз. Енді неге соны әрі қарай жалғастырмасқа?» деп…
Жас қазақ: Бұл сіздің идеяңыз ба?
Арман Шораев: Иә, менің идеям. Бұл идея осыдан екі жылдай бұрын туындаған болатын. Мені бір қуантатыны, жаңағы орыстардың компаниясы, сосын Украинаның FILM.UA компаниясы «Қасым» фильміне өз ақшаларын да салды. Біз жақтан үш телекомпания («Қазақстан», КТК, «Еуразия» – ред.) бар, телехикая бес жақтан бірдей қаржыландырылды.
Ал басында мен біраз ақша іздеп әурелендім. Сценариін Андрей Курейчик деген белгілі ресейлік сценариске жаздырған едік. Оған о баста өзім хабарластым. Ғаламтордан Қасым ағамыз туралы біраз мәліметті жинап алған едім. Ол – соғыс туралы, тағы басқа мықты киноларға сценарий жазған кісі. Андрей «Қажет болса, тегін-ақ жазып берейін. Өйткені маған бұл өте қызық», – деді. Сценарийді екі айдың ішінде бітірді. Сол сценарийді құшақтап бармаған жерім жоқ. Шығыс Қазақстан облысының басшылығына да хабарластым. «Жерлестеріңіз ғой, көмектесіңіздер» дедім. Өйткені бюджеті өте қомақты болатын. Кейіннен бірінші Құдай қолдап, сосын өз әріптестерім, сол кезде «Еуразия» Бірінші арнасының басшысы болған Ләззат Жүнісова, қазіргі басшысы Сергей Киселев, «Қазақстан» ұлттық арнасының басшысы Нұржан Мұхамеджанова, жаңа атап өткен екі кинокомпания қолдап, бесеуміз қажетті қаржыны бес бөліп жинап, бір бүтін жасадық. Сериалды өзің көрген шығарсың?
Жас қазақ: Әрине, көрдім. Маған ұнады.
Арман Шораев: Бәріміздің де көңілімізден шықты. Өте сапалы жасалған. Ресейлік мықты режиссер Леонид Белозорович бас кейіпкерді сомдаған актерді өзі таңдады. Ол біздегі қаншама актерді қарады. Ақыр аяғында Қуандық Қыстықбаевқа тоқталды. Бірақ басында Қуандықтың салмағы жарамады, ауыр болатын. Түрі де аздап келіңкіремеді. Сондықтан оған режиссер түрлі талап қойды. Қуандық оның бәрін орындады. Мысалы, ол кәдімгі әскери бөлімдегі барлау ротасына барып жаттықты. Сондағы сарбаздармен бірге жүгіріп, 10 келіден аса салмақ түсірді. Самбоның да тәсілдерін үйреніп, өзі де нағыз партизанға ұқсап шыға келді.
Жас қазақ: Фильмге ақша іздеп біраз әурелендім дедіңіз. Оған жалпы қанша қаржы жұмсалды?
Арман Шораев: Келісімшарт бойынша, бұл коммерциялық құпия саналады. Бірақ айтып қояйын, оған жұмсалған қаржы Ресейдегі ең мықты деген сериалдың бюджетінен еш кем болған жоқ. Сапасы да соған сай.
Жас қазақ: Сценариін жазған Курейчик туралы мәліметтерді ғаламтордан қарадым. Ол «Любовь-морковьтың» сценариін жазған екен. Ал мынадай салмақты тақырыпқа не үшін оны тарттыңыздар?
Арман Шораев: Мен коммерциялық телеарнаның басшысымын ғой. Жаңағы кинокомпаниялар да жекеменшік. Өзің білесің, көрермен ұнатқан кино коммерциялық жағынан да дұрыс жоба боп саналады. Сол жағын да ойладым. Телехикаяда отаншылдық та насихатталады. Бірақ оның барлық көрерменге тартымды болу жағын да ойлауымыз керек. Ал жаңа өзің айтқан «Любовь-морковь» Ресей кинопрокатында бірінші үштікте тұр. Курейчикті таңдағанда, осы жағын да ескердік.
Жас қазақ: Ол «Қасым» фильмінің сценариін қандай дерекке сүйеніп жазды?
Арман Шораев: Қасым атамыздың өзі жазған кітаптары бар, ол туралы да жазылған кітаптар бар, ақпарат құралдарына шыққан сұхбаттары бар, соларға сүйенді. Сосын бұл – деректі емес, көркем фильм. Оның жартысы ойдан шығарылады. Әрі бұл – жиынтық бейне. Ал енді кейіпкердің нақты өмірін алатын болсақ, ол 4 емес, 24 серия болар еді. Ішінде шынайы жағдайлар да бар. Мысалы, парашютпен секіріп, шіркеудің кресіне ілініп қалғаны. Сол кезде оны деревня тұрғындары пайғамбар екен деп ойлап қалыпты. О кісіні бір жұмадай күткен. Сондықтан бұл фильмде шындық та, басқа да бар. Ал нақты шындығы – Қасымның батыр болғаны, оның түрлі тығырыққа тірелгенде, жол таба білгені. Ең бас­тысы – біз соны көрсеттік. Фильмді Қасым атаның туыстары да көрді. Бәрінің көңілінен шықты.
Жас қазақ: Техникалық жабдықтауы, түсіру алаңы қазақтікі емес сияқты…
Арман Шораев: Иә. Бұл сериал басынан аяғына дейін Украинада түсірілді. Тіпті қазақтың даласы, яғни бас кейіпкердің бала кезі сондағы Аскания-Нова деген қорықта түсірілген.
Жас қазақ: Коммерциялық мақсат туралы айттыңыз. Ендеше, неге үлкен экраннан көрсетпедіңіздер?
Арман Шораев: Үлкен экранға оны басқаша дайындау керек. Біріншіден, сценариі қысқаруы тиіс. Бірақ олай істесек, тым қысқа боп қалатынын о баста түсіндік. Бірақ мұны еліміз тұрғындарының басым көпшілігі көрді. Оны рейтингке сүйеніп айтып отырмын. Мұндай рейтинг бізде ешкімнің де түсіне кірмеген. Биліктегі адамдар да көрді. Енді қайтадан тапсырыс түсіп жатыр. «Қасым туралы фильмнің жалғасын жасаңдар, үкімет ақша береді» деді. Бұл да бір жетістік. Сосын тағы бір жоба бар. «Жас қазаққа» шағын құпиямды ашайын. Жаңағы аталған телеарналармен бірлесіп Әлия Молдағұлова туралы да дәл осындай мықты телехикая түсірмек ойымыз бар.
Жас қазақ: Мынадай сын да айтылып жатыр: Қасым екінші планда қалып қойған жоқ па?
Арман Шораев: Ол екінші планда қалған жоқ. Қалай болғанда да, ол басты кейіпкер. Сосын Қасымның партизан болғанын, астыртын әрекет еткенін ескеру керек. Кей тұста көрінбей қалып жатса, осыдан деп ойлаңыз. Және бұл тек қана Қазақстан көрермендеріне арналған емес. Украина, Беларусь, Ресей телеарналарынан да көрсету үшін шығарылған. Солардың бәрін ескеріп, басқа кейіпкерлер де (орыс, украин) одан кем болмасын деген ортақ бір мәмілеге келдік.
Жас қазақ: Телехикая «Қазақстан» және «Еуразия» арналарында көрсетілді. Ал сіз басқарып отырған арнаның экранына ол қашан шығады?
Арман Шораев: Фильм КТК-да 22 маусым күні көрсетіледі.
Жас қазақ: Қай тілдегі нұсқасы?
Арман Шораев: Екі тілде де.
Жас қазақ: Сіз ұлттық жобаларға ұйытқы болып жүрсіз. Солардың арасында «Қазақстан Барысының» орны ерекше. Бұл сайыс болашақта дами бере ме?
Арман Шораев: Жақында іріктеулердің бәрі бітті. Әуелі ауылдарда, сосын аудандарда өткіздік. Облыстық сайыстар да аяқталды. Биыл да аяқ алысымыз жаман емес. Оның үстіне, ол Ұлт Көшбасшысының жүлдесі үшін деп өткізіледі. Сондықтан жігіттерді Елбасымыздың туған жері – Үшқоңырға апарып, сол жерге киіз үй тігіп, адал күресуге, ережелерді сақтауға ант бергіземіз. Осылайша, жылдан-жылға әртүрлі шараларды қосып жатырмыз. Сондықтан оның дами беретіні де сөзсіз.
Жас қазақ: Ұлттық жоба демекші, бізде өзіміздің түпнұсқа тележобалар жоқтың қасы. Мұны көптен бері айтып та жүрміз. Ал сіздің осы тұрғыда ойыңыз қалай? Ресейден көшіреміз көбінесе. Өзіміздің түпнұсқа хабарларды жасай алмаймыз ба?
Арман Шораев: Неге? Жасай аламыз. Жасап та жатырмыз. Мысалы, біздің «Бешбармақ-шоуда» өзіміздің ұлттық асымызды насихаттаймыз. Екінші жыл болды. Қалың көрермені бар. Бірақ оны да сынап жатыр…
Жас қазақ: Иә, «бешбармақ» сөзіне байланысты. Бұл бізге де ұнамайды. Осы сынға қатысты сіздің ойыңызды білгіміз келеді.
Арман Шораев: Меніңше, «бешбармақта» тұрған ештеңе жоқ. Оны «ет тамақ» деушілер бар. Ал ет тамақтың түрі көп қой. Мысалы, қуырдақ, кәуап. Ал «бешбармақ» дегенді бәрі біледі. Тіпті мейрамханалардың ас мәзірінде «бешбармақ» деп тұр. Бізде Тіл комитеті бар ғой. Олар ешқандай наразылық білдірген жоқ, бізге хат жіберген жоқ. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді ғой, бір қазақ «дұрыс» десе, бір қазақ «бұрыс» дейді. Ал меніңше, оның атауы емес, мазмұны маңызды.
Жас қазақ: Болашақта қазақ көрерменін тағы қандай жобалармен қуанта аласыздар?
Арман Шораев: Студиялар жаңартылып жатыр. Олардың өзгертілмегеніне бірнеше жыл болыпты. Бұл алдағы жаңа телемаусымға жоспарланған. Қазақша сараптамалық бағдарлама жасау да ойымызда бар. «Асар» атты реалити-шоу шығармақпыз. Оған жер телімдерін алып қойдық. Аты айтып тұрғандай, бұл жерде асарлатып үй саламыз.

Әңгімелескен  Оразәлі Баймұрат

Жас казак газетiнен алынды