АЛТЫНОРДА
Новости

Қауіпті аймақтан қазақ та қасірет шекті

Талғат СҮЙІНБАЙ, Чернобыль ардагері


– Тәке, осыдан 27 жыл бұрын Чер­но­быль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға аттанған қазақстандықтардың бірі өзіңіз. Ядролық жарылыстың адам өміріне, денсаулығына өте зиян екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан оның зардаптарын жоюға еріктілер барды дегенге сену қиын. Оған кімдер жұмылдырылды?
– Қандай ақыл-есі дұрыс, дені сау адам атом апаты болған жерге өз еркімен сұранып барады? Оның үстіне ядролық жарылыс зардабының қалай болып келетінін бір кісідей білетін жайым бар еді. Өйткені мен химиялық қорғаныс әскерінде жауынгерлік қызметімді өтегенмін. Астана маңындағы Вячеславка су қоймасының түбінде сол жылдары қоныс тепкен №20040 әскери бөлімде рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары (замполит) қызметіне үш ай­лық курстан өтіп, офицерлік билет ал­ғанмын. Бұл 1980 жылдың күзі еді. 1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасының 4-энергоблогында жарылыс болды деген «Правда» газе­тін­дегі қысқа хабарды оқып, елең еттік. Жү­регіміз бір жамандықтың болғанын сезді…

– Ол кездегі Кеңес армиясының тәр­тібі бәрімізге мәлім, содан сіздер сияқты за­пастағы химиктерді жинап алды да, аз уақыттың ішінде аттандырып жіберді ғой шамасы?
– 24 сағаттың ішінде жинап, аттан­дыр­ған алғашқы топтан еңбек дема­лы­сында жүргендіктен қалып қойыппын. Ал­маты облыстық «Жетісу» газетінің тіл­шісі едім. Қазақстанға Колбин келді. Жел­тоқсан оқиғасы болды… 1987 жа­ңа жылды Қазақстан жабырқау қарсы алды. Саяси қуғын-сүргін басталды. Қыз­меттің тұтқасында жүрген танымал аза­маттар әрі-сәрі күй кешті. Кезек­ші­лікке баратын болғандықтан, редакцияға түс әлетінде келгенмін, хатшы қыз Күлия «Сізді редакторымыз шақырып жатыр?» деді. Мамадияр Жақыпов ағамыз салған жерден «Осында «Қазәскеркомнан» екі прапорщигі сені іздеп, дігірлеп жүр. Ау­ғанс­танға шақырып жатқан жоқ па екен?» деді. Ол кезде Ауғанстанда да қан төгіліп жатқан, өзің білесің. «Жоқ, аға, Чернобыльге…» дедім. «Бұл заман қалай болып кетер екен» деген сұраулы кейіп­тегі бастығым, кенет, «бір таныс әскери полковнигім бар еді… таптырмайтын тілшім еді, өзімізге де қажет болып тұр деп айтып көрейін…» дегенше болған жоқ, ішке әлгі екі прапорщик ентелей кірді. Содан мені «ГАЗ-66»-ның қорабына отыр­ғызған күйі қазіргі Наурызбай батыр көшесіндегі әскери комиссариатқа алып келді.

– «Қазәскерком» ол кезде Қазақ­стан­дағы ең үлкен әскери ұйым еді ғой. Сол жерде тапсырманың мән-жайын түсіндір­ген шығар?
– Республикалық әскери комис­сар­дың саяси істер жөніндегі орынбасары Гедрович деген жылмиып күліп жүретін полковник еді. Тілдей қағаз ұсынды, онда: «Сіз… СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің жүк­теген мемлекеттік тапсырмасын орын­дайсыз!» деп жазылыпты. Коммунист-журналиске, кең-байтақ Отанның ша­­­пағатымен тәрбиеленген патриоты-на шегінер жол жоқ, қол қойдым. Осы бөлмеде сапарға аттанатын запастағы 45 офицердің 10-ы мен секілді саяси жетек­ші екені мәлім болды. Біз 1986 жылдың мамыр айында төтенше шақырумен сонда барған офицерлерді алмастырады екенбіз. Сол күні 70-разьездегі әскери бөлімнен киім-кешек алып, бір күн бала-шағаның қасында болып, шалбардың балағын тігіп, қысқартып, погонға лейтенанттың жұлдызшаларын қадап, таңертең жолға шықтық. «Қазәскер­комнан» аэровокзалға қарай саппен жүріп келеміз. Байқағаным, көшедегі жұрт әскери киімдегі біздің шоғырға үрей­лене көз тастап бара жатты. Жел­тоқсан оқиғасына бір ай толған, 19 қаң­тар…
Аэровокзалда тұрып қолым қалт еткенде телефон-автоматқа 2 тиын са­лып, «Жетісуыма» телефон соқтым. Әлі де болса «редактор мен полковниктен…» үміттенгендік шығар, бәлкім, біл­мей­мін… Телефонды бөлімдегі басты­ғым Гүлсан Сағымбекова көтерді. «Колбин қазақ­тар­ды қырып жатыр, – деді ол жы­ламсырап, – ЦК-ның бюросында жаңа ғана Балғабек Қыдырбекұлын «Социа­листік Қазақстан» газетінің редактор­лығынан босатты…» Алыс сапар алдын­дағы Алматыдан естіген ең соңғы жа­ңа­­­лығым осы болды. Шынымен, көңі­­­­лім құлазып қалды. Гүлсан үлкендік қам­қорлығын білдіріп, мұңая сәт-сапар ті­леді.

– Алғаш барғанда қандай көріністерге тап болдыңыздар?
– Жолай біз куә болған бір қызықты ай­тып өтпесем болмас. Ұшақ Киевке жет­пей, Оңтүстік Кавказ аймағының Ми­­­неральные Воды қаласында бір да­мылдап алады екен. Сол күндері тұмау­ратып жүр­генмін. Ығы-жығы адам нө­піріне әуел­де онша мән бермеппін, ілінген жерге тыныштық іздеп отыра кеткенмін. Басымды көтерсем, о, тоба, мынау тура біздің Шымкенттің вокзалы ғой. Қара­құрым халықтың түсі де қара-күрең. Әйел­дері біздің жеңешелеріміз секілді орамалды шарт байлап алыпты. Әң­гімелеріне құлақ түрсем, біздің тілге ұқ­сас. Таң-тамашамын. Алматыдан шықпай жатып-ақ жігіттермен танысып үлгергенбіз. Осы екі арада Қадіржан Диханбаев деген аға лейтенант жігіт келе қалды. «Талғат, жүр далаға, туысқандар таптық…» дейді күлімсіреп. Құмық, ноғай жігіттер екен. Денелері ірі, бойшаң. Жатсынбай, құшақтасып амандастық. Бәрінің сұрайтыны «Алматыда не бол­ды?» «Времяның» кешкілік жаңалығында «Алматыда студент жастар наша шегіп алып, бұзақылық жасады» деген хабар таратылған. Бұзақылардың ел астана­сының бас алаңында машина өртеп жатқанын көрсеткен. Бұрын-соңды мұн­дай оқиға Кеңес Одағында болып па еді? Қап тауындағы бауырлар мұның бәрі Алматыға орыс басшы барғанына қарсы бол­ған наразылық екенін біліп тұр. Ішін­дегі бір сыйлы жігіт сөз алды: «Біз­дер – бауырлармыз, сіздермен біргеміз. Сіздер­ді Чернобыльге әдейі жіберіп жатыр… Енді бұл Алланың ісі, сақ болыңдар, бауыр­лар. Естуімізше, радиацияға арақ ішкен көмектеседі екен. Амал қанша, реті келсе, ішіп тұрыңдар. Біздің қолы­мыздан келер басқа көмегіміз жоқ» деді. Көңіліміз босады. Бәкенелеу бір туыс­қанымыз бір бөтелкенің аузын ашып, бәрі­мізге жеткізіп арақ құйды, өздерінен әл­гінде сөйлеген жігіт Ибрагим ішті. Қош­тастық…

– Мына әңгімеңіз шынында, қызық екен. Содан тура Чернобыльдің өзіне келіп та­бан тіредіңіздер ме?
– Жоқ, аяқ суыттық. Біздің полк апат бол­ған жерден батысқа қарай 40 ша­қырым жерде, Белоруссия аймағанда ор­наласыпты. Қар қалың. Содан мамыр айы­ның 10-на дейін осында әскери тілмен айтқанда, «офицерлер шалбар тоздырып, солдаттар қар күреп» жаттық. Байқағаным, төңіректегі селоларда кілең мектеп жасындағы балалар мен кәрі-құртаң қалған. Дронки деген үлкен селода тіршілік белгісі жоқ. Тым-тырыс. Бұл – үрейлі көріністердің алғашқысы екен. Біздің бұлайша әрекетсіз қоныс тебуіміз төңіректегі тұрғындарға «мына солдаттар да адам баласы, радиациядан өлмей-ақ тұрып жатыр» дегенді көз ету болды ма екен деген ой келетін кейде бізге. Әскери қызмет күнделікті өз ретімен жүре берді. Көмек сұраған алыс-жақын маңдағы шаруашылықтарға қуатты техникалар жіберіліп тұрды. Төрт ай бойы бар техника мен жауынгерлерді көктемгі «ұрысқа» дайындадық. Айтпақшы, «дембель офицерлер»  тозақ отынан құтылғанына шүкіршілік айтып, елге қайтуға дайындалып жатты. Бұлар тәжіктер мен қазақтар еді. Әр­қай­сысы 25 рентгеннен сәуле алған. Бұл – соғыс жағдайындағы мөлшер. Ал 50 рентген адам сүйегінің майын қуратып жібереді… Олар бізге апатты реактордың аймағында 3 секундта 1000 рентген ала­тын нүктелердің құпия картасын ама­наттады. Әлі ұмытпаймын, ол нүктелер­дің лақап аты «Лена», «Саня», «Катя», «Ма­ша» болып жалғасып кете беретін. Әріптестердің айтуынша, «Ленадан» сақтану керек! Сызбаларды мұқият түрде жадымызда сақтаған соң, картаны өртеп жібердік. Айтқандай-ақ, айрықша, бөлімнің шегір көздері артымыздан түсіп алды. Сұмдық! «Көрмедік, білмедік» деге­німіз үшін олар бұл оқиғаны Алма­тыдағы Желтоқсан оқиғасымен тамыр­ластыруға дейін барды. Арамызда «жан­сыздардың» барын сол күні ұқтық! Ол ұзақ әңгіме.

Офицерлердің түрлері бозғылт тар­тып, қан-сөлсіз, сұп-сұр болып жүрді. Тек жымиып күліп, елге қайтатындарына қуана береді. Басшылық біздің көңіл күйімізді бұзғысы келмеді ме, әлде ай­рықша бөлімнің тапсырмасы ма, олар­дан тез құтылды. Әрбір үш күн сайын саусақтан қан тапсырып, бақы­лауға алындық. Демек, аса қауіпті аймақтамыз. Швеция «радиациялық бұлт астында қалдық» деп шу көтеріп жатқанда, екі ортадағы Белоруссия жерінен не тамтық қалды дейсіз. Зеріккен солдаттар Гор­бачевтің қайта құруы мен жеделдету ре­формасына арнап анекдоттар мен өлең­дер шығара бастады. Соның бірі былай болып келетін:
Ускорение – важный фактор,
Но… не выдержал реактор…
Айрықша бөлімнің тіміскіленген офицерлері оның авторларын таба ал­май, күйіп-пісті. Сөйтіп жүріп сәуірге де жет­тік.

– Менің ақпарат көздерінен білеті-нім, Чернобыль стансасының аймағын 30 шақырым радиуста тікенек сыммен қоршап тастаған. Сонда сіздер сол аймаққа кірген жоқсыздар ма?
– Ойбай-ау, бізді санторийге апарған жоқ қой… Қар кетісімен, «көрінбейтін аса қауіпті жаудың» бекінісіне лап қоюға дайындалу үстінде едік. КСРО тарихында 22 сәуір қандай күн, білуге тиіссің?
– Ұлы көсем Владимир Ильич Лениннің туған күні….
– Иә, сол күні есіңде болса, Кеңес Ода­­ғы бойынша Лениндік «қызыл сен­бі­лік» өтуші еді. Полктің бас наси­хат­шы­сы капитан Неганов деген азамат: «Сен журналиссің ғой, болашақта бір қажетіңе жарар… Бес солдатыңды ал, менімен бір­ге жабық зонаның ішіндегі Ұлы Отан со­ғысы ардагерлерінің ескерткіштерінің жұлдызшаларын бояймыз, шөбін таза­лаймыз. Таңертеңгі тамақтан соң жүре­міз» деді. Полктің барлаушылар ротасы берген карта бойынша қоршауда қалғанмен,  заласыз деген 8 село, орман ішіндегі 3 обе­лискілерді бір күнде аралап, бар­лаушылар салған сүрлеумен 140 ша­қы­рым жол жүрдік. Әрбір селоның зира­тын­да мраморға, болмаса темір тақ­­­таларға жазылған тізім шығады… Онда соғыста мерт болған жандардың фамилиясы. Осы күнге дейін көз ал­дымда, ең бірінші Абдрахманов тұратын… бір емес, бірнешеуі қатар жазылған. Асыл­баев, Дүйсебаев, Жотабаев, Нұр­пейісов, Қайырбаевтарды қазақ демей көріңізші. Бұрмаланған аты-жөн бастан асады. Ақыл-есіміз бүтін пендеміз ғой, радиоактивті шаңның астында шап­қы­лайтындай дәл осы «қызыл сенбі­лік­тің» қажеті қанша еді деген ойдың болғаны да рас, әуелде.

Парышев деген колхоз кеңсесінің ал­­дындағы ескерткішті көргенде ол ойым­­нан арылдым. Екі солдаттың ес­керт­кішіне «Кеңес Одағының Батыры, гвардия кіші сержанты қазақ Аухадиев Қойгелді, аға лейтенант осетин Бутаев Георгий­ Дани­лович» деп жазылыпты. Ескерткіштегі жұлдызды өз қолыммен боядым… Қой­гелді батыр Семей об­лы­сының Көкпекті ауданындағы Өрнек ауылында 1907 жылы туған, 1943 жылы 29 қыркүйекте Пары­щев­те (Киев облысы, Иванков ауданы) жер­ленген деген сөздер тасқа қашалыпты. Кейін жаппай де­зак­тивация басталғанда, ол селоның атын ұмытқан емеспін, жол үстінде еді, арнайы бұрылдым. Қасыма әдейі ертіп алған солдаттарымның қата­рында ба­тырдың жерлестері, көкпек­ті­ліктер – Шарбақбаев Сағындық, Әкім­баев Кенжебек, жар­ма­лық Ақаев Аслан, семейлік Ерубаев Сиязбек, Ешенов Бейсенбай, Жұмабеков Нұрлан болды. Батыр ағамыздың ескерт­кіші қасында оты­рып соңғы рет тағзым еттік. Қалта блок­нотыма «27 мамыр, 1987 жыл, Па­рыщев» деп түртіп қойдым. Бұл жерге қа­зақ түгілі енді мәңгілікке адам ба­ла­сы­ның аяқ басуы екіталай еді. Ме­нің сана­лы өмірімдегі соңғы «қызыл сен­біліктің» соңғы бір тигізген пайдасы сол.

– Радиация адамға ең алғаш қалай әсер етеді? Сіздер одан қалай қорған­дыңыз­дар?
– Аздап бас айналу, жүрек атқақтай со­ғып, лоқсу, тамақ құрғап, кеберсу – міне, радиацияның алғашқы әсер ету белгілері – осылар. Дәкеден жасалған ар­найы тұмсыққапты шешіп жүрсең, тісіңмен өте майда жабысқақ құм шай­нағандай әсерде қаласың. Қауіпті зона­ның ішінде де, сыртында да әрбір солдат пен офицер тәулік ішінде қанша милли­рентген доза алғаны мұқият жазылып тұрды, тәртіп бойынша! Мұның барлығы жай ғана бізді алдау үшін жасалған ша­ралар екендігін 1991 жылы бір-ақ білдік. «Известия» газетіне берген сұхбатында КСРО Гидрометеорология орталығы-ның бас директоры Израэль «Чернобыль аймағында әскерге берілген барлық до­зиметрлердің көрсеткіші төмендетіп қойыл­ған еді…» деп мойындады. Өт­ті-кетті, амал қанша!

– «Өзін апаттан қорғай алмаған құт­қару­шы – өлі құтқарушы» дейді. Сонда әскери зардап жоюшылардың барлығы да ра­диациядан уланғандарын білмей, ал­дан­ған болды ғой?
– Біздің полк жарылмаған 3 блоктың іші-сыртын залалсыздандырумен ай­налысты. Жауынгерлер реактор ішінде күніне небәрі бір сағат, кей жерде екі сағат болып, тазалайды. Арнайы ұнтақ­тар, арнайы техника бар. Химиялық қор­ғаныс әскерінің барлық құрал-жабдықтары қатыстырылды. Жауынгер­лердің қолына екі сағаттық «майданға» шығардың алдында үш түрлі қарандаш-дозиметр беріледі. Біздің ротамыздың командирі капитан Лисовский ең «қы­зық» жерге келгенде, ауруханаға тү­сіп, бар билік менің қолыма көшті. Ба­тальон командирі, подполковник Ба­жанның маған әзілдеп «Біздің саяси же­текші Клочков» деуі содан қалған. Күн сайын барлық дозиметрді жинап, Бас штабқа барып, бас радиологқа өт­кіземін. Менің жауынгерлерімнің бағына қа­рай осы жерде бір жақсылық оқиға болды. Бас радиолог капитан Хан деген кәріс жігіті біздің Ақтөбеден екен. Ме­динституттан соң білімін Ленинградта жалғастырған. Чернобыльдің төңірегіне топтасқан бүкіл кеңес әскерінің бас ра­диологі осы жігіт! Хан десе –Хан! Ал­ма­тыдан екенімді білген соң ол шай қойып, әңгімеге отырдық. Таныс сұрақ. «Алма­тыда не болды?» Таңертең кеңсенің ал­дында кілең жоғары шенді офицерлер, жал­ғыз лейтенант мен. Ханның қабыл­дауын тосып тұрамыз. Есік ашылады, жұрт лап қояды. Сол тұста Ханның өзі есік алдына шығып: «Жолдас офицерлер, жолдастар, тоқтаңыздар… Алдымен ме­нің жерлесім кірсін. Лейтенант… қай­дасыз?» дер еді. Мен мұны не үшін еске алып айтып отырмын? «Станса айма­ғын­да әр сарбаз 10 бэрлік доза алуға мін­детті» деген бұйрық болды. Бэр – рент­ген сәулесінің биологиялық экви­валенті деген сөз, мәселен, сіз ауруханада белгілі бір мөлшерде 20х30 см көлемде сәуле аласыз, ал ЧАЭС-тің жері, суы ең бастысы, ауасы рентген!.. Яғни сол мөл­шерде радиа­ция­лық доза алған адам полкке қайтары­латын. Адам организміне осы да жеткі­лікті деген сылтау сөз. Әйт­песе, жоғарыда келтірген Израэльдің айт­қаны – анау!..

Сол Хан бір күні «Жауынгерлеріңе се­німді болсаң айт, әйтпесе, өзің ғана білуге тиіссің! Мен сенің солдаттарыңа дозаны мөлшерінен асырып, көбейтіп жаздырып отырмын» деді. Риза болып, қатты толқыдым… Жыл сайын 26 сәуірде Алматыдағы Панфиловшылар саябағын­да Мәңгілік алаудың басында «чернобыл­дік­тер» бас қосатын дәстүріміз бар. Кеу­­­делеріндегі орден-медальдарын сың­ғыр­латып «Командир-р!» деп тұра ұмты­латын сарбаздарым бар. Құшағымыз жазылған соң, түрлеріне барлап қарай бас­таймын: «Хан!» деп тақ ете қалады. Сырт­тай бақылаған азаматтар аң-таң. Бұл – біздің жігіттердің, менің сарбазда­рым­ның бас радиолог, капитан Ханға тағ­зымы, өле-өлгенше қарыздар екен­дігінің белгісі. Солай!

– Мемлекеттік тапсырманы орындау ба­рысында ауыр дозадан қаза тапқандар болды ма?
– Жасыратын несі бар… онда барып, мән-жайға қаныққан соң, әркімнің  ішкі өз ойы болды. Ол – елге аман жету, қал­ға­нын көреміз деген медеу. Ондағы жары­лыстан соң ашық ауаға шашыраған уран мен плутонийдің, йод пен цезийдің, стронцийдің изотоптары жер дүниені ластап үлгерген еді. Ал енді осы радиоак­тивті заттектерді жіліктеп көрейік.  Йод-131-дің жартылай ыдырауы 8 күнге созылады. Сол уақыт ішінде жел айдаған химиялық элемент жолындағы күллі ор­манды дала алқабын қоңыр түске бояп, күйдіріп жіберген. Аса үрейлі әрі қор­қы­нышты көрініс. Көзбен көрдік. «Күйген орман» аталатын орасан зор алқап сонау Польшаның шекарасына дейін созылып жатты. Цезий-134-тің жартылай  ыды­рауы екі жылға созылады. Адамдарға ажал се­бетін де – осы. Менің батальондық әріп­те­сім, лейтенант, жаркенттік ғажап жігіт Бейсен Жәркенов Алматыға кел­ген соң, сүйектегі осы элементтің ыды­рау кезеңіне тап келді. Лауазымды қыз­меттер атқарған жақын досымыз, қа­рағандылық Сағынтай Сұлтанов жа­қын­да дүние сал­ды, қырқы әлі өткен жоқ. Цезий-137-нің эле­менті 17 мен 30 жыл­дың арасында жар­тылай ыдырайды, яғни «өледі». Құр өл­мейді… талай адам­ның өмі­рін жал­май­ды! Стронций-90-ның өмір­шеңдігі 28 жылға созылады, 100 жыл­дан ары созы­латындары туралы айт­пай-ақ қояйын. Аға лейтенанттар – Юрий Дмитриев, Ескендір Есенов (екеуі де ғылым канди­дат­тары еді), Александр Коба – бәріміз Украинаның Полесья ай­ма­ғында 159 тәулік әскери қызметімізді бірге атқарған едік… Әттең!..
Алматы қаласының әскери комис­сариатынан сол кезеңде 17600 адам Чер­нобыльдегі атом стансасы жарылы­сы­ның зардаптарын жоюға алынған екен. Бүгінде Алматыда олардың 323-і ғана өмір сүріп жатыр. Қандай қайғылы болса да, ақиқаты осы!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Қайыржан ТӨРЕЖАН

http://www.aikyn.kz