Жаңа жылдағы маңызды оқиғалардың бірі – Ауғанстан аумағынан халықаралық коалиция әскери күштерінің шығарылуы болғалы тұр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, қазір Ауғанстандағы коалиция әскерінің құрамы 100 мың адамға жуық, соның 70 мыңдайы – АҚШ әскерилері. Осы әскер түгелімен Ауғанстан аумағынан әкетілсе, талибтер қайтадан күш алып, аймақтағы елдерге қатты қауіп төнеді деген әңгімелер жиі айтылады.
Біз осы және басқа мәселелер жөнінде Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, генерал-лейтенант Абай ТАСБОЛАТОВПЕН аз-кем әңгімелескен едік.
Оныңыз рас, коалиция күштері әкетілсе аймақтағы елдерге, соның ішінде бізге де біршама алаңдаушылық туады. Өйткені, Ауғанстан аумағынан есірткі таралымы еселеп артуы мүмкін деген қауіп бар. Ал есірткі жүрген жерде қылмыстың өршитіні сөзсіз. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Ауғанстанға коалиция күштері енгізілгеннен кейін де есірткі өндірісі тоқтамаған. Демек, коалиция күштерінің де оны құрықтаудағы тиімділігі әлсіз болып отыр. Қазір әлемдегі барлық апиынның 90 пайызы Ауғанстанда өндірілетін көрінеді. 2007 жылы 8 мың тонна апиын көкнәрі жиналып, рекордты көлемге жеткен. Ал елді талибтер басқарған уақытта бұл сан бірнеше есе аз болған, өйткені, олар халықаралық қоғамдастықтың қысымымен көкнәр өсіруді біршама азайтқан еді.
– Талибтер демекші, кеңес әскері шығарылғаннан кейін елде орнаған біршама тыныштықты бұзып, бүкіл дүниежүзінің қарулы күштерін енгізуге жол ашқан осы қозғалыс туралы не айтар едіңіз?
– Кеңес әскері шығарылғаннан кейін де бұл елде тыныштық діттеген межеде орнай қойған жоқ, керісінше, азамат соғысы қайтадан өрістеді. Елдің солтүстігінде, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен шектесетін аймақта кеңес әскеріне қарсы әрекет еткен дала командирлері көбінесе өзбек пен тәжік ұлттарының өкілдері болған еді. Олар моджахедтер деп аталатын барлық жихадшыларды топтастырып, кеңес әскеріне қарсы соғыстарын ұзақ жылдар бойы жүргізіп келген.
Осы моджахедтер 1992 жылы бірігіп, «Солтүстік альянсты» құрған. Содан Кабулды басып алып, Кеңес өкіметі отырғызып кеткен коммунистік бағыттағы Наджибулланы құлатып, орталық билікті қолдарына алды. Бірақ өзара алауыздық бұлардың билігін тұрақты ете алмады. Ахмад Шах пен Хекматияр арасындағы билік үшін күрес альянс күштерін әбден әлсіретті. Осы кезде елдің орталығы мен оңтүстігіндегі үлкен алқапта негізінен жергілікті пуштундардың өкілдерінен тұратын талибтер қозғалысы бұл билікті мойындамай, Ауғанстанда Ислам мемлекетін құрамыз деген ұранмен соғыс жүргізе бастады. 1996 жылы олар Кабулды басып алып, «Солтүстік альянс» күштерін шекаралық аймаққа тықсырып тастады.
Міне, осы талибтер барынша радикалды діни-экстремистік ұстанымдарымен дүниежүзі қоғамдастығының назарын өздеріне аударды. Өзі де ұзақ жылғы соғыстан ыңыршағы айналған Ауғанстанды бұл қозғалыс тіпті сорлатып тастады. Саналары соқыр фанатизмге тұмшаланған олар заманауи технология жетістіктерінің бәріне қарсы болды. Мәселен, телевизор көруге рұқсат бермеді, интернетті, компьютерді қолдануға, тіпті шахмат ойнауға да тыйым салды. Әйелдерге бала туу және үй шаруашылығымен айналысу міндетін ғана қалдырып, мектепте оқуын барынша шектеді. Ең қызығы 2001 жылғы оқиға болды. Талибтердің басшысы Омар молда елдегі Ислам құндылығына жатпайтын барлық ескерткіш, балбал тас, мүсіндерді жою туралы бұйрық берді. Сөйтіп, Бамиан тауының бір шыңына ІІІ-ғасырда салынған Будданың алып ескерткіші жойылды. Бұл әлемдік маңызы бар зор ескерткіш болғандықтан, оған барлық прогрессивті адамзат қарсылық білдірді.
– Алайда, коалиция күштері талибтердің осындай ұрда-жық қылықтарын тыю үшін енгізілген жоқ қой?
– Әлбетте. Талибтер АҚШ-тағы 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған террорлық актінің ұйымдастырушысы ретінде айыпталған атышулы лаңкесші Усама бен Ладенді жасырғаны үшін айыпталды. «Лаңкесшіні ұстап беріңдер» деген талапты орындамаған соң, АҚШ өзінің одақтастарымен бірігіп, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің рұқсатымен Ауғанстан аумағына әскери күшпен басып кіргенін білесіздер. Бірақ, кейбір деректерге қарағанда, АҚШ Түркіменстаннан шығарылып, Ауғанстан, Пәкстан арқылы Үндістанға жеткізілуге тиісті газ құбырын талибтердің өз аумағынан өткізуден бас тартқаны үшін лаңкестік акцияны сылтауратып басып кірді дегенді айтады. Бірақ оның нақты дәлелі жоқ.
Қазір Ауғанстан аумағында 49 елден жиналған коалиция күштері тұр. Соның ішінде посткеңестік елдер арасынан Грузия, Армения, Әзербайжан, Балтық республикалары, Украина өкілдері бар. АҚШ бастаған осы күштер 2001 жылдың қазан айында Ауғанстанға «Мызғымайтын бостандық» деген ұранмен лап қойған. Біз сияқты елдер «Қауіпсіздікті қолдаудың халықаралық күштері» деген бұл әскерге әуе жолдарын пайдалануға рұқсат берді. Содан бергі 12 жылда коалиция күштері талибтерді толық құрта алмай-ақ қойды. Қазіргі Ауғанстан өкіметі бұрынғы «Солтүстік альянстың» негізінде құрылған. Осы өкімет халықаралық коалиция күштеріне сүйеніп, Ауғанстан мен Пәкстан шекарасындағы лагерьлерде естерін жинап алған талибтермен әлі күнге соғысып келеді. Қазіргі соғыс партизандық және лаңкесшіл сипат алған, алайда, талибтер тез арада күш жинап, тұрақты әскер құра алады деген қауіп бар. Өйткені, басқыншылардан жерімізді азат етейік деген және радикалды діни-экстремистік ұрандарды желдетіп, жергілікті халықты оңай көтеруге болады. Қазір Ауғанстан халқының 35 пайызы сауатсыз екендігі анықталып отыр. Қай күнде сауатсыз, білімсіз халық айғайшы ұрандардың құлы ғой. Сондықтан біздің Президентіміздің Ауғанстан халқын сауаттандыру және оларға кәсіби мамандар дайындау керек деген бастамасы өте дұрыс деп санаймын.
– Осы уақытқа дейін соғысты жалғастыра алуына қарағанда, талибтерді де қолдайтын күштер бар-ау, сірә?
– АҚШ-тың әскери барлау қызметі талибтерді қолдайды деп Пәкстан өкіметін айыптағаны бар. Алайда, нақты дәлел болмаған соң, ол сөз жүзінде қалды. Бірақ талибтер қатарында түрлі елдерден жиналған жанкештілердің, жиһад деген ұранға еруші діни-экстремистердің қатары сиремей отырғаны анықталған. Өзбекстандағы террористік Ислам қозғалысы өкілдерінің талибтер жағында соғысып жүргені туралы да хабарлар көп. Ауғанстанның қорғаныс министрі Абдул Рахим Вардактың айтуына қарағанда, 2009 жылы талибтер қатарында 4 мыңдай шетелдіктердің жүргені анықталған.
– Қалай десек те, коалиция күштері шығарылған соң Ауғанстандағы соғыс оты өрши беретін сияқты ма, қалай?
– Ондай қауіп бар, бірақ сол қауіпті тым жалаулатып, үркіте берушілік те жоқ емес. Бұл да біреулердің мүддесіне сай келетін секілді. Мен 2013 жылдың мамыр айында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегацияның құрамында Ауғанстанда болып қайттым. Қанша жыл соғыс болып жатса да Кабул біршама осы заманғы қала екен. Маған, әсіресе, ауған халқының өсім қарқыны ұнады. Қазір ауғанстандықтар 30 млн.-ға жетіп қалыпты. Бала көтеру жасындағы әрбір әйел кемінде 6 бала туып, өсіріп отыр.
Біз ауған елінің бірқатар лауазымды адамдарымен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Бәрінің де Қазақстанмен ынтымақтастыққа құштар екендігі көрініп тұр. Бірқатар қайраткерлер, соның ішінде Ауғанстан Уолеси Жиргасының (Парламенттің төменгі палатасы) төрағасы Абдул Рауф Ибрагим коалиция күштері шығарылса да Ауғанстанның қарулы күштері өздеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынын сенімді түрде айтты. Қорғаныс министрлігіндегі, қауіпсіздік кеңесіндегі кездесулерде де осындай сенімді естідік.
Оның үстіне Ауғанстан қарулы күштерінің жеке құрамы қазір 300 мыңның үстіне шығып қалған екен. Талибтер қанша күшейсе де мұндай күш біріктіре алмайды. Ал НАТО негізгі күштерін әкеткенімен, 10-12 мыңдық күшті қалдыратынын өткен жазда ұйымның бас хатшысы А.Ф.Расмуссен жариялаған. Ендеше, осынша күш аттөбеліндей талибтерге қарсы тұра алмай ма? Сондықтан, коалиция күштерінің әкетілуінен анау айтқандай қауіп жоқ. Тек есірткі трафигін шектеуге үлкен көңіл бөлінуі керек дер едім және оның аймақта таралмауы үшін ШЫҰ-ның «Терроризмге қарсы күрестің аймақтық құрылымы» мен ҰҚШҰ батальондарының белсенді әрекеті керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».