Балнұр ҚЫДЫРБЕК,Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы: «ҚАЗАҚ ӘНІ ҚАСИЕТІНЕН АЙЫРЫЛЫП БАРАДЫ»
Заман өзгерді ме, жоқ, әлде, есіктен еніп, көзді ашып-жұмғанша төрге озған қатал нарықтың қағидасы солай ма, кезінде орыс ақсүйектерін тамсандырып, француздарды таңғалдырған қазақтың ән өнері қадым ғасырлық қасиетінен айырылып барады. Есесіне, композитордың жан дүниесінен қайнап шықпаған, бойында нәрі жоқ, ырғақсыз, күлдібадам әндер көбейіп кетті
Кешегі Ақан мен Біржанның, Шәмші мен Әсеттің, Әбілахаттың әрбір ырғақ, иірімінде қазақтың қаны шымырлап ағып жататын ғажап әндерінің орнын сөздерінің ұйқасы шала, әуенінде от жоқ көкжасық дүниелер басып бара жатса, оның да бір төркінін қазіргі ақша мен тұрмыс билеген қоғамымыздағы рухани құндылықтарымыздың арзандап, санамызды тойымсыздық дертінің жайлап алғанынан іздестіргеніміз жөн сияқты. Сұмдығы, кейбір композиторларымыздың өзгелердің жүректерінен қайнап шыққан әндерін ар-ұят, иманды жинастырып қойып, көпе-көрінеу ұрлауы, қала берді, жылына 300-400 ән шығаратын «автомат» «таланттардың» көбеюі, күнкөріс үшін ұлттың обал-сауабын ұмытып, көрші қырғыз бен өзбектің, қарақалпақтың әуендерін қоржындап тасып, жат әуенді бүгінгі ұрпақтың бойына саналы түрде сіңіру көпшіліктің көзі үйренген кеселге айналды. Осы жөнінде халқымыздың ән өнерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы не ойлайды?
– Балнұр ханым, соңғы жылдары сапасыз әндер мен ұрлықы әуендер көбейіп кетті.
– Ақыл-пайымды ақша билеген мынандай заманда мұндай нәрселердің оқтын-оқтын төбе көрсетіп қалуын өз басым заңдылық деп санаймын. Арғы ата-бабаларымыз «ораза, намаз тоқтықта» деген емес пе, тоқсаныншы жылдары ала дорба арқалап базар кезіп кеткен түлкіқұрсақ халқымыздың көйлегінің бүтінделіп, қарнының тоғайғаны шығар, бұрындары келушілерін күтіп жетімсіреп тұратын мейрамханалардан қазір орын табу қиын. Ал, той-томалақ ән, әуенсіз өтпейді. Бұрынғы композиторларымыз жылдап жүріп, бір әнді зорға шығарса, қазіргілерге айына жүз ән жазып эфирден таратып жіберу түк те болмай қалды. Тек қаражат тапсаң жетіп жатыр. Өз басым жұрттың ән шығарғанына қарсы емеспін, жан дүниеңді жарып шыққан шығармаңды өзің орында, туған-туысқандарыңа шырқат, алайда, сен оны жалпы халыққа ұсынба. Мүмкін, ол әннің ырғақтары мен иірімдері басқа композиторлардың шығармаларында, тіпті, басқа елдерде бар шығар, ал, біздің қоғамымыздағы ең жаман нәрсе – екі нотаның басын қосуды ғана білетін адамдардың шалажансар дүниелерін қыруар ақша жұмсап, бейнебаян түсірткізіп, жұртқа күштеп тықпалайтындығы.
– Ендеше, мұндай әндерге неге шектеу қоймаймыз?
– Келмеске кеткен кеңес заманын аңсап отыр екен деп ағат түсініп қалмаңыз, сол кезеңдегі тәртіп пен тазалықтан біз айырылып қалдық. Ол кезде кез келген адамның дүниесі белгілі бір сатылардағы көркемдік кеңестердің қатаң сүзгілерінен өткізілетін. Егер Қазақстан композиторлар одағы өздеріне ұсынылған әнді талапқа сай деп тапса, әрі қарай ол қазақ радиосындағы көркемдік кеңеске жолданып, әуен әуелі фортепианода ойналып тексеріліп, шығарма мамандардың көңілінен шықса, оркестрдің сүйемелдеуімен орындалып, тек композитордың қабілет-қарымы ғана емес, оны көпшілікке жеткізетін әншінің де шеберлігі сарапқа салынатын.
– Қазір солай жасауға не кедергі?
– Тәртіп жоқ. Қалталы азаматтар шығарған дүниесін Қазақстан композиторлар одағының мамандарына әкеліп тексертіп алуды ар санайды. Керісінше, композиторлар Мұратхан Егінбаев, Марат Ілиясов және Алтынбек Қоразбаевтың арасындағы дау-дамайдан кейін «Қазақстан композиторлар одағы сөйтеді, бүйтеді» деген тәрізді әңгімелер көбейді. Әйтпесе, одақ ешкімнің көкірегінен итеріп, қолдарын қағып жатқан жоқ. Кезінде атақты композиторларымыз Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиевтердің өздері одаққа мүше болмай-ақ шығарған дүниелерін одақ мамандарының талқысына салып, тыңдатқан. Сонда оларды «сендер кімдер едіңдер» деп жолдарын ешкім кеспеген. Қайта Қазақстан композиторлар одағы берген ұсыныстың негізінде сол ағаларымыздың қайталанбайтын ғажап әндері тыңдарманымен қауышты.
– Сондай бедел мен өкілеттілік қазіргі Композиторлар одағында неге жоқ?
– Баяғы Кеңес одағы кезінде радио мен теледидар атаулы мемлекеттің меншігінде, соның қадағалауында болды. Ал, қазіргі жеке қолға өтіп кеткен теле-радио арналарында орындалатын ән үшін Қазақстан композиторлар одағы беретін ұсыныстың көк тиын да құны жоқ, ондағыларға қалаған ақшасын төлесең жетіп жатыр. Меніңше, өмірге жолдама алатын кез келген шығарманың жақсысы мен жасығын ажыратып отыратын көркемдік кеңестер тек мемлекет құзырындағы радиолар мен телеарналардың жанында ғана болуы керек. Ондағылар Қазақстан композиторлар одағынан көмек сұрап, хат жазса, қол ұшымызды беруге біз әрдайым дайынбыз. Бірақ, оны тыңдап жатқан кім бар? Одақтың қазіргі өкілеттігі кәсіподақтармен шамалас.
– Қазақ өнерінің алтын қорына қосылған Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсының орнын Алмас Серкебаевтың бойында ұлттық рухы жоқ «Маугли» сияқты дүниелерінің басқанына қалай қарайсыз?
– Неге сіз Алмас Серкебаевты қазақ деп санайсыз? Оның аты мен осында дүниеге келгенінен басқа қазаққа жақын қандай қасиеті бар. Ол АҚШ-тың азаматы. Алмастың бойында қан-сөлі жоқ шығармасын қазақ топырағында дәріптеп, атағын аспандатып жүргендер шетел әншілеріне тәңіріндей табынатын билік басындағы шенеуніктеріміз.
– Бұл, сіздіңше, сауатсыздық па, жоқ, әлде, өзге елдің өнеріне еліктеушілік пе?
– Қазақты менсінбеушілік.
– Ал, өзіңіз ақ пен қараны ажыратамын деп жүріп, басыңыз дауға қалған Мұратхан Егінбаев, Марат Ілиясов және Алтынбек Қоразбаевтың арасындағы айтыс -тартыс жөнінде не айтасыз?
– Алтынбек Қоразбаевты өзгелерге шекелетіп қаратып, көкірегіне нан пісіртіп жүргені Елбасының атын пайдаланып, ұпай жинап алғаны ғана. Парасатты адам қандай дәрежеге жетсе де, ең алдымен, өзі туралы өзгелердің пікірін тыңдап, тәубесін ұмытпағаны жөн ғой.
– Айтыңызшы, осы дау қалай басталып жүр?
– Шынын айтсам, соттасып жүрген үш композиторға да жақындығым жоқ, бөтен адаммын. Ұмытпасам, 2010 жылдың тамыз айында Қазақстан композиторлар одағына А.Иманбаевадан «Неге бір әнді екі бөлек сөзбен, екі бөлек адамның атымен бересіңдер?» деп тыңдармандар мазамызды алды, осының басын ашып беріңіздер» деген мазмұнда хат түсті. Қарап көрсек, анығында да солай. Дау көзіне айналып отырған «Аңсағаным–ауылым», «Қызым, саған айтамын» әндерінің авторлары да жат адамдар емес, өзіміздің одақтың мүшелері Мұратхан Егінбаев пен Алтынбек Қоразбаев. Мұратхан Егінбаевқа телефон шалып едім, ол кісі «өзім де соны кімге айтарымды білмей жүр едім» деп жасқаншақтай сөйледі. Іле-шала Марат Ілиясовтан да Алтынбек Қоразбаевтың әнін сәл-пәл «мұртын басып» көшіріп алғаны туралы өтініш түсті. Әндері тапа тал түсте өзгенің қанжығасында кеткен екі композитор да ағайыншылап, дүниелерін еншілеп алған Алтекеңнің алдынан өтпей ме, баяғы. Мұратхан мен Маратқа қарағанда игі жақсылардың қасында көп жүріп, құранды ерге жайғасып алған Алтынбек Қоразбаев өз атына айтылған сынды естігенде ер-тоқымын бауырына алып тулап, «Сендер менің жанымда кімсіңдер, мен Алтынбек Қоразбаевпын, қажет десеңдер құдайларыңа барыңдар» деп дөңайбат көрсетіп, қуып шығады.
– Содан…
– Сараптау кеңесі деп бес маманның басын қосып, мән-жайды тексердік. Зерттеу барысында дау қуып жүрген үшеудің де әндерінің нотаға дұрыс түсірілмегені анықталды. Әріптестеріне «сауатсыз» деп мұрнын шүйірген Алтынбек Қоразбаевтың өзгелерге жасаған «жиендігінің» сыры нақ осы жерде ашылды. Сараптау кеңесі «Ілиясов-Қоразбаев әнінің сәйкестігі 80 пайыз», «Егінбаев-Қоразбаев әнінің сәйкестігі 70 пайыз» деген қорытынды жасады. «Қазақстан композиторлар одағы басшыларының М.Егінбаев пен М.Ілиясовқа бүйректері бұрып отыр» деп ойласа керек, аттанға басқан Алтынбек Қоразбаев кеңестің қорытындысын мойындамай қойды. Енді даулы әндердің аудиожазбалары мен ноталарын жақын шетелдерге жіберіп, Ресей композиторлар одағы мен Украина Ұлттық композиторлар одағы мамандарының төрелігіне жүгіндік. Олар әндердің өзара ұқсастығын 85 және 75 пайызға көтеріп, біздегі көрсеткіштен де асырып жіберді.
– Солай бола тұрса да, осы дау туралы жазылған материалдарда Қазақстан композиторлар одағы Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовқа жақтасты дегендей астарлы ойлар аңғарылып қалады…
– Қолданыстағы заңнамаларымызда кез келген мүлікке ол құзырлы органға тіркелген күннен бастап, меншік құқығы пайда болады. Мен үшін Мұратхан Егінбаев та, Марат Ілиясов та, Алтынбек Қоразбаев та одақ мүшелері, «бармақ басты, көз қысты» жасап, бұра тартатындай жекжат-жұрағаттығым жоқ. Мәселен, Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым» әні 1981 жылдың қараша айында Қазақ радиосының алтын қорынан алынып, 1983 жылдың қыркүйек айында Бүкілодақтық авторлық құқық жөніндегі агенттікте тіркелген. Алтынбек Қоразбаевтың «Қызым, саған айтамын» әні араға аттай он жыл салып, 1992 жылдың шілде айында тіркеуге алынған. Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні 2005 жылы жазылып, 2007 жылы өткен «Елім менің» байқауында лауреат атанып, сол жылы Қазақ авторлар қоғамында тіркелген. Алтынбек Қоразбаевтың даулап жүрген әні күні бүгінге дейін тіркеліп, рәсімделмеген. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бірақ, Алтынбек Қоразбаев әріптестерінің әндеріне жиендік жасағанын әлі күнге мойындап, тәубесіне келген емес. Сол баяғысынша ойдан құрастырған өтірігін судай сапырып, одақ мүшелерін қаралаумен келеді. Алтекеңнің дәлелдері де қызық, бірін-бірі жоққа шығарады. «Жұлдыздар отбасы» журналының 2011 жылғы 20 нөмірінде «Қызым, саған айтам» әнін 1977 жылы қызым Ақнәзікке арнап шығардым» десе, әнші Алма Аманжолова сол басылымның 28 бетінде Алтынбек Қоразбаевтың бұл әнді 1991 жылы ыңылдап, «толғатып» жүргенін айтады.
Алтынбек Қоразбаевтың Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әніне жасап отырған қиянаты тіптен сорақы. Алайда, «ұялған тек тұрмас» деген, әйтеуір, жала жаба берсем жұрт менікін дұрыс деп ойлайды дейді ме екен, ұрлығының құпиясы ашылып, әшкере болғаннан кейін Қоразбаев Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовты былай қойып, менің соңыма шам алып түсті. «Жас Алаш» газетіне берген материалында «Егінбаев пен Ілиясовтың мұндайға миы жетпейді, оларды айтақтап жүрген Балнұр Қыдырбек, мен оның былықтарын жақсы білемін және тиісті орындарға жеткіземін, құртамын, жоямын» деп қыр көрсетіпті.
– Кейбір баспасөз беттерінде жарияланған материалдарда Алтынбек Қоразбаев негізгі даудың әннен емес, Қазақстан композиторлар одағы төрағалығы лауазымына таласу сияқты бақталастықтан басталғанын айтып, «Балнұр Қыдырбек содан бері өштесіп жүр» депті.
– Алтынбек Қоразбаев бұл одақтың төрағалығына сайланатындай кәсіби композитор емес, бар болғаны домбырашы. Ал, композитор мен орындаушының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін кез келген адам біледі.
– Десе де, күні кешеге дейін Алтынбек Қоразбаев өзіңіз басқарып отырған одақтың бір мүшесі болды емес пе?
– Оныңыз рас, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы аласапыран кезеңде қазақтың бір топ марқасқа композиторларының көзі кеткеннен кейін солардың орнын толтыру үшін халыққа танымал авторлар мен орындаушылардың ішінен біраз адам іріктеліп, мүшелікке қабылданды. Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясов, Алтынбек Қоразбаев сол кезде мүшелікке өткендер. Тағы да қадап айтамын, Алтынбек Қоразбаев кәсіби композитор емес, орындаушы. Одақтың жарғысының тәртібі бойынша мұндай әуесқой композитордың төраға лауазымына сайлануы мүмкін емес.
– Сырт естуімізше, осы дау-дамайдан кейін Қазақстан композиторлар одағына мүшелікке қабылдау баяғы Кеңес одағы кезіндегі қалпына қайтадан келтіріліпті деп естідік.
– Қателеспегенсіз. Сол тоқсаныншы жылдары одақ жарғысына консерваториялық білімі бар танымал автор болса жарай береді деп бірқатар адамды мүшелікке қабылдап едік, оның соңы мынандай болды. Сондықтан да, кезекті съезде мүшелікке қабылдауды бастапқы жүйесіне түсіріп, композиторлық білімі болуы міндетті деп қайтадан өзгерттік.
– Апырмай, Сіз жұрт мойындаған Алтынбек Қоразбаевты кәсіби композитор емес деп ол кісінің бүкіл еңбегін жоққа шығарып, жерге қараттыңыз ғой.
– Өз басым Алтекеңнің маңдайы терлеп шығарған әнінің барлығына күмәнмен қараймын. «Қызым, саған айтамын» әні Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым», «Сарыарқа» – Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні екенін мына дау-дамайдан кейін жұрттың бәрі біледі. Атақты «Сағындым Алматымды» әнін күні кеше ғана дүниеден өткен Қажытай Ілиясовтың «Ынтызарым» әнінен кейбір жерлерін өз бетінше «өңдеп» түгелдей көшіріп алған. «Үшқоңыр» әнінің Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік – Кебек» әнімен ұқсастығы 70 пайыз. Осы кезге дейін Алтынбек Қоразбаевтың әні деп саналарға сіңіп қалған «Шашбаулым» әнін 1978 жылы өзінің жерлестері Тоқтас Төлендиев пен Әмзе Қалмырзаұлы шығарған. «Қара пима» әнінің авторы Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Тілеміс ауылының түлегі Түймебай Өмірзақов, «Қара кемпір» «Ана зары» атауымен 1960 жылдан бері түсірілген нотасы сарғайып Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының фольклор кабинетінің қорында жатқан дүние. Сонда Алтынбек Қоразбаевта өзімдікі деп меншіктеп белгі тағатындай бір дүниесі қалды ма? Бұл өз жанымнан шығарып отырған жаптым жала емес, құжат жүзінде бекітілген деректер.
– Былайғы жұрт КТК телеарнасына осы дауға қатысты берген сұхбатыңызда Алтынбек Қоразбаевты «идиот» деп сөгіпті деп жүр, сол рас па?
– Бұл отқа май құйып, айтқан сөзімді бұрмалап берген Нартай Аралбайұлы деген журналистің құйтырқы әрекеті. Әңгіме, шын мәнінде, былай болған еді. Журналист «Қоразбаев мені көре алмайды, қызғанады» деді. Мен «бір опера, үш балет жазған кәсіби композитормын, ол соншалықты көре алмайтындай кім еді» дедім. Әңгімесін әрі қарай сабақтаған Нартай Аралбайұлының кенет «Қоразбаев «Балнұрдың әкесімен арамыз өте нашар еді, соның кегін алып жүр» деген сөзін естігенде мелшиіп қалдым. Әкем Балғабек Қыдырбекұлының көпшілікке танымал жазушы, журналист, қоғам қайраткері екені рас. Ол кісі композиторлардың ішінен Мұқан Төлебаевты ерекше құрметтеп, Алтынбек Қоразбаев дейтін композитордың бұл дүниеде бар-жоғынан хабарсыз болатын. Қаным шапшып, басыма тепті. «Менің 20 жыл бұрын өлген әкемде қандай шаруасы бар?! Идиот» дегенім рас. КТК телеарнасы болса оны жұрт арасында дүрбелең тудыру үшін кейбір жерлерін күзеп, «Мен бір опера, үш балет жазған кәсіби композитормын, оны көре алмайтындай ол соншама кім еді? Идиот» деп бұрмалап көрсетіп, мені Алтынбек Қоразбаевпен араздастыруды көздеген.
– Жә, Сіз айтқандай, Алтынбек Қоразбаев өзіне тиесілі бір әні болмаса да өнердің қосын жегіп жүрген адам, ал, Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, ел келешегі туралы әңгіме қозғаған, белгілі әнші Бекболат Тілеухан не бүлдіріп жүр?
– Алтынбек Қоразбаев өзгелердің әнін ұрлап алып, кейбір жерлерін қырнап-сүргілеп өзінше дүние жасаса, Бекболат Тілеухандікі таза ұрлық. Ол танымал әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің «Елім менің» әнінің тазаланып көшірілген нұсқасын сол қалпында үтір, нүктесіне дейін өзгертпестен көшіріп алып, өз әнім деп жариялап жіберген. Бұл ұрлық атақты әншінің немересі Меруерт атасының әндерін жинақтап, баспадан шығарайын деп дүниелерін сұрыптамағанында ашылмай қалар ма еді. Ол атасының соңында қалған дүниесінің арасынан кәдімгі қаламды фиолет түсті сияға матырып жазылған әннің бастапқы нотасын тауып алған. Бекболатқа әділдігін айтамын деп барған Меруерт те Алтынбек Қоразбаевтан ұрыс естіп, беті қайтқан М.Егінбаев пен М.Ілиясовтардың кебін киеді. Сол баяғы «сен кімсің, құртамын, жоямын» деген дөңайбат. Ал, баспасөзге берген өтіріктерінде «Елбасы тапсырыс беріп, ән шығардым, ол әуенге өзі сөзін жазды; шалдың (Ғарифолланың) музыкалық сауаты жоқ болатын, ол кісімен тілдесіп көрген емеспін, Құрманғалиевтерді танымаймын… дейді. Қазақ ән өнерінің төрінен орын алатын Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық сауаты жоқ дегенге кім сенеді. Сірә да Бекболат Ғарифолла атамыздың үйінде жарты жыл тұрып, жезтаңдай әншінің өз қолынан алтын запонкасын сыйға алғанын білетін адам жоқ деп ойлайтын болса керек шамасы. Бірақ, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Ұрлығы әшкереленіп, жария болған Бекболат кінәсін мойындаудың орнына Алтынбек сияқты «Бұл мені көре алмайтындардың ісі», «Бұл орыстілді азаматтардың ісі» деп жұртты жаппай қаралауға көшті. Әрі қарай Құрманғалиевтер отбасы қыруар ақша төлеп, нота дәптерін Ресейдің сараптамасына жіберіп еді, ол жақтан іле-шала «ішіндегі жазулар 1973-1978 жыл аралығында жазылған» деген жауап келді. Осыдан кейін кімнің ісі ақ, кімнің ісі қара екендігін өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз.
Бекболат Тілеухан теңдесі жоқ талантты әнші. Өз басым оның шырқаған әндерін таңертеңнен кешке дейін тапжылмай отырып тыңдауға пейіл адаммын. Ал, жасап жүрген тірлігі әлгіндей. Бекболат та, оның ағасы Алтынбек те үстеріне үйіліп -төгілген мансап пен атақты көтере алмай қалған адамдар.
– «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген, бәлкім, қателесіп, пендешілік жасаған шығар…
– Алтынбек пен Бекболаттың әрекеттеріне қатысты мұндай жауырды жаба тоқитын сөздерді қабылдай алмаймын. Қазақ жастық албырттықпен қателік жіберіп, кейін онысын мойындаған адамның әрекетін пендешілік деп атайды. Ал, кісіге жасаған қиянаттарын әлі күнге мойындамай жүрген Алтынбек Қоразбаев пен Бекболат Тілеухандікі пендешілік емес.
– Жақын маңайдағы мемлекеттердің сараптамасы Алтынбек Қоразбаевтың өзім шығардым деген дүниесінің Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовтікі екендігін ажыратып, анықтап бергенімен, әлі күнге бұл шығармалар радио мен теледидардан «Алтынбек Қоразбаевтың әндері» деп орындалып жүр емес пе?
– Оны сол әндерді орындап жүргендерден сұраған жөн шығар. Сот әнге жасалынған сараптамалардың қорытындысын көре отырып, қай дөкейдің қаһарынан қорыққанын кім білсін, «екі ән екі бөлек» деп даулы дүниенің нақты кімге тиесілі екендігін ашып көрсетпей, былайғы жұртқа түсініксіздеу солқылдақ шешім шығарды.
– Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жастарға дем беріп, жігерлендірген Шәмшінің атақты «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Әнұранына айналды. Бұл иісі қазақ үшін мақтаныш. Алайда, кейбір мамандар марш екпінімен орындалатын бұл әннің Әнұранның жүгін көтере алмай тұрғандығын айтады. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Мамандардың пікіріне толығымен қосыламын. Марш кез келген ортада шырқалатын көңілді әуен. «Менің Қазақстаным» әні Әнұранға айналғаннан кейін оны қарапайым отырыстарда орындауға біржолата тыйым салынды. Бұл, біріншіден, әнге обал. Екіншіден, қалыптасқан тәртіп бойынша азалы күндерде де, атақты қоғам қайраткерлерін жерлеу кезінде де еліміздің Әнұраны ойналуы керек. Сондай кезде асқақ сезіммен шырқалатын «Менің Қазақстаным» әні қалай орындалады? Әнұран қуанышқа да, қайғыға да ортақ әуен болуы керек. Менің қалауыма салсаңыз, еліміздің Әнұранына таяуда 100 жылдығы тойланатын Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловский екеуінің бірігіп жазған «Біз Қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын шығармасынан қолайлысы жоқ.
– Айтпақшы, Мұқан Төлебаев ағамыздың бүкіл ел болып атап өтетін 100 жылдық тойына дайындық жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?
– Шынын айтсам, мәз емес. Әзірге Алматы облысынан басқа қозғалыс жасап жатқан өңірді көре алмай отырмын. Мұқан атамыздың тойы да атақты Дина апамыздың 150 жылдығына арналған шара сияқты азын-аулақ басқосумен басталып, соңы Алматы қаласының әкімдігі сияқты сағыздай созып әкеліп, Желтоқсан айындағы Тәуелсіздік мерекесімен қабаттасып өткізсе, оған таң- ғалмаймын. Дайындықтың әзіргі тәлтіректеген беталысына қарап отырып, ұлы композитордың 100 жылдығы жетім қыздың тойындай өте ме деп қауіптенемін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Пікірлескен
Елеусіз МҰРАТОВ