Жақында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Астанада келелі кеңес өткізіп, «Біздегі интернетте ақпараттық саясат перифериялық шекте тұр. Екіншіден, біз мемлекеттік БАҚ-тың ақпараттық функциясын насихаттық құрамдасқа алмастырып, соған тәуелді болып қалдық. Комментарийлер, талдаулардың, журналистік зерттеулердің орнына, уралап насихаттық материал жазу оңай, бірақ оны ешкім де оқымайды. Мұны тоқтату керек» деп бірқатар мәселе көтерген еді. Оның шешу жолдарын да айтып, бірнеше ұсынысты ортаға тастаған. Біз білім-білігі жеткілікті әріптестеріміздің пікірлерін білген едік.
Жетістік бар, жетпейтіні тағы бар
Дәурен ҚУАТ, www.abaі.kz порталының бас редакторы
– Елбасымыз бар, Мемлекеттік хатшымыз бар, бәріміз ақпараттандыру саясатына назар аударып, көңіл бөліп жатырмыз. Мұнымыз өте дұрыс. Меніңше, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тұжырымдамалары билік пен баспасөздің бұдан былайғы қарым-қатынасы қалай болуы керектігін, қандай форматта қалыптасуы керектігін аңғартса керек. Хатшы «БАҚ үгіт-насихат құралы болып қалмауы керек» деді. «Ура-ураны азайту керек» деді. Мемхатшының бұл байламдары баспасөздің өз миссиясын өзіне қайтарып беру қажет дегенді аңғартады. Осы жайтты басқа емес, алдымен, журналистер қауымы, біз өзіміз түсініп алуымыз қажет сияқты. Баспасөз бетіндегі «ураларды» айтсақ, ойымызға бірден қазақ газеттері түсетін шығар. Алайда бауырлар, қазақ газет-журналдарының өткен жиырма жылдағы бар тарихы «уралардан» ғана тұрмайды. Олай дейтін болсақ, қаламына адал, мынау заманның бар қиын-қыспағына үнсіз төзіп келе жатқан журналистердің еңбегіне қиянат жасағанымыз. Маңдай терге, төзімге, сенімге, сарқылып жұмсалған қажыр-қайратқа қиянат жасағанымыз. Қысқа қайырып айтсам, кейінгі жиырма жылдың шегінде:
Қазақ газет-журналдарының қарасы көбейді. Жұрттың қолы салыстырып оқитын баспасөзге еркін жете бастады;
Жабық тақырыптардың бәріне түрен салынды: тарихи ақтаңдақтар, ұлтымызға жасалған зорлық-зомбылық, сынақ алаңдары, экология, көші-қон мәселесі, әйгілі адамдар өмірінің құпия беттері, ұлттық-этнографиялық танымдық дүниелер… Құдай-ау, толып жатыр;
Алаштанушылардың институты да осы қазақ баспасөзінің бетінде қалыптасты.Ал енді осының бәрін жоққа шығарып, аузымызды қу шөппен сүртіп, қарап отырайық па? Жоқ, бауырларым. Тегінде, өткенді бағаламай, оның жақсы жағын, мазмұнын түсініп алмай, ілгері жылжу мүмкін емес. Осыны алдымен ойымызға бекітіп алайық. Әйтпесе бәрін ысырып тастап, өңмеңдегенімізден ештеңе өнбейді. Кезекті бір науқан болады да қояды. Қысқасынан қайырсақ, мазмұн жағынан қазақ баспасөзі ұтты, баянды белге көтерілді. Ұтылған жағымыз да бар:
Ақпараттық технологиялардың дамуынан үнемі кейін қалып келеміз;
Жарнама нарығында шетқақпай көрудеміз;
Оқырман сұранысын зерттеп, соған орай «өнім» ұсынудың тәсіліне аса мән бермейміз, менеджмент жоқ;
Өзара кәсіби бәсекелестік дегенді бақталастық деңгейінен жоғары көтере алмаудамыз;
Ақпараттық кеңістігімізді беріп қойдық,тағы басқалар.
Қалғанын күнде айтып жүрміз, оны өздерің де жақсы білесіңдер.
АЙМАҚТЫҚ БАСПАСӨЗ. БАЛАМА БАР МА?
Біз аймақтардағы қазақ журналистикасының жай-күйін де тұрақты сөз етіп, білгенімізді ортаға салып жүруіміз керек.
Қазір облыстық, аудандық газеттер ескірді, қартайды. Аталған газет басшыларының да жасы ұлғайып кетті. Олар өздері басқарып жүрген газеттерден де әрмен қартайды. Неге десеңіз, газет әйтеуір жаңа заманның жаңалықтарын айтып, соны хабарлап жатады ғой. Мына заманда облыстық, аудандық газеттерге жастар бармайды. Қайтіп барады? Екі жастың біріне келмей қартайып, қаусап отырайық деп бара ма? Өйткені облыстық газеттердегі патриархтар, ақсақалдар дейікші, сені өзінен асырғысы келмейді. «Бала, қайда барасың, тоқта» дейді. «Біз сендей кезімізде үлкендерге дүкеннен отты су мен темекі таситынбыз. Сен де әйда, шап, мәгәзінге!». Бұл бір жағынан қызық, өзінше тәтті өмір. Бұзғың келмейді. Бірақ бүгінгі ақпараттағы аламан мұндай өмірге қарамайды. Сондықтан облыс орталықтарынан қазақ сайттарын ашу керек. Әрине, менің бұл пікіріме оппоненттер көп табылатын шығар. Оларды түсінемін. Рас, интернетке шекара жоқ. Аймақтың мәселесін Алматыда, не Астанада отырып алып қаузай беруге болады. Алайда сен аса бір елеулі оқиға болмаса, ұзына кеш өз сайтыңды аймақ мәселесімен ұстап отыра алмайсың ғой. Солай ма? Ал облыс жұртшылығын алдымен облыс аумағындағы ауыс-
түйіс, гу-гу әңгіме, ұсақ-түйек оқиға, шетін мәселе қызықтырады. Солар толғандырады. Ендеше, облыстық, аудандық газеттерге балама ретінде аймақтағы ақпараттарды толассыз беретін қазақ сайттарын неге ашпаймыз? Бұл біріншіден, аймақтардағы қазақ журналистикасының дамуына әсер етеді. Екіншіден, аймақтардың мәселесін республика жұртшылығының назарында ұстауға мүмкіндік тудырады. Үшіншіден, ақпараттық тұтастықты қамтамасыз етеді. Төртіншіден, жергілікті билік органдарын ақпарат саласымен жаңа үлгіде жұмыс жасауға жетелейді. Бесіншіден, аймақ тұрғындарының азаматтық белсенділігін арттырады. Осылай тізе беруге болады. Егер облыс орталықтарындағы жалынды жастардың ойында сайт ашу мәселесі жүрген болса, Abaі.kz ұжымы ақыл-кеңес беріп, тәжірибе бөлісуге дайын.
Менің білуімше, кейінгі кездері облыстық газеттердің қағаздық нұсқасынан гөрі веб-парақшалары көп қарала бастайтын болды. Кейбір газеттер, мысалы, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің электронды нұсқасы барлық талапқа сай жария көріп тұр, altaynews.kz сайтының жаңалықтарына орталықтағы телеарналар сілтеме жасайтындай жағдайға жетті.
Ел ішінде интернет жаңалықтарын тұтынуға деген сұраныс та жоғары. Осыны ескере отырып Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазателеком АҚ-пен ортақ мәмілеге қол қойып, алыс ауылдарға дейін интернет желісін тартып беруі керек. Біз қағаз өндірмейтін елміз. Жеріміз ұлан-байтақ. Газеттер уақытында жетпейді. Интернет «алты айшылық жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар» беріп отырады. Осы бір шаруаны тездетіп қолға алып жіберсек, ақпараттандыру саясаты өзінің алғашқы нәтижесін беріп үлгерер еді.
ИНТЕРНЕТ ЖУРНАЛИСТИКА
Аймақтық баспасөз туралы айтып отырып біз аяңдап интернет журналистикаға да келіп қойыппыз. Қазір осы Жаңа медиа жайында айтып жатырмыз, күнде айтатын болдық. Мен соның ішінде мына бір жайтқа тоқталсам деймін.
Интернет журналистика азаматтық журналистиканың белсенділігін тудыруда. Бұл дұрыс. Бірақ қазақ интернет журналистикасын ойлағанда біз қазақ баспасөзінде қалыптасқан мектепті, қалыптасқан кәсіби біліктілікті ұмытпауымыз керек. Турасына көшсек, қазір біз қазақ баспасөзіндегі дәстүрлі мектептің тәжірибесін интернет журналистиканың жаңашылдығымен үйлестіре білуіміз керек. Қазақ баспасөзі туралы бір сұхбатында Ерлан Қарин мырза «Қазақ баспасөзі ұлттық партияның қызметін атқарып келе жатыр» деп еді. Қазақ баспасөзінің сол позициясы, сол ұстанымы, сол мазмұны енді интернет журналистикадан көрініс табуы қажет. Содан кейін оны ішінен жаңарт, өзгерт, түлет, дамыт. Ең бастысы, біз қазықты мықтап қағып алуға тиіспіз. Интернет журналистиканы азаматтық журналистика деп қана түсініп, азаматтық журналистикаға ерікті беріп қойсақ, онда біздің «Жаңа медиа» деп жүргеніміз балабазар болып кетеді. Қысқасы, азаматтық журналистиканың өкілдері, блогерлер, жазу мәдениетімен жете танысып, жазуды үйреніп алса, қуанар едім. Түбі солай болатын шығар. Әйтпесе, ойын толық жеткізе алмайтын блогердің белсенділігі өз басының соры, не мазағы ғана болып қала береді. Азаматтық журналистиканың өкілдері – ақпараттық технологияларды қалауынша пайдалана алатын жастар. Енді осы қабілеттеріне жазу өнері мен байқампаздықты, алғырлықты қосып дамытса, дәстүрлі БАҚ-қа теңдессіз әріптес әрі бәсекелес болар еді. Қазірдің өзінде сол нышан байқалады. Азаматтық журналистика азаматтық қоғамның қалыптасуын жылдамдататын күшке айнала ма деп үміттенемін. Азаматтардың белсенділігін арттыра ма деген ойдамын.
Азаматтық қоғамда журналистерге тақырыпты ортаның өзі дайындап береді. Тарата айтсақ, бір ұйым бір жерде наразылық акциясын ұйымдастырып жатады, бір ұйым жаңа бастама көтеріп жатады, тағы бір ұйым тағы бір іске мұрындық болып жатады. Содан журналистер тыным таппайды. Бізде керісінше. Қоғамға тақырыпты журналист тауып береді. Қоғам оған содан кейін барып мән береді. Міне, сол тақырыпты тауып беру мәселесімен қазір интернет журналистика айналысуда. Дәстүрлі БАҚ-тан оның озықтығы да осыдан байқалады. Әйтсе де, қайталап айтамын, қазақ баспасөзінің мазмұны енді Жаңа медиадан жалғасын табуы керек. Ол үшін ғалымдар, тарихшылар, бәрі-бәрі интернетке көңіл бөліп, онымен тіл табысуы қажет. «Мен интернетті білмеймін, сайтты білмеймін» деген сөз – «мен – наданмын» деген сөз.
Кәсіби деңгей тым төмен
Қайнар ОЛЖАЙ, «Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ аймақтық хабар таратуды дамыту директоры
– Екі мыңыншы жылдардан беріде қолына диплом алған журналистердің кәсіби шеберлігі өте төмен. Бізге ренжімесін, ренжісе өздеріне диплом берген жоғары оқу орындарының сол кезде жөнсіз журфак ашқан немесе журфактағы білім сапасын Темірбек Қожекеев дәуірінен кейін қожыратып алған ректорларына өкпелесін. Қазіргі ақпарат құралдарындағы журналистика пресс-релиз деңгейінде деп білеміз. Демек, сол пресс-релизді дайындаған кеңсе қызметкері мен оны көшіріп басқан газет қызметкерінің арасындағы кәсіби деңгейде еш айырмашылық жоқ. Сегіз, он алты беттік газеттерден ауыз толтырып оқитын ештеңе таппау – өкінішті. Кезіндегі журфакта мектеп бітіріп, студент атанғандарға бірер курс бойы «Қазіргі қазақ тілі» деген пән жүретін. Талғат Сайрамбаев сынды керемет ғалымдар оқытатын. Бір үтір қоймай кетсеңіз – «екі», бір сөйлемді синтаксистен дұрыс құрмасаңыз – «екі». Міне, бізді сауатты журналист еткен сол кездегі деканымыз Темірбек Қожакеев жарықтық еді. Әлем әдебиеті ежелгі дәуірден осы заманға дейін кемінде бес семестр оқытылатын. Сол кезде сабақ берген Сагалеевичтер әулетін сағынамыз. Экономика, логика, психология пәндері оқытылатын. «Холерик», «плегматик», «сангвиник» және «меланхолик» деген мінез-құлық тобындағы кейіпкерлерді кейін тілшілік тірлікте қаншама рет жолықтырдық. Солармен тілдесу, сұхбат алу барысында журфак қоржынымызға салып берген білімнің пайдасын көргенбіз. Егер ескі «зачеткамызды» тауып алсақ, тағы қаншама пәндерді санап берер едік. Қазір ондай сабақтар қай журфакта оқытылады? «Журналистік шеберлік» пәнінде студенттерді топ-топқа бөліп Нұрмахан Оразбеков сияқты корифейлерге тапсыратын. Екі жыл ішінде заметкадан памфлетке дейінгі жанрлардың ерекшеліктерін қауашағымызға сол кәсіби білікті кісілер құйып берген. Қойды сойғанда жілік-жілігін айырып беретін ауыл қасапшылары сияқты. Жеке өз басымыз екі мыңыншы жылдардан бергі журналистика факультеттері – қоғамның соры, қазақ тілінің қақсатып отырған «қанқұрты» деп санаймыз. Оны бітірген балалардың кінәсі жоқ. Айтпақшы, бір рет олар білімнің сапасыздығын айтып бас көтергенде «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыптының» керін кигені есте.
«Кім көрінген журнал шығара беретін болды. Ондағы сын көтермейтін мақалалар «бір қарын майды» шірітіп отырған жоқ па?» деген сауалыңа айтарым, осыдан бес-алты жыл бұрын «Жазушы» баспасынан шыққан «Атамыз Аласанбай» сатиралық романымыздағы «Тесік» деген тарау арқылы жауап беріп кетсек керек. Онда Ешкісүзген ауылында біреу сауна ашып, жаңа бизнес бастағаны сол, барлық тұрғындардың жарыса монша салғаны әжуаланады. Ақырында бас кейіпкер өзінің бұрынғы сиыр қорасын моншаға айналдырып тынады. «Жұлдыздар» жайындағы күпінің битінен көп журналдар жайында айтарымыз – осы.
Біздің журналистердің соры – сынау мен жеке басқа соқтығудың аражігін айыра алмайды. Ертеректе Көпен Әмір Бекте жақсы сатиралық әңгіме болған. Бір ауылдан көшіп жатқан мал дәрігерінің үстінен «шаруашылықтағы мал басын 50 пайыз шығынға ұшыратты» деген сын жазылады. Сөйтсе, мынау қызметке келгенде ауылда екі түйе болыпты. Қызметтен кеткенде бір түйе қәртейіп өліп қалыпты. Бар болғаны бір түйе, ал барлық мал басының 50 пайызы! Айтпақшы, біздің беталды сынағыш тілшілер «мал басы» емес, «мал саны» деп айтып, жазып жүр. Бір малда – бір бас, бірақ екі сан барын енді кімге түсіндіргендейсің. Сынды ең алдымен, газеттердің бас редакторлары көтере білуі керек. 2012 жылғы 19 тамызда атын атамай-ақ қоялық, бір газеттен «Комадағы Айнұр елге келе жатыр» деген тақырыпты көріп, шошып кеткенбіз. Бірінші бетке айғайлатып беріпті. Редакторына хабарласып:
– Айналайын-ау, есін білмей жатқан қыз өздігінен келе алмайды ғой, оны әкеледі. Демек, тақырыптың дұрысы «Комадағы Айнұрды елге әкеле жатыр» болуы керек, – дегенбіз. Ағаттықты мойындау қайда, «осы заманғы газет шығару ісінен артта қалыпсыз» деп бізді біраз жерге сүйретіп тастады. Өздері сынды жақтырмайтын бас редакторлардың «өзгелер сынды қабылдамайды» деген өкпесін ит жесін!
Газет – мемлекеттің қаруы, халықтың мінбері
Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы
– Бұл көптен бері көтерілуі тиіс мәселе болатын. Ақыры айтылды. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің сыны өте орынды. Бірақ мұның себептерін кәсіби тұрғыда талдап, ашып айтсақ, жөн болады. Мысалға, ең басты кемшілік – журналист кадрларды даярлауда. Қазір журналистика факультеттері қаптап кетті. Көп болған соң, қадірі кетеді. Білігі төмен кадр көп болғаннан кейін, сапа болмайды. Кафедраларда қандай пән оқытылады, оның қайсысы керек, қайсысы керек емес, соның барлығын бір сүзгіден өткізетін уақыт жетті.
Мен ешкімді қаралап отырған жоқпын, бұл жерде оқытушыларға, кафедра меңгерушілеріне де жүктелетін жауапкершілік көп. Бұрын атағы дардай небір журналистер келіп, дәрістік сабақтар өтетін. Қазір оларды анда-санда кездесуге ғана шақыратыны жасырын емес. Біздің кезімізде аудитория бос болмайтын. КазГУ-дің журналистика факультетінің өзі университет ішіндегі университет болатын. Белгілі тұлғалар, қаламгерлер журфактан шықпайтын. Ол кісілер әңгіме түйінін тарқатып, өмір тәжірибесімен бөлісетін. Соның арқасында студент кезімізде-ақ «Лениншіл жаста» қызметке араласқанбыз. Тәжірибе жинақтау мерзімін маңдай терімізбен адал өтейтінбіз. Қазір «практикаға» келген жастарды көріп жүрміз ғой, көбісі екі сөздің басын құрап, бір жол сөйлем жаза алмайды. Ізденбейді. Одан кейін, үшінші курстан «Журналистік шеберлік» сабағы жүретін. «Сен журналист боласың ба, болмайсың ба?» деп, тағдырың шешілетін. Қазір мұның бәрі қалды. Мектеп көрмеген кадрлар ертең қандай газет шығарады? «Бұлақ басынан тұнады» демекші, негізгі мәселе осында жатыр.
Кейінгі кезде эфирді бірлі-жарым сауатсыз әншілер жаулап алуы да байқалмай қалмайды. Қабілеті жетіп тұрса, әңгіме басқа. Ел алдына шығып алып, қалай болса солай сөйлейді. Сөздің қадірін кетіреді. Талапқа сай әнші болмаса, бұл шаруамен журналистердің өздері айналысқаны мың есе артық. Тілді білетін, сауатты, парасатты, ақылды, талғамы терең мамандарымыз жоқ емес, баршылық. Соларға мүмкіндіктерін көрсететін жол ашу қажет.
Журналистер де жауапкершілігін молайтып, кәсіби деңгейін арттырсын. Қолына қалам ұстаған кей ағайын кәсіби тұрғыда дайын болмаса да, сол салаға тісі батпаса да әр тақырыпқа ұрына береді. «Ұялмаған әнші болады» демекші, бұлай кете берсе «Ұялмаған журналист болады» деген де нақыл қалыптасып кетуі әбден мүмкін. Ашылмаған арал сияқты, көп нәрсеге араласпайтын адамдар болады. Олардың жан дүниесіне үңіліп, көңілінің кілтін табатын, іскерлігін танытатын біздер. Соған ұмтылыс аз. Мұның барлығы айналып келгенде, тағы да журналистика факультеттерінде маман даярлауға кеп тіреледі. Саны көп те сапасы жоқ. Әрине, барлығына бірдей топырақ шаша алмаймыз. Қабілетті балалар, студенттер, әріптестеріміз бар. Дегенмен аз. Бұған қоса, қазақтілді әріптестерімізге еңбекақы мен қаламақы дұрыс төленбейді. Пәтермен қамту да шешілмей келе жатқан басты сұрақ. Тілшілер алаңдамай, жақсы жұмыс істеуі үшін әлеуметтік қамқорлықты да күшейту міндет. Өйткені баспасөз – қалай болғанда да мемлекеттің қаруы, халықтың мінбері.
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ РЕСМИ «СТАТУС» БЕРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы
– Қазір журналистердің ресми «статусы» жоқ. Мәртебесі болмағаннан кейін, билік тарапынан көмек те болмайды. Соған қарамастан, біз қоғамның жұмысын атқарып, халық пен билік арасында алтын көпір болып келе жатырмыз. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бірақ шындығы осы.
Өйткені мемлекет есебінен шығатын газеттер бар. Оларға қаржы көп бөлінеді. Бірақ халық оқымайды. Телеарналардың да жағдайы жаман емес. Сөйте тұра, олардың да рейтингтік көрсеткіші төмен. Кейбірі халыққа сапасыз өнім ұсынады. Сол себептен, ойлы оқырман жекеменшік басылымдарды оқығанды дұрыс көреді. Интернетке көшіп, сондай-ақ мобильдік жүйе арқылы жылдам ақпарат алып отырғандар да бар. Өкінішке қарай, біздің интернеттік желілеріміз Ресейдің көлеңкесінде жүр. Жастарды өзіміздің сайттарға, ұлттық контенттерге тарту керек. Ол үшін ұялы телефондарда жақсы бағдарламар ашылуы тиіс. Осыны қазір қолға алмасақ, кейінгі толқын Ресейдің идеологиясымен тәрбиелене береді. «Қазақтардың қолынан түк келмейді» деген әңгімені доғару қажет. «Маса.кз», «Абай.кз» сайттарын көріп жүрміз, интернеттік журналистиканың дамуына үлес қосып жүрген атпалдай азаматтар бар. Қолдарынан іс келетінін дәлелдеп жүр. Жалпы, біздің журналистердің деңгейі жаман емес, керісінше, қордаланған, шешімін таппаған мәселелері көп. «Статус» шешілмей, ештеңе де шешілмейді. Мен «статус» дегенде ақша, пәтер мәселесін айтып отырған жоқпын. Бір мекемеге сұрақ жіберсең, олар бізге пысқырмайды да. Заң бойынша үш күн ішінде жауап берулері міндеттелген. Ал олар өздеріне бірдеңе керек кезінде «әке-көкелеп» басылымдарды жағалап кетеді. Бұрын Кеңес одағы кезінде газеттегі сынға жауап берілетін. Бұл қазір біздің тәжірибемізде де жоқ. Сауалыңа жауап та бермейді.
Сондықтан биліктегі азаматтар, шенеуніктер журналистерге деген көзқарасын кішкене өзгертуі керек. Мәселен, кезінде үлкен министрлер, белгілі тұлғалар дау-дамайға ұшырағанда кім бірінші қозғалды? Олар кезінде менсінбеген тілшілер араша түсті. Басқа жүгірген біреу бар ма? Қасында бірге жүрген достарына дейін қашып кетті. Тек отбасы мен журналистер жанынан табылды. Керісінше, қазіргі шенеуніктер журналистерді сотқа беруге дайын тұрады. Бес жыл бұрын жарияланған мақалаға 100 млн, 200 млн, 500 млн құн сұрайды. Осы әрекеті үшін олардың өзіне неге айып салынбайды? Сонда аяқтарын тартар еді. Әйтпесе, қит етсе, ерінбегені сотқа арызданады. Кейінгі кезде бізде осындай жайттар көп. Одан қалса, бас редакторлардың мазасын алады. Жолдастарыңды араға салады. Қорқытып, үркітуге көшеді. Қысым көрсетеді. Содан кейін журналистер қорқады да сын жазбайды. Бұған қарсы заң жобасы депутаттардың талқысына осыған дейін ұсынылған. Бұл заң баяғыда қабылдануы керек еді, әлі де үміт үзбейміз.
Салалық журналистикаға бет бұрып отырмыз
Алмагүл Құрманбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті деканының орынбасары
– Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында заманауи талаптарға сай кадрлар дайындау мәселесін алға қойған болатын. Елбасымыз «Жоғары оқу орындары барлық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын түбегейлі қайта қарастыру керек» деді.
Осы тұста университетіміз STEM — «Scіence, Technology, Engіneerіng, Mathematіcs» (ғылым, технология, инженерлік пәндер, математика) ұстанымын қолдану ұсынылуда. Бұл ғылыми-техникалық ілгерілеу мен инновациялық дамудың нақты математикалық және инженерлік-техникалық мамандықтарға негіз беруді күшейтеді. Осы орайда журналистика факультеті де бүгінгі талаптарға сай негізгі білім беру жүйесін студенттердің келешекте таңдау траекториясына бағыттау негізінде оқу бағдарламасын қайта құру үстінде. Енді оқуға түсуге келген жас талапкерлерге оқудың мамандық бойынша саласын таңдау еркі бола алатындығын, бакалавриат бойынша 1-курсқа оқуға түскенде, мәселен, спорт комментаторы маманы болғысы келсе сол салада ғана дәріс ала алатынын, оған қосымша білгісі келген дәрістеріне де ешқандай кедергі болмайтындай бағдарлама дайындаудамыз. Яғни осы уақытқа дейін факультетіміз әмбебап журналист дайындап келсе, келесі жылдан бастап салалық журналистикаға бет бұрып отырмыз.
Сондай-ақ 1 курстан кейін студенттер оқу тәжірибесіне, 2-курстан бастап өндірістік тәжірибеден (курсына қарай 3 аптадан 5 аптаға дейін) факультет тарапынан келісім-шартқа қол қойған бұқаралық ақпарат құралдарынан, қоғаммен байланыс кафедрасы PR клубтарға, Астана, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Талдықорған қалаларының әкімшілігінде өткізеді.
Қазіргі таңда журналистика факультетінің біраз студенті республикалық, облыстық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Студенттеріміздің редакцияда болып, мақала жазғаны туралы түрлі басылымдардан күнделікті ақпарат алып отырамыз. Алда оқуын бітіріп, қолына диплом алған соң, жұмыс істеуі тиіс екенін әр студент біледі. Сондықтан олардың шығармашылығына біз тыйым сала алмаймыз. Жұмыстың оқуға тигізер зияны жоқ. Студенттің қайсысы болсын, диплом алғысы келеді. Қанша сабақтан қалғанын әр студент интернет арқылы «универ» жүйесіндегі журналдары арқылы біліп отырады. Сондықтан жұмыс істейтін студенттер сабақтан қалмауға тырысады.
Бетті дайындаған – Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)
http://www.aikyn.kz/