АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақ басылымдарының темірқазығы

Откен ғасырдың бас кезінде шыққан «Қазақ» газеті халқымыздың көзі мен құлағы, ақыл-ойға толы бұлағы, қараңғыда сәуле шашқан шырағы болып ұлт зиялыларына аса күшті ықпал еткен басылым болды.

Қазіргі қазақ басылымдарының бәрі дерлік осы газеттен бастау алды деуге болады. Биыл осынау алғашқы басылымның шыққанына 100 жылдың жүзі болды. Соған орай Кеңес заманында қатаң тыйым салынған бұл басылымның атын еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғыртып «Қазақ» газетін шығарып келе жатқан, оның бас редакторы, белгілі жазушы, журналист Қоғабай Сәрсекеевті әңгімеге тартқанды жөн көрдік.

– Кеңес заманында «Қазақ» газетінің атын естігенді былай қойып, оны шығарған Алаш арыстарының есімін ауызға алудың өзі қауіпті болғаны жұртшылыққа мәлім. Тәуелсіздік алғаннан кейін Сіз «Қазақ» газетін қайта жаңғыртып, игі іс атқарғаныңыз да оқырмандарға белгілі. Алғаш «Қазақ» газеті жөнінде, оны шығарушы Алаш арыстары жөнінде қай кезден бастап қанық бола бастадыңыз?
– «Қазақ» газеті кешегі Кеңес дәуірінде зерттелді деп айта алмаймын. Бірақ есті аза­маттарымыздың жадында еді, дауыстап айтпаса да, ыңғайынан та­нитынбыз. Университетте «Қазақ» газеті жайлы ұстаздарым Бейсенбай Кенжебаевтың, Те­мірғали Нұртазиннің, Зейнолла Қабдоловтың сөз арасында сақтана, жасқаншақтай айтып қалатынын еститін едім. Қайнекей Жармағамбетов дейтін ақын ағамыз Ахаң, Жақаң, Әлекең (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов) жайлы оңашада кәдімгідей маған сеніп айтатын. Сейітбек Нұрқанов есімді тілші ағамыз үш арыстың ұлылығын дәлелдей сөйлейтін. Содан кейін мен Торғай өңіріненмін ғой, Ахмет, Міржақып аталарымызды ауыл ақсақалдары мейірлене еске алатын… Осының бәрі құлақта қалған, есейе келе көкіректе тірілді. «Қазақ»-ты жақын тарттым. Содан «Қазақ» газетіне деген құштарлығым оянып, оны қайта шығарса деп армандайтын болдым. Кейін «Қазақ» газетінің қалай шыққанын зерттеп, зерделей бастадым.
«Қазақ» газеті әуелде 1907 жылы наурыз айында, Троицк қаласында шыққан. Бір саны шығып тоқтап қалған. Шығарушысы – Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылар – Жетпісбай Андреев, Ешмұхамет Иманбаев. Бұл жайлардың бәрі татар зерттеушісі Рәмиевтің «Уақытылы татар матбұғаты» деген альбомында жазылған. Алайда ұлттың бас газеті, қалың қазақ елінің айнасы, шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. «Айқап» пен «Дала уәлаятының газеті», «Түркістан уәлаятының газеті», «Қазақстан» беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиясына «Қазақ» газетінің Орынборда 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап шыға бастағаны айтылады. Редакторы Ахмет Байтұрсынов, бастырушы «Азамат» серіктігі, Құсайынов-Кәрімов баспаханасы. Архивте газеттің екінші редакторлығына М.Дулатовты тағайындау туралы 1914 жылғы 19 мамырда Орынбор губернаторына жоғары баспасөз басқармасының берген бұйрығында: «Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен шығып тұрған «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы қызметін атқаруға Торғай облысы, Сарықопа болысы, №1 ауылдың қазағы Мир-Якуп Дулатович Дулатовқа рұқсат беріледі» делінеді. Ал газеттің 1918 жылғы 261-265-сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков болған.
Жазықсыз жазаға ұшыраған асыл азаматтарымыздың ішінде А.Байтұрсынов пен М.Дулатов­тың есімдерін қазір тебіренбей ауызға алу мүмкін емес. Олар­дың ағартушылық қызметі, ғы­лымдағы, әдебиеттегі аударма ісіндегі, оқу құралдары мен әдеби шығармаларды шығарысудағы және журналистикадағы зерттеу­шілік дарынды қызметтерін ерекше атап өтпеске болмайды. Тұңғыш журнал «Айқап» пен «Қазақ» газетінің беттерінде жарияланған мақалаларын оқы­ғанда, олардың сан қырлы еңбек­терінің куәсі боламыз. «Қазақ» газетін ұлтшыл, буржуазияшыл, либералшыл орган, алашордашылардың рупоры ретінде, ал оның редакторлары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтарды алашордашыл «халық жауы» деп бағалап, газетте басылған халқы­мыздың әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, экономи­калық-саяси жағдайларынан, әдет-ғұрпы мен заңынан бай мағлұматтар беретін материалдардың бетін жылы жауып қойған заман да өтті.
Қалай дегенмен де қазақ бас­пасөзі оңайшылықпен қалыпта­сып, дүниеге келген жоқ. Бүгінде осының бәрі, әрине, өткен тарих боп қалды. Дейтұрғанмен, қазіргі заман басқа, қазақ қоғамы өзгерді. 1918 жылы жабылып қалған «Қазақ» газеті 2006 жылы араға 88 жыл салып, қайта шыға бастады, бүгінде жаңарған Тәуелсіз елдің бас басылымдарының біріне айналып отыр.
– Журналист болып өзіңіздің де «Қазақ» газетін ашудағы мақсатыңыз қандай еді? Осы мақсатқа жетіп жүрсіз бе?
Қазақ басылымдарының темірқазығы– «Қазақ» өз халқымен тағы да дидарласуға қадам жасады, таза пиғылмен есік ашты. Тағдырдың небір қиын тауқыметін бастан өткерген «Қазақ» газетінің өз халқына ниеті адал. Сонау жылдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қол қойып шығарған қайсар мінезді, кезінде ұлтының саналы үні болған газет тәуелсіз еліне оралды. Бүгінгі ұрпақ газет жұмысына кезінде оқтай зырлап, қардай борап, тер төге еңбек сіңірген Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Құдайберген Жұбанов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхамедов, Жанша (Жаһанша)Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жиһаншах, Жансұлтан Сейдалиндер, Асылбек Сейітов, Мұстафа Шоқаев, Бекмұхамет Серкебаев, Мұстафа, Ахмет Оразаевтар, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты ұлылардың ұлағатын қазіргі басылымдар үлгі-өнеге тұтса деп тілеймін. Аттары аталған жайсаңдарымыз сол тұста газеттің тұрақты авторлары болуымен бірге, басылымның ел арасына кең тарауына меценаты да бола білген зиялылар. Бір сөзбен түйіндеп айтқанда, Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газеті қазіргі қазақ басылымдарының да бағыт сілтер темірқазығы, шам­шырағы болып келеді деп ойлаймын.
Рас, қазір баяғы замандағыдай емес, Қазақстанда газеттер көптеп шығады. Әсіресе тәуелсіздік алғаннан бері бұл салаға кең жол ашылды. Мұндай қадамға қуану керек. Тіпті «Қазақ» газетінің дәстүрін жалғастыруды ниет етуші басылымдар да табылады. Кей тұста бүгінгі «Қазақты» кешегі «Қазақтың» мұ­рагері, жалғасы деп айтуға қимай­тындар да бар. Қайтесіз, ондайлар қателеседі деп ойлаймын. Жалпы мұндай ұшқары, жел сөздердің жетегіне кетпеген де жөн шығар. Абзалы, асығып-аптықпай түгенделе берген жөн ғой. Сонда бүтінделеміз, етек-жеңіміз жиналады. Мәрт болайық.Әйтсе де енді жарық көріп отырған «Қазақтың» ешқандай басылыммен таласпақ ойы жоқ, бәсекеге де түспейді, әр газет-журналдың өз жолы бар, сол жолда кім-кім де оза шапса, беті қабыл. Әріптес басылымдармен бірлесе «Қазақ» қазақ жүгін сүйреуге тырысып, ақ сөйлейді, ешкімнің айыл тартпасы болмайды, түтіні түзу шығады десем сөзім жаңсақ болмас.
Өмірге қайта келген «Қа­зақтың» мақсаты – айқын, ұстанымы – берік, жүрегі – адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау болып ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне үлесін қосады. Осы ретте «Қазақ» газеті сөз жоқ, оқушыларына арқа сүйейді, аталы жұрт, ауқымды милләтіне иек артады.
Сөйтіп, «Қазақ» әр қазақтың шаңырағынан табылам деп өмір есігін ашты. Арыстарымыз басылымның атын әуелде «Қазақ» деп қойған ғой. Бұл атты олар аталы жұртымыздың, жоталы ұлтымыздың аруақты аты деп қойған. Милләт халін ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған ісіміз дейді және. «Құдай сәтін салсын «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік» дейді тағы. Міне, аталы сөз, дуалы уәж деген осы болса керек. Біздің ұс­таным да осы болмақ, бола береді де!
– Алдағы шығармашылық жоспарыңыз жөнінде де бір-екі ауыз айта кетсеңіз?
– Соңғы кездері жазған соны туындыларымды жинақтап, 2009 жылы «Қазақия» кітабымды жарыққа шығардым. Кітаптың басты тақырыбы Қазақия, халық тағдыры, ұлт тыныс-тіршілігі, ел халі болды. Ал 2011 жылы «Дешті Қыпшақ» деп аталатын заманауи роман-хроникам оқырманмен қауышты. Үлкен форматтағы 718 беттік кітапта бұрынғы өткен көне заман жылнамасы таразыға салынып, оқушымен сырласу жағы да, жеке ой-толғамдарым да, бүгінгі уақыт ырғағы да жеткілікті десем артық айтқандық болмас.
Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің «Қазақ» газетінің қайта шыға бастағанына биыл 7-жылға аяқ бас­ты. Осы жеті жыл ішінде газеттің 357 саны жарық көрді. Апталық басылым үшін бұл аз көрсеткіш емес. Апта сайын газет бетінде бүгінгі күннің өзекті мәселелері, Алаш тақырыбы, тағылымдық-танымдық дүниелер мол жарияланды. Осыны басшылыққа алып, 2006-2013 жылдар аралығында газет бетінде жарияланған кейбір мақалаларды іріктеп, «Қазақ шаруасы» деген атпен кітап шығарғалы жатырмын. Бұл да Алаш арыстарының үлгісі бойынша атқарылар шаруа.
Қазақ шаруасы! Бұл істі ұлы Абай бастаған. Қазақ шаруасына қазақ болып жан ашу әр қазақтың міндеті әрі қасиетті борышы. Сондықтан ба, қазақ шаруасына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин сияқты Алаш арыс­тары атсалысты, «Қазақ», «Айқап» басылымдарының беттерінде мақала жазып, ірі-ірі мәселелер көтерді. Көне архив беттерін ақтарған кісі бұған анық көз жеткізер еді, күні бүгін де бұл іс те жалғасын табуда.
Рас, әр заманның өз мәселесі, өз проблемасы, өз айтар сөзі бар. Осындай реттерден де біз де осы тақырыпты қолға алған едік. Әлекеңше, Ахаңша, Жақаңша толғап, Алаш арыстарының дәс­түрін жалғастырғымыз келді, бұл ретте әуелі тоқтап, үзіліп қалған басылымдарды қайта тірілттік, жарыққа шығардық, содан соң қазақ шаруасын әл-қадірімізше тізе жаздық. Таяуда жарыққа шығарғалы отырған бұл кітапқа енді сол жазбаларымызды тіздік. Қазақ шаруасының ауқымы, әрине, кең, бірақ ең өзекті дегенді ғана ақ қағаз бетіне түсірдік.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қуанбек Боқаев

Тарих куәсі болған ғимарат

Қамбар Атабаев,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,  тарих ғылымдарының докторы

Қамбар Атабаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

2000 жылы Орынборда болып, онда облыстық мұрағатта зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Кезінде еліміздің астанасы болған бұл қалада «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан. 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткізілген бірінші жалпықазақ съезінде қазақ зиялылары үшін аса маңызды ұлттық мәселелер талқыланып, көпшіліктің қолдауымен «Алаш» партиясы құрылды. Сол жылдың 5-13 желтоқсанында осы қалада «Алашорда» Үкіметі құрылды. Орынборда осындай тарихи маңызды жиындардың куәсі болған үйлер әлі бар. Мұны мұрағат құжаттары арқылы дәлелдедім. Чеченина көшесі, 75-үй екі қабатты ғимарат. Онда сегіз отбасы тұрып жатыр, бір жағы офиске айналған. Дәл осы ғимараттың тарихи маңыздылығы туралы баспасөз беттерінде де мақалалар жарияланды. 1913-1918 жылдары осы үйде Ахмет Байтұрсынов тұрған әрі осы жерден «Қазақ» газеті шыққан. Мұны дәлелдейтін құжаттар да бар. Бұл үй кезінде кейбір фильмдерге де түсірілген еді. Өзге жұртқа елеусіз болғанмен біздің тарихымыз үшін бұл ғимараттың орны ерекше. Баспасөзде осы үйді еліміз қалай да сатып алып, мұражай ету керектігі жөнінде мәселе көтерілді.
Біз сол жылы осы аталған үйдің тұрғындарымен кездесіп, пікірлескен болатынбыз. Олар да бұл ұсынысымызды қолдап, егер басқа жерден баспанамен қамтамасыз ететін болса, онда бұл үйді тез арада босатып беруге әзір екендігін айтып еді.
Таяуда «Қазақ» газетіне жүз жыл толғалы отыр. Бұған жан-жақты дайындық шаралары жүргізілгенмен, біздің көтеріп отырған осы мәселе назардан тыс қалып келеді. Алаштың рухы, Ахаңның аруағы мен «Қазақ» газетінің ұрпаққа аманат болған ғибраты үшін мұндай ұсыныс аяқсыз қалмауға тиіс. Тәуелсіз мемлекетіміз бұл бастаманы қолдап, Орынборда ел тарихымыздан сыр шертетін мұражай ашса, тарих куәсі болған ғимаратты көздің қарашығындай сақтаса деймін.
Орынборда қазақтардың қауымдастық ұйымы бар. Олардың осы тарихи үйге ие болып, оған қамқорлықпен қарауға шамасы жетеді. Үйдің бірінші қабатын мұражай, екінші қабатына Қазақстаннан барған қонақтарға арнап қонақүй жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Қонақүй дейтін себебіміз, елімізден Орынбор мұрағатына баратын ғалымдар мен зиялылар, сонымен қатар басқа да жұмыстармен келген азаматтар осы жайлы орынға жайғасары анық қой. Міне, осындай ұсыныстарымды бірнеше жылдан бері айтып келемін. Сонымен бұл іс тек қана мемлекет тарапынан шешіліп, ХХ ғасырдың басында қазақ тарихына қатысты оқиғалар өткен Орынбордағы ғимарат Қазақстанның қамқорлығына өтеді деген сенімдеміз.
Аллаға шүкір, елімізде қазақтан шыққан қалталы кәсіпкерлер де жоқ емес. Бәлкім, солардың бірі осы үйді сатып алып, халық игілігіне табыстап қалар деген де үмітіміз жоқ емес. Айтылып та, жазылып та келе жатқан осы мәселе таяу арада шешімін тапса деген тілек бар.

Ана тiлi газетiнен алынды