«Шаңды жорық» оқиғасы және Баян, Сары, Жантай сынды айтулы қазақ батырларының жерленген жері турасында баспасөз беттерінде түрлі зерттеулер мен болжамдар жарияланып келеді.
Мекеме қызметкері Орынбай Ошановтың айтуынша, «Сары мен Баян батырдың моласы Қарағанды облысы, Шет ауданының Қарабұлақ ауылының қасында» деген мәлімет көкейге қонымды. Шындыққа жанасады. Тарихи дастандарға қарағанда, бұл жерде Сары мен Баян ғана емес, атақты Жантай батырдың да мүрдесі болуы керек.
– Ел арасында деректердің барлығын білмегендіктен, бұған дейін тарихи жыр-аңыздарға сүйеніп, оның ішінде Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанын талдап шыққаннан кейін, осы үш батырдың жерленген жері Балқаштың солтүстік-батыс жақ өлкесі, Тайатқан-Шұнақтың маңы болуы керек деп жобалап жүруші едім. Зерттеушілердің көбі бұл батырлардың өлімін атақты «Шаңды жорық» оқиғасымен байланыстырады. 1771 жылы Еділ бойынан Жоңғарияға қазақ даласын көктей өтпек болған қалмақ көшінің басынан кешкені баршамызға мәлім. Тарихшылардың арасында жоғарыдағы батырлар осы жорық кезінде қаза тапты деген пікір басым. Осы тұста батырлардың қазасы жөнінде сәл кідіріс жасап, «Шаңды жорық» туралы мәселеге тоқтала кетсем. Өйткені осы жорықпен тұстас отандық тарихта беті ашылмай келе жатқан тағы бір үлкен оқиға бар. Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанынан «Шаңды жорықтан» бөлек, Жоңғарияға өтпек болған тағы бір қалмақ көшін көреміз. Егер «Шаңды жорықта» 1771 жылы Ресей патшалығының қоластындағы Еділ қалмақтары көшсе, ал Үмбетейдің жырлап отырғаны – Ерейментаудан түп көтеріле көшкен Абылайға бағынышты қалмақтардың көші. Жырдың бойынан бұл оқиғаның «Шаңды жорықтан» кейін болған жайт екені байқалады. Қалмақтардың бұл «соңғы көші», 1771 жылғы «Шаңды жорықтың» көлеңкесінде қалып қоюы себепті, осы уақытқа дейін тілге тиек етілмей келеді. Әрі отандық тарих ғылымында айналысқа енбей қалған жайттың бірі. Сол себепті көптеген зерттеушілер бұл екі оқиғаның аражігін ажыратпай, бір жорық ретінде қарастырады. Зерттеушілер бұл тұста сол уақыттағы жазба деректерден, Рычков, Левшин сынды зерттеушілерден бөлек, әсіресе, қазақ батырлары жөніндегі мәліметке келгенде көбіне Шоқан Уәлихановқа сүйенеді.
Егер зер салып қарасақ, Шоқан қазақ батырлары жөніндегі өз жазбасында екі бөлек дерек келтіреді. Біз осы екі деректі бір оқиға деп жаңсақ түсініп жүрміз. Оның бірі – 1771 жылғы Еділ қалмақтарының көшіне байланысты. Онда тарақты Байғозы батырдың бір ерлігі жөнінде жаза отырып «Во время преследования торгаутов, бежавших из России…» деп Еділ қалмақтарын нақтылай айтады (218-бет). Ал екінші дерегі былайша келеді: «Последнее преследование бежавших торгаутов в преданиях народа известно под именем «тыльного похода». В этом походе народу было более сан (без счета), хан стоял на сборном месте, не двигаясь; он дожидался храброго батыра Баяна, несмотря на ропот других батыров. Наконец явился с 540 человеками и он предстал перед ханом: «Куда, что прикажешь, я исполню». Хан обратился к народу и сказал: «Вот зачем я так долго ждал Баяна». В это-то время канджигалинец Джантай-батыр, державший передовой караул с отрядом в 500 человек в расстояний суточной езды, был убит калмыками»(Валиханов Ч.Ч. Исторические предания о батырах XVIII в. // Собрание сочинений в пяти томах. Том 1 – Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1984.с. 221).
Шоқан бұл екінші мәліметінде1771 жылғы Еділ қалмақтары деп тұрған жоқ. Керісінше, «қашқан торғауыттарды соңғы қуу» деп жазып отыр. Бұл мәлімет толықтай Үмбетейдің «Жантай батыр» жырындағы оқиғамен үндес келеді. Әрі Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» жырында «Әлқисса, сәтсіздікке ұшыратқан «Шаңды жорықтың» салқыны іспеттес бұл жорықта да қазақтар жеңіске жете алмаған. Олжадан шығын көп» деген жолдар кездеседі [293-б.]. Тағы бір назар аударарлық жайт, Шоқанның жазбасында бұл жорық «пыльный поход» емес, «тыльный поход» деген түрде кездеседі. Бұл редакциядан кеткен қате ме, әлде шынында, түп нұсқада осылай болды ма, оған көз жеткізу қазір қиын. Бірақ «тыльный поход» (ішкі жорық) деген нұсқаның да жаны барын байқауға болады. Егер Ресейден қашқан қалмақ көшін белгілі «шаңды жорық» атауымен қатар, «сыртқы жорық» деп қабылдасақ, онда «ішкі жорық» Ерейменнен қашқан, яғни қазақ ішінен ауған қалмақтың оқиғасы себепті аталуы мүмкін. Шоқан мен Үмбетейдің мәліметтерінің ортақтығын қалмақ басшыларының аттарынан көруге болады. Екеуінде де қалмақтардың басшысы болып Уса мен Серен айтылады. Ал Ресейден қашқан қалмақтың басшысы – Убашы.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінде «Шаңды жорық» оқиғасында екі бөлек жорық астасып кетіп, бір жортуыл ретінде қарастырылып жүр. Бұдан шығатын қорытынды,қазақтың айтулы батырларының (Сары, Баян, Жантай, Көлбай және т.б.) дені көз жұмған жортуылы 1771 жылғы Еділ қалмақтарымен емес, одан бір жыл кейін болған Ерейменнен ауған торғауыттардың оқиғасымен байланысты.
Ереймендік қалмақ көшінің 1772 жылы орын алғандығы және Баян батырдың да бұл уақытқа дейін тірі болғандығы келесі деректен байқалады. Тарихшы Зарқын Тайшыбайұлы Омбы мұрағатынан 1773 жылғы ақпан айында қазақ тұтқынынан қашқан қалмақ әйелінің түсініктемесі туралы келесідей дерек келтіреді: «Менің атым Жарга Бардазамаева, 40 жастамын. Бұрын Еділ бойында, Енатьев бекінісіне қарсы мекенде, Дотбир Дундуков князьдің қарауындағы елде тұрғанмын. Жайлауда 15 жасар қызым ауырып, оны емдету үшін Обашы ханның еліне баруға мәжбүр болдым. Ол ел шығысқа, бұрынғы жоңғар жеріне жаппай ауып бара жатыр екен. Мен солармен бірге кеттім. Балқаш (Балхасы) көлінің жағасына келгенде атымыз өлді, отыз шақты адам жаяу қалдық. Бізді қазақтар ұстап алды да ауыл-ауылға таратып, бөліп жіберді. Мен Абылай сұлтанға қарайтын уақ болысының ел ағасы Баян батырдың иелігінде болдым. Баян батыр қайтыс болардың алдында мені өзінің інісі Хабин Тулту Булуковқа (Бөлек) берді. Осы уақытқа дейін сонда болдым. Ол елде жағдайым қиын болды. Басқа қалмақтар сияқты мен де бұрын Ресейдің қоластында болғандығымнан қашып шықтым. Түн ішінде бір түйені ұстап міндім. Приозерный станицасына бір шақырым қалғанда, түйені далаға тастап, өзім Баян аулаға жаяу келдім (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты.1-қор,1-тізбе,184-іс,216-пар)» (ТайшыбекұлыЗ. «Шаңды жорықтың» шындығы»// мақала Қасым Аманжолов порталынан алынды).
Міне, бұл деректен Баянның Еділ қалмақтарының көшін қуған жортуылдан аман келгендігі және түскен тұтқындардан өз үлесін алғандығы көрініп тұр. Әрі қалмақ әйелінің жауап берген уақыты 1773 жылдың ақпан айы екендігін ескерсек, онда Баянның 1772 жылы қаза болғандығын көреміз.Егер ереймендік қалмақтардың да ерте көктемде қашқанын ескерсек, Баян және басқа да қазақ батырларының қазасы 1772 жылдың мамыр-маусым айлары екенін нақтылауға болады.
Үмбетейдің «Жантай батыр» жырындағы ереймендік қалмақ көшінің оқиғасы барысына да бір-екі ауыз сөз арнасақ. (Үмбетей жырау. Жантай батыр//Қанжығалы қарт Бөгенбай. Құраст. Алдан Смайыл. – Астана: Фолиант, 2007.).
«Жантай батыр» жыры – тарихи шындыққа негізделген туынды. Бұл жырдың маңыздылығы Үмбетей жыраудың өзі басынан кешірген оқиғасын, яғни қашқан қалмақтың көшін қуған қазақ сарбаздарының жорығын жырлап отыр. Жырдың бойынан жаугершілік уақыттағы көшпелі халықтардың жыл мезгілдерін ескере отырып алдын ала ұйымдастырған өмір дағдысын байқаймыз. Бұл қалмақтардың жасаған айласынан көрінеді. Абылаймен келісімге келіп, мойынсынғанымен, қалмақтар ішкі сырларын бүгіп қалып, мақсаттарын жасырын іске асыра бастайды. Яғни өлең жолдарында айтылғандай:
«Құрытып қысқа аяқты қара малын,
Төлдетпей ұзын аяқ жануарын.
Тұлпарын тусыратып, бедеу баптап,
Торғауыт жасай берген кету қамын»
[278-б.].
Осылайша үйірге айғыр, түйеге бура қоспаған қалмақтар, қазақтардың аты көтерем, малы төлдеп, шаруабасты болып жатқан мезгіл, қардың көбесі енді сөгілген ерте көктемде он мың түтін Ерейменнен жөнеп береді. Мақсаттары – Бетпақдаланы көктей өтіп, Ілені қуалап Қытайға қарасты атажұрттарына (Жоңғарияға) жету. Жай кетпей қанжығалы руының бірнеше адамдарын мерт қылып кетеді. Қашқан қалмақ елін кеш аңғарған Жантай батыр негізгі қолдың жиналуын күтпей, 500 сарбазымен қуып шығады.
Сары, Баян батырлардың жерленген жері деген Қарабұлақ елді мекенінің маңайының осы оқиғамен байланысты екендігі келесі жыр жолдарынан байқалады. Жырда Жантайдың қалмақ көшін қуып жеткен жері былай деп келеді:
«Шұнтиып әр төбеде көкектері,
Қылтиып көрінгенде көкпек шөбі,
Балқаштың батыс қуаң өңірінен,
Көз шалды жау шатырын ту шеттегі»
[285-б.].
Бұл жыр жолдарының тағы бір құндылығы оқиғаның мезгілін де көрсетеді. Жырдағы «Шұнтиып әр төбеде көкектері, Қылтиып көрінгенде көкпек шөбі» деген өлең жолдары солтүстік Балқаш, Бетпақдала өңірлерінің көктем айлары мезгілін дәл көрсетіп тұр. Балқаш өңірінде көкпек шөбінің бой көтеруі сәуір айының орта кезіне дәл келеді. Өткен жылғы өлі шөптің арасынан бірінші болып көкпек шөбі көтеріледі, тек содан кейін мамыр айларының бас кезінде көденің түбі көгере бастайды. Көкек құсының шақыруы да сәуір айының орта кезінен басталады (автор бұл жерде өзінің даладағы бақылауларына сүйеніп отыр).
Жоғарыдағы өлең жолдарында «Балқаштың батыс қуаң өңірінен» деп отырғаны осы Бетпақдаланың солтүстік шегінің басталар жері. Сары мен Баян жатыр деген Қарабұлағыңыз да осы Балқаштың атырабына кіреді. Торғауыт елінің қашқан мезгілі осы сәуір айының орта кезі болуы керек. Ереймен мен Бетпақтың арасы жобамен 500 шақырым аралықты алып жатыр. Бұл жерде қалмақтар көшінің қозғалысын әдеттегі көштің емес, жаугершілік уақыт жағдайындағы үдере көшу жылдамдығымен есептеу қажет. Егер, мал-жанды көш қозғалысын түйе түлігінің күнделікті жүрісінің жылдамдығымен (50-60 км) есептесек, Ерейменнен шыққан елдің 8-10 күнде, яғни сәуір айының аяғына таман Бетпақтың солтүстік шетіне іліккенін жобалауға болады. Қашқан көштің соңынан іле шыққан (жобамен 2-3 күннен кейін) қуғыншы топтың суыт жүрісі бұдан да жылдам. Бұл жердегі қақтығыста Жантай бастаған қуғыншы топ түгелдей дерлік қаза табады. Жырда Жантай батырдың өлімі былай деп келеді:
Қан саулап аяқ-қолдың жарасынан,
Бағынбай тәлтіректеп аласұрған,
Қайран ер-қайсар жанды дарға асып,
Кетті жау Балқаштың қу даласынан
[287-б.]…
Ал Сары, Баян батырлар бұл қуғыншы топтың соңынан шыққан, Абылай бастаған үлкен қосын ішінде болып, Үмбетейдің жырлауына қарағанда Іленің сол қабағын бойлай отырып, бұрынғы Құлжа қаласының (бүгінде Инин) маңында торғауыттармен шайқаста қаза табады. Торғауыттардың толық жойылып кетпеуіне Цин империясының (бұрынғы Жоңғария) жеріне өтіп үлгеруі себеп болады. Әрі торғауыттар көшінің алдынан қытай әскерлері шығып, өз қоластына алады.
Баян батырдың өліміне байланысты бірнеше мәлімет бар. Үмбетей жыраудың дерегі жоғарыдағыдай. Ал Шоқанның мәліметінше, Баян осы жорықтан қайтар жолда Бетпақтан өтіп келе жатып бүлінген су ішіп, «қара тышқақтан» көз жұмған сарбаздардың қатарында айтылады. Шоқан: «Калмыки стали в расстоянии коча баранов (переход 8 и 9 верст). Два дня ждали, нет калмыков, нет белых юрт, после узнали, что прошло два дня, как они снялись и ушли. Баян взялся преследовать с 1000 человек, догнал в то время, когда они вошли в Китай, и не успел захватить только 40 саженями; на возвратном пути от воды, испорченной трупами калмыков, они заболели болезнью кара тышкак (черные испражнения) и погибли и погиб знаменитый Баян» деп жазады [б.222].
Ал Үмбетей бұл аурудан өлгендердің ішінде белгілісі ретінде тек Көлбай батырды айтады. Жыр жолдарында:
«Жолшыбай шаршаған соң қатты шөлдеп,
Жұтқанда сасық суды күй төмендеп,
Көлбайдай талай кісі опат болды,
Қайтарда қара тышқақ ауру меңдеп» деген мәлімет келтіреді [294-б.].
Кім біледі, Үмбетей қандыкөйлек жолдасының мұндай аурудан өлді деуге дәті шыдамады ма?! Бұл жерде Баянның өліміне байланысты Шоқанның мәліметінің де жандылығын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Шоқанның кезінде бұл жорықты көрген адамдардың соңы әлі бар болатын. «Батыр Баян қайда жерленген?» атты мақалада келтіріп отырған қолжазба жыры бойынша да Баян батыр осы аурудан кеткен адамдардың қатарында айтылады.
Үмбетейдің жырына сүйенсек, осы жорықтан қайтар жолда қазақ қосыны Жантай бастаған топтың қырғын тапқан жеріне келіп асулы тұрған батырды дардан шешіп, жер қойнына тапсырады. Әрі өздерімен алып келе жатқан Сары мен Баян батырлардың да мәйітін қоса қояды. Үмбетейдің:
«Арғындар Жантай, Баян, Сарыларды,
Арулап кең лахатты көрге салды.
Қасында қару, сауыт, дулығасы,
Боялып жау қанына бірге қалды» деп жырлағанына қарағанда, үш батырды бір көрге салған сияқты. Қазақ әскерлерінің кері қайтқан уақытына дейін Жантайдың далада асулы күйде тұруы да жырдың шындыққа негізделгенін көрсетеді. Өйткені Абылай бастаған негізгі қосын (қоршаудан бұзып шыққан Жантайдың ұлы Тоқаштан мән-жайды білген соң) қашқан қалмақтарды ізбен қумай, төте жолмен Ілеге шығып, көштің алдын орайды. Осы себепті Жантайдың денесі далада қала берді.
Жоғарыда жазылған Еділ қалмақтары мен Ереймен қалмақтарының қашқан жолында ортақ бір жайт бар. Ол – екі көштің жүрер жолдарының Балқаш көлінің маңайында тоғысуы. Бұл жайтта тарихшылардың арасында екі жорықты бір жорық деп қарастыруына себеп. Дегенмен оқиғаның болған жерлерінде айырмашылықтар барын көруге болады. 1771 жылғы жорықта қазақтар қалмақтарды Мойынты өзенінде тоқтатып, екі жақ келіссөз жүргізеді. Ал Ереймен көшінде қалмақтар Мойынтыдан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырымдай қашықтықта Қарабұлақ жерінде Жантай батырдың тобын қырғын таптырып, Бетпаққа өтіп үлгереді. Дегенмен қазақ қосындары оларды Ілеге шығар жерінде, яғни Балқаштың оңтүстік-батыс жақ шетінде тоқтатады. Бұл – жобамен бүгінгі Ақсүйек, Қаншеңгел елді мекендерінің маңайында. Сондықтан бұл ұқсастықты екі бағыттан шыққан ауған елдің Іле бойына өтер күре жолының тоғысар жері деп қана қарау керек. Бетпақты солтүстіктен-оңтүстіке (немесе керісінше) көктеп өтетін бұл сорап жазба деректерден «Хан жолы» және одан кейінгі уақыттарда «Қарқаралы жолы» деген атпен белгілі.
Қорыта айтқанда, Баян, Сары, Жантай секілді айтулы батырлардың жерленген жерінің табылуы – үлкен қуаныш. Әрине, аталмыш батырлардың қайтыс болған жылдары, жерленген жері деген басқа да пікірлер бар. Басқаша дерек көздері, дәлелдері болса, ол жөнінде тарихшылар өздері қоса жатар. Менің ойым осы, – дейді«Қазархеология» мекемесі қызметкері Орынбай Ошанов.
Біздің пайымдауымызша, білікті маманның деректері көңілге қонатындай. Дегенмен нақты көз жеткізу үшін археологиялық тұрғыда зерттеу жүргізу керек сияқты. Бұл туралы сұрағанымызда Орынбай Ошанов:
«Батырларымыз табылды екен деп «әй-шәй» жоқ, күрек алып жүгіріп кетуге болмайды, әрине. Сонымен қатар бұл батырлардың жерленген жері деген басқа да пікірлердің барлығын ескергеніміз жөн. Соның бірі Сары батырды аманат қойып, кейін денесін еліне алып кеткен. Сондықтан бұл жерде тарихшылардың бір тоқтамы керек. Негізі, отандық археология ғылымы көне тарихты зерттеуге бағытталған. Біз XV ғасырдан бері аспаймыз, яғни қазақ хандығының құрылуы шегімен тоқталамыз. Дегенмен кейінгі жылдары елімізде Әйтке би, Әбілқайыр хан секілді белгілі тарихи тұлғалардың кесенелері қазылып, толыққанды зерттеуден өткені белгілі. Егер қоғамдық пікір көтеріліп, әрі құзырлы мекемелердің рұқсаты болып жатса, әрине, үкілі батырлардың тірі кезіндегі шынайы бет-келбетін кім көргісі келмейді дейсіз. Бұл процестің біраз уақытқа созылатынын да ескерген жөн. Қазылып алынғаннан кейін, аршылған мүрделерді Мәскеуге «Герасимов» лабораториясына жіберу керек. Тірі кезіндегі адам-ның кескіні сол жерде ғана жасалады. Оның барлығы көп қаражатты қажет ететіні тағы бар. Сол себепті осы айтылған жайттарды еңсеріп, екшелеп алғаннан кейін ғана бұл батырларды археологиялық тұрғыдан зерттеген жөн» деді.
Байдәулет Қаншайым
http://www.aikyn.kz/news/view/49850