Арқырап арнасына сыймай тасып-төгіліп жатпаған суды өзен деп кім айта алады? Әрине, егер өзен мен көлді, дауыл мен желді ажырата алмайтын біреу болмаса. Дәл осы салыстыруды біздің эстрадамызға алып келсек, бізде қазір, рас, әнші де көп, ән де көп, таңертең бір топ құрылса, кешке оның тарап та үлгеріп жатқан жайы бар. Былай қарасаңыз, дамып жатқан сияқтымыз. Бірақ мың ән болса, бәрі бір әуенде, бір сарында, тіпті сөздері де бірінен-бірін айырғысыз, бейнеклип сюжеттері де бір шеңберде, әншілердің де әйел жыныстысы «балдағы ханшайымға», ал ер кіндіктісі офис қызметкеріне ұқсап пиджакта сықиып тұрғанын ескерсек, онда өзіміздің тоқтап тұрған «көл» екенімізді мойындамасқа лаж жоқ.
Ал «өзен» қандай болуы керек? Жоқ дегенде Пугачевасы бар, Ротаруы, Бабкинасы, Лепсі, Шуфутинскийі, Тиматиі, Киркоровы, қала берді Сердючкасы бар Ресей эстрадасындай болуы керек қой. Мәселе бұл жерде олардың фамилиясында емес, әйтпесе бізде де әжептәуір аты шыққан әншілеріміз жетерлік. Біздің айтпағымыз, әлгі айтылған Ресей жұлдыздарының әрқайсысының өзіндік бір әлемі, өзіндік жолы, өзіндік стилі, өзіндік жанрының барлығы. Парқын білгенге жоғарыда аталған әншілер бір-біріне ұқсамайды ғой, себебі әркім өз жанрын тапқан, тауып қана қоймай, сол жанр, сол стильді қалыптастырып, соқпақ сала білген. Бірі поп жанрының белді өкілі болса, екінші бірі – рок, үшіншісі – R&B, тағы бір шоғыры – рэпті, бірі – шансон, бірі романс жанрларында бұрқыратып жатқан көршілес эстрадаға қарайық та, өзімізге қарайықшы. Бізде не бар, не жоқ? Не шамадан тыс көп, ненің орны ойсырап тұр? Қай жанрдың тіпті қажетті жоқ, қай жанр қазір қазақ эстрадасында өз өкілдерін күтіп тұр? Бұл сұрақты біз кәсіби мамандарға қойып көрсек.
Жеңіс СЕЙДОЛЛА, композитор:
– Бізде, шыны керек, бүгінде бір ғана жанр бар ғой – той жанры. Және бір шындық, біз, жалпы, эстраданың о бастағы оригиналын жоғалтып алғанбыз. Эстрада бізге шетелден келген ағым ғой, ең алғаш ол қазақ даласына келген кезде біз өзімізше қазақша сөз жазып, өзіміз сол эстрада ырғағына ұқсайтын әндер шығарып, кәсіби музыкамызды сол бағытқа қарай бейімдеуге барынша тырыстық. Дарынды композиторларымыз осы орайда жап-жақсы әндер де шығарды. Бастапқыда, шынын айтқанда, ол бір тосын көрінді, қазақ эстраданы бірден қабылдай алмады. 1985 жылдары біздің эстрадамыз барынша шетелдік нұсқаға, яғни эстрада деген түпнқұсқасына, яғни әлемдік деңгейге жақындады. Бірақ кейін біз соның барлығын жоғалтып алдық. Ал қазіргі эстрада деп жүргеніміз, әңгіменің ашығы керек, қазақи әуеннен әріге аса алмайтын дүние. Біз тіпті сол баяғы қалыптасу кезін қайта бастан кешірудеміз. Біздегі бүгінгі жағдай өткен ғасырдың 70- жылдарын елестетеді. Сондықтан мен бүгінде біздің эстрада эксперимент үстінде дер едім. Ол әлі өзін тапқан жоқ. Сондықтан да бізде жанрлық түрлену жоқ. Алайда «жоқ» деген «болмайды» деген сөз емес, ізденіс керек, әйтпесе бірізділік, бірсарындылық, «қарын тойса болды» деген қағидамен біз ұзаққа бармаймыз. Той жанрымен қалғанымыз қалған.
Қуаныш МАҚСҰТОВ, ақын, бард:
– Негізінде өнер дамуы үшін әр өнерпаздың өз лабораториясы болуы керек. Ал бізде ондай жоқ, ешкім ізденбейді, бас ауыртқысы келмейді. Әнші өзінің интеллектісін дамытуы керек қой… Нағыз ізденіс деп мен мынаны айтар едім, әлемге әйгілі бір әнші: «Мен айына 400-дей музыкалық композиция шығарамын, бірақ бір жылда соның ішінен ары кеткенде бес-ақ ән таңдап аламын», – депті. Ал бізде қалай? Бір әнші студияға барып бес ән жаздырып алады, бітті, бес жылға дейін ол сол әнімен тойды да тоздырады, сахнаның да «тізесін шығарады». Өз бойынан өнердің ұшқынын көрсе бітті, бүгінде өнерпазсымақтар әкімнің банкеті, әкім қатысатын концертті аңдып, сондай майшелпекті ешкімге бермеуге тырысады. Шыны керек, қазақ әнін, эстраданы дамытады деп үміт артып жүргендеріміздің шын сиқы сол, ол үшін ән – тауар, ол – тек өзінің тұтыныс құралы, баюдың көзі. Ал осындай «банкеттік мәдениеттен» құтылмай, біз ұзаққа бармаймыз. Себебі қалталылар өнерпаз атаулыны лакей, қызметші, даяшының деңгейіне түсіріп жіберді, ал бұл – үлкен трагедия! Өнердегі тұлғалық қасиет жойылды.
Түйін
Жанарсыз адам қандай күй кешсе, жанрсыз эстрада да дәл сондай мүсәпір хал кешіп аяныш туғызатындай. Бірақ бұл ретте айтарлықтай бір жайт, жанарсыздық – Жаратушыдан, ал жанрсыздық – өз ізденісіміздің аздығынан. Өнерге келген әр адам «осыдан не алсам екен, қай жерінен жеп, байысам екен» деп емес, «мен не берем, өнерді қайтсем байытам» деген ойда болса, онда әлі де болса кеш емес…
Мәриям ӘБСАТТАР
http://alashainasy.kz/culture/44497/