Қазақстан 2017 жылы өз ғарышкерін ғарышқа аттандыруға талпынатын болады. Кеше Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев ақпарат құралдарына осындай мәлімдеме жасады. «Біз өте салмақты және нақты шаралар қабылдап жатырмыз.
Келіссөз үдерісі жүруде. Оңды ілгерілеушіліктер байқала бастады. Біз алдын ала айта аламыз: бұл үдеріс 2017 жылы іске асуы мүмкін» деді «Қазғарыш» басшысы.
Бұған дейін Қазақстан екі ұланын осы миссияға дайындаған болатын. Алайда олардың алдынан кедергілер туды. Оның үстіне оларға ғарыш кеңістігінде жүктелетін жұмыстардың ауқымы пысықталып бітпеді. Нәтижесінде, ұшпаса да, ел аузындағы екеуіне «ғарышкер» атағы тағайындалған. Әйткенмен, Тоқтар мен Талғаттан кейінгі қазақтың нағыз ғарышкері кім болатындығы әзірге жарияланбауда.
– Ол жаққа біздің ғарышкерді жолдау үшін барлық қатысушы елдер ғарышкерлердің бірін қазақстандыққа ауыстыруға рұқсат етулері керек. Бұл – күрделі мәселе. Мен сіздерге айтайын, ендігі дайын ғарышкерлер мен астронавтардың кезегі көптеген жылдарға созылып жатыр, – деді Т.Мұсабаев.
Ол жақында ғана көк сеңгіріне жол тартқан қазақстандық тұңғыш жерді қашықтықтан зондтау серігінің ендігі алғашқы суреттерді жолдай бастағандығын хабарлады.
Әйткенмен, ақпарат құралдарын улы гептилмен ұшатын «Протон» зымырандарын ауыстыру жайы алаңдатқан. Бұл үшін Қазақстан Ресеймен бірігіп, «Байқоңырда» «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін тұрғызуға кіріскеніне біраз болды. Алайда Украинадағы дүрбелеңдер салқыны бұл саланы да «ұрыпты».
«Қазғарыш» басшысы «Бәйтерек» кешенін улы емес отынмен ұшатын «Зенитке» көшіру үшін Қазақстан, Ресей және Украина арасындағы үшжақты келіссөздер талап етілетіндігін алға тартты.
– Қазіргі уақытта «Бәйтерек» зымыран ұшыру кешенін құру жобасын «Зенит» зымыраны базасында жүзеге асыру жоспарланған. Алайда бұл жобаны тиімді іске асыру үшін үшжақты ынтымақтастық қажет. Осыған байланысты үш елдің ғарыштық ведомстволары басшыларының кездесуін ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізілуде, – деді Талғат Мұсабаев.
Ол осы жобаның іске асуына күш салмақ, өйткені «Бәйтерек» тек Байқоңыр ғарыш айлағы айналасындағы ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстан аумағындағы экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді. Бұл іске тіпті ел басшыларының араласуы ғажап емес. «Бүгінде қандай саяси оқиғалар болып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Бұл істе ақырғы сөзді біз айтпаймыз:
бұл анағұрлым жоғары деңгейде шешілетін болады» деді ол.
Т.Мұсабаев тағы бір жаңалықты хабарлады: биылғы шілде айында елорда жанындағы Ғарыш қалашығы іске қосылмақ. «Ұлттық ғарыш орталығын» Елбасының өзі ашуы мүмкін. Ал алдағы 2015 жылы Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені құрылады.
– Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде ғарыш аппараттарын жобалау, ғарыш техникасы мен ғарыш аппараттарының бөлшектерін кешенді дайындау, құрастыру және сынауға арналған жоғарғы технологиялық кәсіпорындар құрылады, – деді «Қазғарыш» төрағасы. Оның айтуынша, осы қалашықта идеядан бастап, оны нақты жоба ретінде іске асыруға дейінгі түрлі ғарыштық жұмыстар атқарылады. Бұл жобада «Қазғарыштың» стратегиялық әріптесі – «Airbus Defence and Space» француз компаниясы.
Айхан ШӘРІП
http://www.aikyn.kz/news/view/48568