«Қазақ ғарышкерлері 2014 жылы сәуір-мамыр айларында Қытай жерінен ғарышқа ұшуы мүмкін» деген ақжолтай хабар Бейжіңнен жетті.
Бұл жаңалық «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Бейжіңде Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің басшысы Ми Синжуймен кездесуінде белгілі болыпты. «ҚазақҒарыш» басшысының қытайлық экипаж құрамында қазақстандық ғарышкерді ұшыру туралы ұсынысын қытайлық әріптесі бірден құп алған.
«Қытайлық экипаж құрамында ғарышқа ұшу қазақтың қалтасына қанша салмақ салады?» деген сұраққа «ҚазҒарыштың» баспасөз бөлімі жөндемді жауап бере алмады. Себебі екі арадағы келісім әлі келіссөздер деңгейінен асқан жоқ. Бірақ екі бірдей азаматымыздың ғарышқа ұшуға дайын екені қытай жағына белгілі.
Ал қаржы жағы екі ел сала басшыларының келесі кездесуінде – 2014 жылдың бас кезінде анықталады. Қазақстандық екі ғарышкердің ғарыш сапарын 21 жыл бойы күткені қытай жағына белгілі болса керек. «Бұл жолғы ғарыш сапарына Айдын Айымбетовтың ұшуы мүмкін» деген пікірді қазақстандық делегация мүшелері Бейжіңде жүрген кезінде-ақ айтып үлгеріпті. Бірақ мұны «ҚазҒарыштың» баспасөз бөліміндегілер растамады, жоққа да шығармады.
Дегенмен, бұл хабар біз үшін үлкен қуаныш. Себебі «№3 қазақ ғарышқа қашан ұшады?» деген үміт қазақ даласын 21 жыл бойы кезіп жүрді.
– Бұл — үлкен жаңалық. Бізге бұл мүмкіндіктен айырылып қалуға болмайды. Қазақстандық ғарышқа ұшудан үмітті екі ұшқыш — Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов 2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында дайындығын аяқтап, тас-түйін дайын отыр. Айдын Айымбетов 2009 жылы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс еді. Бірақ Қазақстан жағы қаржы тапшылығына байланысты ғарышкер ұшыруды кейінге қалдырған. Сондықтан келіссөздердің нәтижелі аяқталуына, алдымен қазақ жағы мүдделі болуы тиіс, — дейді тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров.
Сабаева Гүлбаршын