Кейбір зиялыларымыз қазақ басылымдарының орнына тек ресейлік газеттерді қарағанды жөн санайды. Бұл қазақ газеттерінің сапасының нашарлығы ма, әлде қазақ жазушыларының кеңес дәуірінен қалған ескі әдеті ме?
Әкім ТАРАЗИ, жазушы:
«Мен қазақ газеттерін оқымаймын. Ол рас. Ресейдің екі газетін ғана аламын. «Литературная газета» мен «Новая газета». «Литгазеттен» әдебиеттің бүгінгі ағымдарын қадағалап отырамын, бірақ ол да жетістіріп жатқан жоқ. Ал «Новая газета» – мықты басылым. Журналистері ешқашан дәлелсіз пікір айтпайды. Сынағанда да мәдениетті әрі әділ сынайды. Ал қазақтар біреуді сынаса, оның жеке басына, бабасы мен балаларына тиісіп кетеді. Ешуақытта жеке басқа тиісуге болмайды. Ол сауатты адамның тірлігі емес. Үйге газеттер көп келеді, бірақ біреуінің жазғаны екіншісінде де жүреді. Басқаларынан да кездестіресің. Сондықтан оларды қабылдай алмаймын».
(Әкім Тарази, жазушы, «Астана ақшамы», 7 ақпан, 2013
Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, философия ғылымдарының докторы, академик:
– Қазақ газеттерінен сусындап, білім алып, қазіргі жағдайға жеттім. Қазақ газеттері бала жасымнан мені өсіріп келе жатыр. Бұл басылымдарда елдің, мәдениеттің, әдебиет пен өнердің тарихы, ірі тұлғалар туралы ашық әрі мазмұнды мақалалар жиі жарияланады. Орыстілді басылымдарда осы үрдіс әлсіздеу, сенсациялық, әсер қуалаушылық басым. Халқымыздың тарихын, тұлғаларын жазса да, орыс газеттері тереңге бойлай алмайды. Қазақ басылымдары мәселені нақты, мағыналы түрде береді. Сондықтан қазақ басылымдарын оқымағандарды қазіргі кезде білімді, зиялы адамдар деу мүмкін емес. Мәселен, ғылыми диссертациялардағы сілтемелердің кемінде 30-40 пайызы қазақ басылымдарына сілтеме жасалынбаса, ондай еңбектердің ғылыми құндылығы шамалы болады. Қазақ халқының саны биыл 11 миллионға жетпекші. Яғни қазақ мүддесі күшейіп келеді. Олай болса, қазақ басылымдарының орны да, рөлі де қоғамда арта түсетіні анық.
Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы:
– Мұндай пікірмен мүлдем келісе алмаймын. Қазақ жазушыларының орыс басылымдарын ғана оқуы – үлкен кемшілік, біржақтылық. Қасымда жүретін шалдардың көпшілігі орыс газеттерін оқуға әуес. Бұл – сол баяғы заманнан қалған, бұрынғы пікірмен жүргендер. Олар өздерін-өздері кедейлендіріп отыр… Мен керісінше, қазақ газеттерін ғана оқимын. Орыстілді газеттерге сұхбат бергенде де айтатын пікірім бар: қазақ журналистикасы, қазақ газеттері соңғы жылдары өте дамып, өрістеп, жұртты қатты қызықтыратын болды. Қазақ басылымдарының он, он бес шақтысын оқып тұрамын. Оларды оқыған сайын іштей риза болып, қуанамын. Сосын бір таңғалатыным: қазақтың журналист қыз-келіншектерінің деңгейі өте жоғары. «Түркістан», «Айқын» немесе басқа газеттердегі мақалаларын алсаңыз, олардың ой-өрісі, өмірге көзқарасы, дүниетанымының кеңдігі байқалады. Еліміздегі басқа ұлттардың да бір кемшілігі – қазақ газеттерін білмеуінде, оқымауында. Мұның бәрі бекер. Қазақ газеттері қазір жоғары деңгейге көтерілгенін нық айта аламын.