АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақ қайтсе көбейеді?

казахиҚазір ресми дереккөздері Қазақстанда 17 миллион халық бар екенін айтады. 2009 жылғы санақ бойынша Қазақстан халқының 65,2 пайызын мемлекетті құраушы ұлт – қазақтар, 21,8 пайызын орыстар, қалғандарын өзге 130-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері құрайтыны мәлім болды. Бір қарасаңыз, тәп-тәуір жетістік. Егер сонау 1991 жылы Республика халқының небәрі 42 пайызы ғана қазақтар екенін еске алсақ, 25 жыл уақыт ішінде біздің ұлтымыз едәуір өскен. Бүгінгі күні қазақтардың үлес-салмағы 70 пайызға жуықтағанын әртүрлі басылымдар жазып жүр.

2012 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы қазақтың саны 10 979 511 адамға жеткен, бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 900 мыңдай адамға көп. Бар-жоғы үш жылдың ішінде бір миллонға жуық көбейген. Ал 1999 жылғы санақта қазақтардың саны небәрі 7 985 039 адам екен. Араға 10 жыл салып, біздің халық 3 миллионға артқаны байқалады. Әр 10 жыл сайын 3 миллион халық қосылар болса, 25 жылдың ішінде кемі 7-8 миллион халық өсімі болар еді. Бүгіндері 25 миллион халқы бар елге айналар едік. Өкініштісі, ондай көбею болмай отыр.

 Өзбек өскенде, біз неге өспейміз?

Халық өсуі үшін ең әуелі мемлекеттің демографиялық саясаты дұрыс болуы керек. Біз үшін ең маңызды мәселе халықтың өсуі екенін түсінбейінше, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі екіталай. Орталық Азия елдері туралы мәліметтерді ақтарып отырып, бізбен бірге Тәуелсіздік алған өзге төрт ел – Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан,Тәжікстан елдерінің бәрінде демографиялық өсу барын байқаймыз. Тіпті, өзбек ағайында демографиялық дүмпу бар десек те болады. Олар 25 жылдың ішінде 30 пайызға көбейген әрі негізгі ұлт – өзбектердің саны жылдан-жылға артып келеді. 2030 жылдары Өзбекстандағы халық саны 40 миллионға жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде 30 миллионнан асып үлгерген. Орталық Азия бойынша тек Қазақстанның ғана демографиялық өсімі баяу болып тұр. Осыдан 25 жыл бұрын 17 миллион халқы бар біздің елдің қазіргі саны да сол межеге әзер жетті. Мұның бір себебі, Қазақстанды мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің тарихи отандарына қоныс аударуы болса, екіншісі туу көрсеткішінің көңіл көншітерліктей еместігі. Бір жылдары 15 миллионға дейін құлдыраған Қазақстан халқы қазір қайта өсіп келеді. Тәуелсіздік жылдарында шетелден оралған 1 миллион қандастарымыздың елдің демографиялық тұрғыдан нығаюына қосқан үлесі зор. Олардың елге оралуы арқылы Қазақстандағы қазақтардың саны артып отыр.

Шынымен де, өзбек өскенде, қазақ неге өспейді? Шеттен келетін қандастар, туу көрсеткішінің жақсаруы, өмір сүру жасының ұзаруы, медициналық көмектің артуы, т.б. жағдайлар қай ел болсын маңызды-ақ. Бірақ халықтың өсімі тек барлық мәселені шешумен бітпейді. Ең әуелі ұлттық психологияның сауығуы, көпбалалы болуға ынтық отбасылардың артуы ләзім. Сондай-ақ, мемлекеттік ынталандыруды жүйелі қолға алу керек.

 2020 жылы 20 миллионға жете аламыз ба?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осыдан он шақты жыл бұрын 2020 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізуді тапсырған болатын. Қазіргі өсім бойынша ол межеге жетуіміз мүмкін. Біздің өсуімізге, демографиямыздың жақсаруына мемлекеттік заңдар мен қаулылардың тікелей ықпал ететіні айдан анық. 1996-1999 жылдары Мәжіліс депутаты болған Төлеген Қуанышев мырза – сол кездері «Көші-қон туралы заң» мен демография мен әл-ауқатқа қатысты заңдардың қабылдануына бар күшін салған қайраткерлердің бірі. Ол бізге сол кездегі ахуалды әрі демографиялық өсімнің алдағы болжамы туралы өз пікірін білдірді.

Төлеген Шаңғытайұлы президент айтқан 20 миллионға өткен 2015 жылы-ақ жетуіміз мүмкін еді дейді. Себебі, 1997 жылы қабылданған «Көші-қон туралы Заң» жобасының жұмыс тобында белсенді түрде араласқан ол осы заңның артықшылығы көп болғанын, шетелден келетін қандастардың елімізге ағылуына, азаматтық алуының жеңілдеуіне, ортаға бейімделіп, тез сіңісуіне аталмыш заң жобасының ерекше ықпал еткенін айтады. Сонымен қатар, былтыр осы заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген соң, сырттан келетін ағайындардың саны тағы да артуы мүмкін деген үмітін де жасырмайды. Арада 4-5 жыл уақыттың бекер кеткенін, қандай жағдай болса да көштің тоқтамауы ел үшін маңызды екенін түйін еткен Т.Шаңғытайұлы:

«Біз өсу үшін шетелдегі қандастарымызға көбірек көңіл бөлгеніміз жөн. Мұның тарихи маңызы бар. Біріншіден, шетелдегі қандастарды елге әкелу арқылы санымызды арттырамыз. Екіншіден, өзге жұрттағы ағайынды ассимиляцияға ұшыраудан сақтаймыз. Үшіншіден, мына алып даланы өзге емес, өзіміз игереміз», – дейді.

20 миллионға жету үшін алдағы 5 жылда 3 миллионға өсуіміз керек. Оның бірден-бір жолы – Көші-қон заңының орындалуын қадағалау. Алда сайланатын Мәжілісмендер ешуақыт осы мәселені естерінен шығармау керек деп ойлайтын қоғам қайраткерінің пікірінше, «ұлт болашағын ойлайтын адам әуелі қазақстандықтардың санының артуына бар күш-жігерімен қызмет етуі тиіс».

nurotan-news-1396012210Төлеген Қуанышев
Демография – ұлттық саясат болуы керек

Төлеген Қуанышев өзі депутат болған жылдары демографияға қатысты талқылаулар өткізіп, мерзімді басылымдарға мақалалар жазып, демографиялық заң мен қаулылардың қабылдануына да бел шеше араласқан. «Сол кезде демография, әлеуметтік мәселелер туралы кез келген заңға біз белсене араластық. Әлі есімде, демография туралы заңның мазмұнымен танысып, қайран қалдым. КСРО кезіндегі заңның негізінде жасалыпты. Шетелден келген кез келген азамат Қазақстан азаматтығын алуына толық құқығы бар екен. Біз ұлттың қауіпсіздігіне зор қауіп төндіруі мүмкін заңды қабылдатпай, өзгерту енгіздік. Әсіресе, қытайлардың қазақ қызына үйленіп, еліміздің азаматтығын алуына мүмкіндік беретін заң қабылданған болса, бүгіндері миллиард халқы бар қытайлармен «құдандалы болу» қалыпты жағдайға айналған болар еді. Бізге ұлттық қауіпсіздікті ойламай болмайды. Шетелдіктердің Қазақстан азаматтығын алуына заң аясында кедергі келтіру керек. Ұлттың иммунитеті – демографиясының өсіміне тікелей тәуелді. Саны өскен жұрттың сапасы да артады», – дейді Төлеген Қуанышев.

Бір кездері өзі басы-қасында жүріп қабылданған заңның арқасында өзге ел азаматтарының Қазақстан азаматтығын алуы қиындағанын, бірақ қазір кейбір дереккөздері әлі де болса қазақ қыздарына үйленіп, Қазақстан азаматтығын алғандардың бар екенін жазып жүргенін айтып, «бұл мәселе бейжай қарайтын дүние емес» дейді.

Оның ойынша, алдағы уақытта демографиямен айналысатын арнайы агенттік болғаны жөн. «Қазір демографиямен қандай министрлік айналысып отырғанын да көп жұрт біле бермейді. Кезінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі айналысқан, бүгінде ондай министрлік жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің бір басқармасы демографияны көп жұмысының бірі деп қана қарап отыр. Статистика комитеті, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі демографияға қатысты әртүрлі жұмыстарды бөлек-бөлек атқарады. Бірін бірі түсінбей жатады. Негізінде, осы әртүрлі мекемелерге қараған мәселелердің басын біріктіріп, агенттік яки комитет құру – заман талабы. Тіпті халықаралық тәжірибеге сүйенсек, арнайы министрліктері бар елдер де кезігеді. Қазақстан үшін ең басты құндылық – Адам екені Ата заңымызда жазылған. Ендеше, халықты көбейту, демографиялық мәселемен жүйелі айналысу – Үкіметтің басты жұмысы болуы керек».

Төлеген Қуанышев – «Бірлік» партиясының құрамындағы Мәжіліс сайлауына ұсынылған үміткерлердің бірі. Өзінің айтуына қарағанда, «Бірлік» партиясының негізгі ұстанымы – демографиялық ахуалды жақсарту екенін сөз еткен ол, алдағы уақытта демография туралы жүйелі зерттеу жүргізуді қолға алу ойы бар екенін айтады.

 «Отанды Отан ететін – халық. Қазақстан – барша қазақтың жалғыз отаны. Біз – өскенде ғана мықтымыз. Біз көбейгенде ғана мығымбыз. «Көп қорқытады, терең батырады деген. Санымыз қанша көп болса, Тәуелсіздігіміз сонша баянды болмақ», – дейді Т. Шаңғытайұлы.

Ө. БИСЕН.

http://www.dalanews.kz/13592