Президент жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» байқауының ақтық сыны маусым айының 30-ында Астанада өтеді. Жалпы, соңғы кездері насихаты артқан ұлттық спорттың жанкүйерлері де, жанашырлары да көбейе түскені байқалады.
Солардың бірі – астаналық Ерлан Алшынбаев. Отызды еңсерген жігіт кезінде самбодан Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарында жеті жыл күресіп, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері және әлем кубогының жеңімпазы атанған. Кейінгі кездері қолға алынған қазақ барысын анықтау байқауларынан соң, бабалардан жалғасқан күресті солтүстік өңірлерде дамытуды жоспарлап жүр.
– Әңгімені өзіңізден бастасақ…
– Целиноградта туылғаныммен қазақы дәстүрге сай Ерейментау ауданындағы ата-әжемнің қолында өстім. Күреске қызығу бала күннен басталды. Қолымыз қалт етсе мектептің ескі спорт залында жүгіретінбіз. Алғашқы жаттықтырушымыз Ағзам Назаров деген ағамыз ауылдың балаларын жинап алып, жаттықтыратын. Ауданаралық жарыстарға қатысып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп шыңдала түстік. Сенесіз бе, сол кездердің өзінде шағын ауылда 50-ден астам спорт шебері болатын. 7 сыныпты бітірген тұста әкемнің ұйғарымымен Астана қаласындағы №4 мектепке ауыстым да, 9 сыныптан соң Алматыдағы Қ.Ахметов атындағы спорт мектебіне оқуға түстім. Үлкен ортадағы алғашқы қадамды дзю-додан бастадық. Дегенмен кейін самбоға мән беріп, тынымсыз тер төгудің нәтижесінде әжептеуір табыстарға қол жеткіздім. Университетте оқып жүрген кезімізде қабілетіміз бен жетістігімізді саралаған ағалар самбо күресінен еліміздің ұлттық құрамасына мүше етіп қабылдады.
– Артылған сенімді қаншалықты ақтадың?
– Құрамада 82-90 келі салмақтарда жеті жыл күрестім. Ел біріншіліктері мен турнирлердің талайында қарсыластарымызды қапы қалдырдым. Ең басты бәйгеміз әлем чемпионаттары еді. Дүниежүзілік деңгейде ұйымдастырылатын бәсекеге 4 рет қатысып, екеуінде қола жүлдегер атандым. Ресейде өткен әлем кубогы жолындағы тартыста чемпиондық атақты иелендім. Беріде ұлттық құрамадағы орнымызды өзімізден кейінгі ізбасарларға табыстап, өмірдің өзге саласынан кәсіп іздеуге көштік.
Қазақ күресі – күрестің төресі ғой. Самбодан құрамада жүрген кезімізде ел ортасында өтетін ас пен тойдың кезіндегі күреске талай қатыстық. Бірақ ол кезде қазіргідей жолға қойылған сатысында емес еді. Тіпті 1998-2000 жылдары қазақ күресінің ережесі де толық бекітілмеген болатын. Белдесулерді кейде ұпаймен, кейде бүк, шік дейтін бағамен беретін. Осындай сәттердің бірінде Түркістанда өткен «Тайқазан» бәсекесінде қарсыластардың барлығының жауырынын жер иіскетіп, түйе палуан атандым.
Бүгінде кілемнен алыстап кетсем де, «Қазақстан барысы» кезіндегі белдесулерді көріп, делебем қозды. Тіпті арасында кезінде бірге жүрген жігіттердің де аяқ алысын бақылап, өзімнің де қайта қатысқым келді. Алайда биылғы іріктеуден кеш қалғанымды естідім. Ендігі ойым солтүстік өңірлерде осы спортты дамытуды қолға алуды жоспарлап жүрмін.
– Жақында Спорт және туризм агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов қазақ күресінің солтүстікте аса дамымағанын айтып еді. Іріктеу турнирлері де орта деңгейде өтіпті. Мұны дамыту үшін не істеу керек?
– Біршама уақыт бұрын Жамбыл облысындағы Мерке ауданында өткен қазақ күресін көріп, таң-тамаша қалдым. Жұрт зор қызығушылықпен тамашалады. Жалпы, ондағы халықтың күреске деген қызығушылығы жоғары. Бізде, солтүстік аймақта ауылдар бір-бірінен алыс жатыр, әрі тұрғындардың басын қосып, ұлттық спорт түрлерін ұйымдастыратын ас пен той да азырақ өтеді. Дегенмен қызығатын жаңа буын өсіп келеді. Бірақ оларды шыңдайтын заман талабына сай спорт сарайлары өте аз. Жалпы, қалаға қарағанда елдегі балалардың спортқа туабітті қабілеті бар. Өйткені олардың күнделікті жұмысының өзі спорттың талабымен пара-пар. Жаттығатын жақсы ғимарат пен бағыт-бағдар беретін жаттықтырушы болса, болашақ чемпиондарды табуға жақындай түсер едік. Қала баласын да қалтарыста қалдыруға болмайды. Елбасының өзі халықты бұқаралық спортқа баулу жөнінде жиі айтады. Алайда елорданың өзінде оған толықтай мүмкіндік жоқ. Керек десеңіз, кейбір аулаларды меншіктеп алған КСК иелері оны пайдалану үшін әжептеуір ақша сұрайды. Оның заңдылығын қадағалайтын ешкім жоқ.
– Спортта ізбасар інілерің, шәкірттерің бар ма?
– Жаттықтырушы болу – өте жауапты. Міндетіңе алған шәкіртіңнің спорттық кезеңіне ғана емес, бүкіл тағдыры үшін жауап бересің. Сондықтан әзірге абайлап бастауды ұйғарып, шәкірттікке бұрынғы жаттықтырушым Ағзам Назаровтың ұлын алып, баулып жатырмын. Әрине, кәсіби мектепте емес, жеке кілемде. Қабілеті мен таланты бар бала, алда бабы келісіп, бағы жанса талай тұғырға шығады деген ойым бар. Оның үстіне қазақ күресіне деген қызығушылық та жоғарылады ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда әлем чемпионаты өткенде, қазақ күресінің терминдерін шетелдіктердің өзі жаттап алып, қолданатынын да көрдік. Немістер, моңғолдар бозкілемдегі белдесулерді «бүк», «жамбас» деп, жанталасқанда кәдімгідей арқаланып қалдық. Еуропалықтардың өзі бір кісідей үйреніп, белдесетіндеріне қарағанда қазақ күресі әлемде қанатын кеңге жайып келеді.