Облыста аралас мектептер өте көп екен. Сол секілді біздің Үржар ауданында да аралас мектептер баршылық, егер дәл санын айтатын болсақ – 10 мектеп. Негізінен, орыс сыныптарында оқитындар – қазақ балалары. Міне, бізге осы аралас мектептерді қалай жою керек, мәселенің мәнісі – осыда.
Былтыр оқу бітірген мектеп оқушыларының орыс сыныптарындағы балалар 90 балмен жоғары оқу орындарына оқуға түсіп кетті. Ал 96 балмен қазақ сыныптарын бітірген жасөспірімдердің біразы оқуға түсе алмай қалды. НЕЛІКТЕН? қазір көпшілік ата-аналар абыржулы. Кейбірі орыс сыныптарына балаларын қайтадан беріп жатыр. Бұны ойлайтын кім бар? Бірақ, бізге қалай да аралас мектептерді азайту немесе мүлде жою керек. Сонда ғана қазақ сыныптарын бітірген оқушылардың өрісі кеңейіп, жолдары ашылады.
Ақмола облысының Есіл ауданының әкімшілігінде істеп жүрген кезімде ұйымдастырған әрі соны іске асырған бір үлкен еңбегімді, облыстық білім беру департаментінде отырғандарға, әрбір аудандық білім бөлімінің басшылары мен мектеп мүдірлеріне үлгі болсын, мүмкін, солай іске асырсын деп жазып отырмын. Есіл ауданындағы Игілік ауылы негізінен, қазақ әулеттерінен тұрады деуге болады. Көшелері түзу, үйлері сәнді. Тұрғындарға қызмет көрсету орындарының заманға сай салынған биік те әдемі ғимараттары ауылға жарасым беріп, алыстан көз тартады. Тұрып жатқан ел тұрмысы, сондай- ақ, ауыл экономикасы да жаман емес. Тек, жетіспей тұрғаны бір қазақ мектебі болатын. Әрине, ертерек кезде үлкендердің айтуы бойынша, қазіргі орыс мектебінің орнында қазақ мектебі болған. Тек солақай саясаттың салдарынан жабылып, орыс мектебі болып қайта құрылған. Содан өткен жылы ғана, алғашқы қазақ сыныбы ашылып, біраз қарадомалақ балдырғандар өз ана тілінде оқи бастаған еді. Осы ауылға анда-санда келіп-кетіп жүріп, ойыма жақсы бір істің жүйесі келгені. Ол қандай дейсіздер ғой? Ауылдағы орыс мектебі деген атты өзгертіп, қазақ мектебі деген мәртебе беру. Өйткені мұндағы ауыл тұрғындарының дені – қазақ. Мектепте де басымы солардың балалары. Тек көпшілігі орыс тілінде оқиды демесең. Қазақ мектебі деген мәртебе берсек, өткен жылы ашылған қазақ сыныптарының жол ашылмай ма? Жылда бір сынып ашып отырғаннан бұл әлдеқайда тиімді. Бұлар еш кедергісіз жылдан-жылға жоғарылап кете береді ғой. Орыс сыныптары болса, осы жаңадан ашылған қазақ мектебінің құрамындағы орыс сыныбы болып қала береді. Осы үшін арнайы барып мектеп директоры Мұхаметқали Жақыповпен кеңесіп, ойластық. Ол кісі де әрі-бері пікірлескен соң қарсы емес екенін білдірді. Тек мұғалімдер ұжымымен келісіп, жиналыс өткізу және осылай болсын деген бірлескен құжат дайындау керек. Игілік мектебінде ол кезде жеті жүздей оқушы бар болатын. Содан мектеп директорымен бірге ауыл әкіміне барып, ол кісімен де кеңестік. Сонымен, ағамыз да бұл іске көнді. Әрине, мектеп ашу үшін бұрынғыдай жоғары жаққа хат жолдау емес, жергілікті жердегі ұйымдардың өздері шешу керек. Сөйтіп, мұғалімдер ұжымының жиналысы болып, олар да, бір- ауыздан қолдаған соң, сол арада құжат толтырылып, орыс тіліндегі Игілік орта мектебі қазақ орта мектебі деп өзгертілді. бірақ орыс сыныптарында оқи беремін дегендерге, орыс сыныптары қазақ мектебінің құрамында қала береді. Кейіннен бірнеше жылдан соң орыс сыныптарына қазақ балалары баруды қойды. Сөйтіп, кезіндегі орыс мектебі, артынан аралас мектеп болған білім ұясы таза қазақ мектебі болып шыға келді. Әрине, бұған оқу бөлімінің меңгерушісі Владимир Карлович Финк те қарсы болған жоқ. Сонымен, Есіл ауданында тұңғыш қазақ мектебі осылай ашылған болатын. Менің мұны айтып отырғаным, Білім және ғылым министрлігі мен облыс, аудан көлеміндегі білім басшыларына нақты тәжірибе болсын деген ой-пікір. Біз бүкіл аралас мектептерге қазақ мектебі деген мәртебе берген кезде ғана, өткенде Елбасымыз айтқандай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, сонда ғана Қазақстанды нағыз Қазақ мемлекетіне айналдыра аламыз. Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК, Қазақстан журналистер одағының мүшесі |
http://www.aikyn.kz