АСТАНА. 4 сәуір. BAQ.KZ – Бүгін Бішкекте қазақ пен қырғыз халқының тарихи ортақ деректеріне арналған «Түркі халықтарының мемлекет басқару дәстүрі» деп аталатын халықаралық І ғылыми конгресі аясында Түркі академиясы президенті бірқатар маңызды кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу нәтижесінде Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Түркі академиясы арасында ынтымақтастықты арттыру туралы арнайы меморандум бекітілді. Бауырлас екі академияның президенттері Дархан Қыдырәлі мен Абдыганы Эркебаев түркология саласында бірлесе ғылыми зерттеулер жасаудың маңыздылығына тоқталды. Жас ғалымдарды ынтымақтастыққа тарту мәселесіне қатты мән берді. Тараптар негізгі жұмыстарын түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, түркі тілдері және әдебиеттері, философиясы, түркітілдес мемлекеттердің заң саласы, экономикасы және саясаты сондай-ақ қазақ-қырғыз байланыстарына бағыттайды. Меморандум аясында сонымен қатар, ғылыми жобаларға бірлескен ғылыми-зерттеу топтарының күштерін пайдалану; бірлесе отырып конференциялар, симпозиумдар немесе жұмыс топтарын ұйымдастыру; ғылыми-техникалық құжаттарды өзара алмастыру жайы қаралған. Ағайынды екі елдің академиясы құжатты тиімді жүзеге асырып, нәтижесін дәл бағамдап отыру үшін Астана немесе Бішкекте жылына бір рет кездесу өткізуге келісті.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
http://baq.kz/kk/material/518