АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚОСТАНАЙДА ҚАҒАЖУ КӨРУДЕ

8pO2RzBNAiQmTYg3ye1ORUI9UFrvZWМемлекеттік тіл де елтаңба, әнұран, мемлекеттік ту секілді Қазақ мемлекетінің символы, елдігіміздің нышаны. Мемлекеттік тілге көшу мәселесі Қостанай облысында көбінесе тек қана орыс тілінің пайдасына шешіліп жатыр. Облыстағы қазағы басым, тіпті халқы жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтін Жанкелдин және Аманкелді секілді аудандардан облыс орталығына қазақ тілінде түскен хаттар әуелі орыс тіліне аударылады да, жауап хат орыс тілінде әзірленіп, оны бейнеті көп аудармашы қайтадан қазақ тіліне аударады.Сүйтіп мемлекеттік тілдің ауыртпалығын тек аудармашылар иғына арта салу белең алып отыр. Орысшалап айтсақ, «переход на гос. язык» «перевод на гос. язык» болып отыр. Кадр саясатындағы солақайлық әрбір облыстық басқармалар мен департаменттерде ана тіліне мұрнын шүйіріп қарайтын мамандардың көбейіп кетуіне алып келді.

         Әу баста қоғам болып жиылып, таудай болып үйіліп, аяғында қар суындай сұйылып кеткен жайымызды жасырудың қажеті жоқ. Қазіргі орыс тілі мен қазақ тілінің «тепе-теңдігі»  аттылымен жаяу адам жарысқандай, Қажымұқанмен ергежейлі алысқандай жағдайда. Тіліміздің алтын діңгегі болған қазақ ауылдары азып-тозып, өздерінің байырғы атауларынан айырылып қалды.

         Терминология саласындағы мамандардың құлағына алтын сырға, село, деревня, рабочий поселок, населенный пункт деген атауларды жаңалап, кент, шаҺар, мекен, қоңыс, тұрақ деген секілді қазақ тіліндегі баламалармен ауыстыру күн тәртібіне қойылуы керек деп есептеймін. Әуелі көршімен ақылдасып алайық деген жалтақтықты ысырып қойып, қала, ауыл, көше атауларын, дүкендер мен мекемелер, кәсіпорындар атауларын, маңдайшадағы жазуларды  бір-ақ тілде жазу туралы тіл туралы заңға өзгеріс енгізу ауадай қажет. Екі тілде жазу екі есе шығын екенін неге ескермейміз. Абай даңғылын «проспект Абая», Шоқан көшесін «улица Валиханова» дегеннен не ұтамыз? Кирилл әрпімен жазылған жазуды осы күні қазақ түгілі орыс та түсінетін деңгейге келдік емес пе?! Бұрын«Тобыл» аталып келген футбол командасы «Тобол» деген атпен Қостанай облыстық әділет басқармасында заңды тіркеуден өткеніне де көзімізді жұмып қойдық.

         Өзге ұлттарды ренжітпейік деген желеумен тарихи жер-су атауларын қайтаруды ұзын арқан, кең тұсауға салып келеміз. Осы мәселеге орай елді мекендерде жиын жасау, оларды жергілікті мәслихаттарда қарау секілді процестерден арылмайынша қазақтың сөзі ешқашан да өтпейтініне куә болып жүрміз.

         Ең алдымен тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілдегі картасы жасалуы керек секілді. Бұл картадағы жер-су атаулары түгел дердік қазақ тілінде жазылуы керек. Мәселен, осы уақытқа дейін Қостанай теміржол бекеті «Кустанай», Тараз вокзалы «Джамбул» болып жазылып келеді.

         Қостанай қаласында Сарыарқаға мәлім үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін көшелерге беру туралы ұсыныс аяқсыз қалды.«Билер институтының дамуы» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-теориялық конференция қорытындысында Арқаға аты жайылған үш бидің есімін Қостанай қаласының көшелеріне беру туралы ұсыныс бір ауыздан мақұлданған болатын. Сол жолы көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланды деген сылтау айтылды да, кейін бұл тақырыпты ешкім де қозғамады. Осыдан бірер жыл бұрын Алаш қайраткерлері Елдес Омарұлы, Біләл Асфандияров, қазақтың көрнекті тұлғалары Мұхамеджан Қарабаев, Ақсұлу Орысбайқызы, Серке Қожамқұлов, Хакімжан Наурызбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, т.б. туралы да әңгіме көтерілген. Бұл ұсыныстардың бірде бірі қабылданған жоқ.

         Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамы не сардары жөніне кетіп, сарбаздары бытыраған, не сарбаздары бет-бетіне кетіп, жалғыз сардары қалған қолға ұқсайды.Тілімізге  қаулаған өрттен қорғағандай жанашырлық көрсетіп, қараңғыда  қалған ауылда жарық жандырғандай қылу үшін мемлекеттегі беру мәселесі, мемлекеттік тілдің орындалуын бақылау Тіл туралы заңда арнайы қарастырылуы керек. Тіл туралы заңды бұзған мекеме басшыларына әуелі ескерту жасап, кейін айып салынса, оған да көнбесе, қатаң жазаланса, салынған айыптан түскен қаржы тілімізді дамытуға жұмсалса, оның пайдасы орасан зор болатынына күмән келтіру қиын.

         Мемлекетті  алтын отау деп бейнелі түрде айтатын болсақ, әкесі мен шешесі қазақ тілінде сөйлемейтін от басында баланы қазақша сөйлетемін деу бекершілік. Ана тілінде ең алдымен Президент аппараты, Парламент, әкімдер сөйлеуі керек. Сөйлей алмаса, әкім болмай, басшы болмай, орынбасар болса, қосшы болса да, жетіп жатыр. Ал ұлттық идеологияға жауапты орынбасарлар екі тілді  толық меңгермесе, меңгергісі де келмесе, олардан не қайыр?!

         Мемлекеттік тілдің іргетасы бала бақша мен мектеп десек, сол бақшалар мен мектептерді тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие беретін оқу ордалары қылып қайта құруға не кедергі?! Баяғы жалпақшешейлік. Қазақ мектебінде мемлекеттік тілде білім беріп, орыс тілін тереңдетіп оқытса, өзге ұлт алғыс айтпаса, қарғыс айтпайтыны анық. Ал жетімханалардағы тәлім-тәрбие солтүстік өңірде тек қана орыс тілінде екені белгілі. Олар ер жеткен соң өз елін өгей санайтын ұрпақ болмасына кім кепіл?! Ахмет Байтұрсынұлы айтқан мектептегі білім алғашқы жылдары тек қана ана тілінде берілуі керек деген «Бастауыш мектеп» туралы («Қазақ» газеті, 1914 жыл) тамаша ойдың министрлердің ойына да кіріп-шықпайтыны түсініксіз.

         Қостанай облысындағы 600-ге жуық мектептің қазақ тіліндегісі 150-ден аспайды, аралас мектеп саны да (136) осы шамалас. Ең сорақысы, кейінгі уақытта қазақ  мектебінен көрі орыс мектебіне баратын оқушылар саны көбейіп барады.

         Ресейлік БАҚ-тың Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне ықпалынан да арыла алмай отырмыз. Қостанай облысындағы жүзден астам газет пен журналдың таза қазақ тілінде шығатыны бірен-саран. Аудандық және қалалық газеттердің аты қазақша да, заты басқа. Мәселен, Қарабалықта «Айна», Қостанай ауданында «Көзқарас», Қостанай қаласында «Қостанай»  деген газеттер жарық көреді. Материалдардың басым бөлігі орыс тілінде, қазақ тілінде ара-тұра не жалғыз бет, не айқарма беттер беріледі. Біздің қазақ соған да мәз.

         «Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» деген мәтел қазіргі уақытта бізге арнап айтылған тәрізді. Ал көрші мемлекеттегі қазақтардың не мектебі,не театры, не ана тілінде шығатын басылымы жоқ. Оған сұрау салып жатқан Қазақ үкіметі де жоқ. Орыстар да бізден үлгі алып, бір Ассамблея құрса, бағы жанар ма еді, қайтер еді?! Алдағы істі Алла біледі.

Ақылбек Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетінің профессоры

«Қамшы» сілтейді