Кеңес өкіметі кезінде одақтас республикаларда сол республикалардың негізгін құрайтын ұлтқа жатпайтын, бірақ белгілі бір аймаққа көп шоғырланған диаспоралардың тілін дамыту үшін ұлттық мектептер ашылып, әр ұлт өкілінің өз ана тілінде білім алуына жағдай жасалған-ды.
Мысалы, өткен ғасырдың соңғы жартысында Қазақстанда 750-ден аса қазақ мектебі жабылып, олар аралас не орыс мектебіне айналдырылған тұста бір миллионнан аса қазақ ұлты мекендейді деп есептелетін көрші Өзбекстанда қазақ тілінде білім беретін 800-ге жуық мектеп бар деп ресми түрде айтылатын. Ол жақтағы қандастарымыз Қазақстанда шығатын ана тіліндегі газет-журналдарды жаздырып алып, көркем әдеби шығармаларды жергілікті кітап дүкендерінен сатып алып оқитын, сондай-ақ барлық жердегі кітапханаларда қазақ тіліндегі әдебиеттер молынан табылатын. Сонымен бірге қазақ радиосын тыңдай алатын. Демек, өзбекстандық қазақтар атамекендегі барлық жаңалықтардан толық хабардар еді.
Өзбекстандағы екі ірі жоғарғы оқу орны Низами атындағы Ташкент педагогикалық институты мен Нөкіс мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін дайындайтын. Айтпақшы, қазақ орта мектептері мен жоғары оқу орнындағы қазақ бөлімдерінде Қазақстан білім министрлігі тарапынан бекітілген бағдарлама негізінде білім берілетін. Демек, ол жақта оқыған баланың өз ана тілі мен әдебиетінен және тарихынан алған білімі тарихи отанында білім алған қатарластарынан бір де кем емес-ті.
Ал, бүгінде қалай? Қысқа қайырсақ, бұрынғымен салыстыруға келмейді… Десек те, бастаған мәселені аяқтау үшін дәлелмен сөйлеп, дәйекпен бекітейік.
Тәуелсіздік алған соң көп ұзамай Өзбекстан республикасы 1997 жылы «Мамандар дайындаудың ұлттық бағдарламасы» (Кадрлар тайёрлаш миллий дастури) арнайы бағдарлама жасады. Кейін 2007, 2013 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұл бағдарлама бойынша арнайы білім беру стандарты жасалып, елде білім алу орындары мен олардың дәрежесін белгіледі (толық емес орта мектеп, лицей мен колледж және институт-университеттер). Бұл бойынша толық емес орта және орта білім білім беретін оқу орындарында 7 тілде (өзбек, қазақ, қарақалпақ, орыс, тәжік, қырғыз, түркімен), жоғарғы оқу орындарында 3 тілде (өзбек, орыс және бұған қоса Қарақалпақстан республикасы аумағында қарақалпақ тілінде) білім беру көзделген.
Келтірілген фактілерден байқалып отырғандай, көрші елде өзбек, орыс, қарақалпақ мектептерін бітіргендерге ғана жоғары оқу орындарында еркін білім алуға мүмкіндік бар. Ал, қалған 5 тілде толық емес орта не орта білім алғандарға ондай жеңілдік жоқ деуге болады. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Мысалы, қазақ мектебін бітіргендерге жоғарғы оқу орнына түсіп, өз ана тілінде білім алуға мүмкіндіктер де жоқ емес. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті (ТМПУ), Ташкент облыстық мемлекеттік педагогикалық институты (ТОМПУ), Гүлістан мемлекеттік университеті (ГМУ), Навои мемлекеттік педагогикалық институты, Бердақ атындағы қарақалпақ мемлекеттік университеті (ҚМУ), Әжінияз атындағы Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институты (НМПУ) секілді Өзбекстандағы 6 жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдері бар. Бұлар, негізінен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандарын (филолог-мұғалімдер) дайындайды. Ал осылардың ішінде Әжінияз атындағы Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиетінен басқа дене тәрбиесі, математика, бастауыш білім беру методикасы факультетінде қазақ бөлімдері бар. Бұлар атап өтуге тұрарлық фактілер, бірақ сол оқу орындарына қазақ мектебін бітіргендер қалай қабылданады және оларға мемлекет тарапынан қандай жәрдем беріледі?
Баршамызға белгілі, ЖОО-ның тіл-әдебиет факультетіне түсуге талаптанатындардың бұл пәндерден толық орта білімі болуы керек. Ал, Өзбекстанда қазақ мектебін бітіретіндердің 9 жылдық қана білімі бар. Өйткені мектептер 9 жылдық, одан әрі оқушылар білім алуды лицей мен колледжде жалғастыруы тиіс. Ал, лицей және колледждерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні өтілмейді. Демек, колледж, лицейді бітірген қазақ баласы ЖОО-ға түсуге толық емес орта біліммен барады деген сөз. Яғни талапкер қазақ тілін толық оқығанмен әдебиетті монографиялық түрде үйренбей, Абайдан бастап бергі қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын талдап-таразылауды игермей жоғары білім алуға сынақ тапсырады. Ол жерде ағылшын тілінен тест тапсырып, қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша, жазбаша емтихан тапсырар кезде алдынан қиын түйін шығады. Ағылшын тілінің жөні басқа, ал талапкер жас өзі оқымаған тұстан түсетін сұраққа жауап беруге мәжбүр. ЖОО-ның талабы бойынша оқуға түсуге келгендерден толық орта мектеп дәрежесінде сынақ алынуы тиіс. Арада қандай келісім болатынын түсіну қиын. Әйтеуір жастар оқуға қабылданып жатады, оқу орны да қабылдап жатады. Өзіміз анық білетін жерден нақты дерекпен айтар болсақ: Бердақ атындағы ҚМУ-да қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бір курсқа 20 студент қабылданатын болса соның 5-еуі ғана грантпен, қалған 15-і ақылы түрде білім алады. Ал, Әжінияз атындағы НМПУ-да 10-ы грантпен, 10-ы ақылы түрде оқиды.
Сол сияқты ҚМУ мен НМПУ-да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жоғары білім алатын бұл бөлімде оқитын студенттер тек мамандығына тікелей қатысты пәндерден ғана қазақ тілінде білім алып, қалған пәндерден қарақалпақ не өзбек тілінде оқып, сынақ тапсыруға мәжбүр. Бұл бөлімдердің студенттері өз оқу орындарындағы кітапханалардан оқытушыларының лекцияларын қазақ тілінде алып пайдалана алса, ал математика, дене тәрбиесі, бастауыш білім беру факультетінің қазақ бөліміндегі студенттерде ондай мүмкіндік те жоқ…
Студенттердің өз бетінше дайындалуына ғылыми және көркем әдебиеттер жетіспейді. Өзбекстанға Қазақстанның кітаптары, мерзімді басылымдары бармайды, жазылып алуға да мүмкіндік жоқ. Өзбекстанда республика деңгейінде жарық көретін, негізінен мемлекет саясатына қатысты жаңалықтарды жазатын қазақ тілді жалғыз ғана «Нұрлы жол» газеті мен Өзбекстан теледидарының бірінші арнасынан аптасына бір-ақ рет берілетін 20 минуттық «Дидар» бағдарламасы сол елдегі қандастарымыздың рухани талап-тілегін қанағаттандыра алмасы анық.
Біз атап кеткен Өзбекстандағы алты ЖОО-да қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдерінде екі ғана ғылым кандидаты бар. Олар Бердақ атындағы ҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайыржан Аралбаев және Низами атындағы ТМПУ-де кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ергеш Абдуәлитов. Осыдан-ақ ол елдегі тіл-әдебиет ғылымының болашағының қиындап бара жатқанын байқауға болатын шығар…
Бір кезде Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұратов сынды дарынды ақындар, Жұмабай Тәшенов секілді көрнекті драматург, Орал Таңсықбаевтай аса ірі суретші, Натан Кенесарин, Елтоқ Ділмұхаммедов сияқты тарихшы ғалымдар, Әлжан Жармұқаммедовтей қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы т.б. талай тұлғалы азаматтар шыққан елдегі қазақ тілінің жағдайы – бүгінде, шынымен мүшкіл. Сондықтан Қазақстан мемлекеті бұл мәселеге көңіл аударып, көрші елдегі қандастардың тілі мен дәстүрін сақтауға қол ұшын созбаса болмайды.
P.S. Жақында қарақалпақ елінен келген бір қандаспен әңгімелескенде ол «Қазақ мектебін бітірген балаға әрі қарай өз тілінде білімін жалғастыруға мүмкіндік жоқ. Сол себепті ол елдегі қандастарымыздың көбі балаларын жаппай орыс сыныптарына беріп жатыр. Соның кесірінен мектептегі қазақ сыныптары жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Бір сыныпта 4-5 балаға дейін түсіп қалды…» деген болатын. Бұл енді… жанды ауыртатын-ақ дерек. Осы кезге дейін шеттен келген қандастарымыз ана тілін жақсы біледі, салт-дәстүрге берік деп мақтанышпен айтатын болсақ, болашақта оның күні алыстай түсетін шығар…
Шынын айтқанда, Түркия, Еуропадағы қазақтар ана тілінен алыстап бара жатса, шығыстағы көршілерімізде қытайландыру, моңғолдандыру саясаты жүргізіліп жатқаны қашан. Ресейдегілер, екібастан орыстандырудың құрбаны. Енді олардың қатарына өзбекстандық қазақтар қосылып, елге орысша «сайрап» келетін болса, тағдыры онсыз да қиын қазақ тілінің хәлі тіптен мүшкіл бола түспек.
Демек, қазақ тілін қорғауды іште ғана емес, сыртта да қолға алу қажеттігі туып тұрғанын ұмытпайық.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
http://turkystan.kz/