АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ тілі ұлт пен ұлысты ұйыстырады

Мемлекеттік тіл ұлтаралық қарым-қатынастар саласындағы саясаттың өзегіне айналады. Кеше Ақордада өткен  этносаралық қарым-қатынас мәселелері бойынша арнайы республикалық кеңесте Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осыны білдірді. Бұл жиынға Қазақстан халқы ассамблеясының өңірлік хатшылықтарының жетекшілері, ҚХА-ның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері,сондай-ақ министрліктер мен ведомство басшылары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, облыстар мен Астана және Алматы әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

 

Кеңесте сөз сөйлеген М.Тәжин мем­ле­кеттік тілдің «этносаралық қатынастар саласындағы интегративтік фактор ретіндегі» рөлін дамыту қажеттілігін мәлім етті. Ол «мемлекеттік органдар өз жұ­мысының «негізі» ретінде – қазақ тілінің дәл осы интегративтік рөлі мен функция­ла­рын орындау мәселесін алулары тиіс» деп атап көрсетті. Өйткені бұл Президент­тің «Қазақстан – 2050» стратегиясында айрықша нықталған.

– Бүгінгі әлемде не болып жатқанды­ғына қараңыздаршы! – деді Марат Тәжин. – Дамыған әлемнің көптеген елдерінің өздері қуатты иммиграциялық шаралармен, нормаларымен, тосқауылдармен оқ­шауланып жатыр. Кез келген ел, тіпті бұған дейін этностық қарым-қатынас саласын­да барынша либералды саясат жүргіз­ген­дерінің өздері бүгінде өте қатаң нор­мативтерге, мемлекеттік тілді міндетті түрде білуге бағдарлануда. Осындай нор­мативтер Германияда, Ресейде қо­йылу­да, – деді Мемлекеттік хатшы. Солтүстік көршіміз мәселен, «РФ азаматтығын» алудан үміттілер түгіл, қазір тіпті елге келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген миг­ранттарды да орыс тілін білуге міндеттей бастады.Егер қазіргі кезде «гастарбайтер» орыс тілінен эмтихан тапсыра алмаса, Ресейде жұмыс істеу құқығынан мүлдем айырылып, елден қуылады.

Қазақ елі бұл істе мейірбандылық, қо­нақжайлылық танытып отыр. Мем­лекеттік хатшы да Қазақстанның, керісінше, бұл бағытта «әзірге өте демократиялы және либералды көзқарас танытып отыр­ғандығын» айтты. Бірақ енді еліміз де мемлекеттік тілдің рөлін күшейтуге бет алды.

– Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, негізгі түсінікке сәйкес, қазақ тілі­нің интегративтік рөлі біздің ұлтара­лық қатынастар саласындағы саясатымызда тәжірибеде қолданылатын факторға айналуға тиіс!–деді жиналғандарға Ма­рат Тәжин. – Бұл дұрыс және қалыпты. Біз­де ендігі бұған қалай қол жеткізудің түсіні­гі бар. Бірақ біз оны өзіміз үшін ашық тұ­жырымдап алуға тиіспіз. Мұнда тұр­ған жаман ештеңе жоқ, – деген Мемлекеттік хатшы ҚХА атынан келген өзге ұлт өкілдеріне, мемлекеттік органдар бас­шы­ларына мемлекеттік тілдің өз тұғыры мен рөлін нығайтуы «қазіргі заманғы бү­кіләлемдік тәжірибе» екендігін қайталап, нықтады.

Қазақстанда тілі бойынша қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де кемсітілмеуі тиіс. Ма­рат Тәжин азаматтарды этникалық және басқа да белгілері бойынша бір-біріне қарсы қоюдың кез келген талабы мем­лекеттің қатаң реакциясын тудыруы керектігін қадап айтты.

Кеңес барысында М.Тәжин ұлтаралық қа­тынастар саласындағы Елбасының «Қа­зақстан – 2050» бағдарламасынан туындайтын бірқатар жаңа міндеттерді белгіледі. Оның байламынша, бұл міндет­тердің ең алғашқысы – қоғамдық келісім болмақ. Ал ел ішіндегі ынтымақтың негі­зінде «азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді қалыптастыру қағидаты» жата­ды.
– Екіншіден, «азаматтардың құқықта­ры­ның теңдігін қамтамасыз ету және іс жү­зінде жүзеге асыру» міндеттеріне бар­лық ведомстволардың назар аударуын кү­шейту қажет, – деген Мемлекеттік хат­шы құқық қорғау органдарына қайы­рыл­ды: «Тағы да атап көрсеткім келеді: біздің елі­міздегі қоғамдық келісімді сақтауда ай­рық­ша жауапкершілік сіздердің мо­йын­дарыңызда! Азаматтарды этни­калық және басқа да белгілері бойынша бір-біріне қарсы қоюдың, қосарлама стан­дарттар қолданудың кез келген талабы мемлекеттің қатаң реакциясына кезігуі қажет. Бұл – жай айтыла салған сөз емес! Осы істермен шын айналысу керек бола­ды» деп міндеттеді.
Марат Тәжин этносаралық саладағы саясатқа жауапты тұлғаларға, Қазақстан халқы ассамблеясына, құр қарап отыр­май, бүкіл дүниежүзіндегі тіптен үдей түскен қауіптерді назарға алуды жүктеді. Бұл мәселелер ҚХА-ның алдағы үлкен құ­рылтайында қаралуға тиісті.
– Бұл жиын Қазақстан халқы ассамб­лея­сының 20-сессиясына дайындық қар­саңы­мен ұштасып отыр, – деп хабарлады Мем­лекеттік хатшы. – Бас қосуымыздың не­гізгі мақсаты – Елбасымыз жариялаған «Қа­зақстан – 2050» стратегиясын іске асырудағы Қазақстан халқы ассамб­лея­сының алдында тұрған міндеттер, оны іске асыру жолдары. Бүгінгі таңда біздің әлемдегі үдей түскен әлеуметтік шиеле­ністер, өркениеттік құндылықтар дағда­рысы, жаңа әлемдік тұрақсыздық сияқты қауіптер бізге де ой салуы керек.
Ол осындай қиын заманда ҚХА, қо­ғам­мен тізе қосып, негізгі құндылық­тар­ды насихаттауды күшейту тиістігіне тоқталды. «Бұл – ең алдымен өз Отаны­ның тағдырына жауапкершілік, оның мүд­десін қорғауға әзірлік және өз хал­қының мәдениеті мен дәстүріне құрмет. Осы негізгі құндылықтарды насихаттауға қоғамның барлық ұйымдастырушылық ресурстары тартылуы тиіс. Бұл көпқырлы идеологиялық міндет. Оның орындалуы білім, тәрбие, мәдениет және ақпарат, аза­­маттық қоғам институттары жүйесі ар­қылы іске асырылуы тиіс» деп белгіледі М.Тәжин.
Алқалы жиын қорытындысында Мем­­лекеттік хатшы мемлекеттік орган­дар­ға этносаясат бағытындағы саяси жос­парлауды  күшейтуді,  ведомствоара-лық үйлесімді жетілдіруді, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам инсти­тут­тарының елдегі келісімді нығайту бағы­тындағы ортақ міндеттерін іске асыру бойын­ша қарым-қатынасының тиімді­лігін арттыруды қарастыратын тапсыр­малар берді.

Айхан ШӘРІП

 

http://www.aikyn.kz