2015 жылғы 2 қыркүйек күні қазақ ғарыш тарихына тағы бір есім жазылды. Ол ғарышкер – Айдын Айымбетов. Астана уақыты бойынша сағат 10.37 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі ұшты.Экипаж құрамында кеме командирі, ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер – Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен мен Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов.
Алаңда экипаж ұшырылымын жүздеген адам тамашалады. Олардың ішінде Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев, «Роскосмос», «Қазғарыш», Еуропалық ғарыш агенттігінің басшылары, ғарышкерлердің жақын-туыстары бар. Баласын ғарыш сапарына шығарып салу үшін Айдын Айымбетовтің анасы Жұмагүл апа, Сергей Волковтың әкесі – ғарышкер Александр Волков, экипаждың барлық үш мүшесінің зайыптары мен балалары келді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев телефонмен әңгімелесу кезінде ғарышкерге Халықаралық ғарыш стансасына табысты экспедиция жасап, алға қойған барлық міндеттерін іске асыру үшін тілек айтты. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев А.Айымбетовтың алдағы уақытта ғарышқа ұшуы – отандық космонавтиканың одан әрі дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға септігін тигізетін атаулы оқиға екенін атап өткен.
«Юбилейный» әуежайында келген вице-премьер Бердібек Сапарбаевты «Байқоңыр» ғарыш кешенінің басшылары, «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қарсы алды. Үкіметтік делегация бірден Байқоңыр қаласындағы «Космонавт» қонақүй кешеніне тартты, мұнда ғарышкерлер мен астронавтар екі апта бойы ұшуға даярланғаны белгілі.
Б.Сапарбаев Президент пен халықтың атынан экипаж мүшелерін құттықтады.
Сапарбаев алғашқы дат ғарышкері Андреас Могенсен мен ҚР-дың сынақшы-ғарышкері Айдын Айымбетовке сәт сапар тіледі.
«Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев вице-премьерге Айдын Айымбетов Қазақстан Республикасының туын, Қазақстан халқы ассамблеясы мен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің жалауын алып ұшатынын хабарлады.
Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне экипаж мүшелеріне тарихи мерейтойлық медальдарды тапсырды.
– Мен елімізде ғарыш қызметін дамыту жақсы қарқынмен жүріп жатқанына қуаныштымын, бұл жолғы ұшыру соның айқын айғағы, – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Айдын Айымбетов ғарышқа кішкентай қызы Даяна тіккен ойыншықты өзімен бірге ала кететінін айтты. Сонымен бірге қазақстандық ғарышкер ҚР мемлекеттік рәміздерін ала жүреді.
– Ел Конституциясының мерейтойына орай мемлекеттік ту мен Негізгі заң мәтінін ала кетемін, – деді ол.
Ғарышкер Айдын Айымбетов пен Дания астронавты Андреас Могенсеннің, сондай-ақ қазіргі кезде Орбитада жұмыс істеп отырған ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкидің Жерге оралуы 2015 жылдың 12 қыркүйегіне жоспарланып отыр.
http://aikyn.kz/