АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ ұлттық университеттің жанынан Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу орталығы құрылды

434_1e461ab48a691f1e5a2a447cd84ed7a3Әрбір өркениетті мемлекет, әрбір халық өзінің өткенін бағамдап, ата тарихын жасайтыны хақ. Төл тарихынан тағылым алып, оның сабақтарын ескеру – мемлекетіміздің дамуының негізгі факторла­рының бірі. Адам қоғамындағы ілгері дамудың бәрі де өткен өмірдің тәжірибесінің нәтижесі. Сондықтан тарихқа зер салып, ата-бабаның өмір-тіршілігін ұмытпау – келешек ұрпақтың адамгершілік міндеті ғана емес, сонымен бірге ілгері дамудың кепілі де. Осы орайда Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стра­тегиясы – қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жал­ғастыруымыз керек», – деп нақты айтты.

Елбасының тікелей қадағалауымен «Ха­лық – тарих толқынында» атты бағдар­ламаның әзірленуі қолға алынып, мемле­кет басшысы ұлт тарихын жаңа сапалы деңгейге көтеруді тапсырды. «Халық тарих тол­қы­нын­да» атты бағдарламаның нақты мақсат-мін­деттері анықталып, оны жүзеге асы­ру­дың жолдары да қарастырылуда. Бұл жұ­мыс­тың қолға алынуына байланысты Мем­ле­кеттік хатшы Марат Тә­жин­ Қа­зақ­стан Рес­публикасының ұлттық тарихын зер­делеу жө­ніндегі ведомствоаралық жұмыс то­бының кеңейтілген отырысында баяндама жа­сап, онда «Нағыз ұлттық қадір-қасиет на­ғыз ұлттық тарихтан бас­талады» деген сөзі өте орынды айтылған еді. «Ұлттық та­рих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөліп ке­ле жатқан Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы На­зарбаев «Тарих тол­қы­нын­дағы халық» де­ген атпен тарихи зерт­теулердің арнаулы бағ­дарламасын жа­­с­ауды ұсынды», – деді Ма­рат Тәжин осы оты­рыста. Бұл бағдар­ла­маның негізгі мақ­саты: Қазақстанның тарих ғылымын ал­дың­ғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау; қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту; ұлттық жаңа та­рихи дүниетанымын қалыптастыру бол­ды. Ара­да бір ай өтпей жұмыс қарқынды түр­де қолға алынды. Осы бағдарламаның көпте­ген міндеттерінің бірі көшпелілердің (но­мад­­­тардың) өркениетін зерттеу мен зер­де­­леу мәселесі болды. Қазақтар ұлы көш­­­пе­­лілер өркениетінің мұрагерлері екені анық. Олар Орталық Азия көшпелілерімен ара­­лас-құралас өмір сүріп, дәстүрлі ерек­ше­­ліктерін сақтап, әлемдік өркениетке өзін­­дік үлесін қоса білген. Алайда сан ға­сыр­лық тарих толқынында, еуроцент­рис­тік көз­қа­ра­с­тар мен кеңестік идеология­ның шыр­ма­уы­нан шыға алмай, көшпелілер өр­кениеті өз деңгейінде зерттелінбей, біздің ата-ба­баларымыздың дәстүрлі мә­де­­ниеті мен бол­мысы, ұлттық ерекше­лік­те­рі тиісінше ба­ғаланбады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих тол­қынында» атты еңбегінде: «Көшпелі қа­зақ­тың өз шыққан тегін және рулық бай­ла­ныстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моральдық-этикалық қағидаға айналған. Мұның бәрі – біздің тарихымыздың ежел­ден бергі қасиеттері. Сондықтан да жеті аталық ұс­та­ным қазақ халқының этно-био­ло­гиялық, этно-мәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз етіп отырған. Жеті атасын білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын тарата отырып, одан әрі иісі қазақтың біте қайнас­қан туыстастығына көзі жеткен. Соған дә­лел болған соң ұлт тұтастығының қамқоры болып отырған», – деп атап көрсетті [Н.Ә. Назарбаев. Тарих тол­қынында. – Алматы, 1999. – 35 б.]. Сон­­дықтан да қазақты ұзақ та­рихи да­муы­мыз­да ұлт етіп құраған осы көшпелі рулар мен тайпалардың нақты та­рихын терең жә­не жан-жақты білу ғана ор­тақ ұлттық мүд­дені ту етіп көтеретін иманды қазақ аза­матын қалыптастыра алады. Яғни ұл­ты­мыздың мәдениеті мен тарихы туралы те­рең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді.

Сондықтан да ҚР Мемлекеттік хатшысы тарихшылар қауымының назарын  орталық­азиялық номадтық өркениетті зерттеудің маңыздылығына ерекше назар аударды, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отырғандығын айтты. Қазақ этносының археологиясын, антро­по­логиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өр­ке­ние­тін зерттеу саласында ғылыми және ғы­лыми-қолданбалы зерттеулер бағдар­ла­масын дайындауды, тың тұрпат­тағы тарих оқулықтарын жазуды тапсырды.

Бұл тапсырмалар нақты жүзеге асыры­лып, Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобының қаулысына сай Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факуль­тетінің жа­нынан Көшпелілер (номадтар) өр­ке­ние­тін зерттеу орталығын құру жұ­мыс­­тары қол­ға алынды. Білім және ғылым ми­нистр­лігінің тікелей қадағалауымен «Көш­пелілер (но­мадтар) өркениетін зерт­теу» орталығы 1 қыркүйектен бастап жұ­мыс­қа кіріседі. Бұл туралы тарих, археоло­гия және этнология фа­культетінің деканы, профессор Ж.Қ. Тай­ма­ғамбетов факультет­те өткен кезектен тыс мәжілісте хабарлады. Сонымен қатар ҚазҰУ жанынан зертхана ашылатынын тілге тиек етті. Бұл Елбасының тапсырмасы негізінде Бі­лім және ғылым министрлігінің тарапынан жа­бдықталатын артифактардың архео­ло­гия­лық белгілері бойынша мерзімін анық­тайтын заманауи техникамен қамтамасыз еті­летін зертхана тарих және археология са­ласының деңге­йін жоғарылатады. Со­ны­мен қатар про­фес­сор Ж.Қ.Таймағамбетов ұлт­т­ық тари­хымыз жаңа сапалы деңгейге кө­тері­луі­не Елбасының қосқан үлесі қо­мақ­ты екендігін, осыған сай болашақта тарих, археология және этнология факультетінде көптеген жұмыс орындары бөлініп, жас­тар­дың жа­ңа инновациялық технологиялармен жұ­мыс істеуіне жағдай жасалынатынын атап өтті.

Тарих, археология және этнология факультетінде өткен мәжілісте Көшпелілер (номадтар) өркениетін зерттеу орталығы­ның директоры ретінде мемлекет тарапы­нан ұсынылған көпшілікке танымал ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Т.О. Омарбеков сөз сөйледі: «ҚР Президен­ті Н.Ә. Назарбаевтың «Халық – тарих тол­қынында» атты бағдарламасы дер кезінде қолға алынып, болашақта тарих ғылы­мы­ның жаңа деңгейге көтеріліп, ата-ба­ба­ла­ры­мыздың жүріп өткен жолын айқындауға, одан сабақ алып, алға қарай дамуға мол мүм­кіндіктер берері сөзсіз. Елбасының тап­сыр­масына орай Білім және ғылым ми­нистр­лігі жанындағы Ғылым ко­ми­тетінің ті­келей басшылығымен ғалым­дар және жас зерт­теушілермен бірлесе отырып біз орта­лықтың негізгі атқаратын жұмыстарын ай­қын­дап, соған сай қысқа мерзімде тақы­рып­қа сәйкес 18 ғылыми жо­баны да­­йындап, оны жүзеге асыру жол­да­рын бел­­гіледік. Біз бұл орталықта жұмыс істеу үшін тәжірибелі мамандармен қатар жас­тар­ды да көптеп жұмылдырып отыр­мыз», – деп атап өтті. Аталған бағдарлама­ны іске асыру үшін ҚазҰУ білікті профес­сорлары мен оқытушылары ғана емес, Л.Н.Гумилев атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық уни­вер­ситеті, Тарих, Шы­ғыс­тану инс­ти­тут­тары мен шетелден, атап айтсақ, АҚШ, Түркия, Жа­пон, Қытай елде­рінен және т.б. уни­вер­си­теттерден маман­дар тартылды.

Бұл зерттеу бағытының жаңалығы көш­пелі өркениет тарихы әлемдік озық ғылыми ой­лардың жетістіктері мен инно­вациялық ме­тодологияның негізінде жаңа­ша зер­деленеді. Сонымен қатар жаңа тарихи жаз­ба деректер, археологиялық деректер мен ар­­найы зерттеулер ғылыми айналымға қо­сылады, көшпелілер тарихының та­рих­на­ма­сы терең талданады. Осыған байланысты Қазақ ұлт­тық университеттің тарихшы ма­ман­дары Көш­­пелілер (но­мад­тар) өр­ке­ние­тін зерт­теу орталығының мақсат-мін­дет­терін ай­қын­дап, қағидалары мен жұмыс істеу ере­же­лері туралы бағдарламасын жа­сап, Білім жә­не ғылым министрлігінің бе­кі­туі­не жі­бер­ді.

Орталықтың бағдарламасында көрсе­тіл­­гендей, оның негізгі мақсаты әлемдік та­рих­тың шеңберінде Қазақстан мен Орта­лық Азия территориясындағы көшпелі­ліктің да­муын заманауи методологиялық па­ра­диг­ма­лар мен жаңа теориялық ұста­ным­дар не­гізінде терең және жан-жақты зерттеу бо­лып табылады. Осыған сай бірнеше мін­дет­тер де айқындалды:

– жинақталған материалдар мен зерт­теу­лерге сүйене отырып, өркениет фено­ме­ніне ғаламдық талдау жасауға кон­цеп­туал­дық негіз дайындау;

– Орталық Азияда көшпеліліктің (но­ма­дизм) пайда болуының өзіне ғана тән ерекшеліктерін анықтау;

– номадтардың әлеуметтік ұйымы мен құ­рылысын зерделеу;

– Орталық Азия көшпелілерінің эт­ни­ка­лық территориясының қалыптасу мен дәс­түрлі шаруашылығының дамуы үрдісін зерт­теу;

– көшпелілердегі мемлекеттіліктің, басқарудағы ұлыстық жүйе мен саяси-потестарлық жүйелердің пайда болуына талдау жасау;

– дала номадтарының шекаралас оты­рық­шы халықтармен қарым-қатынас­та­рының саяси және мәдени аспектілерін анықтау;

– номадтардың әскери өнерін зерделеу мен оның маңызын айқындау;

– көшпелілердің рухани өміріндегі та­ри­хи білімнің рөлі мен маңызын анықтау;

– ислам мен көшпелілердің дәстүрлі өр­ке­ниетінің тұтастығы мен сабақтастығын анық­тау міндеттері жүктелді. Бұл міндеттер жоғарыда айтып өткен 18 жобаның тақы­рыптары арқылы ғылыми түрде негізделді.

Зерттеушілер Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінде «Көшпелі­лер (но­мадтар) өркениетін зерттеу» орта­лы­ғының бағдарламасын жүзеге асыру үшін, ғы­лыми жаңалықтарымен бөлісу мақ­сатында университет қабырғасында жыл са­йын жүйелі түрде шығатын ғылыми жи­нақ ретінде еңбектер жариялайды. Со­нымен қатар зерттеу орталығының бар­лық зерттеу нәтижелері мен жаңалықтары орта және жоғары оқу орындарындағы оқу үде­рісіне, ондағы оқу жоспарлары мен бағ­дар­ла­маларына, оқулықтар мен оқу құ­рал­дарына, оқу-әдістемелік құралдар­дың мазмұнына енгізіледі.

Бұрынғы кеңестік  дәуірдің  қыспағынан  шы­ғып, өз егемендіктерін алған қазақтар мен Орталық Азия халықтары өздерінің ұлт­тық құндылықтарын қайта жанданды­руға ерекше мән беруде. Кеңестік тотали­тар­­лық жүйе тұсында біз қарастырып отыр­ған аймақ халықтары көптеген ұлттық құн­дылықтарынан айырылып, ал сақталып қал­­ған ұлттық салт-дәстүрлердің, тарих­тың шы­найы мазмұны өзгеріске ұшырады. Ұлт­тың этникалық қасиеттерінің ең бір құн­ды­ларына оның тарихы, дәстүрлі ша­руа­шы­лығы, әдет-ғұрыптары мен мәде­ние­ті жа­тады. Тарихсыз, әдет-ғұрыпсыз ұлт – ұлт емес. Әдет-ғұрып,  салт-санасы өз­гер­ген  ұлт­тың ішкі қасиеттері өзгереді, ұлттық рухы әл­сірейді, сөйтіп, бара-бара жаһандану үр­дісінде басқа этникалық қасиеттерді  қа­был­дап, трансформацияға  ұшырайды.

Біз Орталық Азияның тұрғылықты ха­лық­­тары және бұлармен ежелден аралас жатқан қазақ халқының дәстүрлі көшпелі тарихына, шаруашылық түрлеріне, мәде­ние­ті мен рухани құндылықтарына, олар­дың халықтың өміріндегі маңызы мен қыз­метіне тоқтала отырып, көшпелілердің өркениетінің жоғары деңгейде дамыған­ды­ғын, оның өзіндік ерекшеліктері мен са­бақ­тастығын жаңа бағытта, жаңа дерек­тер мен зерттеу еңбектерін ғылыми айна­лымға қосу арқылы, кешенді түрде зерт­теу­ді қолға алмақпыз.

Қазақтар мен Орталық Азия халықта­ры­ның шаруашылығы мен мәдени дәстүр­ле­рінің біртұтастығы, кейбір ерекшеліктері мен оның себептері – зерттеушілердің на­за­рына аса ілікпеген мәселе. Қазақстан тер­риториясында өмір сүрген көшпелілер­дің шар­уашылығы мен материалдық мә­де­ниеті көрші халықтармен бірегей бо­л­ға­ны­мен, өзіндік ерекшеліктері де бар. Орталық Азия аймағында сан ғасырлар бойы көр­ші­лес өмір сүріп, ортақ мәдени дәстүр­лері қа­лыптасқан туысқан халықтар­дың шар­уа­шылық түрлері, мәдениеті негі­зінен, ұқсас, ортақ. Сондықтан да жаһан­дану заманында бөгде мәдениеттердің экспансиясынан туыстас, тектес мәдениет­тердің бірге те­геу­рін жасауы арқылы да қорғану қажеттігі туын­дайды. Демек, көшпелілер өркениетін зерттеу мәселесінің ғылыми, халықаралық маңызы да аса зор.

Қазіргі кезеңде еліміздегі тарихи білім берудің даму жолдарын қайта пайымдау қажеттілігі туындап отыр. Ғылыми негіз­дел­ген тарихи білім өткенді сараптау арқы­лы ұлттық сана-сезімнің оянуына, халық­тың тарихи жетістіктерін, көшпелілердің әлемдік өркениеттегі рөлі мен орнын айқындауға кө­мектеседі.

Қорытындыны Елбасының 1996 жылы жа­саған Жолдауындағы мына сөздермен аяқ­тағымыз келеді: «Өз тарихымызды жа­ңа­ша оқудың негізінде ғана ұлттық идеяны қа­лыптастыра алуымыз мүмкін», әрине, оған әрбір ғылым саласында жүр­ген ма­мандар мен жастар атсалысуы қа­жет. Өйт­кені болашақтың іргесі берік бо­луы үшін дәс­түрлі тарихымызға негізделген ұлттық идеямыз қалыптасуы қажет.

Ж.Е. ЖАППАСОВ, т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің деканы, Н.А. ТАСИЛОВА, т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының  аға оқытушысы

 

http://alashainasy.kz/politics/44637/