Тәуелсіз Қазақстан – кешегі заманда төрткіл дүниені тітіреткен, салт атты әскери өркениетімен салтанат құрған айбынды көшпелілердің заңды ұрпағы. Еуразияның Ұлы даласын тұлпар тұяғымен дүбірлеткен баһадүр бабаларымыздың соғыс тәжірибесі мен заңдарын әлем елдерінің қарулы күштері қабылдап, әскери жүйесін жасақтағаны – біз үшін зор мақтаныш. Сондықтан Қарулы Күштеріміздің әскери рухын шыңдауда даңқты әскери тарихымыз жауынгерлік дәстүріміздің өнегесі мен тәлім-тәрбиесі өлшеусіз рөл атқарады.
Көшпелілердің әскери өркениеті
Көшпелілерге тән әскери жасақтаудың ондық жүйесі ондаған ғасырлар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Дүниежүзінің көптеген елдері өз жарғыларын далалықтар жасап берген әскери жүйе мен заңдарға, соғыс жүргізу тәсілдеріне, қолбасшылық мектептерге сүйеніп құрды. Сақ, ғұн, түркі тайпаларынан кейін Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңдар жинағы бойынша қатаң әскери реформа жасалып, онда ұжымдық жауапкершілік, антқа адал болу, опасыздық жасамау, бұйрықты сөзсіз орындау, қашып кеткен жауынгер үшін басшысының басы алынатын темірдей тәртіп, мызғымас әскери иерархия орнатты. Шыңғыс ханның қатардағы ұланының дәрежесі басқа қосын қолбасшыларынан үстем болды. Әрбір ұл жастайынан жауынгерлік өнерге машықтанды. Көшпелілердің әскери құрылымы үштік жүйемен: оң қанат, сол қанат және орталық болып бөлініп, әскер қосындары ондықтардан, жүздіктерден, мыңдықтардан, түмендерден құралды.
Көшпелілердің әскери өнерінің спецификалық ерекшелігі – әскери-аңшылық тактика еді. Баһадүр бабаларымыз жауға қарсы «Үлкен жарық соғысы», «Ошақ соғысы», «Ай қораланды соғысы», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғысы» сияқты әскери тактикаларды қапысыз қолданды. Алыс жорықтарға екі-үш атты қосарлап мінетін қазақ сарбаздары бес қаруын сайлап, сауыт киінді. «Ер қаруы – бес қару» демекші, бұған садақ, қылыш, найза, айбалта, күрзі жатады. Көшпелі халықтарда айқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталатын. Қалмақтармен соғыста жекпе-жектер бірнеше күнге, тіпті айға дейін созылатын. Жекпе-жек – әскери өнердегі жауынгерлердің жетістіктерін айқындайтын батырлар айқасының төресі.
Қазақ қоғамындағы батырлар институты
Батырлар – дәстүрлі қазақ қоғамында болған ерекше әлеуметтік топ, қаһармандық – батырларға тән қасиеттер мен өмір салты. Қазақ батырлары Еуропаның рыцарьлары, жапонның самурайлары, үндінің кшатрийлері секілді өзіндік сословиені құрады. Қазақ батырларының өзіндік қоғамдық қызметі, жапон самурайларының «Бусидо» кодексі секілді батырлық этикасы болған.
Қазақ қоғамындағы батырлардың институционализациялануы олардың тек қана жеке батыр ретінде ғана емес, би, шешен, жырау, ұлыс, ру билеушісі ретіндегі функцияларды бір қолға жинақтауынан келіп туындаған. Зерттеуші Қалиолла Ахметжан батырлар институтын төмендегідей талдап береді. 1) Тек әскери кәсіппен айналысу. Батырлар елді басқыншылардан құтқаруды, жау қолынан қаза тапқан ата-баба кегін қайтаруды өмірлік мақсат тұтынған. 2) Батырлар әулетінде туған бала жастайынан әскери кәсіппен айналысуға міндетті болды. Тұқым қуалаған батырлар «шынжырлы тұқым» деп аталған. Батырлық жырлардағы Ер Қосай, Едіге, Ер Тарғын, ХVIII-ХIХ ғасырлардағы Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар, ұлт-азаттық көтерілістердің көсемдері Исатай, Жанқожа, Амангелді батырлар бәрі де ата-бабасынан ұрпағына дейін батыр болғандар. Ата кәсіптің батырлар әулетінде ұрпағына жалғасуын «шынжыры үзілмеу» деп атаған. Батырлар ұрпағы үшін ата кәсібін жалғастырмау – масқаралық саналды. Әскери әулеттен болғандықтан батырлар алғашқы ерлік жолын көбіне соғыста өлген әкесінің, туысының кегін алудан бастаған. Әке кегін қумау – батыр үшін ұят. Артында ұл болмаса, кек алу қызына да міндет болған. Батырлар ата кегін қууды кең ұғымда, жалпы халықтың, елдің кегін қуу мағынасында да түсінген. 3) Көшпелі халықтарда хандар, әміршілер, ел билеушілер батырлар әулетінен шыққан, осы қоғамдық топтың өкілі болған. Шыңғыс хан, Әмір Темір, Едіге, Мамай, Абылай, Кенесары, т.б. батыр болған және батырлар әулетінен шыққан. Олар өздерінің жұрттан асқан ерлігінің арқасында билеушілік дәрежеге көтерілген: 4) Батырлар меншік иелері болған. Олардың меншігіне қалалар, елді мекендер, ұлыстар, аймақтар қараған. Бірақ батырлардың бәрі бірдей байлық иесі болмағанын да айта кету керек. 5) Елдің сыртқы қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығына қызмет еткен. 6) Елдік, мемлекеттік билікті қолдарына ұстаған. Мәселен, батырлар мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын анықтауға араласып, түрлі мемлекетаралық қатынастарға қатынасып, елшілікке жүріп, хан жанындағы әскери кеңес мүшелері, түрлі мемлекеттік лауазым иелері болды. Қазақ хандығы мен Орыс патшалығының ара қатынасына байланысты архивтік құжаттарда ру басшылары ретінде көптеген батырлардың аттары аталып, қолдары қойылып, мөрлері басылған. 7) Хандық билікпен тығыз байланысты. Мысалы, әр ханның есімімен бірге оның айналасындағы батырлардың есімдері қоса айтылады. Есім ханмен оның белгілі батырлары Қоңырат Алатау батыр, Дулат Жақсұғұл батыр, Жанай батыр, Қарасай батырды айтсақ, Абылай ханмен Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Баян батырлар есімдері байланысты, Кене хан есімімен Ағыбай, Наурызбай, Бұғыбай, Иман батыр есімдерін еске аламыз. 8) Батырлардың өздеріне тән жауынгерлік этикасы, адамгершілік ережесі, діни ырымдары мен салттары, пірлері болған.
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kazak-halkyinyin-askeri-oner-men-jauyingerlk-dastur-58273/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі